Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 шілде, 2020229

Бүгін режиссер Алексей Каменскийдің туған күні

1972 жылдың 16 шілде күні талантты қазақстандық режиссер-документалист Алексей Каменский дүниеге келді. Биыл шығармашылық тұлға 48 жасқа толды. Режиссер осы уақытқа дейін отандық көрермендерге талай деректі фильм ұсынды. Солардың бірқатарымен сіздерді таныстырмақпыз.

«Қазақ ренессансы. Жұмат Шанин»

«Қазақ ренесансы. Жұмат Шанин» деректі лентасы қазақ ұлттық театрының тарихы мен Қазақстанда осы өнер түрінің негізін қалаушы азамат – Жұмат Шаниннің тағдырына арналған. Фильмде театрдың 1926 жылдан 1938 жылдар аралығындағы кезеңі, сонымен қатар 1936 жылы Мәскеудегі қазақ өнерінің алғашқы онкүндігі мен сол заманғы шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қайғылы оқиғалары суреттеледі. Аталған эпизод Жұмат Шаниннің өмірі жайында әңгімелеуден басталады. Өз дәуірінің атақты қайраткерінің тағдыры мен шығармашылығы – трагедиялары мен жетістіктері, сонымен қатар өткен ғасырдың басындағы басқа да интеллигенция өкілдерімен астасқан өмір. Мұның барлығы фильмде көрініс табады. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген картина деректі кадрлардан бөлек, көркем қойылым сахналарын да қамтиды. Фильм сценарийінің авторлары – Бахыт Қайырбеков пен Айнұр Мазыбаевалар. Деректі лента отандық көрермендер назарына 2017 жылы жол тартты.

«Фатима»

Бұл туынды - Қазақстанда әйелдің хаттары мен күнделігі негізінде түсірілген тұңғыш деректі фильм. Фатима Ғабитова он төрт жасында күнделік жүргізуді қолға алып, ондағы жазбаларын 1916 жылдың оқиларынан бастады. Кейін онда Қазақстандағы сауатсыздықты жою, қазақ әдебиетінің дамуы, шығармашылық интеллигенцияның қалыптасуы, 1930 жылдардағы аштық, сталиндік репрессия, әскери уақыт пен жылымық сияқты оқиғалармен астасқан оның жеке және азаматтық уайымдары да сөз болды. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Алексей Каменскийдің түсірген деректі фильмінде 1903 – 1968 жылдары өмір сүрген Фатима Ғабитованы ағартушы Біләл Сүлеев, ақын Ілияс Жансүгіров пен жазушы Мұхтар Әуезов сияқты ұлы қазақ тұлғаларының шабытшысы ретінде ғана суреттемейді. Фильм желісінде Фатима бай қазақ әдебиетінің жоғары үлгісін көрсеткен керемет әдеби талантқа ие тұлға, бірнеше ұрпаққа білім мен тәрбие берген педагог, өз балаларына жоғары білім берген ана және шағым түсіру сияқты құбылыстарға қарсы тұра білген азамат ретінде сипатталады. Сұлу да намысшыл қыз замандастарын шығармашылық пен биік істерге рухтандырды. Фильм жас ұрпақты да табандылық пен шыдамдылыққа шабыттандырып, адал әрекет етуге баулиды. Бұл фильмнің де идея авторы Бақыт Қайырбеков. Лента 2016 жылы жарық көрді.

«Серке Кожамкулов. Играть по-настоящему»

Бұл «Қазақ ренессансы» топтамасындағы режиссер Алексей Каменскийдің екінші картинасы. Фильм алғашқы ұлттық театрдың негізін қалаушылардың бірі Сералы Қожамқұловқа арналады. Алексей Каменскийдің деректі лентасында актер Асанәлі Әшімов, режиссер Сатыбалды Нарымбетов, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі Бибигүл Төлегенова, кино және театр актері Досжан Жанботаевтер сөйлейді. Түсірілім тобы үшін ең үлкен олжа - Қазақ радиосының «Алтын қорында» Серке Қожамқұловтың даусы сақталған радиоқойылымдар болды. Бұл - ұлы актердің қыздарының арқасында сақталған бірегей дүниелер. Актер рөлдер сомдаған 22 картинаның ішінен «Біздің сүйікті дәрігер», «Безбородый обманщик», «Жұт», «Амангелді» және тағы басқа жиыны 8 фильмдегі үзінділері көрсетіледі. Актер барлық киноларда екінші пландағы рөлдерді ойнады, алайда көрермендер оның ойнына тамсанып, оны ұмытқан емес. Осындай бай бірегей хроникалық материалды қамтитын фильмде кинотанушы Гүлнар Әбікееваның пікірінше, режиссер нағыз адамның портретін қалыптастыра білді. Жұмат Шанин жайындағы картинадағыдай, бұл фильмге де Алексей Каменский актердің жастық шағы жайында суреттейтін көркем ойын элементтерін қосты. Бірінші фильмде рөлдерді М.Әуезов атындағы театрдың кәсіби актерлері сомдаса, жас Серкенің рөлін сомдаушыны кастинг арқылы тапқан екен. Кейіпкерінің жастық шағындағы кейпіне өте ұқсайтын кәсіби емес актерді рөлге бекіткеннен кейін оның да Сералы Қожамқұловтың туған жері – Қостанай облысынан екендігі белгілі болды. Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Кинолента 2019 жылы жарық көрді.

«Нұркен Әбдіров. Ұлдарымның ішіндегі кенжесі»

Фильм Ұлы Отан соғысының батыры, ұшқыш – Нұркен Әбдіровтың ерлігі мен өмірі жайында баяндайды. Картина авторлары үшін негізгі тарихи материал батырдың анасы – Бағжанның жазбалары болды. Фильм атауы да осыдан. Түсірілім Әбдіровтың туып-өскен, соғысқан барлық жерлерде – Елордада, Алматы мен Қарағанды облысында, сондай-ақ, Ресейдің Волгоград қаласы, Нұркен Әбдіровке арналып мәрмәр тас орнатылған Мамаев қорғаны мен 1942 жылы өзінің ИЛ-2 ұшағында немістердің соққысына ұшырап, мерт болған Ростов облысының Боков ауылында жүргізілді. Соғысқа дейін батыр ұшқыш халықтық тергеуші болып қызмет етті. Фильмнен көрермендер Нұркен Әбдіровтың қысқа болса да, жарқын өмірінің көпшілікке бәймәлім осындай көптеген тың ақпараттармен танысады.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы