Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 шілде, 2020328

Бүгін - Елорда күні

Бүгін Елорда өзінің жиырма екі жылдығын атап өтуде. Қазақстанның жас астанасы – жаңа идеялар мен бастамалардың қаласы. Мұнда фильм түсірудің өзі бір ғанибет! Ал, елімізде Елордада және ол туралы түсірілген картиналар аз емес. Осыған орай, сіз бен біздің сүйікті астанамызға қатысы бар фильмдер топтамасын жасадық.

«Астана – менің жүрегім»

Бұл фильм - бір-бірімен байланысы жоқ киноновелладан құралған киноальманах. Фильм - астананың түрлі тұрғындарының басынан өткізген өмірлік, сиқырлы, таңғажайып әрі таңқаларлық он әдемі хикая. Кинотуындыны бірнеше режиссер түсірді. Олардың қатарында Рүстем Әбдірашев, Фархат Шәріпов, Эля Гельман, Айдар Баталов, Егор Кончаловский және басқалары бар. Фильм «Нью-Йорк, я люблю тебя», «Париж, я люблю тебя» сынды туындылар іспеттес. Ондағы рөлдерді актерлер Наталья Орынбасарова, Гүлнар Досматова, Фархат Абдраимов, Евгений Жуманов, Султанна Каримова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Бибигүл Сүйіншалина, Санжар Мәди және басқалары сомдайды. Фильм 2012 жылы жарық көрді.

«Астана – махаббатым менің»

«Астана – махаббатым менің» - бұл шиеленіс, сатқындық, билік үшін күрес сияқты сезімдер араласқан махаббат пен тағдыр тәлкегі туралы көпбөлімді телехикая. Хикая сонау 25 жыл бұрын Қазақстан аспанында ұшып бара жатқан ұшақтан бастау алады. Әуе кемесінде бай түрік азаматының әйелінің толғағы басталып, ол сонда босанады. Босануға оған қазақ дәрігері көмектеседі. Сөйтіп қыз босанған түрік әйелі мен бір жасар ұлды тәрбиелеп отырған қазақ дәрігер балалары өскен соң оларды үйлендіруге сөз байласады. Уақыт өте жастар шынымен де астанада кездеседі. Алайда ойлары мүлдем шаңырақ көтеру жайында емес. Оларды байланыстырып тұрған тек қазақ пен түрік құрылыс компаниялары арасындағы бәсекелестік. Жастар арасындағы қарым-қатынас қалай өрбиді? Аналарының арманы орындала ма?

«Астана – махаббатым менің» фильмін қазақ және түрік киностудиялары бірлесіп түсірген. Мелодраманың премьерасы 2010 жылы Қазақстанда өтті. Картина режиссері – Ермек Шынарбаев. Фильмде ол кезде кинода алғашқы қадамдарын жасай бастаған актерлер Бибигүл Сүйіншалина, Әділ Ахметов, Дастан Оразбеков, олардан бөлек, Жанна Қуанышева, Гүлнар Досматова, Баян Есентаева және түрік актерлері – Бахар Акча мен Эрман Бурмалилер өнер көрсетеді.

«Астанаға көктем кеш келеді»

Фильм ауылдан астананы бағындыруға келген Назым есімді жас қыздың ауыр тағдыры жайында сыр шертеді. Оқуға түсуге келген ол емтиханнан өте алмай қалады. Сөйтіп, не істерін білмей дал болғанда жаңалықтар легінен ел астанасын Ақмолаға көшіретінін естиді. Жас астанамен өмірін байланыстырғысы келетін ол құрылыс алаңына жұмысқа тұрады. Содан өмірінде болатын түрлі қиындықтарға қарамастан, бойжеткен қатайып, жас астанамен бірге қанатын кеңге жайып, осында өз махаббатын табады. Картина қарапайым болса да, түрлі адамның түрлі тағдырын суреттейді. Фильмде бас кейіпкердің шытырман оқиғаға, қызықты сәттер мен мөлдір мұңға толы күндері көрініс табады. Картинада актерлер Арай Орақбаева, С.Қашқабаев, Е.Жақсылықов, С.Тоқманғалиевалар сомдайды. Кинотуынды режиссері - Еркін Рақышев. Фильм 2009 жылы жарық көрді.

«Астана – ғашықтар мекені»

Режиссерлер Данияр Саламат пен Кенжебек Шайқақовтың «Астана – ғашықтар мекені» атты фильмі бай баласы мен жарлы баласы жайындағы хикая. Алғашқысы әдет пен ұяттан безген болса, екіншісі әр әрекетін иман мен ақылға салады. Оларды біріктіретін – махаббат. Қос жігіт бір қызға ғашық болады. Фильмде бас рөлдерді актерлер Ақан Жолымбетов, Мәлік Әбдіраманов, Аша Матай, сондай-ақ Бақытжан Әлпейісовтер сомдайды. Мелодрама 2008 жылы жарық көрді. Сюжет желісі астанада өрбиді.

«Бәйтерек»

Бала кезде бір нәрсені қатты қаласаң, ол міндетті түрде орындалатын сияқты көрінеді. Төртінші сынып оқушысы Санжар есімді бала қаладан ата-әжесіне ауылға келеді. Мұнда ол көптеген дос тауып, бос уақытын қызықты өткізеді. Шағын ауыл балдырған үшін нағыз бақыт пен арманы орындалатын мекенге айналады. Бас кейіпкердің тек жалғыз ғана қайғысы бар. Оған ата-анасының махаббаты жетіспейді. Санжар олардың оның жанында болғанын қалайды. Ол бұл арманы астананың басты символы - Бәйтеректің басында тілек тілесе, орындалатынына сенімді.

Фильм 2009 жылы түсірілді. Оның әлемдік премьерасы да осы жылы болды. Кинолентаның сәтті шығуы – оның режиссерінің еңбегі. Данияр Саламат бас кейіпкердің уайымы мен бар эмоцияларын экран бетінде жақсы көрсете білді. Фильмдегі бас рөлді актер Орынбек Молдахан сомдады. Түсірілім кезінде актер небары 10 жаста еді. Картинада сонымен қатар Мөлдір Мырзақасымова, Меруерт Өтекешова, Құсман Тастанбековтер өнер көрсетеді.

«Арман қала»

Режиссер Эрнест Әбдіжапаровтың «Арман қала» атты картинасы 12 бөлімнен тұратын хикая. «Арман қаладағы» негізгі оқиға желісі Елорда мен Алматыда өрбиді әрі бас кейіпкері – дәрігер Әлия Сәбитованың өмірі жайында сыр шертеді. Картинада мейірімділік, кеңпейілділік пен сыйластық сияқты қасиеттер көрініс табады. Фильмде актерлер Назгүл Қарабалина, Әлия Әнуарбек, Лидия Кәденова, Венера Нығматулина, Меңдібай Өтепбергенов, Саят Исембаев, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов, Азамат Әшімов, Ерден Телемісов, Ержан Түсіпов, Сергей Погосян, Санжар Мәдилер рөлдер сомдайды. Телехикая премьерасы 2009 жылы өтті.

«Перекресток в Астане»

«Тоғысқан тағдырлар» атты телехикая тоқсаныншы жылдары көпшілік сүйіп көретін хикаялардың бірі еді. Сол себепті картина жалғасын тапты. Жылдар өтті, кейіпкерлер өмірі өзгерді. Платоновтар мен Омаровтардың аға ұрпағы қартайып, ұрпақтары балалы-шағалы болды. Людмила қызымен бірге Владивостоктан Елордаға көшеді. Отбасы жаңа пәтер алып, жаңа қонысқа бейімделе бастайды. Жаңа пәтердегі бірінші күні-ақ Людмиланы көршілердің айғайлатып қойған музыканың дыбысы ашуландырады. Көршілеріне көтеріліп, наразылығын білдірмекші болған ол өзінің бұрынғы танысы Ағайшаны кездестіреді. Жаңа телехикаяда ескі құрбылар бұрыңғы қарым-қатынасын дұрыстамақ ниетте, алайда ескі хикая бұған кедергі болады.

Ал, Омаровтар жанұясы болса, 10 жылдан бері Елордада тұрып жатыр. Ағайшаның жұбайы темір жол басқармасының үлкен бастығы. Ол өзінің қаласын, жұмысы мен отбасын жақсы көреді. Ұлдары Оксфордты тәмамдауға шақ қалды, қыздары Қазақстанда білім алуда. Ал, аналары суретші болды. Кейіпкерлердің жаңалығы көп, себебі арада талай жыл өтті. Отбасы өткен өмірлерімен қайта кездесіп, оны қабылдамақ болады. Алайда талай жылдан соң барлығымен келісу мүмкін болмайды.

Режиссер Ермек Шынарбаевтың «Перекресток в Астане» телехикаясы 2015 жылы «Хабар» телеарнасында жарық көрді. Бас рөлдерді Ерік Жолжақсынов, Жанна Қуанышева, Сергей Погосян, Арман Бекмагамбетов, Андрей Марычев, Әсел Ақбарова, Гүлнар Досматова, Гүлжан Аспетова, Дастан Оразбеков, Дина Тасболатова, Елена Тронина, Людмила Крючкова, Сәуле Рахметова, Всетлана Фортуна, Сон Паскальдер сомдайды.

Бұдан басқа режиссер Мұрат Бидосовтың «Алтын алқа» мен «Астана – махаббат жағалауы», Сіләмбек Тәуекелдің «Жерұйық», Ақан Сатаевтың «Бизнесмены», Нұрлан Қоянбаевтың «Му love is Aisulu» фильмдері сонымен қатар, «Махаббат тәлкегі», «Препод», «Все из-за мужиков», «Виртуальная любовь», «Ничего личного» сияқты картиналарда сіз бен біздің әсем астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының әдемі көшелері мен зәулім ғимараттары көрініс табады.

Барша қазақстандықтарды Елорда күнімен құттықтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілейміз. Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы одан әрі жарқырап, көркейе берсін!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы