Размер шрифта:

Цветовая схема:

02 қазан, 2020427

Ардақ Әмірқұлов «Хирург» деп аталатын жаңа картина түсіреді

Дәрігер туралы жаңа оқиға медициналық өмірді бейнелеп қана қоймай, кейіпкердің бақытты ғұмыр кешуіне кедергі болатын құпияларға жауап іздейтін кинокартина.

Жас хирург туралы қарапайым оқиғалық картина Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Сараптамалық кеңес мүшелерінің назарына ілікті. «Ардфильм» компаниясының қатысуымен режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Хирург»  кинофильмі киножобалардың екінші питчингінің жеңімпазы атанды. Бір қарағанда жеңіл болып көрінген оқиғалық желісі бар картинада өзіндік ерекше терең философиялық ой жатыр. «Хирург» кинолентасы Мэлс есімді жас дәрігердің өмірін бейнелейді. Жас жігіт көлдің жағасындағы кішігірм қалада өмір сүреді. Жергілікті ауруханада хирург болып жұмыс істейтін ол бұл өмірде өзін тіптен жалғыз екендігін күн сайын сезінеді.

Ардақ Әмірқұлов, картина режиссері:

«Картина қарапайым дәрігердің күнделікті өмірі мен тіршілігін көрсеткенімен, басты кейіпкер Мэлстің ішінде жатқан құпиялары, оның ішкі жан дүниесі, оны толғандыратын мәселелерді көрсетеді. Алғашында, мамандығын шын жақсы көріп келгенімен, күнделікті рутина оны жалықтырып жіберетіндігі суреттеледі. Пациенттері үшін тәжірибелі хирург бола білген ол үшін әр операция әлдебір қысыммен және қиындықпен тең. Өмірінде ол сүйіктілерімен де жолы болмай келеді. Өз теңін таптым деген заматта, әлдебір жағдайлар кедергі бола береді. Мэлс бүгінгі күнге дейін ешкімге сырын айтып, толықтай ашылып көрмеген. Оның өз әкесімен болған конфликт те есінен кетпейді. Бір күні хирург пациентіне қателесіп басқа екпе салып қояды. Соның әсерінен емделуші сол кезде-ақ көз жұмады. Бұл оқиға Мэлсті одан әрі жегідей-жеп, оның өміріне қара түнек әкелгендей күй кешеді. Мэлс өміріндегі бұл кезеңдерден қалай құтылмақ? Оны мұндай тоқырау кезеңінен кім құтқара алады?»,-деп, режиссер  фильмнің сюжеттік желісімен бөлісті.

Картинаның бір ерекшелігі ретінде режиссерлік шешімді айтуға болады. Әмірқұловтың айтуынша, фильм, ең алдымен, кеңістікте ғана емес, сонымен қатар ұзақ кадрға созылатын уақытта бейнеленетін белгілі бір хикая.

Ардақ Әмірқұлов, картина режиссері:

«Мен режиссер ретінде шығарған  соңғы  картина «Безмолвие»  дәл осындай бір жүйемен түсірілген. Ол белігіл бір эмоцияларды, ішкі жағдайды суреттейтін ұзақ кадрлармен түсірілген. Оны тек бір диалогпен жеткізу мүмкін емес. Бұл жерде тек көре білу арқылы, шынайы сезімге бөлене алу қажет. Қазіргі замануи көрермен мұны түсіне бермейді. Себебі, бүгінгі біздің қоғамға ондай дөрекі, құпия эмоциялар көрсетіле бермейтіндігі жасырын емес. Негізі осындай эмоцияға толы кадрлар адамның өз ішкі-жан дүниесіне назар салуына көмектесіп, сол арқылы олар жалғыз қалған кездегі өздерінің шынайы «қалпын» тани алады. Егер «Хирург» картинасы туралы айтатын болсақ, бұл жерде біз өз кейіпкеріміздің ішкі әлеміне және оның шынайы хал-ахуалына белігілі бір призма арқылы назар салатын боламыз», - дейді жоба авторы.

Режиссердің пайымдауынша, кинолентаның түсірілімдері әлі басталған жоқ. Бірақ киногер фильмдегі рөлдерді кім сомдау керектігін таңдап, анықтап қойған. Фильмде, сондай-ақ белігілі бір кадрлардың сапалы әрі шынайы шығуы үшін кәсіби түрде графика қолданылатын болады.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы