Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 шілде, 2020215

Белгілі режиссер Рашид Нұғманов деректі детектив түсіреді

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында танымал болған әнші Виктор Цойдың қатысуымен «Игла» фильмін түсірген қазақстандық режиссер Рашид Нұғманов көрермендерге жаңа туынды ұсынбақ. Бұл жолы киногер жаңа жобасын атақты Бату ханға арнамақ.

Қазақстандық кинода өзіндік орны бар режиссер Рашид Нұғмановтың жаңа туындысы бас кейіпкерімен аттас. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының екінші питчингінде мақұлданып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қаржылай қолдауына ие болған туынды деректі-көркем фильм болмақ.

««Бату» жобасы - бұл толықтай көркем фильм. Бұл бірнеше маусымнан тұратын сериал. Ал, көркем сахналары бар деректі фильм деп отырғанымыз, бұл осы сериалға апаратын көпір. Ол бізге бір жағынан белгілі бір негізгі сахналарды сынап, көркемдік шешімдер табуға мүмкіндік береді. Бұл сахналар сериал қандай деңгейде болса, сондай деңгейде түсірілетін болады. Қазір сериалдар кинотеатрларда көрсетілетін кинофильмдерден еш кем емес, драматургия жағынан тіптен, асып түсіп жатады. Біздің картина толықметражды болса да, тұтас 100 минуты көркем эпизодтардан тұрмайды. Бұл бірінші кезекте Қазақстанда, Ресейде, Еуропада мен Монғолияда осы тақырыпты терең зерттеген атақты ғалым-тарихшылармен әңгімеден тұрады. Онсыз болмайды. Бұл «Игра пристолов» фильмі сияқты ойдан құрастыра алатындай фэнтэзи емес. Біз қалай болғанда да шынайы оқиғаларға негізделуіміз керек. Олар жайында біз, әрине, жақсы білмейміз. Көрермендердің де білетіні шамалы. Бірі жазушы Янды оқыса, бірі Алтын Орда жайында мектеп оқулықтарынан ғана оқып біледі. Менің де білетінім аз. Бұл тақырыпқа қызығып, зерттеп жүргеніме талай жыл болды. Алғашқы дереккөздерден оқимын, олардың барлығы қолымда бар. Аударылмағандарын ағылшын тілінде оқимын. Бірақ бұл ғалымдармен әңгімелесуге жетпейді. Себебі әңгіме барысында нақты сұрақтар қойып, оған жауап ала аласың. Жай кітапты оқып, өзің нәтиже шығарып қана қоймайсың. Сұрақ қойып, талқылайсың. Мен үшін бұл қызық. Себебі біз драмалық туынды жасамақпыз. Болған оқиғаны көркем образдар арқылы саралаймыз», -деді Рашид Нұғманов Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен жүргізген онлайн әңгіме барысында.

«Бізге түрлі пікірлерлерді зерттеп, білген қызықты. Себебі бір нәрсеге тарихшылар әртүрлі пікір білдіреді. Алтын Орда халқы, оның орыстармен қарым-қатынасы, оларды басып алу кезінде қандай жағдайлар болды, Новгород пен Ростов неліктен жаулап алынбаған, Рязань неліктен қиратылды, т.т.. Бұл жайында сан түрлі пікір бар. Орданың ең жақын одақтасы Александр Невскийдің ролі қандай, киелі Рим империясымен қарым-қатынас қандай болды, Рим Папасы мен Жошының ара-қатынасы қандай еді. Міне, осының барлығы біз үшін қызықты. Біз бұл деректі фильмді детектив түрінде құрдық. Ерте ме, кеш пе түсірілетін сериал да детектив жанрында болады. Бұл мистери (құпия). Жұмбақтарды шешумен тең. Деректі фильмімізді де тергеу жүргізу арқылы жасаймыз. Деректі фильмдегі эпизодтарда көрінетін Бату әкесі Жошының өлімінің құпиясын қалай тергесе, фильмді жасаушы біздер де тарихшылармен әңгімелесе жүріп, кішкентай болса да ақиқатқа қол жеткізуге тырысып жатырмыз», - деді фильм авторы.

Ал, болашақ фильмнің прокаттағы тағдыры жайында киногер былай деді:

«Иә, деректі киноға біздің кинотеатрларда аса қызығушылық танытпайды. Алайда әлемде деректі фильмдер жақсы сегментке айналған. Бірақ біздің көтергелі отырған тақырыбымыз Қазақстанда өзекті болады деген үмітім бар. Біз оны ерекше тартымды етіп жасамақпыз. Мүмкін шектеулі прокаты болар. Алайда басты сатып алушылар - бұл телевидение, Discovery және тағы басқа каналдар болуы мүмкін. Бұл деректі фильмнің маңызды рөлі – сериалға көпір іспеттес болуы, Еуропа, Монғолия және одан да кең аумақтағы әріптестеріміздің назарын аудару. Түсіргелі жатқан материалымыздағы көріністер 100 минут емес, 15-20 минут болса да, сериалдағыдай деңгейде жасалып, оның кереметтілігін өзгелер бағалайтындай етіп түсіру маңызды. Сөйтіп, ортақ фильм жасау. Себебі, мұндай сериалды тек Қазақстанның ғана күшімен жасау мүмкін емес. Қандай қомақты қаражат бөлінсе де, Қазақтаннан тыс аумақтың, тыс нарықтың көңілін жаулауымыз керек. Оның үстіне біздің сюжет өрбитін локациялар бүкіл Еуразия континентін, Монғолиядан бастап, Қытай, біздің кең байтақ даламыздан Ресейге дейін, Еуропа, Таяу Шығыс пен Мысырды қамтиды. Бұл шынайы өмірде болған тақ үшін күрес».

Айта кетейік, Рашид Нұғманов «Бату» жобасының сценарисі, продюсері әрі авторы ретінде шығып отыр. Фильмді қоюшы режиссер ретінде ол Ерлан Нұрмұхамбетов таңдады. Сонымен қатар жобаға Әсет Исекешев те продюсерлік етпек.

«Мен ол кісіні бұрыннан жақсы танимын. Біз онымен Бату тақырыбында талай әңгімелестік. Ол бұл тақырыпқа ерекше қызығушылық білдіріп отыр. Мен бұл жобамен айналысқаныма алты жыл болды. Сценарийдің бірнеше нұсқасын, синопсисін, тритментін, таныстыруын жасап, Улан-Батордағы талантты әрі танымал жас суретшімен жұмыс істедім. Осыншама жинақталған материалды көрген Әсет Өрентайұлы біздің жобаға ықыласын білдіріп, бірден қолдап кетті. Оның тарапынан да талай кеңестер айтылды. Саяси оқиғалардың бел ортасында жүретін адамның әлбетте, тәжірибесі мол. «Бату» детектив болса да, саяси қарым-қатынасқа негізделеді. Қытайды қоспағанда, Ұлы дала бір жағынан, Ресей, Рим, Византия және мұсылман әлемі екінші жағынан. Шыңғысханның Қытайдың солтүстігін жаулап алуынан басталып, Қытайда 13-ші ғасырда болған оқиғалардың барлығы осы аумақтарға әсер етті. Сондықтан маған Әсет Орентайұлының тәжірибесі өте маңызды», - деді «Бату жобасының авторы.

Рашид Нұғманов «Бату» деректі-көркем картинасын 13-ші ғасырдағы «Тақ үшін күрес» («Игра престолов») немесе «Крестый отец» деп атайды.

Бұдан бөлек, онлайн-әңгіме барысында режиссер «Бог» атты жаңа картинасы жайын да сөз етті. Бұл фильмде есірткі саудасы, адамдар тағдыры мен отбасыға деген махаббат негіз етіп алынған. Аталған жобада басты рөлдерді режиссер ресейлік «Кино» тобының гитарисі Юрий Каспарян мен француз актрисасы Ева Гринге бермек. Бұдан бөлек Қазақстан мен Ресейге танымал рэп орындаушысы Скриптонитке де бір рөлді ұсынбақ ойы бар.

«Егер ол бұл рөлге түсуге келіссе, оны еш қиындықсыз орындап шығатынына күмәнім жоқ», - деді киногер.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы