Размер шрифта:

Цветовая схема:

23 маусым, 2020381

Бүгін Полиция қызметкерлері күні

Бүгін Қазақстанда Полиция күні аталып өтеді. 1992 жылдың 23 маусым күні Қазақстанның Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» Заңын қабылдаған болатын. Бұл – полиция міндетін айқындайтын алғашқы құқықтық акт. 15 жылдан соң 5 маусым күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілді. Осы атаулы мерекеге орай біз қазақстандық полицейлер жайында түсірілген отандық фильмдер топтамасын жасауды жөн көрдік.

Полиция қызметкерінің имиджін қалыптастыру - маңызды. Себебі, олар – экстремалды жағдайда қиын міндеттерді шешіп, халықтың тыныштығын сақтайтын бірден-бір орган. Олай болса, олардың ерлігі мен қиын қызметтерін паш ететін фильмдерге тоқталып өтейік.

«Обратная сторона»

Бұл туынды - отандық тәртіп сақшыларының ерлігі жайындағы фильм. Хикая бүгінгі заманның батыры туралы сыр шертеді. Ол ғашық болады, армандайды, қарапайым адамдар сияқты өмір сүреді. Алайда, бір күні оған өмірдің «кері жағымен» кездесуіне тура келеді. Осы кезде оның өмірі біржола өзгереді. Оған «күңгірт әлемнен» келген Бек есімді жігіт қарсы келеді. Қос тарап тартысының құны - адам өмірі. Кейіпкер өткен өмірге жол жоқтығын түсінеді. Барлығы танымал кәсіпкерді ұрлаудан басталады. Күдіктілер – әйелі, туыстары, достары, дұшпандары – бәрі. Кейіпкер шындыққа қол жеткізе ала ма? «Кері жақпен» тартыста жеңіске жете ме?

Фильм режиссері – Қуат Исаев. Сценарийін жазғандар – Марина Қонарова мен Айдар Еспенбетов. Шытырман оқиғалы детективте актерлер – Максим Акбаров, Санжар Мәди, Виталий Куприянов, Аша Матай, Марат Инербаев, сондай-ақ, ресейлік актер Дмитрий Дюжев ойнайды.

Фильмдегі теріс кейіпкерді ресейлік актер сомдаса, адал және бірбеткей тәртіп сақшысы Нұртасты Санжар Мәдиев орындайды. «Обратная сторона» - бұл тұңғыш қазақстандық полицейлік атыс-шабыс фильмі. Картинаның түсірілім жұмыстары Алматы мен Алматы облысының маңында жүргізілді. Кинолента 2009 жылы жарық көрді.

«Тергеушілер»

«Тергеушілер» телехикаясының кейіпкерлері – майор Кәмшат, капитан Ермек, криминалшы Гауһар мен жедел қызметкерлер Нұрлан мен Асқар есімді бестік. Бұл топ мүшелері бірқатар құпия әрі қатал қылмыстарды ашуға тура келеді. Фильм шынайы оқиға негізінде түсірілген. Тергеушілерді актерлер Гүлшарат Жұбаева, Гүлбахрам Байбосынова, Азамат Шарғын, Ниязбек Шайсұлтанов пен Ербол Садырбаевтер сомдайды.

Фильм қарапайым азаматтарды қорғау үшін өз өміріне қауіп төндіріп, басын бәйгеге тігіп жүрген тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысы суреттеледі. Фильм режиссерлері – қазақстандық Антон Митнев пен украиналық Ахтем Сейтаблаевтер. Қоюшы операторы – Максим Задорновский.

16 бөлімнен тұратын «Тергеушілер» телехикаясы «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша неміс франшизасының негізінде түсіріліп, 2017 жылы арна эфиріне жол тартқан еді.

«Ауыл сақшысы»

«Ауыл сақшысы» телехикаясы «Қазақстан» арнасының төл туындысы. Картина ауыр жарақат алғаннан кейін ауылға учаскелік инспектор қызметіне келетін жас полицей туралы баяндайды. Жат ортаға келген ол ауыл тұрғындары мен туыстық байланыс негізінде орнаған әкімінің арасындағы ерекше қарым-қатынас оны тығырыққа тірейді. Жағдайды өзгертуге тырысқан ол ауылдастар тарапынан үрей туғызды. Ауылдың бар кереметін татқан лейтенант қалаға қайтуға бекінеді. Алайда, кенеттен келген махаббат оның жоспарын өзгертеді. Ақыры ауылда қалған полицей жігіт жергілікті адамдардың көзқарасын өзгертіп, оларды заңға құрмет көрсетуге үйретеді.

Телехикаяда табиғи ресурстар үшін күрес сияқты өзекті мәселелер қозғалады. Ауылда қазба байлықтары бар екендігін біліп, кейбір «ептілермен» теріс пиғылдарын жүзеге асырмақ болады. Олардың жаман ойларын жүзеге асырмауға дәл осы учаскелік полицей кедергі болады.

Қазақстандық «Ауыл сақшысы» телехикаясының сценарийін Бейбарс Жұманиязов жазды. Ал, картинаға Сәбит Құрманбеков режиссерлік етті. Учаскелік полицейді актер Дәурен Серғазин сомдайды.

Ауыл сақшысы туралы 16 бөлімнен тұратын телехикаяны көретін көрермен ауылды зұлымдардан қорғайтын жаңа полицейдің кейпін тамашалайтын болады. Фильмнің негізгі ойы – полицейлердің негізгі міндеті жазалау емес, адамдарға көмектесу екендігін көрсету. Осылайша, фильм бүгінгі күннің қаһарманының болмысын суреттейді. Фильм 2015 жылы «Қазақстан» Ұлттық арнасының эфирінде жарық көрді.

«Патруль»

Бұл телехикая «НТК» арнасының эфирінде көрермен назарына ұсынылған еді. Бес маусымнан тұратын фильм Серік пен Берік есімді құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің күнделікті жұмыстарынан сыр шертеді. Полицейлер - комедиялық хикаяның бас кейіпкерлері. Тәртіп сақшылары қызықты жағдайлар мен оқиғалардың үнемі қатысушылары. Олардың тап болатын жағдайлар ойдан шығарылған оқиғалар, алайда көңілді әрі кейде жөнсіз хикаялар арқылы отандық полицейлердің шынайы өмірлері суреттеледі.

Әр маусымда актерлерді Мейіржан Төребаев, Медет Аманбаев, Еділ Анарбай, Рүстем Омаров, Мейірхан Шерниязов, Әділжан Шомбалов және Айдар Кәрімбаевтер сомдайды.

Бірінші кезеңнің режиссері ретінде Әнуар Матжанов пен Олжас Ибраевтер қызмет етсе, соңғысын Нұрым Адайбекұлы қойды. Комедия жанрындағы телехикая көрермен назарына тұңғыш рет 2015 жылы жол тартқан еді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы