Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 наурыз, 2021598

Балғындарға арналған отандық мультфильмдер

Кішкентай көрермендер үшін мағыналы әрі қызықты, танымдық мультсериалдар қатары артуда. Оған дәлел ретінде жыл сайын жаңадан шығып келе жатқан әртүрлі мультхикаялар мен балаларға арналған кинофильмдерді айтуға болады. Отандық мультфильмдердің авторлары барынша қызықты хикаяларымен, сапалы анимациясымен телеэкран алдында жайғасқан тәтті балғындардың жүрегін жаулау басты миссия екенін алға тартады. Бұл мультсериалдар арқылы өскелең ұрпаққа ержүрек мінезді, білімге құштар болуды, табиғат Ананы қорғауды, қауіпсіздік шараларын сақтауды, бір-бірімізді сыйлауды үйрету, соған негіз салу. Осы мақсатты ұстана отырып, елімізде өндірілген тәлім мен тәрбиеге толы мультхикаялар тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

«Алпамыс»

qazaqstan.tv

Бұл мультфильмнің мақсаты – кішкентай телекөрермендердің өрісін дамытып, қазақ тіліне баулу. Хикаяның басты кейіпкері болған Алпамыс ержүрек батыр, еліне махаббатпен қарайтын нағыз патриот. Әр сериясы қандай да бір қызықты сюжет пен оқиғалық желіге бағытталған. Алпамыс бейнесі кез-келген жағдайда адал әрі шыншыл, төзімді болып қалуға үйретеді. Қазақы дәстүр мен қонақжайлылық, әдептілік пен мәдениетке баулыйтын мультисериал өскелең ұрпаққа еліміздің фольклорлық мұрасын, қазақи эпопеясын өз нақышымен таныстыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, білім мен ғылымда жалпы кез-келген ортада көшбасшылық рөлді алуға, өз бойыңа сенімділік ұялатуға да аталған мультхикая айтулы септігін тигезітіні рас.

«Алпамыс» балаларға арналған мультсериалы барлығы 10 бөлімнен құралған. Продюсері Дильшат Рахматуллин. Сценарий авторы Ая Әлімбаева, қоюшы режиссері Дастан Кішкентаев. Мультфильмді әсем әуенмен әрлеген Ғалымжан Секеев. Дыбыс режиссері Роман Бутаков, ал суретшілері Қуаныш Нағыз, Азамат Жаңалық, Зоя Борисенко. 3D аниматорлар қатарында да біршама топ мүшелері жұмыс істеген, олардың қатарында: Даян Бексейітов, Элина Байсарова, Айдар Жұмажанов, Герда Тесленко, Азамат Айтуғанов, Айдос Байжасаров, Даян Бексейітов және Әлім Мұхановтар бар.

«Ырысты ыдыстар»

кадрдан алынған

Қазақ халқының келер ұрпаққа мұра болып қалатын дәстүрлері өте көп. Солардың қатарында мәдениет пен тұрмыс-тіршілікті, рухани бейнені суреттейтін көне ыдыс-аяқтарды айтуға болады. Бұл қашанда болашақ қоғамның санасында сақталып қана қоймай, оның мән-мағынасын түсіне білу үлкен жауапкершілік әрі өзіндік мәнге ие. Сол себепті де, арнайы осы мақсатта келер жас ұрпақ - балалар санасына ескі дәстүрді жаңғырту үшін түсірілген мультхикая. Сәбидің жас санасы кешегі бабалар хикаясын осы секілді мультсериалдардан тез қабылдайтыны анық.

7 бөлімнен құралған әрбір бөлімнің өзіндік атаулары бар. Олар: «Өзгеше шар», «Достығымыз бекем», «Қағаз ұшақ», «Кітаптағы қандай ыдыс», «Алтын сақа», «Ас әзірлейтін тас», «Мен атынмын». Бас продюсері Тұрдыбек Майдан, ал қоюшы режиссері Жанәділ Байдарбек. Сценарий авторлары Нұрсәуле Толқын және Әлихан Жақсылық. Мультсериалдың сапасы тіккелей оның 3D анимациясына байланысты. Бұл жоба бойынша анимациямен жұмыс істегендер қатарында: Насырат Нұрақат, Қайсар Дәуенханұлы, Тілеужан Құлшебек, Есқат Әлімбек, Науырызбай Мусаев, Аллаберген Мұрат, Бауыржан Омар, Ерсұлтан Әлменұлы, Гүлжанар Әділхан, Арыстан Жеңіс, Мария Қалибек, Ермек Әбікеш және Дәурен Омаров.

«Тынымсыз шөжелер»

кадрдан алынған

Мультхикаяның басты кейіпкері Чип-Чип есімді кішкентай ғана балапан. Ол өз достарымен әртүрлі шытырман оқиғаларға тап болып жатады. Бірақ бұл оқиғада оларға қашанда кедергі болатын кейіпкер Мияу есімді мысық бар. Балапандар мысықтың арбауына түспеу үшін ақылгөй Тасбақадан кеңес сұрауға барады. Адал достар әр кедергіде бірге болып, ауызбіршіліктің арқасында жеңіске жетеді. Әр бөлім өзіндік қызықты хикаялар мен оқиғаларға бай. Барлығы он бөлімнен тұратын мультхикая кішкентай балаларға көтеріңкі көңіл күй мен тамаша естеліктер сыйлайды.

Сценарий авторы Мереке Мұқан, ал редакторы Бота Далебаева. Бекдос Төлеубектің режиссерлігімен түсірілген мультсериалдың аниматорлық топ құрамында: Рүстембек Бауыржан, Дастан Бауыржан, Али Кадирбаев, Дінмұхаммед Жанаберді және Айдана Скаковалар бар. Дыбыстағандар  қатарында: Ринат Уәлиев, Алима Қайырбекова, Бағлан Қалманов және Мереке Мұқан бар. Продюсері Мағжан Бауыржанұлы. Бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы.

«Балақайлар»

кадрдан алынған

Балалар үшін тек қызықты хикаялардан бөлек, танымдық тың ақпаратпен бөлісетін «Балақайлар» мультсериалының кішкентай көрермендерге берер пайдасы мол. Басты кейіпкерлер аралардан құралған үлкен отбасы. Ата-анасы мен үш баласы бар аралар жанұясы көптеген қызықты оқиғаларды бастан өткереді. Танымдық ақпараттармен бөлісетін мультфильм кішкентай көрермендерді қауіпсіздік ережелеріне де үйретеді. Мәселен, крандағы судың тұтқасын өшіріп жүруге, ток сымдарын қолмен ұстамауға, асханадағы пешке үлкендердің рұқсатынсыз жоламауға үйретеді.

Бекдос Төлеубектің режиссерлігімен жүзеге асқан жобаның суретшісі Мәди Қуанышбекұлы. Аниматорлары: Дінмұхаммед Жанаберді, Али Қадырбаев, Алмат Ыдырыс, Рамазан Әмзе және Рүстембек Бауыржан. Композиторы Сәуле Жұмабекова, дыбыс режиссері Ерлан Даутов. Рөлдерді дыбыстағандар қатарында: Қайрат Әділгерей, Жанар Шабакова, Ерғали Дүйсен және Алима Қайырбековалар бар. Мультфильмнің сценарий авторы Мереке Мұқан.

«Су астындағы оқиға»

кадрдан алынған

Мультсериалдың аты айтып тұрғандай, оқиға желісі су астында жалғасады. Қазақ жерінде орналасқан қарт Каспийдің тіршілігі мультсериалға айналды. Алақай есімді кішкентай теңіз тұрғыны әр жаз мезгілінде атасының үйіне асығады. Ол өз демалысын барынша танымды әрі қызықты өтізуге тырысады. Каспий теңізінің су астындағы тіршілігі өте әсем және көркем суреттелген. Бұл мультсериал кішкентай көрермендерге жаңа қызықты саяхаттар мен эмоциялар сыйлайды. Алақайдың да оның достарымен бірге бастан өткерген шытырман оқиғалары дәл осы «Су астындағы оқиға» хикаясында жалғасын табады.

Кішкентай көрермендер үшін түсірілген мультсериалдың барлығы 25 бөлімі бар. Әр бөлімі өзіндік қызықты саяхатқа толы. Режиссері Бекдос Төлекбек. Аталған жобаның аниматорлар қатарында: Рамазан Әмзе, Әділет Әжібек, Серік Дәулетбай, Бағлан Рахимов және Дастан Бауыржан бар. Композиторы Сәуле Жұмабекова. Дыбыстағандар: Бота Қаратай, Ерсұлтан Адырбек, Самат Қордабай мен Жадыра Сәрсенбаева. «Су астындағы оқиға» мультсериалының сценарий авторы Фариза Шорабекқызы. Балаларға арналған бұл жобаға Мағжан Бауыржанұлы продюсерлік етті.

«Пырақтар»

кадрдан алынған

Ерекше хикаяға толы бұл мультхикая ертегі әлеміне жетелейді. Оғлан есімді сақ баласы көңілді, жайдары. Ол айналасына өзінің күндей шуақты мейірімін төгіп жүреді. Бірақ Оғланның жолынан әртүрлі қауіпті оқиғалар кездеседі. Бір күні Оғланның алдынан бес қаруын дайындап, өз жемтігін аңдып жүрген аңшы кезігеді. Оқиға осы жерден басталып, әріқарай өз жалғасын табады. Хикая желісі көптеген эмоция мен жаңалықтарға толы болады. Барлығы 15 бөлімі бар мультхикаяның авторлары жайында айтар болсақ, сценарий авторлар қатарында Жанат Жайлыбай және Арна Ризабек бар. Қоюшы режиссер Дильшат Рахматуллин. Анимациямен жұмыс істегендер: Азамат Айтуғанов, Даян Бексейітов, Айдос Байжасаров, Дастан Кішкентаев, Артур Искаков, Айдар Жұмажанов, Денис Ли және Элина Байсарова бар. Ал Толқын Нұрбекова, Динара Әбікеева, Гүлнара Құрманбекова және Данияр Базарқұлов кейіпкерлерді дыбыстағандар. Жобаға жетекшілік еткен Мақпал Жұмабай.

«Орман күзеті»

кадрдан алынған

Табиғат Ана туралы кішкентай өскелең ұрпаққа ақпарат беріп, оны қорғап, аялау керектігін айту кез-келген ересек адамның міндеті мен парызы. Бірақ оны балалар үшін арнайы түсінікті етіп жеткізу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Міне, сол үшін «Орман күзеті» деп аталатын бұл мульхикаяның да міндеті аза зор. Оның мақсаты  – табиғат Ананы қадірлеу, оны сақтау және қорғау. Отырған үйімізді ғана емес, сонымен бірге ауламызды, мектептің айналасын, балабақшаның алаңқайларын, тіпті жәй ғана көшелерді ластамау, қағазды арнайы қоқыс жәшігіне апарып тастау секілді базалық дүниелерден бастап, қоқысты сұрыптауға дейін ақпарат беру дәл осы мультсериалда көрсетіледі. Біз үшін таза ауа қалай маңызды болса, ауаның таза болуына табиғаттың жағдайы да солай маңызды. Табиғаттың жағдайы таза ауа жұтуымызға өте қатты әсерін тигізеді. Сондықтан, табиғат туралы, тазалық жайлы ақпарат беретін осы сияқты пайдалы мультсериалдардың кішкентай көреремендерге берері мол.

Барлығы 10 бөлімнен құралған мультфильмге Сандуғаш Баймаханқызы бас продюсерлік етті. Жобаның бас режиссері ретінде Қарлығаш Әбдібаева жұмыс атқарды. Сценарий авторлары Арман Құдайберген, Шынар Мәдиева. 3D анимациямен жұмыс істегендер: Жания Нұрбаева, Темірлан Төреханұлы, Жомарт Ахметов, Балхия Қожабекова, Аружан Оралбай, Жомарт Тілепиев, Бердияр Әбіләкімов, Жәмила Хасенова, Елзат Нүсіпбаев және Дәулет Кенжеғараев. Рөлдерді дыбыстағандар қатарында: Ермек Елгезеков, Ерден Жақсыбеков, Гүлназ Әбсаттар, Қадырбек Бажиков, Динара Әбікеева, Ернат Күншібаев, Роксана Алтынхан және Ержан Смағұловтар бар.  

«Еркелер»

кадрдан алынған

Мультфильмнің оқиғалық желісі кішкентай екі балақайлардың бастан өткерген қызықты хикаялары туралы болмақ. Басты кейіпкерлер өте ерке, бір тынымсыз әрі қызыққа жаны құмар сәбилер. Мультсериалда орын алатын жағдайлар кішкентай балақайлар кездестіретін қызықты оқиғаларға негізделген. Әр бөлімі танымдық жаңалықтарға, күлкілі оқиғаларға, ерекше жағдайларға толы.

Сценарий авторы Ринат Сүлейменов, аниматорлық жұмыспен айналысқандар: Арыстанбек Хасенов, Айсұлу Талқамбаева, Руслан Жұмағазин, Екатерина Теплякова, Қайрат Берлібеков және Тынышқали Тілегеновтер бар. Суретшілер тобында Ләззат Тілегенова, Өркен Аят, Арман Мұқият, Қажымұқан Жүсіп, Жансая Талқамбаева және Орынтай Джесаковалар қызмет атқарған. Мультсериалды әсем әуенмен әрлеген композитор Олжас Байбеков.

 

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  кадрдан алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы