Размер шрифта:

Цветовая схема:

10 қыркүйек, 2020479

Бүгін «Желтая кошка» отандық туындысы Венецияда көрсетіледі

Бүгін қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Желтая кошка» атты жаңа картинасының әлемдік премьерасы 77-ші Венеция кинофестивалінде өтпек. Бұл туралы киногер өзінің әлеуметтік парақшасындағы « Stories»-нде бөлісті.

«Менің ойымша, бүгінгі таңдағы Венецияның тірі форматы - бұл кез-келген фильм үшін ең күшті премьера және мен мұндай мүмкіндіктің біз үшін туындағанына өте қуаныштымын. Осындай жақсы жаңалықпен «Желтая кошка» фильмінің бүкіл командасын құттықтаймын!», - деді режиссер Әділхан Ержанов. Венециялық кинофестивальде қазір дәл қызған шақ. Бүгін шараның басталғанына тоғыз күн болды. 2 қыркүйек күні бастау алған фестиваль алдағы сенбі, яғни 12 қыркүйек күні аяқталады. Пандемиядан кейін өткізіліп тұрған алғашқы киношараға халықаралық кинематографтың өкілдері жиналды. Отандық киногердің туындысы 77-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер»/«Горизонты» бағдарламасы шеңберінде Sala Darsena кинотеатрында көрсетіледі.

«Желтая кошка» фильмі қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» хикаясынан сыр шертеді. Кермек есімді жігіт абақтыдан соң өзінің туған қаласына оралып, шаһарды қылмыстық топ басқаратынын көреді. Картинадағы бас рөлдерді ресейлік актер Азамат Нығманов пен қазақстандық актриса Камила Нұғмановалар сомдайды. Фильмдегі рөлдердің бірін отандық танымал актер Санжар Мәди орындайды. Картина қазақстандық Short Brothers компаниясы мен француздық Arizona Productions компаниялары, сонымен қатар Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен «Zerde films» компаниясы түсірген. Фильм түсірілімдері өткен жылы Алматы облысында өтті. «Желтая кошка» картинасы режиссер Ержановтың түсірген тоғызыншы толықметражды фильмі. Ал биыл киногер өзінің оныншы төл туындысын - «Коллективный иммунитет» картинасын түсірді.

Қазақстандық картина қатысып отырған «Көкжиектер» бағдарламасының халықаралық қазылар алқасын биыл «Хорошая работа», Впусти солнце», «Высшее общество» фильмдерімен танымал атақты француз режиссері Клэр Дэни басқарады. Отандық туындымен бірге аталым жүлдесіне Израиль, Жапония, Италия, Қытай, Германия, Үндістан және басқа елдердің картиналары үміткер атанып отыр. Фестивальде картинаны режиссер Әділхан Ержанов, бас продюсерлер Әсел Сәдуақасова мен Қанат Битеміров, басты рөлдерді сомдаушылар Азамат Нығманов, Камила Нұғманова және Санжар Мәди, сондай-ақ продюсерлер Серік Әбішев, Ольга Хлащева және Гийом де Сиель таныстырады.

«Венецияда көрсетілім ұйымдастыру - бұл біздің бүкіл команда үшін үлкен бақыт және орасан зор мақтаныш!», – деді фильмнің бас продюсері Әсел Сәдуақасова.

Картинада өнер көрсеткен актерлер де фестивальден алған әсерлерімен бөлісті.

«Коронавирусқа қарамастан, біз осындамыз және бұл біз үшін үлкен қуаныш. Ең бастысы, қазір біздің фильміміз туралы бәрі естіп, мүмкіндігінше көп адамдар білуі керек. Бұл фильм толықтай өмір сүруі керек!» – деді актер Азамат Нығманов.

«Мен ең жағымды сезімге бөленіп отырмын. Қазір бүкіл әлем қиын уақытты бастан кешіруде, бірақ бұл қиындықтардың бәрін кино жеңіп шығуы керек деп сенемін!», – деді актер Санжар Мәди.
 

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  режиссердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы