Размер шрифта:

Цветовая схема:

14 қазан, 2020479

«Ақын» фильмінің түсірілімдері басталды

Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» көркем фильмінің түсірілімдері басталды. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

Белгілі болғандай, картинадағы басты рөлді «Жігіттер» тобының солисі Ердос Канаев сомдайды. Бұл оның кинодағы алғашқы қадамы болмақ. Ердос шығармашылық адам ретінде фильмдегі кейіпкердің образына жақын екен.

Айта кетейік, «Ақын» картинасы - өткен жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген бірінші жобалар пинчингінде бірлескен өндірістегі фильмдер санаты бойынша жеңіске жетіп, мемлекеттік қолдауға ие болған картинаның бірі. Көркем туынды Герман Гессенің «Шығармашылық кеш» әңгімесінің негізінде түсіріледі. «Ақын» фильмі – Қазақстан мен Франция елінің бірлескен жобасы. Хикая бүкіл өмірін Музаға қызмет етіп, өмірдің мәнін іздеуге арнаған ақынның әрқилы, бірақ қызықты тағдыры туралы баяндайды. Өзгеге жанашырлық, мейірімділік мен жақсылық жасау сияқты ерекшеліктер ақынның адамды бағалаудағы негізгі критерийі және бүкіл шығармашылығының лейтмотиві болды. Бас кейіпкер – қырық жастағы алматылық ақын. Ол қазақ тілді шағын газетте редактор болып еңбек етеді. Өзінің әріптестері сияқты ол да бүгінгі замандағы қоғамда әдеби шығармашылыққа қызығатын оқырмандардың барған сайын азайып бара жатқандығын түсінеді. Қарапайым әдебиетшілер үшін бұл, әрине, жеке басының үлкен трагедиясы.

«Ақын» картинасының режиссері әрі сценарисі – Дәрежан Өмірбаев. Продюсері Паоло Бранко және Ержан Ахметов.

Айта кетейік, режиссер Дәрежан Өмірбаев отандық қана емес, шетелдік көрермендерге де жақсы таныс. Осыған дейін ол «Жизнь», «Шілде», «Қайрат», «Профессия – контралер», «Кардиограмма», «Киллер», «Жол», «Шуға», «Студент» сияқты картиналарды түсірді. Бұл киноленталар талай халықаралық кинофестивальдерге қатысып, жүлделі болған. Мәселен, 1992 жылы оның «Қайрат» атты фильмі Локарно кинофестивалінде «Күміс барысты» жеңіп алса, 1995 жылы «Кардиограмма» картинасы Венеция КФ-нде ЮНЕСКО жүлдесіне ие болды, ал 1998 жылы ол осы фестивальдің «Ерекше көзқарас» бағдарламасына «Киллер» кинолентасымен қатысып, «үздік фильм» атауын жеңіп алды.  

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  @kazakhfilm_official

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы