Размер шрифта:

Цветовая схема:

01 тамыз, 2020330

Бүгін актер Қуандық Қыстықбаевтың туған күні

Бүгін қазақстандық актер Қуандық Қыстықбаев өзінің 43 туған күнін атап өтуде. Актер экран бетіне алғаш рет 2003 жылы шыққан еді. Оның алғашқы фильмдерінің бірі «Сардар» тарихи туындысы еді. Театр және кино актері осы уақытқа дейін талай қойылымдар мен фильмдерде өнер көрсетті. Бүгін оның түскен бірнеше кинотуындыларына тоқталып өтпекпіз.

«Сардар»

Фильмдегі оқиғалар ХVІІІ ғасырда қазақ даласында жоңғарлардың басқыншылық шапқыншылықтары жиілей бастаған тұста өрбиді. Барлық дерлік аумақтар отқа оранады. Осы кезде Құлжа мен Ақберді есімді жақын дос бұл қантөгісті тоқтатуды шешеді. Бір ауылда өсіп, әділдік пен еркіндік принциптеріне дағдыланады. Бірінің әкесі қазақтың айбынды батыры осындай жау шапқыншылықтарының бірінде тұтқынға түседі. Тайпаларынан қолдау таппаған соң, Құлжа мен Ақберді жоңғарлар ордасына аттанып, Хангерей сардарды құтқармақ болады. Достардың батылдығы мен бір-біріне адалдығының арқасында олар сардарды ғана емес, Монғол хандығының патшайымы – Сарымтаны да босатады. Қос дос сұлу қызға ғашық болады. Сөйтіп монғол ханшайымы екі достың арасына ірткі салып, көңілі Құлжаға ауады. Ақыры Ақбердінің қызғанышы қызып, Құлжаның сүйіктісін атып өлтіреді.

Режиссер Болат Қалымбетовтың фильмі 2003 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Фильмде Құлжаның рөлін актер Қуандық Қыстықбаев орындайды. Ақбердінің рөлінде - Ержан Нұрымбет, Сарымтаны Сана Шандыбаева сомдады. Кинолентада сонымен қатар Тұңғышбай Жаманқұлов, Рауан Мұраталиев, Гүлжан Аспетовалар өнер көрсетеді.

«Человек-ветер»

Шалғайдағы кішкентай ауылдардың бірінде күн күркіреп, найзағай соққан кезде ерекше бір қарт адам пайда болады. Оның ерекшелігі – қанатының болуында. Жергілікті тұрғындар одан қорқып, оны өлтірмек болады. Алайда ақырындап үйренісіп, өны өз жөнімен қалдырады. Тек кішкентай бала ғана бұл ерекше жанды өзіне дос етеді. Күндердің күнінде баланың өмірін құтқармақ болып, қанатты адам қайтыс болады. Ал кішкентай балақай бір күні оның да қанаты өсіп, қарт періште секілді көкке ұшып кететінін армандайды. Қазақстан мен Ресейдің бірлескен фильміне Қуат Ахметов режиссерлік етті. Фэнтэзи жанрындағы туынды жазушы Габриель Гарсиа Маркестің әңгімесіне негізделген. Картинада қазақстандық актерлер Қуандық Қыстықбаев, Аянат Есмағамбетова, Гүлнар Досматова, Фархат Абдраимов, сондай-ақ ресейлік Игор Ясулович өнер көрсетеді.

«Келін»

Фильмде сөз жоқ. Тек байырғы шамандық қана. Бұл - тарихтан бұрын болған заман, өркениет болмаған кезде, адамдардың әдет-қылықтары өмір үшін күрес заңдарымен айқындалған тұс жайындағы мысал-фильм. Картинаның бас рөлдерін Қуандық Қыстықбаев, Гүлшарат Жабаева, Тұрахан Садықова, Ержан Нұрымбет және басқалары сомдайды. Фильм - режиссер Ермек Тұрсыновтың дебюттық жұмысы.

«Семь майских дней»

Бұл атақты Мухлисовтың қарақшылар тобы жайындағы кино. 2001 жылдың мамырында Алматының коммерциялық банктерінің бірінің инкассаторлық көлігіне өрескел қарақшылық жасалды. Шабуыл кезінде бірнеше адам қаза тапты. Тонаушылар 700 мың долларды иемденіп, Алматының бірқатар ақша айырбастау пунктері мен мекемелеріне шабуыл жасады. Қылмыс дереу ашылды, алайда қалалықтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің есінде бұл оқиға ұзаққа дейін сақталып қалды. Режиссер Ермек Тұрсыновтың 2011 жылы жарық көрген картинасында Қуандық Қыстықбаевпен бірге Евгения Лоза, Сергей Угрюмов, Владимир Яглыч, Қарлығаш Мұхамеджанова және басқалары өнер көрсетті.
 

«Без права на выбор»

Белорус режиссері әрі сценарисі Леонид Белозоровичтің «Без права на выбор» әскери-шытырман сериалының желісіне кеңестік барлаушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Қайсеновтың шынайы оқиғасы енді. Төрт бөлімнен тұратын телефильм Ресей, Украина және Қазақстанның бірлесіп түсірген өнімі. Фильмнің бас кейіпкері – Қасым Қайсеновты қазақстандық актер Қуандық Қыстықбаев сомдады. Сонымен қатар фильмде ресейлік актерлер Михаил Евланов, Александр Петров, Владимир Гостюхин және басқалары өнер көрсетті. «Без права на выбор» картинасы 2013 жылы қазақстандық тараптан Украин халықаралық кинофестиваліне ұсынылып, «Көркем фильм» номинациясында алғашқы жүлдесіне ие болды.

Қазақстандық актер Қуандық Қыстықбаев бұдан бөлек Ермек Тұрсыновтың «Жат», Эмир Байғазиннің «Река» және тағы басқа талай фильмдерде рөлдер сомдады.

Туған күн иесін төл мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, шалқар шабыт пен шығармашылық табыс тілейміз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы