Размер шрифта:

Цветовая схема:

10 тамыз, 2020506

«Базар жоқ, Мексика» фильм премьерасының жаңа мерзімі белгілі болды

Сүйіктісін қайтару үшін әлемнің екінші шетіне аттанатын қазақ жігіті жайындағы отандық фильмнің шығатын күні айқындалды. Көптен күткен «Базар жоқ, Мексика» комедиясы сәтін салса, көпшілік назарына жаңа жыл қарсаңында жол тартады.

Сюжет Ерлан есімді жас дәрігер жайында болмақ. Жігіт Мексикаға оқуға кеткен сүйіктісін күтіп, еш күдіктенбей ауылда еңбек етіп жүреді. Күндердің күнінде бас кейіпкер шетелде жүрген ғашығы басқа жігітке тұрмысқа шығатынын естиді. Содан Джонни есімді досымен теңіз асып, қызды қайтармақ болады. Жат елде келген жастарды жерлестері әрі Джонидің ағасы Пако қарсы алады. Ер азамат Мексикада тұрып жатқанына осымен тоғыз жыл болды. Алғашқы сынақтан өткен бас кейіпкер келген мақсатына жете ме екен? Сүйіктісін тауып, оны қайтара алар ма? Оны көрермендер 2020 жылдың 24 желтоқсанында білетін болады.

Айта кетейік, бас кейіпкер Ерланды қазақстандықтарға «Тағдыр бекеті» фильмі арқылы танымал болған актер Асқар Ілиясов сомдайды. Оның досы Джонниді «Брак или брат» фильмінде ағалардың бірінің рөлін орындаған актер Олжас Абай ойнайды. Паконың рөлін актер Қажет Смағұлов, ал Ерланның сүйіктісінің рөлін актериса Айжан Лайджи сомдайды. Отандық киногерлермен бірге фильмде мексикандық актерлер де өнер көрсетеді. Тропикалық елдегі қазақстандықтардың шытырман оқиғасы туралы картинаны түсірген режиссер Жеңісхан Момышев болды. Кино майталманы осыған дейін «Бизнес по-казахски» франшизасының екі бөлімі мен «Многодедный» картинасында еңбек еткен.

«Базар жоқ, Мексика» комедиясын шығарушылар қазақстандық көрермендер назарына картинаны биылғы жылдың көктемінде ұсынуды жоспарлаған еді, алайда карантинге байланысты 15 маусымға шегерген болатын. Әлемге тараған індеттің салдарынан елімізде уақытша жабылған кинотеатрлар ашылмағаны себепті бұл дата да ауыстырылып, енді жаңа жыл қарсаңында шығады деп көзделіп отыр.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы