Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 маусым, 2020241

Бүгін актер Владимир Толоконников 77 жасқа толар еді

Бүгін тірі болса, атақты қазақстандық әрі ресейлік кино және театр актері Владимир Толоконников 77 жасқа келетін еді.

Актердің әртістік шеберлігі ерте кезден-ақ байқала бастады. Сурет салып, мектепішілік іс-шараларға қуана-қуана қатысып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленетін. Алғашында ол ұшқыш болуды армандапты, кейін сурет өнеріне бет бұрды. Алайда, жоғары сыныптарда оқып жүргенде сахнада ұшқыштың да, басқа да кейіпкердің рөлін сомдауға болатынын түсінді. Оның театрлық оқу орнына түсу әрекеті ұзақ уақытқа созылды. Болашақ актер Михаил Азовскийдің драмалық үйірмесіне қатысатын. Дайындыққа қарамастан, ешбір астаналық жоғару оқу орнына ол түсе алмады. Үш рет әрекет жасады. Алайда, сәтсіз болды. Қабылдау комиссиясы мүшелерінің бірі талантты жігіттің оқуға түсе алмауының себебі - оның ерекше келбеті екендігін айтқан. Мұны естіген кез келген адамның сағы сынатын еді. Тек Толоконников емес. Мектепті бітіргеннен кейінгі алғашқы кезде ол телевидениеде істеп, Ю.Померанцевтің жастар студиясының қойылымдары мен Алма-ата драма театрының массовкасында ойнайтын.

Әскери борышын өтегеннен кейін ол түрлі шараларға қатысу мүмкіндіктерін қалт жібермейтін. Сөйтіп, қайта Мәскеуге жөнелді. Алайда, оның төртінші талпынысы да сәтсіз аяқталды. Бірақ Владимир үйге қайтуға асықпады. Самара қаласында орнығып, жергілікті ТЮЗ-дың массовкасында рөлдер сомдады. Алған сахналық тәжірибесі талапкерге қолғанат болды. Толоконников ақыры Ярославль театрлық училищесіне оқуға түсіп, актерлік білім алды.

Оқуды тәмамдаған соң, жас актер Алматыға оралды. Мұнда бір маусым бойы жергілікті Жас көрермен театрында бірқатар рөл сомдады. Содан соң болашағы зор әртісті Қазақстанның ірі театрларының бірі - М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының труппасына қабылдады.

Ал, 1981 жылы Владимир Толоконников «Последний переход» атты қазақ кинематографистерінің атыс-шабыс жанрындағы фильмнің эпизодтық рөлінде алғаш рет экранға шықты.

Кейін 45 жастағы аса танымал емес Владимир Толоконников Владимир Бортконың «Собачье сердце» фильмінде Шариков есімді кейіпкерді сомдады. Бұл рөл актерге танымалдық әкелді. Әрі өмір бойына осы кейіпкері оған таңба болып тағылды. Дей тұрғанмен, бүгінде бұл фильм аса жоғары бағалануда. Картина премьерасы әлемнің 32 елінде сәтті өтті. Жоба жарық көргеннен кейін Владимир Толоконников халықаралық деңгейдегі актерге айналды. Актердің еңбегі де мемлекеттік деңгейде сыйлықпен өтелді.

1990 жылы ресейлік көрермендер Толоконниковтың фильмде Филомеевтің рөлін сомдаған «Облако-рай» атты туындысын тамашалады. Бұл картина талай белді сыйлықтарға ие болған.

Өз Отанында әртіс «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток») телехикаясының шығуынан кейін таныла бастады. Бұл сәтті жобадан соң, «На кухне с Толоконниковым» атты бағдарлама пайда болды. Жүргізушінің қонақтары Қазақстанға гастрөлге келіп жүрген кино саласының талай танымал тұлғалары болды. Владимир Толоконниковтың тағы бір жобасы – КТК арнасында жарық көрген «Толобайки» әзіл-сықақ телебағдарламасы еді.

Актердің «Собачье сердце» лентасынан кейін де кино саласындағы жұмысы сәтті жүріп жатты. Ол «Гражданин начальник», «Участок», «Заколдованный участок», «Солдаты», «Убойная сила-5», «Виола Тараканова» және басқа да көптеген танымал телехикаяларға түсті. Бұлардан бөлек, Толоконников «Облако-рай» фильмінің жалғасы мен «Коля – перекати поле» сияқты толықметражды картиналарда ойнады.

2006 жылы актер «Хоттабыч» атты жастар комедиясында бас рөлді сомдады. 2007 жылы осы рөлі үшін MTV-2007 сыйлығында «Үздік комедиялық рөл» аталымын жеңіп алды.

Соңғы жылдары Владимир Толоконниковты криминалды картиналарға жиі шақыратын. Алайда, ол мұндай рөлдерден үнемі бас тартатын. Осылайша, ол «Исчезнувшие» әскери картинасында партизан Андреевті, «Сделано в СССР» отбасылық фильмінде бокс жаттықтырушысын, «Смешанные чувства» комедиясында науқасты, ал «Дух балтийский» драмасында соғыс ардагері сияқты образдарды сәтті орындап шықты.

Өмірінің соңғы жылдарында актер «Пес Рыжий» әскери фильмі мен «Бабушка легкого поведения» комедиясында рөлдер сомдады.

Владимир Алексеевич Толоконников талай кино және театр сыйлықтарынан бөлек, «Алтын адам» - «Жыл адамы» құрметті атағына ие болған. Бұдан бөлек, ол «Құрмет» пен ресейлік Достық орденінің иегері.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы