Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 шілде, 2020374

Бүгін продюсер Нұрлан Қоянбаевтың туған күні

Бүгін қазақстандық продюсер әрі актер Нұрлан Қоянбаев өзінің төл мерекесін атап өтеді. Өнер иесі 41 жасқа толды.

Отандық продюсер 2016 жылдан бастап кино саласына бет бұрып, содан бері көрермендерін көңілді комедиялармен қуантып келеді. Осы уақытқа дейін Нұрлан жеті толықметражды картина шығарды. Ал оның «Бизнес по-казахски» фильмі тіптен, франшизаға айналды. Белгілі продюсердің кинотуындыларын көрмеген жан жоқ-ау, сірә! Дегенмен оларға қысқаша шолу жасауды жөн көріп отырмыз.

«Бизнес по-казахски»

Бұл фильм Нұрлан Қоянбаевтың алғашқы әрі кейін франшизаға айналған туындысы. Фильм комедия жанрында түсірілген. Картина Жомарт есімді бизнесмен мен оның командасы жайында. Қонақ үй иесінің кәсібі өрге жүзіп, оның жобасына ірі инвесторлар қызығушылық білдіре бастайды. Қонақ үйді тұсаукесерге дайындайтын аса жауапты сәтте оның барлық қызметкерлері жұмыстан шығады. Алайда туыссыз қазақ бар ма? Ауылдан барлық туысқандарын жинап, Жомарт қонақ үйінің жұмысын қайта жандандырады. Бірақ кәсіби емес жандарға жұмысты сеніп тапсыруға бола ма? Ал қазақша бизнесті құру ше? Оңай ма? Бұл сұрақтардың жауабы картина желісінде жатыр.

Фильмде басты рөлдерді актерлер Жан Байжанбаев, Әбунасыр Серіков, Гүлназ Жоланова, Құралай Анарбекова, Дариға Бадықова, Ольга Спирина, Әлішер Утев, Қажет Смақұлов, Рамазан Амантай, Сидтхарт Шукла және Жомарттың рөлін Нұрлан Қоянбаевтың өзі сомдайды. Сонымен қатар картинада Максим Акбаров, Тореғали Төреәлі, Есіпбек Әбілмәжінов және басқалары өнер көрсетеді. Нұрлан Қоянбаев продюсерлік еткен картинасының сценарийін Әлішер Утев жазды, ал оған Жеңісхан Момышев режиссерлік етті. «Бизнес по-казахски» комедиясы 2016 жылы көрермен назарына ұсынылды.

«Бизнес по-казахски в Америке»

Бұл картина қазақ бизнесмен-туыстардың Америкадағы шытырман оқиғаларын баяндайды. Кәсіпкер Жомарт отбасылық қонақ үйін қаладағы ең керемет орынға айналдырғысы келеді. Ол үшін ол американдық демеушілермен келісім шартқа отырып, оның қонақ үйіне бес жұлдыз деген мәртебе беріледі деп үміттенеді. Қалаға шетелден халықаралық сарапшы келеді, алайда оны қарсы алған Еркошқа ренжіп, қайта Америкаға қайтады. Жомарттың барлық жоспарлары құрдымға кетеді. Жағдайды реттеу үшін ол достарымен бірге АҚШ-қа ұшпақ. Онда достарды түрлі қызықтар күтеді. Америкада картина кейіпкерлері талай қиындықтармен қатар, көңілді оқиғалар, тіпті халықаралық махаббатты бастан кешіреді. Фильмнің бірінші бөліміндегідей, мұнда да адам үшін бастысы – отбасы екендігі назарға алынады.

«Бизнес по-казахски в Америке» - бұл түсінгендеріңіздей, «Бизнес по-казахски»-дің жалғасы. Бұл көңілді комедияның да режиссері Жеңісхан Момышев болды. Ал Әуез Әуезов пен Сәбит Рахимбаев сценарийін жазды. Картина көрермендерге 2017 жылы жол тартты.

«Бизнес по-казахски в Африке»

Жомарт пен Айсұлу – жас жұбайлар. Екеуі бал айында демалуға Араб Әмірліктеріне барады. Алайда жалғыз емес, туыстарымен бірге. Айсұлу уақытын керемет өткізуге тырысады, бірақ ақша табуға талпынып, жаңа бизнес құру идеясына құныққан Жомарттың туыстары оларға мұрса бермейді. Жомарт тустарының «тамаша» идеяларына мән бермеуге тырысады. Сөйтіп жүріп, демалыста жүрген бір күні оның көмекшісі Ален бір кениялық бизнесменмен танысады. Өзін Кения ханзадасы деп таныстырған жігіт оларға оның мемлекетінде шай өте арзан екендігін айтады. Содан алғыр «кәсіпкерлер» кения шайын сатып алудың жоспарын құрады да, демалыстың шырқын бұзбау үшін Еркош пен Бақдәулет Найробиге аттанады. Олай болмасы бар ма? Жат елде қазақ кәісіпкерлерін не күтеді? Сүйгендеріне аман-есен оралар ма екен?

Фильм сценарийін Сәбит Рахымбаев жазды, ал Әнуар Матжанов картинаға режиссерлік етті. «Бизнес по-казахски в Африке» кинолентасы 2018 жылы жарық көрді.

«Каникулы в Тайланде»

2019 жылы Нұрлан Қоянбаевтың енді бір картинасы - «Каникулы в Тайланде» комедиясы қазақстандық прокатқа шықты. Бұл – тропикалық елдегі қазақстандық студенттердің шытырман оқиғасы туралы жастар комедиясы. Қиын жағдайға тап болған олар нағыз достықтың пен сенімнің не екенін түсінеді. Фильм авторларының айтуынша, көрермендерді мистика, экшн мен комедия жанрларының қосындысы күтеді.

«Каникулы в Тайланде» шытырман фильміндегі оқиғалар студенттердің қысқы демалысы басталады. Жатақхананың барлық дерлік тұрғындары үйлері қайтып, басқа елдерге демалуға барады. Тек Дәурен, оның досы Ермек пен олардың оқытушысы Асхат ағай ғана қалады. Оның әйелі оны тастап, баласын алып анасына кетеді, Ермек сүйіктісімен ажырасады, ал Дәурен бір шиеленіске түсіп, бұзақылардан қашып жүреді. Осылайша, үшеуі тығырыққа тіреледі. Көңілдері жабырқаған оларды Асхат ағай біраз көңіл көтеріп, әңгімелесу үшін бөлмесіне шақырады. Оларға қарапайым су құяды. Сөйтсе, бірер күн бұрын ір шипагер оны оқытып, сиқырлы рәсімдер жасаған. Үшеуі су ішіп алып, портал арқылы жігіттер ақшасыз, құжатсыз басқа елге түседі.

Фильм сценарийін Әлішер Утев жазды. Режиссерлік орынға Ален Нияхбеков жайғасты. Ал басты рөлдерде Нұрлан Қоянбаев, Дидар Жексенов, Қуаныш Жылжақсынов, Ғазірет Ержанов пен Әлішер Утевтер ойнайды.

«Бизнес по-казахски в Корее»

Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски в Корее» комедиялық фильмі көрермендерге картинаның бас кейіпкерлерінің Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласындағы шытырман оқиғаларының хикаясын көрсетеді. Бір күні Жомарт Канатұлының керемет қонақ үйінде жаңа технологияларды тансытыру бойынша халықаралық конференция өтуі тиіс-тін. Алайда оның Бақдәулет есімді швейцары жоғары технологиялық қондырғылардың бірін сындырып алады. Енді іс-шараға қауіп төніп, ұятты жағдай болмақ. Бұл Жомарттың бес жұлдызды қонақ үйінің абыройына нұқсан келтіруі мүмкін. Қалыптасқан жаңдайдан аман-есен шығу үшін олар Сеулге аттанбақ. Себебі, техниканы тек сонда ғана жөндей алады екен. Туыстарымен Корей еліне барарда олар тағы бір түсініксіз жағдайға тап болмау үшін Еркошты үйде қалдырып кетпек. Картина премьерасы 2019 жылдың аяғында жарық көрді. Мұнда да франшизаның басқа бөлімдерінде рөлдерді сомдаған актерлер ойынады. Айта кетейік, «Бизнес по-казахски в Корее» комедиясы биылғы жылы ең көп кассалық жиын жинаған туынды болды.

«My love is Aisulu»

Ал биылғы жылдың қаңтарында продюсер Нұрлан Қоянбаевтың «My love is Aisulu» картинасы жарық көрді. Фильм Санжар мен Айсұлу есімді бойжеткеннің арасындағы махаббатынан сыр шертеді. Санжар қызға ерекше әсер етпек болып, өзін режиссермін деп таныстырады. Оның сценарийі бойынша АҚШ-та фильм түсіріледі деп өтірік айтады. Жігітке шынайы ғашық болған Айсұлу сүйіктісін қолдау үшін артынан Америкаға барады. Бірақ ешқандай фильм де, түсірілім де жоқ. Санжар енді неғұрлым тезірек Америка барып, Айсұлуға бар мән-жайды түсіндірмек болады. Продюсердің жаңа картинасында Әсел Сағатова, Жахан Отарғалиев, Жанель Мақажан және Нұрлан Қоянбаев өнер көрсетеді. Фильм режиссері – Дархан Саркенов.

Ал, биыл  «Бизнес по-казахски» франшизасының тағы бір жаңа бөлімі - «Бизнес по-казахски Түркияда» картинасы түсірілмек. Сюжет желісі қалай өрбитіні әзірге белгісіз, алайда үйреншікті актерлер қатарына қазақстандық актерлер Жахан Отарғалиев пен Қайрат Әділгерейлер қосылатыны белгілі. Сондай-ақ, фильмде түркиялық актриса Дениз Чакыр өнер көрсетуі жоспарланған.

Туған күн иесін төл мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, шалқар шабыт пен сәтті жобалар тілейміз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы