Размер шрифта:

Цветовая схема:

08 қыркүйек, 2021178

Әуендері кино арқылы көрерменге жеткен кәсіп иелері

 «Отанның ұланы біз жігіттер, Жолымыз тұр әні нұр қиямен, Өзіңді жырлаймыз туған ел» осы әнді естігенде ойыңызға не оралады? Сірә, Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожа» фильмі болар... Ал бұл картинаны ойымызға алсақ, «Жазира жасыл кілем өрнектеген, Туған жерге, дариға, жер жетпеген...» деген әннің аясында жазық далада атқа мінгескен Қожа мен Сұлтанның бейнесі еріксіз есімізге түседі.  Бұл қандай құдырет? Бүгінгі шығарылымда киноның екінші тілі – киномузыка туралы және отандық танымал кинокомпозиторлар туралы сөз етпекпіз.

Музыка – кинематографияның маңызды көркем элементі және экспрессивті құралы. Ол режиссердің айтқысы келген ойын, фильмнің көңіл-күйін көрерменге сөзсіз жеткізіп тұрады. Әсем әуенсіз, музыкасыз киноны елестету мүмкін емес. Тіпті кино пайда болған алғашқы жылдарда дыбыссыз картиналарды кинотеатрдан көрерменге ұсынған кезде, экрандағы бейнені пианист-таперлер сүйемелдеп отыратын болған. Яғни адамзат сол кездің өзінде кино өнері музыка саласымен тығыз байланысты екенін, әуенсіз фильм іш пыстырарлық бейнелердің жиынтығы болатынын жақсы түсінген. XX ғасырдың басында дыбысты фильмдер пайда болған кезде кинематографиялық кәсіптер қатарына кинокомпозитор деген жаңа мамандық қосылды. Содан бері әлемде өндірілген кез келген кино, тіпті сөзі жоқ фильм болса да, музыкасыз жарыққа шыққан емес.

Кинокомпозитор дегеніміз – кинофильмдерге арнап музыка жазатын музыкант. Олар әдетте фильм режиссерінің немесе продюсерінің басшылығымен кинокартинаның өн бойындағы барлық әндерді және музыкалық элементтерді жазып шығады. Дайын болған композицияларды кейін музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен жеке әнші немесе хор орындайды, кейде тіпті оркестр тартылуы мүмкін. Қазір киномузыка дегенде көпшілікке таныс сөз – «саундтрек» сөзі. Бұл ұғым ағылшын тілінен тікелей аударғанда «дыбыс жолағы» деген мағынаны береді. Әуелде бұл түсінік кино өндірісінде фильмнің аудиожазбасын білдірген болатын. Фильмді жасау барысында дыбыс эффектілері, диалогтар мен музыка бейнеден бөлек жазып алынып, кейін монтаж кезінде біріктіріледі. Ал осы барлық аудиожазба бұрынғы заманда бейнетаспада жолақ арқылы көрінетін болған. Осы себепті (саундтрек термині қолданысқа еніп, көрермендер арасында да күнделікті қолданатын сөзге айналып кетті.  

Қазақстандық киномузыка саласы отандық киноның даму жолымен бірге жасап келеді. Тіпті кейбір әуендер мен әндер киноөнімнен бөлек, танымалдылыққа ие болып халық арасында айтылып жүр. Ендеше танымал отандық он кинокомпозиторлардың өмірі мен шығармашылығына аз-кем тоқталып өтейік.

Нұрғиса Тілендиев

Балалық шағыанан домбыраның құлағында ойнап өскен музыкант 1925 жылы бірінші сәуәрде Алматы облысында дүниеге келген.

Ол орта мектепті Алматы қаласында оқыған. 1933 жылы А.Жұбанов оны халық аспаптар оркестрі (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі) ұйымдастырылған музыкалық-драма техникумына (қазіргі Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі) алып барды. Он екі жасында Нұрғиса концертмейстер, ал он төртінде дирижер болып тағайындалды.

Ол Ахмет Жұбановты өзінің бірінші және негізгі ұстазы деп санаған. Ол ұстазы туралы «Жұбанов маған бәрін үйретті: халықтық және классикалық музыканы сүю мен түсінуге, еңбек етуге және шығармашылықтан қуаныш табуға, өмірді барлық көріністерінде сүюге үйретті. Мен оған қарыздармын», – дейді. Ұстазы да осы шәкіртін ерекше көріп, бастауыш музыкант Нұрғисаға өз домбарасын сыйға тартқаны тегін емес. Тілендиев кейін әндерін әр қазақ қосыла шырқайтын үлкен композитор, күйші атанды.

Нұрғиса Атабайұлы алғаш рет кинокомпозитор ретінде 1963 жылы түсірілген «Менің атым Қожа» фильмінде бағын сынап көрді. Оның осы картина үшін жазған әндері халық арасына кең таралып, өте жылы қабылданды. Сөйтіп ол әрі қарай киномузыкант жолын «Қилы кезең» (1966) «Балалық шаққа саяхат» (1968), «Көк маршрут» (1968), «Қыз Жібек» (1970), «Біздің Ғани» (1971), «Тризна» (1972-1987), «Эй, Вы ковбои!» (1974), «Алты жасар Алпамыс мектепке барады» (1976), «Тұз» (1977), «Даладағы қуғын» (1979), «Қауын» (1982), «Қызыл үй» (1985) секілді толықметражды көркем фильмдерге әуен жазумен жалғастырды. Сондай-ақ Нұрғиса атамыз «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» (1967) және «Ақсақ құлан» (1968) деп аталатын қазақ анимациясының классиктерін де әуезді әуенмен әрлеген.

Ғазиза Жұбанова

Ғазиза Ахметқызы Жұбанова – қазақстандық алғашқы  кинокомпозиторлардың бірі. Ол қазақ жерінде түсірілген алғашқы фильм «Амангелді» картинасына арнап музыка жазған екі музыканттың бірі, қазақтың әйгіл композиторы Ахмет Жұбановтың қызы. Ғазиза 1927 жылы 2 желтоқсанда Ақтөбе облысының Жаңатұрыс ауылында дүниеге келген.

1949 жылы Мәскеудегі Гнесинс мемлекеттік музыкалық училищесін, 1954 жылы Мәскеу П.И.Чайковский атындағы консерваториясында Ю.Шапориннің композиция сыныбын, ал 1957 жылы аспирантураны бітірді.

1958 жылдан бастап Құрманғазы атындағы қазақ консерваториясында оқытушылық қызметпен айналысты. Қазақстанның әйгілі композиторларының тұтас тәрбиеледі, олардың арасында қазір АҚШ-та тұратын композитор Алмас Серкебаев және Төлеген Мұхамеджанов, Қуат Шілдебаев, Әділ Бестыбаев, Ақтоты Райымқұлова, Бейбіт Дәлденбаев, Әліби Мәмбетов, Азат Жақсылықов және т.б. композиторлар бар. Оны қазақ кеңестік композиторларын дайындау мектебін басқарды деп айтса да артық емес.

Композитор барлығы 3 опера, 4 балет, 3 симфония, 3 концерт, 6 оратория, 5 кантата, камералық музыканың 30-дан астам туындысын, ән мен хор шығармаларын, пьесалар мен фильмдерге музыка, халық әндерінің аранжировкасын жасады.

Ол әуен жазған фильмдер қатарында «Асау Ертіс жағасында» (1959), «Өз жүрегіңнен сұра» (1964, «Спроси своё сердце»), «Ән қанатында» (1966), «Сол күндері» (1970, «В те дни»), «Ақшаңқан таулар» (1973, «Там, где горы белые...»), «Қан мен тер» (1978, «Кровь и пот»),  «Гонцы спешат» (1980) картиналары бар.

Төлеген Мұхамеджанов

Төлеген Мұхамеджанов 1948 жылы 27 шілдеде Семей облысы, Бесқарағай ауданы, Беген ауылында дүниеге келген. Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын бітірген. Кеңес Армиясы қатарында қызмет еткеннен кейін М.Әуезов Семей атындағы педагогикалық училищесіне жұмысқа жіберілді. Жиырма бес жасында, 1973 жылы фортепианода мүлде ойнай алмайтынына қарамастан, Алматы консерваториясының дайындық курсына оқуға түсті. Осыдан кейін ол Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға қабылданды және Ленин атындағы шәкірақының иесі болды. Кейін П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспирантурасына түсу сынынан өткен.

Төлеген Мұхамеджанов композитор ретінде көптеген шығармалар – симфониялар, опералар, музыкалық комедиялар, ішекті квартеттер, симфониялық пьесалар, Абай өлеңдері бойынша романстар, әндер, кино мен театрға арналған музыкалар жазды.

Мұхамеджанов жазған саундтректер арасында ең танымалы – 1993 жылы Талғат Теменов түсірген «Махаббат бекеті» мелодрамасына жазған туындысы. Ол жалпы 1991 жылғы «Қызғыш құс» картинасынан бері режиссер Т. Теменовпен тығыз шығармашылық байланыста болып, оның «Менің күнәлі періштем» (2011), «Үлкен қаланың кішкентай ханзадасы» (2015) атты фильмдеріне музыка жазған. Одан бөлек, «Сладкий сок внутри травы» (1984), «Волчонок среди людей» (1988), «Непрофессионалы» (1985), «Полигон» (1992), «Последние холода» (1993), «Омпа» (1998), «Біржан сал» (2009). «Құнанбай» (2015) және «Шәкәрім» телевизиялық фильмдерін тақырыпқа сай, әсем әуендермен әрлеген.

Қуат Шілдебаев

Қуат Абдоллаұлы Шілдебаев 1957 жылы 9 шілдеде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылында туған. Ол 1981 жылы  Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын композиция классы бойынша бітірген. Ол 50-ге жуық әннің, оның ішінде «Отан Ана», «Сағым дүние», «Жан Ана», «Осенний мотив» өлеңдерінің; Батырхан Шүкеновтың 2 альбомына арналған музыканың және т.б.авторы. Симфониялық шығармалардың - камералық симфония, оркестрмен фортепианоға арналған концерт, қыл қобыз және үрмелі аспаптар оркестріне арналған концертино, орган мен оркестрге арналған пастораль және т.б. авторы. Сондай-ақ «Легенда о манкурте», «Тамыр», «Геометрия чувств», «Алтын Адам» және т.б. балеттеріне арнап музыка жазған. Кинокомпозитор ретінде дебюттық картинасы Ардақ Әмірқұловтың «Отрардың күйреуі» (1991) тарихи фильмі болды. Одан кейін «¥шқан жебе» (1991), «¥мыт мені» (1993), «Түс ішіндөгі түс» (1993), «Стрейнджер» (1993), «Саған күшік керек пе?» (1994), «Абай» (1995), «Аллажар» (1995), «Семья охотника» (1995), «Жамбылдың жастық шағы» (1996), «Қайта өрлеу аралы» (2004), «Путевой обходчик» (2006), «Қасиетті күнәһар» (2006), «Періште» (2007), «Қасқыр уақыты» (2007), «Мұстафа Шоқай» (2008), «Сталинге сыйлық» (2009), «Қош бол, Гүлсары» (2009), «Ка, мырза, сіз кімсіз?» (2010), «Яблоки Эдема» (2010) секілді отызға жуық көркем фильмге  саундтректер жазды. Қуат Шілдебаев –  КСРО, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Кинематографистер одағының мүшесі.

 

Жоғарыда аты аталғандардан бөлек, қазақ киномузыкасына үлес қосқан, әсем әндері халық жүрегінде жатталған композиторлар көп-ақ. Кейінгі кездері фильм титрларынан Ринат Гайсин, Ақтоты Райымқұлова, Роман Бутаков, Павел Ли, Әлім Заиров, Никита Каров, Әбілхайыр Жарасқан, Айдос Сағатов секілді жас музыканттардың есімдерін көріп жүрміз. Олардың шығармашылығымен алдағы уақытта толығырақ танысатын боламыз.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы