Размер шрифта:

Цветовая схема:

11 маусым, 2020363

Бүгін режиссер Дамир Манабайдың туған күні

Бүгін танымал кинорежиссер, профессор, сценарийші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дамир Манабай өзінің төл мерекесін атап өтуде. Туған күн иесі биыл 74 жасқа толып отыр.

Дамир Манабай Шымкент қаласының политехникалық колледжін бітірген. Кейін Бүкілодақтық кинематография институтының режиссура факультетіне оқуға түсіп, 1978 жылы тәмамдады. Дәл осы жылы өзінің алғашқы туындысын - «Раушан» атты қысқаметражды фильмін түсірді. Картина ауылдық кеңес төрағасы болып сайланған әйелдің қиын өмірлік жолы жайында баяндайды. Міндетін атқара отырып, Раушан ауыл кулактарымен ғана жанжалға килікпей, өзінің жұбайымен де тіл табыса алмай қалады.

Бұдан бөлек, режиссер 1981 жылы «Родные степи» комедиялық мелодрамасын түсірді. Фильм Аман мен Айжан есімді қос ғашықтың махаббаты жайынан сыр шертеді.

Кинорежиссердің қоржынында сонымен қатар, «Крик», «Чисто казахская история», «Лоторея», «Суржекей – ангел смерти», «Кек» және тағы басқа көркем фильмдері бар.

Соңғы екі туындысы Испания, Чехия, Ресей және АҚШ елдерінде өткен Халықаралық кинофестивальдерге қатысып, жүлделі болған. Атап айтқанда, «Кек» фильмі 2006 жылы Алматыда өткен «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінде қазылар алғасының арнайы сыйлығына ие болған. Ал, 2007 жылы кинолента Ресейдің Кисловодск қаласында өткен «Золодой витязь» кинофестивалінде «Үздік фильм» және «Үздік ер адам рөлі» аталымдарын жеңіп алды.

Режиссер бүгінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ беріп жүр. Оның шәкірттерінің арасында Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин сынды танымал кинорежиссерлер бар.

Туған күн иесін құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат пен шалқар шабыт тілейміз!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы