Размер шрифта:

Цветовая схема:

09 маусым, 2020410

«Черный, черный человек» кинокартинасы үлкен экранға қайта оралады

Бірқатар артхаустық картиналардың авторы, режиссер Әділхан Ержановтың «Черный, черный человек» фильмі қазақстандық прокатқа қайта оралады. Бұл туралы киногер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Көптеген көрерменнің сұрауы бойынша «Черный, черный человек» жуырда қайта прокатқа шығатынын қуана хабарлаймын», - деп жазды ол.

Естеріңізге сала кетейік, нуар жанрындағы картина биылғы жылдың 6-шы ақпанынан бастап, үлкен экрандарға жол тартып, қалың көпшілік назарына ұсынылған болатын.

Фильм сюжетіне келсек. «Черный, черный человек» драмасы ауылда өлтірілген баланың хикаясынан сыр шертеді. Бекзат есімді тергеуші істі тезірек жаппақ болады. Себебі, ешкімге зияны жоқ Пукуар есімді тұрғынды жергілікті полицейлер кінәлі деп тауып отыр. Ауылға қаладан Ариана есімді журналист қыз келген соң, іс насырға шабады. Сол себепті тергеушіге енді шынайы тергеу жұмыстарын жүргізуіне тура келеді.

Фильмнің продюсерлері болып Эрнар Құрмашев, Ақан Сатаев, Серік Әбішев пен Ольга Хлыщевалар еңбек етті. Музыкасын белгілі қазақстандық музыкант Ғалымжан Молданазар жазды. Фильм операторы ресейлік жігіт - Айдар Шәріпов. Ал, картинада бас рөлдерді актерлер – Данияр Алшынов пен Динара Бақтыбаевалар сомадады.

Айта кетейік, «Черный, черный человек» картинасының әлемдік премьерасы өткен жылдың қыркүйегінде Сан-Себастьянда болған 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі бағдарламасында өтті. Бұл фильм режиссура үшін 2019 жылы Азия-Тынықмұхиттік кинопремиясын жеңіп алды. Бұл жүлдені «азиялық Оскар» деп те атайды. Ал, биыл «Черный, черный человек» картинасы отандық «Сыншылар таңдауы-2020» байқауында «Үздік драмалық фильм», «Үздік режиссер», «Үздік оператор», «Үздік әйел рөлі» және «Үздік ер адам рөлі» сияқты бірден бес аталым бойынша жеңіске жетті.

Фильм қазақстандық прокатқа қайта оралатын нақты күні әзірге белгісіз. Ол туралы авторлар кейін жеке хабарлайтындықтарын мәлімдеді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы