Размер шрифта:

Цветовая схема:

02 сәуір, 2020420

«Боксер» фильмін қоюшылар карантин режиміне дағдыланды

Ақан Сатаевтың «Боксер» атты жаңа туындысы жиырма пайызға дайын. Бұл туралы белгілі режиссер әрі продюсер Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына берген сұхбатында мәлім етті.

 

Осыған дейін біз қазақстандық режиссердің 2012 жылғы жазғы Олимпиада чемпионы Серік Сапиев туралы «Боксер» атты жаңа биографиялық картина түсіріп жатқанын хабарлаған едік. Түсірілім жұмыстарына ол көктем басталысымен кіріскен еді. Елде карантин жарияланғанға дейін  Ақан Сатаев фильмнің біршама бөлігін бітірген көрінеді.

 

- Біздің есебіміз бойынша киномызды жиырма пайызға жуық түсіріп үлгердік. Шарт бойынша, картинаны дәл Олимпиадаға дейін бітіріп, жарыққа шығаруымыз керек болды. Олимпиаданы белгілі болғандай, кейінге ауыстырды. Дей тұрғанмен, бізге шілдеге дейін картинаны шығаруымыз қажет еді. Сол себепті біз монтажды да қатар алып жүрміз. Демек, бұл жұмыстар толыққанды жүріп жатыр. Сол 20 пайыз түсіргеніміз монтаждалып қойылған. Соңғысын карантинде отырып, қашықтықта жүзеге асырдық, - дейді отандық режиссер.  

 

Сұхбаттан белгілі болғандай, Ақан Сатаевтың өзі мектеп қабырғасынан бері боксқа әуес. Кішкентай кезінде де, жастық шағында да осы спорт түрімен айналысқан екен. Сол себепті де боксқа  жаны жақын. Орталық атынан сұхбат жүргізген қазақстандық кино сыншы Кәрім Қадырбаев «Олимпиада чемпионы жайында кино түсіру кімнің идеясы болды?» деген сұрағына режиссер былай деп жауап берді:

 

- Бұл Тимур Асқарұлы Кулибаевтың бастамасы болатын. Осыдан екі, тіпті үш жыл бұрын біз әңгімелескен кезде қазақстандық кинематографқа бір спорттық драма түсіру керек дегенді тілге тиек етті. Біз біраз ресейлік әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйендік. Атап айтқанда, «Легенда 17», «Движение вверх» секілді спорттық картиналарына.  Мен, әрине, бұл идеяны қуана қолдадым. Бокс туралы болғандықтан, тіптен.

 

Кез келген фильмде көркемдік қиял болатындай, бұл картинада да ол жоқ емес. Себебі: 

 

- Себебі біз сценариімізді бірнеше рет өзгерткен едік. Түбімен өзгерткен едік. Оған бюджет те әсер етті. Фильмде кейіпкер өмірбаянында сәл өзгерістер бар, бірақ олар аса маңызды емес. Біз қалай да шынайы биография жолын ұстанамыз. Сценарийімізге келетін болсақ, оны ұзақтау жаздық. Бірнеше нұсқасы болды. Оны Тимур Жақсылықовпен бастаған едік. Ол күні бүгінге дейін жобамызда бар. Алайда, қазір сценарийді Альмира Тұрсын жазып жатыр. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе, ол үшін де солай деп ойлаймын, - деді киномайталманы.

 

Режиссер жаңа жобасынның бас кейіпкері жайында да біраз ақпарат беріп өтті.

 

- Бас кейіпкеріміз – Тараздың тумасы. 1993 жылғы. Смадияр Сабыров. Бұл оның үлкен кинодағы дебюты. Осыған дейін қысқа метрлі фильмдері де болмаған. Кішкентай ғана жарнамаға ғана түскен. Оның бокстағы жақсы  тәжірибесі бар. Студенттік кезде осы спорт түрімен айналысқан. 

 

Бұрын-соңды камера алдында жұмыс істеп көрмесе де, қысқа уақыттағы түсірілім кезінде Смадияр актерлік шеберлігін де көрсете білді. Режиссер де бұл талантын бағалап отыр.  

 

Сценарийге оралатын болсақ, Ақан Сатаевтың айтуынша, фильмнің бас кеңесшісі Серік Сапиевтің өзі. Фильм чемпион туралы болғандықтан, жалпыға жетімді мәліметтер ішінде жоқ ақпаратты түсірілім тобы тікелей оның өзінен, туыстары мен достарынан сұрап біледі екен. «Боксер» туындысы немен аяқталатынын режиссер аса ашып айтпады. Оны құпия ретінде қалдыра тұруды шешті. Тек белгілісі... 

 

- Серік Сапиевтің өмірбаянын жақсы білетіндер болса, біз одан ауытқыған жоқпыз деймін. Иә, арасында кейбір сюжеттік желілер бар. Олар бір жаңа дүние болады деп ойлаймын. Балалық шағын біз аздап қана көрсетеміз, - деп түйіндеді отандық режиссер. 

 

Айта кетейік, фильмде оператор ретінде Хасанбек Қыдыралиев пен Жантай Қыдыралиевтер еңбек етті.  

 

Карантин режиміне ептеп дағдыланған режиссер негізгі жұмысымен қатар, қайырымдылық іске де уақыт бөлді. Күні кеше «Біз біргеміз» қоры мен Алматы қаласының Алатау ауданының әкімшілігі ұйымдастырған игі шара аясында еліміздің бірқатар мәдениет өкілдерімен бірге осы ауданда тұрып жатқан мұқтаж отбасыларға азық-түліктер жеткізіп, көмек көрсетті. 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы