Размер шрифта:

Цветовая схема:

02 ақпан, 2021406

«Ақсуат» фильміне қысқаша шолу

Адам тағдырына оның туған-туыстары әсер етіп жататын жағдайлар өмірде сирек емес. Жарқын болашақты аңсап, қалаған оқу орнына түсе алмай, отбасының жалғыз көмекшісі болып қалуға мәжбүр мектеп түлектері, кішкентай бауырларына қарайлап, тұрмысқа шыға алмай қалған бойжеткен және тағы сондай көптеген жандар әлемде баршылық. Аманның да қалыпты өмірі дәл осылай қаладан туған інісі мен келіні келгенде күрт өзгере түседі. Бірақ оның тағдырына інісі ме әлде келіні әсер етті ме, оны «Ақсуат» картинасын көрген соң пайымдауға болады.  

Иә, «Ақсуат» фильмі - бұл өткен ғасырдың соңында Серік Апрымовтың ойынан туып, қаламынан дамып, камераның көмегімен экраннан көрініс тапқан кинотуындысы. Олай деуіміз – фильмнің сценарисі, продюсері әрі режиссері де Апрымовтың өзі болды. Картинада рөлдердің бірін де өзі орындады.

Енді картинаның синопсисіне тоқталсақ. Негізгі хикая өрбитін оқиға желісінің ортасында - Ақсуат атты шағын ауыл. Жергілікті тұрғындар бірін-бірі жақсы таниды, сондықтан ауылдастарының үйіне келген қонақ жайы күллі жұртқа аян. Иә, қалада қарызға белшеден батып, ісі оңға баспаған бизнесмен жігіт барар жері болмаған соң, туған ауылында әлі күнге дейін тұрып жатқан ағасына пана іздеп келеді. Жалғыз келсе игі, жанында айы-күні толған жүкті орыс келіншегі бар. Келгендеріне бір күн де толмай, әйел босанып, оған мұрагер сыйлайды. Баланың әкесі болса, бірден қалаға кетіп, отбасын ағасының мойнына артып кетеді. Осылайша, әйел мен бала Қанаттың ағасы Аманның өмірін күрт өзгертеді. Жас жігіттің осыған дейін жоспарланып қойған тойы бұзылып, қалыңдық басқа жігітке тұрмысқа шығады. Оның үстіне Аман да жұмыссыз қалады. Осының барлығы жігіттің қитығына тиіп, ол келіні мен оның баласын үйден қумаққа бекінеді.

Оқиға Қанат пен оның келіншегі Жаннаның көлікпен ауылға келе жатқан көрінісінен басталады. Бір қызығы, ауылға тақай бергенде көлік тоқтап, жүргізуші: «Болды, жеттік, рэкет. Ары қарай жол жоқ» дейді. Мәселені шешпекке, Қанат емес, жүкті әйел барады. Алдынан салт атты, мылтығы бар жігіт шығады. Келіншек «жүргізуші Сізді рэкетир деп атады» дегенге, атты жігіт «ол қалжындады» деп жауап береді. Осы кезде Жанна өтуге бола ма деп сұрағанында, жігіт қарсылық білдіреді. Сонда мақсатынан қайтпайтын қайсар қыз қолындағы рациясын көріп, сол арқылы Аманды шақыруын  сұрайды. Қыздың қуанышына қарай, оның ар жағынан Аман жауап беріп, қонақтарды қарсы алуға келеді.

90-шы жылдары рэкеттің өршіген заманы болғаны мәлім. Алайда ондай тек үлкен қалаларда ғана болды емес пе?! Ауылға еркін кіріп-шығуға болмайды дегендері таңқалдырды. Мүмкін Ақсуатта солай болған да шығар. Фильмде кең-байтақ елдің қай аймағында орналасқан ауыл екендігі айтылмайды.Тағы бір қызығы, Жанна Аманда да рация болатынын қайдан білді?! Бұл сұрақ! Жә, бәлкім, осыған дейін онымен талай рет хабарласқан болар?! Қыз да кімге келе жатқанын біледі ғой... Тек жауапсыз жігітпен қалтасында көк тиынсыз, белгісіз жерге бара жатқанына да өзіне есеп берсе, жөн болар еді.

Ары қарай оқиға перзентхана, ауылдағы ағайынның бірінің жаназасы сияқты көріністерге ұласады. Міне, осы жерде автор бізді ауылды «ұстап тұрған» шалмен таныстырады. Белгілі болғандай, жергілікті полиция да, жұртшылық та «ақсақалдың» айтқанынан шықпайды. Оның айтқаны - бұл жақта заң. Сөйтсе, Аман да осы шалдың қол астында жұмыс істейді. Жүн жинап, оны шетелге жөнелтеді.

Сөйтіп, әйелі босанып, әке атанғанын атап өткен жігіт, сылқия тойып, жергілікті полицейге барып, оны көлігімен перзентханаға апаруын бұйырады. Полицей оған, әрине, қарсылық білдіреді. Бұған көнбеген Қанат заң қорғаушысын ұрып тастайды. Содан ағасына барып, полицейге ұрынбау үшін одан ақша сұрап алып, қалаға кетеді.

Бірер күннен соң Аман босанған келінін де, інісінің баласын да перзентханадан өзі алып шығып, оларды өзі асырайды. Тек бұл оның болашақ қалыңдығы Сәулеге ұнамаса керек. Сөйтіп, қыз жігітке қыр көрсетіп, қызғанышын білдіріп, әкесімен қорқытқандай болады. Ал әкесі деп отырғанымыз - осы жердің «авторитеті», әлгінде айтқан «ақсақалымыз» әрі Аманның жұмыс берушісі. Айтпақшы, шалдың рөлін сомдайтын сол кезде алпыстың асқарына әлі жетпеген Нұржұман Ықтымбаев еді. Шал болар шағына жетпесе де, фильмде оны осылай атаса керек. Танымал актер өзге рөлдері сияқты бұл лентада да өз міндетін мүлтіксіз орындады. Көрерменге «Авторитет шалдың» қандай болатынын жақсы ұқтырды.

Содан Аман не істерін білмей жүргенде, шал оны өзіне шақырып, «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кететінін» ескертіп, келінінің бұл жақтан көзін құртуын бұйырады. Жаннаның жайын уайымдап, айтқанына көнбеген Аманды шал ақыры жеп отырған нанынан айырып, қызын жанында жүрген досына үйлендіреді.

Аманның қанша жерде өмірінің астан-кестені шықса да, ақымақ інісін ойлайды. Ақшасын беріп, қалаға қоя бердім деп отырған онысы сөйтсе, жолдан полицейдің қолына түсіпті. Жаңа туған баласын көрсін деп, аралары  бұзылса да, полицейден сұрап алады. Алайда қадірін түсінбеген Қанат қашып, онысымен қоймай, ағасын жазғырып, ұрып тастайды.

Осылайша, ақыры не істерін білмейтін Аман келіні мен баласын қайта қалаға аттандырады.

Айта кетейік, картинада аталған актерлерден бөлек, Фархат Абдраимов, Ерболат Оспанқұлов, Инесса Родионова және Сәбит Құрманбеков ойнайды. Кейінгісі лентаның бас кейіпкері – Аманды сомдады. Атап өту керек, Құрманбеков фильмде қоюшы-суретшінің де қызметін атқарған. Алайда көпшілікке актер ретінде кеңінен танымал. Ол режиссер Серік Апрымовтың бұл картинасынан бөлек, «Конечная остановка» фильмінде де бас рөлді сомдаған. «Ақсуаттағы» еңбегі үшін Сәбит Құрманбеков француздардың Нант қаласында өткен халықаралық кинофестивальде  үздік ер адам рөлі үшін бас сыйлығына да ие болған.  

1998 жылы түсірген «Ақсуат» драмасы режиссерді шығармашылығының бастауында көрініс тапқан сюжет желісіне, тақырыптарына жетелейді, алайда пәлсапалық тұрғыдан қарағанда автор материалды әлдеқайда тереңірек зерттейді. Егер оның 1989 жылғы «Конечная остановка» фильмінде құрып бара жатқан ауыл тақырыбы айтылса, «Ақсуатта» басқа деңгейде суреттеледі. Мұнда пасықтық, кедейлік, бір сөзбен айтқанда құлдырап бара жатқан ауыл көрінісі жоқ. Мұндағы зұлымдық әр адамның өз ішінде, ашық түрде бейнеленбейді. Картинадан мін іздеп қажеті жоқ, өйткені әр көрініс сол кездегі ауыл өмірін еш бояусыз көрсетеді. Қалай болғанда да, сұрақтар тек фильм басында ғана туындауы мүмкін. Қалған бөлігі өзінің ағысымен жүріп жатады. Содан болар, фильм халықаралық сарапшылардың көңілінен шыққан. Мәселен, «Ақсуат» «Еуразия-98» халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болған. Бұдан бөлек, Нью-Йорктегі Заманауи өнердің Ұлттық Галереясы фильмді 1999 жылдың ТМД және Балтық елдерінің үздік фильмі деп таныды. Отандық драма сонымен қатар Нантеде өткен «Үш құрлық» ХКФ-нде  үздік ер адам рөлі жүлдесінен бөлек, көрермен жүлдесі мен француз дистрибьютерлерінің жүлдесіне ие болған.    

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы