Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 маусым, 2020346

Бүгін Тимур Бекмамбетовтың туған күні

Бүгін, яғни 25 маусым күні белгілі қазақстандық әрі ресейлік режиссер, продюсер әрі сценарист Тимур Бекмамбетов туған күнін атап өтуде. Биыл танымал тұлға 59 жасқа толды.

Тимур Бекмамбетов 1961 жылы бұрынғы Гурьев қаласында (ҚР қазіргі Атырау қаласы) дүниеге келді. С.Киров атындағы №17 Гурьев орта мектебін тәмамдаған. 1979-1980 жылдары Мәскеу авиация институтында оқыды. 1987 жылы Т.Бекмамбетов А.Островский атындағы Ташкент көркем театр институтының «кино және театр суретшісі» мамандығы бойынша сурет өнері факультетін бітірді. 1986-1987 жылдары «Перед большой дорогой на войну» телефильмін түсіруде қоюшы-суретші ретінде қатысқан.

Болашақ режиссер Ашхабад түбінде артиллерия қатарында әскери борышын өтеді. Бұдан кейін ол «Ильхом» театры мен «Өзбекфильм» киностудиясында суретші болып қызмет етті. Содан соң Мәскеуге көшкен Тимур Бекмамбетов музыкалық және жарнамалық бейнебаяндар түсірді. 1989-1990 жылдары француздық «Даттана» компаниясымен бірлесіп, «Арал теңізі» көркем фильмін түсірді. 1992 жылы ол «Пешеварский вальс» толықметражды фильмінің авторласы әрі қосалқы режиссері болды. Бұл фильм кейін 1994 жылы үздік режиссерлік жұмыс пен актерлік ансамблі үшін Чехия елінің Карловы Вар қаласында өткен Халықаралық кинофестивалінде жүлделі болды. Сонымен қатар, Сорренто кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығы мен «Кинотаврда» киносыншылардың арнайы сыйлығына ие болған.

1994 жылы Тимур Бекмамбетов «Империал-фильм» студиясын, ал 1999 жылы «Базелевс» компаниясын құрды. 2004 жылы белгілі тұлға Сергей Лукьяненконың аттас романы негізінде түсірген ресейлік «Ночной дозор» фантастикалық лентасының режиссері әрі авторласы ретінде кең танымалдылыққа ие болды. Бұл оның кино режиссері лауазымының сәтті бастауы болды. Аталған фильм шетелде кең сұранысқа ие болған алғашқы ресейлік туынды екен. Ал, Тимур Бекмамбетовтың голливудтық жетістігі – оның атақты актриса Анджелина Джолидің қатысуымен 2008 жылы түсірілген «Особо опасен» атыс-шабыс жанрындағы фильмі болды. Бұл туындыдан соң, атақты режиссер «Черная молния», «Елки» және басқа да фильмдердің продюсері болды. 2012 жылы жерлесіміз Голливудта тағы бір режиссерлік жұмысымен жарқ етті. Бұл - «Аврам Линкольн. Охотник на вампиров» фильмі еді. Ал, 2016 жылы режиссер Бен-Гур фильмін таспалады.

2018 жылы Бекмамбетов скрин-лайф форматында түсірген «Профиль» атты жаңа туындысының тұсауын кесті. Бұл жоба алғашында еуропалық көрермендер үшін дайындалған еді. Алайда, кейін ол бұл фильмді орыс тілді аудиторияға да бейімдеу керектігін жөн шешті. Туынды «Берлинале» мен «Санденс» кинофестивальдерінде көрермендер көзайымы сыйлығын иеленді. Скрин-лайф форматында режиссердің «Убрать из друзей» мен «Поиск» атты фильмдері бар.

Тимур Бекмамбетовтың қоржынында атақты фильмдер баршылық. Ол жоғарыда аталған фильмдерден бөлек, бес бөлімді «Елки», «Дневной дозор», «Ирония судьбы. Продолжение» және тағы басқа картиналарға режиссерлік етті. Қазір ол «Фау-2. Побег из ада» фильмінің түсіру үстінде. Оның продюсерлік қоржынында да фильмдері аз емес: «Громовы», «Громовы. Дом надежды» сериалдары, «Nine» анимациялық картинасы, «Аполлон 18», «Фантом», «Игра в правду», «Алиса знает, что делать», «Счастливые люди: Год в тайге», «Хардкор», «Время первых», «Знаешь, мама, где я был?», «Мой супер папа!» және тағы басқа туындылар. Алдағы уақытта «Потерянный и возврашенный мир», «Фау-2. Побег из ада», «Воскресшие», «Взаперти» сияқты тағы бірнеше картинаға продюсерлік етпек.

Туған күн иесін төл мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, сарқылмас шабыт пен шығармашылық табыстар тілейміз!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы