Размер шрифта:

Цветовая схема:

08 маусым, 2021196

 «Большая маленькая жизнь» туралы ой

 Отандық фильмдер қатары тағы бір жаңа картинаға толықты. Бұл жолы көрермен назарына жол тартқан «Большая маленькая жизнь» драмалық кинолентасы болды. Фильмнің ресми премьерасы осы жылдың үшінші маусымында өткен болатын. Драма жанрындағы фильмнің көрерменге берері мен айтар ойы қандай?

Фильмнің сюжетінің басты кейіпкері – Аяла есімді жалғыз басты ана. Ол он бес жасында туған әкесінен айырылады. Бұл кішкентай қыз үшін үлкен соққы болып тиеді. Қолғанатынан айырылған кішкентай Аяла мен оның анасы әріқарай күн көруге тырысқанымен де, жарын соншалықты қатты сүйген анасы араға көп уақыт салмай-ақ өзі де о дүниелік болады. Өмірдегі ең жақын екі адамынан айырылған Аяла үшін бұл дүниеде енді ол үшін бақыт жоғалғандай күй кешеді.  Бойжеткеге күлкі мен қуаныш сыйлай алған жалғыз адам  «Барыс» хоккей клубының ойыншысы болады. Олар бір-бірін өте қатты жақсы көреді. Үйленуді жоспарлап жүрген қос ғашықты соңғы матч екіге айырады. Аяланың сүйіктісі өзінің жүрек ауруы туралы барлық жақынынан жасырып жүреді. Шешуші осы матчта ол жүрегі ұстап қайтыс болады. Ол кезде Аяла тұңғышына аяғы ауыр болады. Осылайша арада сегіз жыл өтеді. Преспективалы жұмыста қызмет ететін Аяла өз әріптестерінің арасында абыройлы, болашағынан зор үміт күттіретін қызметкер болады. Алайда оның өмірінде барлығы да жарқын және көркем емес еді. Өзінің жеке өмірін бір сарынға келтіре алмай жүрген Аяла өткен өміріндегі махаббатын жиі ойлайды. Жүрегі қайтыс болған сүйіктісін жібере алмайды. Алдағы уақытқа қорқынышы мен үрейі басым болады. Кішкентай қызы екеуіне қорғаныш болатын адам іздейді. Бірақ бәрі де бекер. Бірі көңілдес болуға шақырса, келесі адам төсектес болуға итермелейді. Өзінің өмірде енді жолы болмайды деп ойлайтын Аяла жан құрбысының кеңесімен жергілікті балгердің көмегіне жүгінеді. Балгер ерекше бейнедегі өзгеше әйел болады. Ол Аялаға: «Жақындарыңнан ерте айырылғаныңда сенің жазығың жоқ. Өзіңді кінәләй беруді тоқтат. Өміріңдегі әрбір кездескен ер адам саған қандай да бір сабақ ретінде жолығады. Ең бастысы- дұрыс шешім шығара білу маңызды. Жақында өміріңде бір ер адам пайда болады. Ол сен үшін басты адам болуы әбден мүмкін»,-дейді. Балгердің сөзін тыңдаған Аяла оған онша сене қоймайды. Бірақ алда Аялаға өмірдің даярлап қойған сыйы көп еді. Кішкентай Әмина есімді қызының туған күнін атап өтуге келген Аяла сол кеште қызының әкесінен берілген жүрек ауруына шалдыққанынан хабардар болады. Өміріндегі жалғыз жауһары болған қызының өмірі үшін ана жүрегі қатты алаңдайды. Сөйтіп, Мансұр есімді кардиохирург Әминаны емдейді және Ілияс есімді алты жасар жетім баланы болашақ қауіпті операцияға даярлайды. Ауруханада Ілияс Әминамен тез тіл табысып достасып кетеді. Аяла да қызының жаңа досымен қуана танысып, балалардың бұл сырқаттан тез жазылуын тілейді. Мансұрдан Ілияс туралы ақпаратты білгісі келген Аяла баланың ата-анасы туралы сұрайды. Ілиясқа жүрек ауруы деген диагнозы қойылған кезде, оның әкесі мен шешесі өз еріктерімен баласынан бас тартқан көрінеді. Аяла ауруханада жалғыз өзі ем алып жүрген Ілияс жақында Жапониядағы күрделі операциясына жол жүргелі жатқаны туралы біледі. Мұның барлығы Аяланың өткен өмірімен бір байланысы бар секілді көрінеді. Кішкентай ғана Ілияс үшін жүрегі жылап, жан-дүниесі қиналған Аяла жетімді өз бауырына алуды жөн санайды. Бірақ Мансұр Аялаға мұның арты дұрыс болмайтынын, жүрегі сырқат екі баланы қойнына қысқан ана үшін алдағы өмір үлкен сынақ пен уайымға айналатынын айтып, шешімінен бас тартуын сұрайды. Бірақ Аяла айтылған әңгімелерге қарамай, өз дегенін жасайды. Асырап алу процессі кезінде дәрігер Мансұр мен Аяланың арасында қандай да бір ерекше байланыс пайда болады. Енді Аяланың өмірінде тек бір ғана маңызды ер адам емес, енді екі жан пайда болады. Мансұр мен Ілиястың Жапонияға жол жүретін кезі де келеді. Арадан біраз уақыт өтіп елге Мансұр Ілияссыз оралады. Баласынан айырылған Аялаға бұл қатты соққы болып тиеді. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қояды. Дүниеге Аяла мен Мансұрдың ұлы – Ілияс өмірге келеді.

«Маленькая большая жизнь» отандық фильмінің қысқа ғана сюжеті осылай. Драмалық картинаға Жеңіс Тұматаев режиссерлік еткен болатын. Бұл режиссердің алғашқы жұмыстарының бірі. Оның айтуынша, фильмдегі басты тақырып – әйел өмірі. Картинадағы басты кейіпкер – әйел рөлі болғандықтан, шынайы әйел бейнесін  көрерменге дұрыс жеткізе алу басты мақсат болған. Киноның жеткізер ойы мен берер мағынасы да осыны көздейді – ананың балаға деген махаббаты. Әйел адамның бойында мықты рухы мен күші, нәзіктілігі  мен әдемілігі бірдей ұштасып жатады. Басты кейіпкер Аяла қатал әрі қаһарлы көрінгенмен де, жалғыз өзі қалғанда жүрегі қанжылап жылайды. Мұндай рөл белгілі актриса Әсел Қалиеваға сеніп тапсырылған болатын. Актриса өз рөлін жоғары деңгейде алып шыға алғаны рас. Себебі, актриса типажы мен түр-келбеті, интонациясы мен өзін-өзі ұстауы барлығы да кинодағы кейіпкері Аяланың образына келеді. Әсел Қалиева бұған дейін көптеген киноленталарда бой көрсеткен болатын. Оның мықты актриса екенін Әсел түскен түрлі фильмдерден байқауға да болады, мәселен: «Жаным, ты не поверишь!», «Побег из аула. Операция «Махаббат», «Солнечные Дни», «Тренинг личн остного роста», «Любовь всегда в моём сердце», «Жаным – 2» және «Одноклассники» фильмдері бар. Актрисаның қызының рөлін Әминаны сомдаған актриса Кристина Кириченко киноға енді ғана қадам басып келе жатқандығы байқалады. Себебі, актриса өз сөздерін «жаттап» алғандай ойнап шықты. Кішкентай қыз үшін бәлкім үлкен кинода рөл сомдау қиын болып көрінген шығар. Бірақ Әминаның бойынан шынайылық пен қандай да бір «драма» сезілген жоқ. Көрермен Әмина рөлін «шикі» қабылдайтыны сөзсіз. Ал оның досы алты жастағы Ілиястың рөлін сомдаған актер Айбар Таңғыт өзіне міндеттелген рөлді тиісінше алып шыға алды. Жүрек ауруына шалдыққан баланың рөлін сомдау да ауыр болғаны рас. Айбар үшін бұл ең алғашқы тәжірибе емес. Бұған дейін кішкентай актер «Каникулы офф-лайн», «Папа поневоле», «Жаңа күн», «Любовь на миллион» және тағы да басқа кинофильмдерде рөл сомдап үлгерген. Актерлік құрамының тағы бір басты кейіпкері – Жандос Айбасов. Актер фильмде кардиохирург Мансұрдың рөлін сомдаған. Фильмде Жандостың кейіпкері Мансұрмен бірге кадрлар көп емес. Ол фильмнің соңғы тұсына қарай пайда болады. Айбасовтың кино өнеріндегі тәжірибесі мол, өзінің мықты актер екенін дәлелдеген, көптің сүйікті отандық актеріне айналып үлгерген. Оның фильмографиясына назар салар болсақ, мынадай картиналарда бой көрсеткен еді: «Золушка Зауре», «Кенже», «Кровавый транзит», «Сериал Марко Поло», «Лифт», «Он и Она», «По любви», «Тараз», «Ограбление по-казахски», «Районы». Сондай –ақ, Жандос Айбасов қара юмор жанрында түсірілген «Жаным, ты не поверишь!» кинотуындысына продюсерлік еткен болатын. Режиссер бұл картинада актердің талантын барынша қолдана алмағандай көрінеді. Құрамдағы тағы бір талант иесі Санжар Мәдиев. Оған бұйырған рөл –Аяланың марқұм күйеуінің досы Дамир есімді хоккей ойыншысы. Ол досының жүрегі ауыратыны туралы жасырып қалады. Ал Аяла Дамирді бұл қылығы үшін кешіре алмайды. Дамирді көрсе марқұм күйеуін көргендей күй кешетін Аяла сол күнгі матчты жиі есіне алады. Санжар Мәдиев те өзінің кәсібінде нағыз дарынды актер. Бірақ бұл картинада да ол өзін жаңа қырынан көрсете қоймады. Актердің кинодағы карьерасына үңіле кетсек, Мәдиев рөл сомдаған картиналар қатарында:  «Город мечты», «Елки-2», «Обратная сторона», «Возвращение», «Книга Легенд. Таинственный Лес», «Охота за призраком», «Ангел Смерти», «Несломленный», «Защитники», «Әмре», «Подружки», «Замуж в 30», «Фэйк», «Сказ о розовом зайце», «Золотая Орда», «Ход конем», «Сердце мое – Астана», «Фото на память», «Жених на пять дней», «Не чужие» және «Бизнесмены» кинофильмдері кездеседі.

Кинофильмнің сценарий желісі ерекше жазылған. Бұрын соңды жиі түсірілмейтін жанр қолданылған. Экзистенциалды драмалық жанрда түсірілген отандық жобадан көрермен өзіне керек дүниені ала алады. Картинада әйел өмірінде кездесетін әртүрлі ауыр жағдайлар, жұмыстағы проблемалар, қоршаған орта мен әлеуметтегі түсініспеушіліктер, отбасындағы сүйіспеншілік пен ана мен бала арасындағы байланыс, міне осының бәрі көрсетілген. Тағы бір қуантарлығы, отандық киноиндустриямызда әйел рөлі мен оның табиғаты, маңыздылығы мен жалпы өмір жолы басты планға көшіп, алдыңғы қатарлы тақырыпқа айналған. Бұл бұған дейінгі әйел рөлдерінің еленбей екінші тақырыпқа қалып қойғанын анық көрсете алады. Бұл фильм «тек ер кісілердің ғана басында проблема мен уайым болады, тек солар ғана қиналып жүр» деген жалған стереотиптерді жоққа шығаратындай көрінеді. Алайда әр нәрсенің екінші тұсы болады демекші, бұл картинада да кемшіл тұстары бар, мәселен фильмнің сценарий желісі шамалы созылып кеткен. Тақырыптар соңына дейін жетпей үзіліп қалған, арты қалай болатыны көрерменнің еншісіне жүктеліп қойылғандай. Образдар толық ашылмай, қойылған сұрақтар нақты жауап таба алмағандай. Қысқа-қысқа фрагменттермен бір сұраққа жауап беріп, ортақ мақсатты орындағысы келгендей. Сценарий авторлары:  фильмнің режиссері Жеңіс Тұматаев пен Бекболат Шекеров. Ал жобаға продюсерлік еткендер қатарында: Қайрат  Мақажан, Алия Увальжанова, Жеңіст Тұматаев, Азамат Мұратов пен Ляззат Жунусовалар бар. Жобаның Бас- директоры - Лейла Ахинжанова.

Картинаның тағы бір мақтанарлық тұсы – операторлық жұмыс. Фильмдегі кадрлар, операторлық түсіру өнері мен визуалды әдемілік бәрі де керемет шеберліктің арқасында ортақ өте ерекше дүние шыққаны көрініп-ақ тұр. Әсем қала Алматының нұрлы таңы, жұмбаққа толы түні мен мен көңілді кеші бәрі де әдемі суреттеліп жеткізілген. Әсіресе, кешкі Алматаның көшелері мен көпірлері өте әсем түсірілген. Сондай-ақ, Аяла Ілиясты асырап алғандағы баланың үстіне су құйып, оған ізгі тілектерін білдіріп жатқандағы көрініс кез-келген көрерменнің көз жанарына жас, жанына жылулық ұялататыны сөзсіз. Операторлық қызметті атқарған - Александр Костылевтің жұмысын ерекше мақтап кеткен жөн болар. Екінші режиссер ретінде жұмыс атқарған - Самал Смағулова. Қоюшы –суретшілер: Джалалитдин Ибрагимов және Эльдар Куракбаев.  Композиторлары: Равиль Киршибаев және Арман Муқатаев.

Техникалық топтың құрамында: Рустем Умербеков, Аби Сейтхан және Ренат Нугаев бар. Рөлдерде: Әсел Қалиева, Айбар Таңғыт, Санжар Мәди, Сергей Погосян, Жандос Айбасов, Кристина Кириченко, Кристина Кириченко, Бопеш Жандаев, Илья Пустогачев, Ирина Ашмухамедова және басқалары сомдаған.

Фильм әрбір көрерменнің ішінде көптеген сауалдар тудыртатыны хақ. Драмалық жанрдағы кинофильмдердің басты мақсаты да сол шығар. Лентаның басты кейіпкері өзінің өткен өміріндегі қателіктер мен өкініштерге қарамастан, алға қарай ұмтыла берді. Өткен өмірге байланса, қазіргі уақытта бақытты бола алмайтынын түсінді. Өз дегенінен қайтпады. Мұндай жалғыз басты аналарымыз шынайы өмірде біз ойлағаннан да көбірек. Тек олар өздерінің қиналысымен, іштегі азабымен ешкіммен бөліспейді, ешкімнің көргенін қаламайды. Тек әрі қарай жұтып, дәмді өмірдің дәмін тату үшін тағы бір рет ұмтылып көреді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы