Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 қыркүйек, 2020189

Әнімен әлемді тербеткен сазгерлер туралы туындылар

Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын қазақ халқын бүгінде әлем елдері танып отыр. Қазақтың ән өнерін төрткүл дүниеге танытуға атақты ақын-сазгерлер үлес қосқан. Олардың көшін бастайтын әрине, Ақан сері, Біржан салдар сынды біртуар талант иелері. Олардың ізін кейін Әмірелер мен Шәмшілер жалғастырған еді. Ал осы тұлғалар жайында біз не білеміз? Халықтың мәдениеті мен өнерге деген жоғары сұранысын қалыптастырған тұлғалардың өмірі қандай болды? Бұл туралы мемлекеттің халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру саясатын жүзеге асыруға бағытталып, мәдени құндылықтарды сақтап, жаңғыртып, одан әрі дамытуға бастайтын сазгерлер жайында түсірілген көркем фильмдер топтамасынан біле аласыздар.

«Құлагер»

Бұл фильм ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың керемет ақыны әрі композиторы Ақан сері, сондай-ақ мейірімділік пен адами рух жайында сыр шертеді. Құлагер – бұл қазақ даласының әйгілі сәйгүлігінің аты. Атақты қазақтың ақыны Ілияс Жансүгіровтың поэмасы да дәл осылай аталады. Фильм сюжетіне де осы Құлагер арқау болады. Қазақ даласында құрметті Сағынбай есімді байға арналып ас беріледі. Үлкен шараның негізгі бөлігі ең жүйрік тұлпарлардың бәйгесі еді. Ақын Ақан Сері ол бәйгеге Құлагерді бәйгеге қатыстырып, оған өзінің саңырау әрі мылқау ұлын отырғызады. Жүйрік аттың жеңіске жететініне күмән жоқ еді, алайда бәз біреулер Құлагерге оқ атады. Фильмнің бастапқы атауы басқа еді. Кейін режиссер оның бас символының атын беруді жөн көріпті. Айтпақшы картина режиссері әрі сценарисі Болат Мансуров болды. Туынды Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен 1972 жылы түсірілген. Оның бас рөлдерін сомдауға - фильмдегі ақынның образы дебюттік рөлі болған Қарғамбай Сатаев пен картинада Ақан Серінің ұлын сомдаған белгілі қазақ актері Кененбай Қожабековтер шақырылды. Картинадағы әр эпизод – бұл өнер туындысы, себебі фильм түсірілімдері каскадерлердің қатысуынсыз жүргізіліп, барлық киын тұстарды актерлердің өздері орындады. Фильмдегі рөлдерді сонымен қатар Бәйтен Омаров, Шахан Мусин, Әлішер Сүлейменов, Дариға Тлендиева, Атайбек Жолымбетов және Қанабек Байсейітовтер сомдады. Картина 2001 жылы Ыстамбұл қаласында өткен Түрік әлемінің екінші кинофестивалі аясында көрсетілді.

«Біржан сал»

Біржан сал бүкіл әлемге музыка саласындағы талантының арқасында танымал болды. Ол - қазақтың атақты ақыны әрі сазгері. Ұлы тұлға жайындағы фильм оның драмаға толы тағдыры жайынан сыр шертеді. Біржан Қожағұлов ерте жасынан бастап таныла бастаған. Ол әнді әдемі орындап қана қоймай, өзін-өзі домбырамен сүйемелдеп отырды. Уақыт өте келе оның таланты өркендей берді. Кинолента Біржан салдың балалық шағын да, кейін әндеріне сөз жазып, көшпенді театр жинап, өнерін паш ететін уақытты да көрсетеді. Сюжет желісінде ақын-композитордың шығармашылығымен бірге Ләйлім есімді бойжеткенге деген шынайы махаббаты, туыс-тамырын іздеуі мен ұмыт болған салт-дәстүрлер көрініс табады. Тарихи лентаны жасау кезінде сол заманның атмосферасы мен колоритін жеткізу үшін қоюшы-суретшілер архив материалдарын зерттеген екен. «Біржан сал» картинасының түсірілімдері әнші-сазгердің туған жері Ақмола облысында жүргізілді, ал ақынның жерлестері көпшілік көріністерге қатысты. Фильм 2009 жылы жарық көрді. Картина Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілген. Кинолентаның режиссерлері Досхан Жолжақсынов пен Рымбек Әлпиевтер болды. Сценарийін Таласбек Әсемқұлов, музыкасын Төлеген Мұхамеджанов жазды. Фильмде бас рөлді Досхан Жолжақсыновтың өзі сомдады. Одан бөлек, картинада Бауыржан Қаптағаев, Асылболат Ысмағұлов, Алмат Мадьяров, Болат Әбділманов, Дулыға Ақмолда, Хабиба Елебекова, Сәбит Оразбаев, Саят Мерекенов, Төлеген Қуаныш, Әбілмансұр Серіков пен Аша Матайлар өнер көрсетті.

«Әміре»

«Әміре» фильмі жарқын, алайда қысқа әрі белгісіз жағдайда өмірі қиылған қазақтың дарыны - 1888-1934 жылдар аралығында өмір сүрген драма теноры Әміре Қашаубаев жайында баяндайды. Дәл осы тұлға 1925 жылы Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes бүкіләлемдік музыкалық байқауында еуропалық қауымға әлемде алғаш болып қазақтардың вокалдық орындау өнері мен ұлттық аспабы – домбыраны паш еткен. Байқауда 36 жастағы Әміре КСРО делегациясының әртісі ретінде керемет әсер қалдырып, екінші орынға ие болып, күміс медаль жеңіп алған. Фильм сонымен қатар Әміре мен Мұстафа Шоқайдың кездесуін, Әміре мен джаз өнерінің данышпаны Джордж Гершвинмен таныстығын, сонымен бірге отанына қайтқаннан кейін басына түскен сынақтары жайында суреттейді. Тарихи туынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша 2017 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «DAR Play» компаниясымен түсірілді. «Әміре» картинасы - Қазақстан мен АҚШ-тың бірлесіп жасаған туындысы. Фильм режиссері Джефф Веспа. Бас рөлдерді Санжар Мәди, Еркебұлан Дайыров, Эбби Корниш, Бен Олдриджтер сомдайды. Фильм АҚШ-та өткен талай халықаралық кинофестивальдерге қатысып, жүлделерге ие болған.

«Ән-аға»

«Ән-аға» телехикаясы қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы мен өміріне арналған. Картинаға Жасұлан Пошанов режиссерлік етті. Сценарийін Мухамед Мамырбеков пен Жайық Сыздықовтар жазды. Көп бөлімді «Қазақ вальсінің королі» туралы «Ән-аға» фильмі Шәмші Қалдаяқовтың қызметі, сонымен қатап ауыр тағдырынан сыр шертеді. Шәмші ағаның шығармашылығы неден басталды? Оның тұңғыш өлеңі кімге арналды? Бұл сұрақтардың жауабын көрермендер ол жайында түсірілген биографиялық лентадан таба алады. Фильмде авторлар Тәуелсіз Қазақстанның әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» өлеңіне ерекше көңіл бөлген. Бұл өлең осыдан 60 жыл бұрын жазылған. Жас Шәмші Қалдаяқов қиын уақытта халықты сергіткісі келіп, осы өлеңді жазған еді. «Менің Қазақстаным» ұзақ жылдар бойы хит болды, ал 2006 жылы бұл өлең еліміздің әнұранына айналды. Фильм сценарийінің негізінде композитордың ойлары, бостандықты сүюі мен қазақ музыка мәдениетіне деген ерекше ілтипаты жатыр. Фильмде шығармашылық тұлғаның билікпен, өнердегі әріптестерімен және халықпен қарым-қатынасы сипатталады. Оны қазақтың Штраусы, Шуберті және жай ғана «Ән-аға» дейтін. Картинада қазақ халқының есінде мәңгі қалған автордың атақты композициялары орындалады. Ұлы тұлғаның әр кездегі образдарын орындау Нұрбол Мейрамбековке, Дәурен Серғазин мен Мейірбек Қауымбаевке бұйырды. Лентада сонымен қатар Гүлнар Байбосынов, Дайыр Ақыпбаев, Ғазиза-Таңшолпан Тлеубай, Диана Холловей және басқалары өнер көрсетеді. Фильм төрт бөлімнен тұрады. Картина 2017 жылы жарық көрді.

«Құстар әні»

Бұл сериал атауы қазақтың атақты композиторы Нұрғиса Тлендиевтің белгілі музыкалық туындысымен аттас келеді. Фильм сюжеті композитордың өмірінде болған маңызды оқиғалардың бірі - «Отырар сазы» оркестрін құруын сипаттайды. Картинадағы оқиғалар Алматыдағы 1981-1985 жылдардағы кезеңді қамтитындықтан, түсірілім тобының негізгі міндеті қаланың сол жылдардағы кейпін қалыптастыру болды. Ондағы қиындық – тарихи ғимараттар сақталған жерлердің өзінде картинаны жасаушыларға баннерлер мен билбортарды 80-ші жылдарға сәйкес келетін плакаттарға алмастыру еді. Нұрғиса Атабайұлы Тлендиев бүкіл ғұмырын халықтық музыкаға арнап, 500-ге жуық музыкалық туынды жазды. Оның басты үлесі «Отырар сазы» атты бірінші қазақстандық аспапты-музыкалық халықтық оркестрін құруы еді. Оркестрді басқарған қысқа ғана мерзімде Н.Тлендиев оның құрамын жеті адамнан қырықтан астам адамға дейін жеткізді. Фильм 2015 жылы атақты музыканттың 90 жылдығында жарық көрді. Оны жасаумен «Көркем фильм» кинокомпаниясы айналысты. Картинаға Рашид Сүлейменов режиссерлік етті. Музыканы Ринат Әубәкіров жазды. Фильмдегі бас рөлді композитормен ұқсастығы зор актер Ергенбай Абуев сомдады. Жібектің рөлін актриса Гүлназ Жоланова, Сағи есімді кейіпкерді Бақытжан Әлпейісов, ал Арманды Санжар Мәди орындады. Негізгі рөлдерді Махаббат Сарқытпаева мен Меруерт Түсіпбаевалар ойнады. Екінші пландағы рөлдерді актерлер Михаил Токарев пен Сегізбай Қарабалиндер орындады. «Құстар әні» фильмі бес бөлімнен тұрады.

«Композитор»

1940-шы жылдардың басы. Қытай композиторы Сянь Синхай КСРО-ға жаңа еңбек жазуға келеді. Нақтырақ айтқанда, деректі лентаға музыка дайындамақ болады. Біраз уақыттан кейін Ұлы Отан соғысы басталып, композитордың туған жері - аспанасты еліне қайтуы белгісіз мерзімге шегеріледі. Оның уақытша тұрақтайтын мекені Алма-ата қаласы болады. Мұнда ол өзі сияқты шығармашылық адамы – хор жетекшісі Бақытжан Байқадамовпен танысады. Осыдан бастап қос сазгердің достығы басталады. «Композитор» әскери драмасы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Фильмнің бірінші көрермендері екі елдің президенттері болды. Картина режиссерлері қытайлық Шерзат Якуб пен қазақстандық Сәбит Құрманбековтер болды. Биографиялық драма Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Shinework Pictures (ҚХР) компаниясымен түсірілген. Картина 2019 жылы жарық көрді. Фильм сценарийін Чжан Суйсуй, Ғайша Табәрәк пен Зәуреш Ерғалиевалар жазды. Ал бас рөлдерді қазақстандық актерлер Берік Айтжанов, Аружан Жазылбекова, Алтынай Нөгербек сондай-ақ, қытайлық актерлерХу Цзюнь мен Юань Цюань сомдады. Фильм өткен жылы 9-шы Пекин Халықаралық кинофестиваліне қатысты. Ал биыл «Композитор» картинасы 8-ші Ванкувер Халықаралық кинофестивалінде төрт бірдей жүлдені - «Үздік фильм», Үздік режиссер», «Үздік әйел рөлі» және «Үздік ер адам рөлі» аталымдарын жеңіп алды.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы