Размер шрифта:

Цветовая схема:

01 шілде, 2020488

Бүгін – режиссерлер күні

Жыл сайын 1 шілдеде режиссерлер күні аталып өтеді. Бұл кино, театр, телевидение, радио, цирк және эстрада сияқты салаларда өнер туындыларын дүниеге әкелетін шығармашылық қызметкерлердің кәсіби мерекесі.

Режиссер бірнеше бағытты қамтып, бірқатар міндеттерді бірдей атқаратын айтарлықтай қиын мамандық. Ол актерлерді басқарады, міндеттерді үйлестіреді, бүкіл шығармашылық үрдісті бақылайды. Бұдан басқа да жұмысы аз бар. Режиссерлер – бұл өз салаларында шедевр дайындайтын, кейін оның бұл туындысын қарапайым көрермен көріп, таңданып, тамсанатын мамандық иесі. Қазақстанда ондай өз ісінің шеберлері аз емес. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.

Ақан Сатаев

Ақан Сатаев өмірін киноиндустрияға арнауды бала кезден армандап келген. Сондықтан мектеп бітірген соң, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсті. Академияны тәмамдағаннан кейін киноға түсіп, сәл кешірек режиссураға бет бұрды. Ал, 2003 жылы Ақан Сатаев «Sataifilm» студиясын құрып, 300-ден аса жарнамалық бейнеролик түсірді. Ал, 2007 жылы режиссер өзінің алғашқы әрі сәтті шыққан «Рэкетир» фильмін түсірді. Бұдан кейін қазақстандық режиссерді отанында ғана емес, ТМД елдерінде де тани бастады. Оның қоржынында «Заблудившийся», «Ликвидатор», «Жаужүрек мың бала», «Бауыржан Момышұлы», «Анаға апарар жол», «Районы», «Томирис», «Бизнесмены» сияқты толықметражды фильмдері бар. Ал, қазір Ақан Сатаев «Боксер» атты жаңа картинасын түсіру барысында. Айта кетейік, 2016 жылы режиссер жас режиссерлер мен төмен бюджеттік картиналарға қолдау көрсететін «Astana Film Found» атты қор құрды.

Сәбит Құрманбеков

Сәбит Құрманбеков - қазақ киносының «Жаңа толқынының» жарқын өкілі, актер, суретші, режиссер. «Конечная остановка», «Ақсуат», «Кардиограмма», «Әурелең», «Секер», «Поздняя любовь», «Оралман», «Эвакуация» және тағы басқа көркем фильмдер түсірді. Оның деректі фильмдегі режиссерлік дебюты - «Последнее кочевье» картинасы. Оның фильмдері бір емес, бірнеше рет Халықаралық кинофестивальдердің жүлдегерлері атанды.

Дәрежан Өмірбаев

Дәрежан Өмірбаев 1987 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін бітірді. «Қазақфильм» киностудиясында оқытушы, бағдарламашы әрі редакторы болып қызмет етті. Ал, 1988 жылы ол киностудияның қоюшы-режіссері болды. Кинодағы алғашқы жұмысы - «Шілде» қысқаметражды көркем фильмі. Бұл жұмыс кинематография өкілдерінің жоғары бағасын алды. Содан 1989 жылы ол қарашаңыраққа қайта қайтып, өзін кинорежиссураға арнады. 2004 жылдан бері Дәрежан Өмірбаев Т.Жүргенов атындағы қазақ өнер академиясының «Өнертану» факультетінің кинотанушылар шеберлік курсын жүргізіп келеді.

Асқар Бисембин

Асқар Бисембиннің режиссер ретіндегі алғашқы жобалары жергілікті арналарда көрсетілген телехикаялар болды. Ал, оның көркем фильмдегі дебюты - «Свадьба на троих» картинасы. Бұдан соң, ол «Адель» драмасы мен «Замуж в 30» комедиясын түсірді. Кезінде Асқар БисембинКВН-де ойнады. Сондықтан болар оның әр шыққан комедиясы көрермен қошеметіне ие болады. Режиссердің қоржынында сонымен қатар, «Наурыз.кз», «Больше, чем кино», «Жена – не стена», «Семейные страсти» сияқты фильмдері бар. Ал, биыл Асқар Бисембин «Три подружки» атты жаңа туынды түсірді.

Асқар Ұзабаев

Асқар Ұзабаев қалың көпшілікке өзінің «Ғашық жүрек» атты фильмі арқылы кеңінен танылды. 2012 жылы фильм «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша 25 бөлімнен тұратын телехикая болып шықты. Бұлардан бөлек, режиссер телеарналар үшін «Вузеры», «Тракторшының махаббаты» және «Махаббатым жүрегімде», « IT-молодец», «Батырлар» сияқты телесериалдар түсірді. Сонымен қатар, Асқар Ұзабаев «Сұр бойдақ», «Осторожно, корова!», «Жол» және тағы басқа фильмдердің режиссері. Соңғысы үшін ол сыншылар пікірі бойынша үздік режиссер атағына ие болған.

Рүстем Әбдірашев

Рүстем Әбдірашев көбінесе тарихи туынды түсіретін режиссер. Өз картиналарында ол патриоттық тәрбие беріп, отанға деген сүйіспеншілікке баулиды. Режиссер осы уақытқа дейін «Остров возрождения», «Құрақ көрпе», «Подарок сталину», «Небо моего детства», «Путь лидера. Огненная река. Железная гора», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Қазақ хандығы. Алтын тақ» сияқты картиналар түсірді.

Ермек Тұрсынов

Ермек Тұрсынов өзінің режиссерлік қызметін осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2012 жылы «Келін» картинасын түсіруден бастады. Фильмді «Оскар» сыйлығының «Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымына іріктеліп алынған болатын. Келесі жылы ол ортағасырық Шығыстың атақты қолбасшы, Мысыр мен Сирияның сұлтаны – Бейбарыс туралы өзінің «Мамлюк» атты романын таныстырды. Бұдан кейін ол «Семь майских дней», «Шал», «Кенже» атты фильмдерін шығарды.

Әділхан Ержанов

Әділхан Ержанов заманауи Қазақстан режиссерлерінің жарқын үлгісінің бірі. Оның кинодағы әрекеті мен оған деген көзқарасы отандық киноматографияда жаңа серпін әкелді. Оның киноларында әлеуметтік маңызы бар тақырыптар қозғалады. Сондықтан болар көрермен оның фильмдерін жақсы қабылдайды. Өзінің «Риэлтор» атты картинасы үшін ол «Киношок» фестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болған. Оның қоржынында сондай-ақ, Строители», «Хозяева», Чума в ауле Каратас», «Черный, черный человек», «Ласковове безразличие мира», «Бой Атбая» және тағы басқа авторлық фильмдері бар. Оның картиналары талай халықаралық кинофестивальдерде жеңімпаз атанған. Ал, өткен жылы режиссер азиялық «Оскар» сыйлығында «Үздік режиссер» атағына ие болды.

Қанағат Мұстафин

Қанағат Мұстафин де қазақстандық режиссерлердің үздік көрінісі. Оның режиссерлік қоржынында «Рывок», «16 қыз», «Ең сұлу», «Той любой ценой» сияқты толықметражды картиналар, бұлардан бөлек, «Айналайын», «Қара шаңырақ», «Кеңесшілер» және тағы басқа сериалдар мен қысқаметражды фильмдері бар. Ал, қазір режиссер қазақтың палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов жайында «Қажымұқан» атты жаңа туындысын түсіріп жатыр.

Ерлан Нұрмұхамбетов

Ерлан Нұрмұхамбетовтың кино саласында тәжірибесі мол режиссер. Ол «Қош бол, Гүлсары», «Қызғалдақ», «Киллер», «Жол» және «Шиза» сияқты фильмдерде екінші режиссер болып қызмет етті. Көрермендерге режиссер «Базарбаевтер» телехикаясы арқылы танымал болды. «Оның Аңшы бала» толықметражды картинасы мен «Жаңғақ тал» комедиялары да сәтті шықты. Кейінгісі Пусанда өткен халықаралық кинофестивалінде «Жаңа толқын» секциясында бас жүлдені жеңіп алған.

Біз өмірлерін режиссурамен байланыстырған барлық режиссерлер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеп, көрермендердің сүйіспеншілігі мен қошеметіне бөлене беруге ниетімізді білдіреміз! Барлық актерлерге өз режиссерін, ал режиссерлерге – өз көрерменін табуға тілектеспіз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы