Размер шрифта:

Цветовая схема:

15 қазан, 2020399

Балаларға арналған 36-шы голливудтық фильм қазақ тілінде дубляждалды

Қазақстанда голливудтық фильмдерді қазақ тілінде кәсіби дубляждаумен айналысатын «Болашақ» корпоративтік қоры жылдың басында ана тілімізде дыбысталған балаларға арналған кезекті жаңа туындының трейлерін жариялаған еді, енді міне фильмнің жаңа кадрларымен де бөлісіп отыр. «Жан»/«Душа» деп аталатын анимациялық фильм - Pixar Animation Studios американдық киностудиясының өнімі. 

«Жан»/ «Душа» анимациялық мультфильмі «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дыбысталған осымен 36-шы голивудтық өнім болмақ. Мультипликациялық фильм Джо Гарднер есімді орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі жайында баяндайды. Джо көптен бері сахнада джаз жанрындағы әнді орындауды армандайды. Ақыры Half Note Club-та басқа джаз музыканттарының алдында өнер көрсетуге мүмкіндігі туады. Бірақ қайғылы жағдайға байланысты Гарднердің жаны тәнінен бөлініп, адами қызығушылықтар мен армандар туындайтын әлемге түсіп, онда 22 есімді жас жанмен танысады.  

Картинадағы кейіпкерлерді дыбыстаған актерлердің кім екендігі әзірге белгісіз. Оны фильмнің премьерасы болатын кезде біле жатармыз.

Естеріңізге сала кетейік, «Өзіңнен баста» жобасы аясында көктемде Pixar киностудиясының биылғы жылы алғаш рет қазақ тілінде дыбысталған картинасы -  «Алға/ «Вперед» атты мультфильмі отандық көрермендерге жол тартқан еді. Бұл фильмде барлық мәтіндер дубляж тарихында бірінше рет қазақ тілінде жазылды. Кастингке барлығы 40-тан аса актер қатысыпты. Мультфильмдегі басты кейіпкердің бірінің дауысын салған Заңғар Әбенов актер Том Холландтың дауысымен сөйледі, ол осыған дейін «Өрмекші-Адам: Үйден жырақта» фильмінде де оны дыбыстаған болатын.  

Биылғы жылы «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тілінде дыбысталған барлығы 7 картина жарық көруі тиіс-тін. Олардың қатарында эльф-ағайындар да, Мулан да, басқа да жаңа кейіпкерлер бар. Алайда коронавирус індетіне байланысты кинотеатрлар уақытша жабылуы себепті қазақстандық көрермендерге қазақ тілінде дыбысталған тек бір ғана голливудтық фильм ұсынылды.  

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы