Размер шрифта:

Цветовая схема:

13 сәуір, 2020427

«Бой Атбая» фильмі үздіктер қатарында

Режиссер Әділхан Ержановтың «Бой Атбая» фильмі VI Якут Халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында үздік фильм атанды. Фестиваль нәтижелері кинобайқаудың ресми сайтында жарияланды.   
 

Якутиядағы кинофестиваль наурыздың 18-і мен 22-ы аралығында өтуі тиіс-тін. Алайда, ұйымдастырушылар коронавирус пандемиясына байланысты шараның өткізілмейтінін жариялаған. Дей тұрғанмен, байқау фильмдерінің қаралымын қазылар алқасының назарына онлайн түрде ұсыну туралы шешім қабылданды.

25 елден келіп түскен 900-ден аса өтініш арасынан 53 фильм таңдалып алынған екен. Ал, арасынан топ жарып, «Үздік фильм» атауын қазақстандық «Бой Атбая» картина жеңіп алды. 

«Бой Атбая» фильмі Атбай есімді көше қарақшысының хикаясынан сыр шертеді. Жігіт көше күресінен өтетін турнирге қатыспақ болады. Алайда, бұл жарыста барлығы баяғыда шешіліп қойған. Дей тұрғанмен, Атбай дегенінен тайынар емес, қайтсе де, жеңіске жетуге білек сыбанды. Себебі, ол, бұл жеңіс, оған жаңа өмір бастауына, үлкен спортқа оралуына және сүйіктісін қайтаруына мүмкіндік береді деп сенеді. 

Кинофестивальде негізгі және деректі фильмдер байқаулары өткізілді. Алғашқысының қазылар алқасы құрамына ресейлік кинорежиссерлер әрі сценаристер Борис Хлебников, Эдуард Новиков пен Элла Манжеевалар кірді. Дәл осы мамандар аталған байқауда іріктелген сегіз туынды арасынан қазақстандық картинаны үздік деп таныды.   

««Бой Атбая» жеңімпаз-фильмі – өзіне баурап алатын бір сарынды емес кейіпкердің хикаясы. Ол алдымен өзінен шеттетеді, кейін  жабыңқы, өмірден зардап шеккен адамды көріп түсіне бастайсың. Қарапайым, сараң хикая керемет суреттелген. Оның суреттелуі мен қойылуында бір ерекше сиқыр бар. Бұл сөзсіз бас жүлдеге ие боларлық», - деді негізгі байқаудың қазылар алқасының төрағасы, режиссер Борис Хлебников қазақстандық картинаға баға беріп.

Жеңімпаз картинаның режиссері Әділхан Ержанов болса, фестивальдегі жеңісі туралы былай деп жазды:

«VI Якут Халықаралық кинофестивалінің бүкіл тобына, әсіресе, бағдарлармалық директоры Алексей Медведевке зор алғысымды білдіремін! Олар тіпті осынау қиын уақытта кино мен өнер үшін күрескен нағыз майталмандар екендігін мойындау керек. Сонымен қатар, барлық қазылар алқасының мүшелеріне және сүйікті ресейлік режиссерлерімнің бірі Борис Хлебниковқа Атбайға жеңіске жетуге мүмкіндік бергендері үшін рахмет!».

Атап өтейік, фильмде актерлер Данияр Алшынов, Динара Бақтыбаева, Әсел Садуақасова мен Санжар Мәдилер өнер көрсетеді. 

Атап өтерлігі, VI Якут Халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында «Үздік фильм» аталымы үшін Әділхан Ержановтың «Бой Атбая»-дан басқа режиссер Хлинюр Палмасонның «Белый, белый день» драмасы, режиссер Теона Стругар Митевсканың «Бог существует, и ее имя – Петруния» атты туындысы, Ли Вон-Тхэнің «Гангстер, полицейский, дъявол» боевигі, Константин Худяковтың «Конец сезона» триллері, Дмитрий Давыдовтың «Нет бога кроме меня» фильмі, Шарбану Садаттың «Приют» картинасы мен режиссер Лалитх Ратхнайаке  «Другая половина» фильмдері бақ сынасты.  

Айта кетейік, Якут Халықаралық кинофестивалі 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал, 2019 жылы Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі фестивальді Ресей аумағында өткізілетін халықаралық кинофестивальдердің ресми тізіміне енгізді. Бұл мәдени-ағартушылық жоба елдер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталған.   

Биылғы жылы кинобайқауға Солтүстік Македония, Бельгия, Франция, Хорватия, Чехия, Словения, Оңтүстік Корея, Германия, Ауғаныстан, Исландия, Дания, Швеция, Эстония, Болгария, Жапония, Нидерланды, Чили, Литва, Иран және тағы басқа елдер қатысты. 

Якут Халықаралық кинофестивалінің эмблемасы мен бас жүлдесі – Темірқазықты білдіретін гауһар тас пен Жетіқарақшының пішіні түрінде жасалған қарлы көзілдірік болып табылады. Олар Якутия тұрғындарының жарық сәуледен көздерін сақтау үшін күнделікті тұрмыста көзілдірікті тағу дәстүрін көрсетеді әрі визуалды өнер болып табылатын киноның символын білдіреді екен.  

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы