Размер шрифта:

Цветовая схема:

11 маусым, 2021277

Бүгін Algashqy Mahabbat веб-сериалы көрермендерге жол тартпақ

Бүгін яғни маусымның 11-ші жұлдызында Salem Episodes ютуб арнасында «Алғашқы Махаббат» романтикалық комедиясының бірінші бөлімі жарияланады. Сериалды өндіруші компания – Salem Social Media видео-продакшн студиясы.

Ажырасқан әйелдің бойдақ жігітпен қарым-қатынасын бейнелейтін веб-хикаяның режиссері –Модияр Абдукадыров, бұл жас киногердің алғашқы үлкен жобасы. Ол өзінің инстаграм парақшасында: «Ақыры сіздермен 2,5 ай бойы бірге өмір сүрген жобаммен бөлісе алатын күн туды. Algashqy Mahabbat – менің дебюттік веб-хикаям. Бұл алғашқы махаббат туралы әдемі әрі нәзік романтикалық комедия. Бұл мен үшін шығармашылығымдағы маңызды қадам және жаңа тәжірибе. Қысқа ғана мерзімнің ішінде жанымыз бен көп күшімізді салған үлкен жұмыс жасалынды. Ешқандай артық сөзсіз, хикаяны өмірге айналдыруға көмектескен керемет түсірілім тобы мен тамаша талантқа ие актерлерге  алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ өзімді танытуға тамаша мүмкіндік сыйлаған Salem Social Media-ға үлкен алғыс айтқым келеді», – деп жазды.

Жобаның продюсері – Дархан Ақылбек, digital продюсері – Гүлнұр Ақынбекова, қоюшы-операторы – Диас Әбдірахман, қоюшы-суретшіс – Абыл Абабахриев, ал сценарий авторлары – Дархан Карипов пен Алтынбек Қырықбаев. Басты рөлдерді Қарлығаш Мұхаммеджанова пен Дәурен Айдарқұлов сомдайды. Сондай-ақ картинада Аида Курмангалиева, Шокан Чупанбаев, Марат Достаев және Нышанбек Жұбанаев секілді әртістер де бой көрсетеді.

Фильм хикаясы мектептен кейін бір-бірінен алшақтап кеткен сыныптас ғашықтар Берік пен Салтанаттың оқиғасын баяндайды. Бүгінде Салтанат тұрмысқа шығып, ажырасқан, өзі екі баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Ал Берік болса әлі үйленбеген, өмірін хирург мансабына арнаған. Бірде Берік кездейсоқ алғашқы махаббаты Салтанатпен кездесіп қалып, оның күйеуінен ажырасып кеткенінен хабардар болады. Соны білгеннен кейін ол бұрынғы қарым-қатынасын қалпына келтіруге бел буады. Жастық махаббат жаңа леппен қайтадан лаулай бастайды. Алайда, өзімен-өзі жүріп үйреніп қалған бойдақ жігіт жаңа әкені құшақ жайып қарсы алатын ойы жоқ жасөспірімдердің көңілінен шыға ала ма?

Веб-хикая әрқайсының ұзақтығы 18-20 минутқа созылатын бас-аяғы 10 бөлімнен тұрады.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы