Размер шрифта:

Цветовая схема:

03 наурыз, 2021418

«Без крыши»: Ален Ниязбеков төртінші фильмін жарыққа шығармақ

Еркебұлан Мырзабек, Жанель Мақажан, Азамат Сатыбалды мен Олжас Абайды бір арнаға тоғыстырған фильм жарық көрмек. Отандық режиссер Ален Ниязбеков осылайша, жаңа туындысын паш етіп, көрермендерді кезекті комедиясымен тәнті етпек.

«Без крыши» деп аталатын картина алматылық жас отбасының басынан өткерген оқиғасын баяндайды. Ерлі-зайыпты Жандос пен Меруерт өздерінің жеке пәтерлерін армандап, бар жиған-тергенін үлескерлік құрылысқа салуды жөн көреді. Алайда алақол құрылысшыларға тап болып, бар ақшаларынан айырылып қалады. Бастарындағы баспанадан құр қалған олар мәселені өз қолдарына алмақ болады. Сөйтіп, Жандос әділеттілікке қол жеткіземін деп жүріп, түрмеге түседі. Бұл оның бейбіт әрі тыныш өмірін түбегейлі өзгертеді. Мерзімін өтеп келген Жандос енді өзіне тиесіліні қайтармаққа бекінеді. Соңы немен аяқталмақ? Ерлі-зайыпты армандаған пәтерлеріне қол жеткізе ала ма? 

Шытырман оқиғалы комедияның түсірілімдері өткен жылдың тамыз-қыркүйек айларында жүргізілген екен. Небары 25 күнде түсіріліген туындыны жарыққа шығаруға қоюшы-оператор Нұрсұлтан Базарбай, суретші Әлия Қосаева мен продюсерлер – Санжар Тлеген мен Аян Жұмандар атсалысты.  

«Без крыши» комедиялық туындысында Еркебұлан Мырзабек, Жанель Мақажан, Азамат Сатыбалды, Олжас Абай, Дәулет Нұрасханов және басқалары рөлдер сомдайды. Айта кету керек, аталған картина режиссер Ален Ниязбековтың төртінші толықметражды фильмі болмақ. Киногер толық метрде алғаш рет «Оралман из Питера» фильмімен дебютын жасаған еді. Кейін Нұрлан Қоянбаевтың «Каникулы в Тайланде» комедиясына және «Бизнес по-казахски в Корее» франшизасының төртінші бөліміне режиссерлік етті.

Шытырман оқиғалы комедия сәтін салса, 18 наурыз күні отандық прокатқа жол тартады деп жоспарланып отыр.    

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы