Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 шілде, 2020313

Бүгін Елбасы мерейлі 80 жасқа толды

Бүгін ел үшін айтулы күн. Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған күні! Елбасы биыл 80 жасқа толып отыр. Оның өмірі мен еңбек жолы көпке үлгі. Оның балалық шағы, «Қазметаллургқұрылыс»-тан Қазақстан Республикасы Президентіне дейінгі жүріп өткен жолы отандық фильмдерде көрініс тапты. Оларды ел тұрғындары ғана емес, шетел көрермендері де тамашалады. Айтулы датаға орай Тұңғыш Президенттің жүріп өткен жолын суреттейтін фильмдер топтамасын жасауды жөн көрдік.

«Көшбасшы жолы» киноэпопеясы – бұл бес көркем фильмнен тұратын көлемді жоба. Нұрсұлтан Әбішұлының бала кезінен бастау алатын туынды. Хикая Қазақстанның болашақ Көшбасшысының қалыптасу жолынан сыр шертіп, бозбала шағын, студенттік жылдары мен сол кезде елде болып жатқан оқиғаларды суреттейді.

«Көшбасшы жолы» - бұл әлі мемлекет басшысы болатынын ойламаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті жайындағы биографиялық драма. Тартымды картинаның сценарийін Шахимардан Құсайынов пен Рүстем Әбдірашевтер жазды. Дегенмен фильм желісіне Елбасы өмірінде болған шынайы оқиғалар негіз болды. Фильм премьерасы 2003 жылы өтті.

Жас мемлекет басшысын қазақстандық актер Нұрлан Әлімжанов сомдайды. Бір жылдан соң түсірілген «Тығырықтан жол тапқан» атты кинокартинада да ол бас кейіпкерді – елдің болашақ басшысының рөлін орындады. Ал, Елбасы жайындағы төрт бөлімнің режиссері Рүстем Әбдірашев болды.

Бұл сериядағы алғашқы кинолента - «Балалық шағымның аспаны». Фильм Елбасының «Без правых и левых», «Эпицентр мира» және «В центре Евразии» атты естелік-кітаптары негізінде түсірілді. Картинада балалық шағы соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда өткен баланың хикаясы суреттеледі. Кинотуынды көрермендерге қиын жағдайға қарамастан, адамның жеке тұлғасының қалыптасуын көрсетеді. Бас кейіпкер ауыр жағдайларда өсуге мәжбүр болды, алайда баланың дүниетанымы еш өзгерген жоқ. Ойы таза әрі адал болып қалды. Тылсым табиғат та өмірді өзгеше сезінуге көмектесіп, бала Нұрсұлтанның ойына керемет арман ұялатты. Ол ұшқыш болғысы келіп, Киев азаматтық авиация институтына түсуді армандайды. Фильмде оны Сұлтан деп атайды, Елбасы бала кезінде дәл осы атымен барлығының есінде қалады.

«Балалық шағымның аспаны» - өмірдің құндылықтарын қайта ой елегінен өткізуге көмектесетін фильм. Кинотуынды 2011 жылы жарық көрді. Бас рөлдердің бірін қазақстандық актер Байкенже Белбаев сомдайды.

«Көшбасшы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен» және «Теміртау» атты екінші және үшінші бөлімдері Нұрсұлтан Назарбаевтың студенттік жылдарын, оқуды аяқтағаннан кейінгі Теміртау қаласындағы алғашқы қызметін суреттейді. Фильмнің негізгі ерекшелігі – бірегей архивті кадрлардың, сирек автокөліктер мен трамвайдың көрініс табуы. Картиналар 2013 жылы жарық көрді.

«Тығырықтан жол тапқан» - бұл киноэпопеяның төртінші картинасы. Сюжет желісі өткен ғасырдың 70-ші жылдары өрбиді. Кинолентаның бас кейіпкері – Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы. Нұрсұлтан Әбішұлы мәселелердің шешілуінің тың тәсілін ұсынады. Алайда бұл басшылық тарапынан құпталмайды. Бұл аздай, оны Мәскеуге шақырады. Фильм Елбасының саяси қызметінің бастауында кездесетін киындықтарын баяндайды. Лента түсірілімдері 2014 жылы басталды. Сыншылар 70-ші жылдардағы атмосфераны жеткізе білген картинаны жоғары бағалады.

Эпопеяның соңғы бөлімі - «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі. Бұл фильмнің түсірілімін ресейлік режиссер Сергей Снежин жүргізді. Бұл кинолента Нұрсұлтан Назарбаев пен елдің 1984 жылдан 1991 жыл аралығындағы кезеңін суреттейді. Бұл фильмнен көрермен мемлекеттің құрылуының маңызды бөліктерін тамашалай алады.

Картина Ұлт Көшбасшысы туралы жаңа кітап жазу үшін Елбасынан сұхбат алғанға астанаға ағылшын жазушы Уилсон Арнсайдтың келуінен басталады. Қызықты әңгіме Нұрсұлтан Әбішұлы мен жазушыны жас тәуелсіз елдің тарихына саяхатқа апарады. Кинолента 2016 жылы жарық көрді. Фильмге қазақстандық актерлермен қатар ресейлік актерлер де түсті. Осылайша, Ельциннің рөлі ресейлік актер Алексей Гуськовқа бұйырды. Ал, Елбасының рөлін қазақстандық режиссер Берік Айтжанов сомдады.

Елбасы жайындағы тағы бір туынды - «Көшбасшы жолы. Астана» жобасы. Режиссері Ақан Сатаевтың картинасы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Сюжет желісіне жас астана құрылысының тарихы негіз болды. Оқиғалар желісі 1994 жылды қамтиды. Дәл осы жылы елдің Тұңғыш Президенті ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыруға ұсыныс жасады. Бұл барлығы үшін күтпеген әрі мүмкін емес жаңалық болып көрінді. Ақыры Елбасының басшылығымен түрлі қиындықтарды еңсере отырып, бұл бастаманы жүзеге асыру мүмкін болды. Сол сәттен бастап, астана жаңа мәртебеге ие болды. Жас Елорда армандар, сенім мен болашақтың қаласына айналды. Фильм кез келген қиындықты жеңіп, аңсаған арманнан бас тартпай, алға ұмтылуға үйретеді. Картина 2018 жылы жарық көрді. Рөлдерді Мұрат Ахманов, Еркебұлан Дайыров, Жан Байжанбаев, Олег Ни, Азат Сейітметов, Асқар Ілиясов, Гүлнар Жақыпова және басқалары сомдайды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз! Елді алға бастайтын бастамаларыңызды сәтті жүзеге асырып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы