Размер шрифта:

Цветовая схема:

14 мамыр, 2020437

Әсел Сағатова: «Мен үшін барлығы қызықты»

Төрт жылдан соң экранға қайта оралып, көрерменнің көзайымына айналған Әсел Сағатова киноға неліктен ұзақ түспегенін айтты. Бұл ақпаратпен актриса Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен өткізген онлайн әңгіме барысында бөлісті.

Қаңтарда көрерменге жол тартқан «Му love is Aisulu» фильмінде бас рөлді сомдап, киноға қайта оралған актриса осыған дейін төрт жыл бұрын Ақан Сатаевтың «Районы», ал жеті жыл бұрын «Рэкетир» фильмінде өнер көрсеткен еді. Кинодағы мұндай кідірісті Әсел Сағатова былай деп түсіндірді.

«Экрандарда неліктен сирек көрінетінімді білмеймін. Мүмкін маған жасалатын ұсыныстар менің тілектеріме, ішкі талаптарыма сәйкес келмейтіндіктен болар. Мен сценарийлерді оқып, бұл фильмге қатысқым келмейтінімді түсінемін немесе түсірім үрдісінің қандай болатынын шамамен біліп отырамын. Содан түскім келмейді. Іштей оның нәтижесін болжап отырамын. Бұл менің ерке болғанымнан емес. Мен киноүрдістің өзінен рахат табамын. Демек, талапшыл болғаным. Ал, мен түскім келетін рөлдерге ұсыныстар келмейді», - деді актриса.

Дей тұрғанмен, Әсел Сағатова қол құсырып отырған жоқ. Осы аралықта өзін Almaty Film Festival кинофестивалінің «Made In Almaty» атты сценарийлер байқауының жетекшісі қызметінде сынап көрді.

«Бұл ұсыныс маған аяқасты түсті. Өте таңқалған едім. Мүмкін мені жауапты адам деп көрген болар. Қызметке кірісерде питчингтің не екенін, қалай өткізілетінін зерттеп, регламент құрастыра бастадым. Менің міндетіме бастан-аяқ істердің барлығы кіреді: адамдарды осындай сценарийлер байқауы өткізіліп жатқаны туралы хабардар ету, оған өтініштерді жинау, оларды өңдеу, оқу және олардың барлығын қарау. Кейін өтініш білдірген режиссер, продюсерлермен хабарласу», - дейді Әсел Сағатова.

Сөйтіп актриса екі жыл қатарынан фестивальді ұйымдастыруда еңбек етті. Тіпті, ұнатқан жобаларды өзі де таныстырған болатын. Былайша айтқанда продюсерлік танытты. Бұл салаға да қызығушылығы жоқ емес.

«Мен продюсер болып жүр деп аса жар салынған. Жоқ, мен әзірге осы бағытта кішкентай ғана қадамдар жасап келемін, кино өндірісін актриса тұрғысынан емес, әлдеқайда тереңірек - продюсер тұрғысынан зерттеп жүрмін. Әлі бұл бағытта жұмыс істегім келе ме, жоқ па білмеймін. Қазір бір үлкен компания құрамында еңбек етемін. Өзімнің жеке мақсаттарымды емес, компания мақсаттарын орындап жүрмін. Жобаларды қорғағаным да сол компания атынан еді. «Толғау» жобасы бізге сол сценарийлер байқауында көзге түскен еді. Аян Найзабеков өте талантты жас жігіт. Өзінің сценарийін екі жыл қатарынан ұсынған болатын. Бірінші жылы жобасы көңіл аудартпады. Бірақ кейін оны толықтырды. Берілген жоқ. Қайта ұсынғанда біз оны финалист ретінде таңдадық. Ол өзін жақсы жағынан көрсеткен соң, біз оны ары қарай дамытуға алдық. Сөйтіп Аянмен бірге жобаны таныстырған болатынбыз. «Толғау» өте қызықты, эксперименталды әрі өзіндік бір ерекшелігі бар жоба. Онда Аянның адамдарға жеткізгісі келетін терең ойы бар», - деді Әсел Сағатова.

Бұдан бөлек, актриса «Принцесса Дарья» атты жобаны да танысыруға ат салысты.

«Жоба өте драмалық, орындалуында да өте қиын. Бұл хикая шынайы оқиғаға негізделген. Бүгінгі таңда өзекті болып табылады. Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық туралы. Автор бұл оқиғаны бастан өткерді деп ойлаймын. Себебі, оны таныстырғанда дауысы дірілдегені соншалық, хикаяға еніп кетесің. Біз оны кім түсіре алар деп ойланып, жас талантты режиссер Берік Жахановқа екпін жасадық. Бұл жігіттің әлеуеті зор әрі осыған дейін толықметрлі фильм түсірген емес. Әзірге осындай таңдау жасап отырмыз», - деп бөлісті актриса.

Әсел Сағатованың айтуынша, осы кезге дейін ол аса көп киноға түсе қойған жоқ. Сондықтан қандай рөлді сомдағысы келмейтінін айта алмайтынын жеткізді. Дегенмен ол үшін барлығы қызықты дейді.

«Негізінде мені көбінесе бас кейіпкердің құрбысы ретінде таниды. «Рэкетир» картинасынан болсын, Ресеймен бірігіп түсірген «Ирония любви» фильмінде болсын. «Районы»-да да кішкентай болса да, құрбының рөлін сомдадым. Ал, «Томирис» секілді фильмдер аз. Әзірге тек біреу ғана. Алайда, әйелдер хикаясы жазылып жатыр. Оны біз өткізіп жүрген сценарийлер байқауынан да байқаймын. Әйелдер туралы хикаялар әлдеқайда көп болады деп ойлаймын. Бұл әлемдік тенденция секілді», - деді ол.

Актриса алдағы уақытта үш-төрт жылға ұзамай, одан бергі уақытта киноға түсетін ниеті бар екендігін де жасырмады.

«Мен үш-төрт жыл емес, одан ертерек уақытта экраннан көрінемін деп үміттенемін. Барлығы жобалардан келіп түсетін ұсыныстарға байланысты. Киноға сирек түссем де, адамдар менің барлық дерлік фильмдерде жүргендей көреді. Сондай пікір де қалдырып жатады. Неліктен екенін білмеймін. Мен үшін бұл таңқаларлық жәйт. Әсіресе, фильмге түсу жиілігімді ескеретін болсақ, тіптен. Мүмкін мен түскен фильмдер есте жақсы сақталып қалатындықтан болар», - деді Әсел Сағатова.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы