Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 қаңтар, 2021340

«Базар жоқ, Мексика!» сапалы картина ма?

Қазақстандық кинофильмдер жыл өткен сайын шетелдік аренадан жиі көрініп келе жатыр. Америка, Африка, Тайланд, Түркия және Ресей. Олардың қатарына енді Мексика елі де енді. Мексикалық атмосферасы бар су жаңа отандық картина бұл жолы несімен ерекшеленбек? Бүгін біз «Базар жоқ, Мексика!» кинофильміне шолу жасайтын боламыз. Көп күттірген премьера көптің көңілінен шыға алды ма? Бірге анықтайық.

Бүгінде қазақстандық кинематография шыңдалып, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқаны рас. Түсіріліп жатқан соңғы картиналарға қарап, отандық режиссерлер фильмдерін шетелде түсіру бір жаңа деңгей әрі үлкен жетістік ретінде санайтыны жасырын емес. Ол бір науқан секілді өз жалғасын тауып та келе жатыр. Дәл сол тізім ретін енді «Базар жоқ, Мексика!» кинолентасы да толықтырды. Бұл жолғы картинаны түсірген бұрынғы әнші, қазіргі кинорежиссер Жеңісхан Момышев болды. Премьерасы өткен жылдың көктеміне жоспарланған фильмнің тұсауы әлемде орнаған карантин жағдайларына байланысты тек күздің соңғы айында ғана кесілген болатын. Алайда, жоба жетекшілері жаңа жылдық демалыстарда да көрерменді өз фильмдерімен қуантуды жоспарлаған болатын, сол себепті де қазіргі таңда еліміздің барлық кинотеатрларынан картинаны тамашалай алуға мүмкіндіктеріңіз бар. Айта кеткен жөн, «Базар жоқ, Мексика!» кинокартинасы елдегі жағдай оңалып, кинотеатрлар ашылған кездегі екінші болып көрерменге жол тартқан қазақстандық картина болды.


@Bazarzhok_mexico

Кинокартинаның сюжеті өз махаббаты үшін күресетін ауылдық қарапайым дәрігер Ерлан туралы. Шетел асып оқуға кеткен сүйіктісі Айгерім мексикалық жігітке тұрмысқа шыққалы жатқанын естіген Ерлан өз махаббатын қайтаруды көздейді. Той үшін жинаған қаражатын Мексикаға баруға жұмсаған жігіт алда өзін қандай шытырман оқиғалар күтіп тұрғанынан хабары жоқ. Тек  ол қызықтардан Ерлан жалғыз өзі өтпейді. Оның қызыққұмар досы Джонни да Мексикаға досы Ерланмен бірге аттанады. Олардың тобына Мексикада тұрып жатқан Пако аға және кездейсоқ кездескен белгісіз Лаура есімді сұлу бойжеткен қосылады. Төртеудің бастан кешкен қызықты сәттері мен адал достықпен қатар шынайы сезімнің лебі көрсетілген «Базар жоқ, Мексика!» көрерменге тағы не бере алды?


@Bazarzhok_mexico

Кинофильмдегі басты рөл танымал актер Асқар Ілиясовқа бұйырған. Ол бұған дейін белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Бизнесмены» кинолентасында, «Станция судьбы» деп аталатын Баян Алагөзованың махаббат драмасында, ресейлік «Тренер» картинасында, «Путь лидера. Астана» және «Золотая орда» фильмдерінде бой көрсеткен еді. Кинода өзінің ерекше бейнесімен және актерлік шеберлігімен жиі көзге түскені рас. Ал оның ғашығының рөлін американдық киностудиялар түсіретін жобаларда бағын сынап жүрген қандасымыз Айжан Лайджи сомдаған еді. Актриса Ақан Сатаев режиссерлік еткен «Томирис» кинокартинасында Сардананың рөлін шеберлікпен ойнап шыққан болатын. Айжан Гарвард, содан кейін Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде «Халықаралық арбитраж» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған. Сонымен бірге, актриса Калифорния университетінің театр, кино және телевизия мектебінде актерлік шеберлік бойынша білім алған. Ал өз  әзілдерімен фильмге көрік берген талантты киногерлер қатарында Қажет Смағұлов пен Олжас Абай да бар. Кинода қазақстандық актерлерден басқа, мексикандық киногерлер де бой көрсеткен болатын. Жоба жетекшілері мексикалық «Machetecine» студиясымен серіктес болды. Студия продюсері қазақстандықтармен жасалған жұмыс өз нәтижесін береді деген ойда.


@Bazarzhok_mexico

Эдер Кампос -  «Machetecine» студиясының продюсері:
«Біз қазақстандықтардан және қазақ киногерлерлерінен не күтерімізді білмедік. Әрине, тіліміз бен мәдениетіміз әртүрлі болғандықтан, кейде біршама ойымыз келіспей жатты. Дегенмен, жақсы жұмыс атқарылды деген ойдамын. Біз үшін ең ауыр болғаны, қазақстандық серіктестіктеріміз үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, кино сахналары үшін геолокацияларды табу біраз қиынға соққаны рас»,-деген оймен өз сөзін аяқтады продюсер.


@Bazarzhok_mexico

Кинофильмнен күтерің мен үміттенерің мол болғаны рас. Себебі, Мексика елінде бұрын соңды қазақ киносы түсірілмеген еді. Кинотеатрға келген көрермен үшін бұл отандық кино саласындағы алғашқы экзотикалық дүние екені құпия емес. Ерекше сахналар мен шытырман оқиғаны қабылдауға дайын отырасың. Мексикалық колорит пен атмосфераның қалай болатыны сен үшін жауабы жоқ үлкен құпиядай көрінеді. Сол құпияның жауабын осы фильмнен табуды көздейсің.


@Bazarzhok_mexico

Киноның алғашқы сахналары ауылдық өңірден басталады, естеріңізге сала кетейік, фильмнің басты кейіпкері ауылдық дәрігер ғой.  Бұл жерде дәрігердің рөлін сомдаған Ілиясовтың қазақшасына ерекше тоқталып кеткен абзал. Браво! Осыған дейін қазақ тіліндегі сахнасы аз болған, болса да басқа біреудің дыбыстауымен түсірілетін Ілиясовтан ешкім мұндай деңгейдегі қазақ тілін күтпегені рас. Актердің түсірілімдерге дейін қазақ тілін меңгеруде айтарлықтай дайындық жасағаны көрініп-ақ тұр. Бірақ махаббаты үшін күрескер рөлін сомдайтын Асқардың ғашық кейпіне көбі сене қоймағаны рас. Оның сүйіктісі Айгеріммен айырылысуы да, Мексикаға қалыңдығы үшін іздеп барғандығы да тым оңай әрі қарапайым етіп көрсетілген.

кадрдан алынған

Әлбетте, бұл фрагменттен драма мен экшн күту бәлкім әбестік болар, не дегенмен, комедия жанры ғой.  Десе де, барынша сәтті әрі кәсіби дүние шығу үшін сол бір дүниелерге мән беру де маңызды екенін біздегі кино авторлары ұмыт қалдыратыны өкінішті-ақ. Басты кейіпкерлер арасында ешқандай сезім де, махаббат та байқалмағаны рас. Бірақ, бәрі де мұндай нашар деңгейде емес. Шын мәнінде, басты кейіпкер Ерлан өзінің шынайы махаббатын Мексикадағы шытырман оқиғаларды бірге өткерген Лаура есімді қыздан табады. Режиссер екі жас арасындағы сезімді кейбір көңілді оқиғалар арқылы жеткізгісі келгендей. Алайда, басты кейіпкерлерді сомдаған актерлардың арасындағы «химияға» сену қиындау болып көрінді. Оған Ерлан мен Лаураның сол «химияны» жеткізе алмағаны дәлел бола алады.


@Bazarzhok_mexico

«Базар жоқ, Мексика!» кинофильмінің екінші планындағы кейіпкерлердің сомдаған рөліне тоқталар болсақ. Ерланның достары ретінде Джони мен Пако аға көрсетілген. Джони рөлін өте талантты актер Олжас Абай сомдады. Актер бұған дейін Құралай Анарбекова продюсерлік еткен «Брат или Брак» кинокартинасында, «Кино по понятиям», «Гудбай, мой бай 2» және Әсел Сәдуақасова түсірген «Класстастар» сияқты киноленталарында да өз шеберлігін көрсеткен болатын. Джони рөлін сомдаған Олжас актер өзіне міндеттелген рөлін жақсы алып шыға алды. Джони – басты кейіпкер Ерланның жан досы әрі Элвис Преслидің нағыз жанкүйері. Әртүрлі шытырман оқиғалар мен оқыс сәттерге тап болып қала беретін көңілді персонаж. Кинофильмдердегі екінші пландағы рөлді жоғарғы деңгейде сомдайтын киногерлер қатарын толықтыратын Олжас Абайдың бұл жолғы кейіпкері де өте сәтті шыққан. Ал оның серіктесі әрі ағасы Пако аға рөлін сомдап шыққан Қажет Смағұловты мексикандықтардан ажырату қиынға соққаны рас, мексикандық образ құйып қойғандай жараса кеткен. Алайда, бұл кейіпкерге байланысты кемшіл тұстар да аз емес. Мексика елінде кездейсоқ тап болып, сол елде мәңгі қалып қойған Пако есімді кейіпкерді кино барысында жергілікті тілді білмейтін адам ретінде көрсету арқылы кино авторларларының нені жеткізгісі келгені түсініксіз. Сондай-ақ, картинада Пако есімді бұл кейіпкер тілді білмесе де, 5 ағасы бар мексикандық қызға үйленгелі жатқаны көрсетілген. Логика мен оқиғаның жүйелігі еш байқалмайды. Кинофильмдегі образы толыққанды ашылмаған бірден-бір кейіпкер дәл осы Пако аға екені жасырын емес. Аяғы мен басы жоқ оқиға желісі секілді көрінді. Дегенмен, Қажет Смағұлов өзіне берілген рөлді тиісінше тамаша алып шыға алды. Актер бүгінде Нұрлан Қоянбаев түсірген елімізге кең танылған «Бизнес по-казахски», «Бизнес по-казахски в Америке», «Бизнес по-казахски в Африке» және «Бизнес по-казахски в Корее» кинофильмдерімен белгілі. Жақында ғана түсірілімдері аяқталған «Бизнес по-казахски в Турции» картинасында да Қажет Смағұлов бой көрсететін болмақ.


кадрдан алынған

Сценарий қарапайым. Мексика елінде түсірілгендіктен ұтымды фишкалары бар тартымды сценарий болғанда, өте сапалы дүние шығар ма еді кім білсін. Бұл жолы тек комедия жанрында түсірілген қарапайым ғана лента болып қалған. Кейіпкерлердің образдары толық жан-жақты ашылмаған. Оқиғалық желі басталып, соңы аяқталмай, көрерменге жетер ой нақтыланбаған. Кей пікірлерге назар салатын болсақ, кинолентаны «Бизнес по-казахски» фильмімен «My love is Aisulu» романтикалық коммедиясының қосындысы деп айтылған. Мұндай оймен де келісуге болады. Себебі, жоба режиссері Жеңісхан Момышев осыған дейін Нұрлан Қоянбаев продюсерлік еткен «Бизнес по-казахски» франшизасының алғашқы екі бөлімін түсірген болатын. Дегенмен, кинотеатрға келген көрермен саны мен олардың кинодан алған әсерлеріне қарап фильмді соншалықты нашар деп айтуға мүлде келмейді. Картинада айтылған әзілдер, оның ішінде «әр қазақтың арманы – Camry» деген шындыққа жанасатын қалжыңның көптің көңілінен шыққаны байқалады. Сондай-ақ, өзге елде әр жанның елге деген сағынышы айырықша болары сөзсіз. «Базар жоқ, Мексика!» кинофильміндегі патриоттық сезімге толы сахнаға ерекше тоқталып кеткен жөн. Мексика жерінде «Елім менің» әні шырқалып, киноға келген әр отандасымыз бірге қосыла жырлаған асыл әуеннің жүректен жүрекке жеткені рас.


@Bazarzhok_mexico

Қажет Смағұлов – актер:
«Фильм адал достық жайында. Картина адал махаббат үшін күресу керектігі туралы үндейді».

Фильм түсірілімі жақсы деңгейде, кәсіби түрде жүзеге асқандығы байқалады. Барынша отандық әуендермен әуезделген картина, не дегенмен, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй мен позитив сыйлайтыны анық.


@Bazarzhok_mexico

Қыстың аязды күнінде ерекше колоритке толы мексикандық атмосфераға еніп, өзге ұлт және дәстүрмен танысқыңыз келсе, жаңа отандық «Базар жоқ, Мексика!» фильмін тамашалауға болады. Отандық кинокартиналардың жаңа деңгейге көтеріліп, шетелді бағындырып келе жатқаны көңіл қуантады. Ел мәдениеті мен өнерінің дамуына кең үлес қосып жүрген кино сала әріқарай дамуы үшін көрерменнің қолдау мен демеуі, авторлардың адалдығы мен креативтілігі жоғалмаса болғаны.  

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы