Размер шрифта:

Цветовая схема:

14 қыркүйек, 2021253

Дамир Манабаев – экранизация шебері

Дамир Манабаевтың фильмдеріне тән ерекшелік – режиссердің қазақтың қаламы қарымды жазушыларының көркем шығармаларын түпнұсқадан кем емес, керемет кино етіп түсіре алуы. Ол өзінің үш толықметражды фильмінде Оралхан Бөкейдің, Әбіш Кекілбаевтың және Дулат Исабековтың повестерін негізге алады. Ендеше киногердің осы және өзге де фильмдеріне толығырақ тоқталайық.

Дамир Манабаев – 1946 жылы 11 маусымда дүниеге келген режиссер. Ол орта мектептен кейін, Шымкент политехникалық институына оқуға түскен. Оны тәмамдаған соң Қаратау, Шымкент, Алма-Ата зауыттарында мамандығы бойынша жұмыс істеді, кейін Кеңес әскеріне қызмет етті. Ал 1973 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына кеңестік киногер Юрий Павлович Егоровтың шеберханасына оқуға түседі. Кино және теледидар режиссурасы факультетін тәмамдаған Манебаев – 1978 жылдан бері «Қазақфильм» киностудиясының қоюшы-режиссері. Ол 2001 жылдан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы болып қызмет атқарып келеді. ҚР Кинематографистер одағының мүшесі.

Манабаев осы күнге дейін алты толықметражды, бір қысқаметражды картина түсірген. Олардың ішінде «Сұрапыл Сұржекей», «Қазақы оқиға» фильмдерінің сценарийін өзі жазған.

«Раушан» (1978)

1978 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Раушан» қысқаметражды картинасы – Дамир Манабаевтың режиссерлік жолындағы дебюті. Ол алғашқы картинасын Светлана Михальченконың сценарийінің желісімен түсірген. Фильм операторы Федор Аранышев болды, ал композитор болуы мүмкіндігі Базарбай Жұманиязовқа бұйырды.  Картинаға қоюшы-суретшілік қызметін атқаруға Владимир Арыскин шақырылған. Драманың дыбыстық жұмыстарымен Зинаида Мұхамедханова шұғылданды.

Кинокартинаның сюжеті ауылдық кеңестің төрағасы болған әйелдің қиын өмірін бейнелейді. Өз міндетін атқара отырып, Раушан ауылдық кулактармен және өзінің күйеуімен қақтығысқа түседі.

Кинотуындыдағы басты кейіпкерлердің образдарын Гүлзия Белбаева, Б.Жайсанбаев, Нұржұман Ықтымбаев, Әмина Өмірзақова секілдлі актерлер сомдап шықты.

 

«Туған дала» / «Родные степи» (1982)

Дамир Манабаевтың алғашқы толықметражды туындысы – 1982 жылы жарыққа шыққан 63 минуттық «Туған дала» комедиясы. Фильм сценарийінің авторы – Юнус Усманов, ал операторы – Әубәкір Сүлеев. Мелодрамалық комедияға әсерлі әуен жазуға Тілес Қажығалиев тартылса,  қоюшы-суретші ретінде Виктор Тихоненко шақырылған.

Қазақстанның оңтүстігіндегі бір ауыл тұрғындарының бір-біріне деген әдептілігі мен сыпайылығымен басқа ауылдардан ерекшеленеді. Кинофильмнің сюжеті бойынша, жас жұп Аман мен Айжан бір-біріне ғашық болып, өздерін бір-бірінсіз елестете алмайды. Алайда, сезімдерінің сонша тереңдігіне қарамастан, екеуінің моральдық қарама-қайшылықтарына байланысты олар үнемі жанжалдаса береді.  

Осындай ұрыстардың бірінен кейін олардың көршісі Нағима бойжеткенге оның  сүйіктісі туралы әр түрлі әңгімелер айтып, қызды өзінің жолы болмай қалған ұлы Оспанға алып беруге әрекет жасауды шешеді. Өзінің қарақан басын ойлап, Нағима ауылдың жазылмаған заңын, яғни шыншылдық пен әдептілікті бұзады. Жас сұлудың назарын аудару арқылы жағымсыз әйел бірін-бірі қалтқысыз сүйген жүректің одағын бұзуы мүмкін. Жастардың барлық жанжалдары шынайы сезіммен салыстырғанда бір тиынға да тұрмайтынын, олардың махаббаттары олардың басты байлығы екенін түсінулері үшін, олар көптеген кедергілер мен күлкілі жағдайларды бастан өткізеді. Фильмде көтерілген өткір әлеуметтік тақырып – бүкіл шығарманың негізгі ойы.

Кинокартинаның басты рөлдерінде Нағима Есқалиева, Венера Нигматулина, Сапарғали Жәкішев, Нұрмұхан Жантөрин, Есболған Жайсаңбаев, Болат Шанин, Гүлнара (Гүлнар) Рахымбаева, Майра Омарбаевалар сомдады.

Картина  КСРО Мемлекеттік телерадио хабарларын тарату компаниясының тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді.

«Айқай» / «Крик» (1986)

Манабаев екінші толықметражды картинасын Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» деп аталатын повесінің желісі бойынша түсірген. Ал әдеби шығарманы көркем фильмнің сюжетіне бейімдеген сценарий авторы: Болат Мансұров болды. Кинокартинаның операторы ретінде Бек Бақтыбеков пен М.Шайдино шақырылса, қоюшы-суретші қызметіне Александр Ророкин тартылды. Картинаға лайық музыкалық композициялар жазған әйгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов, ал дыбыс режиссері Андрей Влазнев болды.

Кинофильмнің негізгі кейіпкерлерін сомдауға Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрлан (Нұрлыбай) Есімғалиев, Болот Бейшеналиев, Зибагүл Карина, Қарғамбай Сатаев, А.Оразбеков, А.Аблаева, А.Құланбаева, Шамшагүл Мендиярова секілді актерлер шақырылған.

Фильм сюжеті Оралхан Бөкейдің 1984 жылы жазған «Сайтан көпір» немесе «Крик» деп аталатын көркем шығармасының негізінде өрбиді. Драмалық картинада жақсылық пен жамандықтың қарсыласуы, адам батылдығы мен өмірлік жағдайларға қарсы тұру мәселелері қарастырылады. Фильм оқиғасы тәуекел деп тас жұтқан Аспанның жападан-жалғыз Тарбағатай қыстағына бір үйір жылқыны айдап, «Сайтан көпірге» арып-ашып жеткенде қар көшкініне тап болуын бейнелейді. Туынды бір ғана адамның бастан кешірген оқиғаларымен тұтас жүйенің олқылығын сынайды.

Телевизиялық фильм Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.

«Сұрапыл Сұржекей» / «Суржекей – ангел смерти» (1991)

Дамир Манабаев бұл фильмінде көпшілікке сцеристік қырымен де танылады. Режиссермен бірге жазушы Смағұл Елубаев фильммен жұмыс істеген. Ал 129 минутқа созылатын кинокартинаның тамаша суретін камераға түсірген оператор Болат Сүлеев болса, фильмді әдемі әуенмен әрлеген композитор Әділ Бестыбаев. Кинотуындыға қоюшы-суретші ретінде Сәбит Құрманбеков шақырылған.

Тарихи драманың сюжеті бойынша, қалың құмның арасында адасқан ауыл өзінің заңдары – рулық жүйенің заңдары бойынша өмір сүреді. Өркениеттің ешқандай белгісі (атыс қаруынан басқа) әлі күнге дейін бұл елдімекенге жетпеген: жалаңаш киіз үйлер, түйелер, қымыз құйылған тостағандар мен жергілікті алкогольді ішімдіктер, т.б. Егер солш алкогольді далада жанып жатқан отқа құйсаңыз, от одан сайын жарқырай түседі. Алайда мұндағы адамдар арасындағы қарым-қатынас, жалпы алғанда, кез келген мегаполистегідей: махаббат пен жеккөрушіліктің қатар жүруі кез келген қоғамда кездеседі. Дәл осылай ауылда өзін Сұржекей деп атайтын кеңес өкіметінің өкілі пайда болғанға дейін жалғасты. Әлдебіреулер жартылай сауатты көшпендіні, дала мен шөлдің баласын қарумен жасандырып, қолына қылыш пен револьвер беріп, қаражатты иегеруді тапсырды. Ел астық пен етке мұқтаж. Бірақ бәрінен бұрын оларға қорқыныш пен бағынушылық сезімі жетпейді. Көрерменге мұндай бассыздықты ойлап тапқандар көрсетілмейді, оқиға мен әрекет қираған қоныстың шегінен шықпайды. Абсолютті күшпен қамтамасыз етілген, қаруланған және жендет көмекшілері бар мұртты кісі ауыл өмірінің астаң-кестеңін шығарады. Елдімекен тұрғындарының кейбіреулері оған ашықтан-ашық жағымпазданып, дегенін жасайтын жағдайға жетті. Ауылдағы жазылмаған адамгершілік заңдары бұзылып, адамдар бір-бірін ұстап беруді үйренеді. «Жарайсың, ол өзінің қайын атасын ұстап берді, істегеніне өкінген жоқ», – деп фильм кейіпкерлерінің бірін-бірі мақтайды. Сатқындар мен жүйеге көнгендерден бөлек, ауылда қатал және ақылды, қағидасына адал адамдар да бар. Ал Сұржекей болса, адам жанын алудың шеберіне айналады. Ақыр соңында, оған да, тағдырын онымен байланыстырғандарға да оқ табылады, бірақ бұл оқиғадан кейін ауылдағы адамдар ешқашан бақытты өмір сүре алмайды. Фильм екі жарым сағаттан кейін орыс тілінде айтылған мынадай моральді фразамен аяқталады: «Туылу – кездейсоқтық. Өлім – шындық. Адам – әлемде тек қонақ».

Кинофильмнің басты рөлдерін Нұрмұхан Жантөрин, Мейірман Нұрекеев, Жанас Ысқақов, Бақытжан Әлпейісов, Шамшагүл Меңдиярова, Бибігүл Жәрдемалиева, Алиман Джангорозова секілді актрелер сомдаған.  Картина 1991 жылы «Катарсис» кинокомпаниясының қолдауымен түсірілді.

«Қазақы оқиға» / «Чисто казахская история» (2001)

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» мен «Қадам» студиясы түсірген картина сексен жеті минутқа созылады. Режиссер Дамир Манабаев фильмге оператор ретінде Марат Тохтабакиев пен Борис Трошевті шақырған. Ал Мұрат Сәрсенбаев картинаға қоюшы-суретші ретінде үлес қосса, фильмнің басты рөлінде ойнаған Әділ Бестібаев кинотаспаға композитор ретінде де атсалысты.

Картинаның оқиғалары өткен ғасырдың 50-ші жылдары қазақ ауылында өтеді. Бұл – кек пен кешірім туралы философиялық астарлы әңгіме.

Драманың сюжеті бойынша, бала әкесінің жаназасында ұзақ уақыт түрмеде отырған ағасын – бауырымен қоштасуға келген жұмыссыз жігітті кездестіреді. Көп ұзамай бала өзінің биологиялық әкесі дәл осы азғын адам екенін біледі, ол бір кездері отбасын үлкен ағасына тастап кеткен. Жаңадан пайда болған әкесі баланың анасын үйден қуып жібереді. Ал жас бала өзін-өзі ұстай алмай, қылмыскерді өлтіреді.

Кинотуындының басты рөлдерін Әділ Бестібаев, Асанәлі Әшімов, Алдабек Шалбаев, Шамшагүл Мендиярова, Дәурен Шәріпбай, Алдаберген Шалдыбаев секілді актерлер сомдаған.

Фильм көзі қарақты көрерменнің көңілінен шығып, көптеген жылы пікірлерге ие болды. Ол әлемдік қауымға 2002 жылы қыркүйекте ТҮРКСОЙ фестивалі аясында көрсетілді. Сондай-ақ сол жылы мамырда Мәскеуде өткен қазақ киносының күндеріне, ал желтоқсанда Италияда өткен халықаралық кинофестивальге қатысты. Одан бөлек, 2003 жылы тамызда Үндістандағы  Халықаралық Мумбай кинофестивалінде ретроспективасы жасалды.

«Кек» / «Месть» (2006)

Дамир манабаев түсірген бесінші толықметражды картина 2006 жылы көрерменге жол тартты. «Кек» деп аталатын тарихи драманың продюсерлері Арман Әсенов пен Тасболат Мерекенов болды. Сценаристі Смағұл Елубаев болса, операторлық жұмысты Мұрат Әлиев пен Болат Сүлеев жүргізді. Әділ Бестібаев ффильмді музыкалық композицияларымен сүйемелдеп, Сәбит Құрманбеков картинаның суретін қоюмен айналысты.

Бір сағат 26 минутқа жалғасатын  кинофильмнің басты рөлдерінде Нияз Әбдіғапаров, Зухра Тасырова, Қожадурды Нарлиев, Алдабек Шалбаев, Ерік Жолжақсынов, Қарғамбай Сатаев, Жұмахан Әбдіқадыров, Нұрлан Алтаев, Шамшагүл Мендиярова, Зибагүл Кариналар ойналы.

Фильмнің оқиғасы Әбіш Кекілбаевтың «Күйші» повесінің желісін негізге алады. Бұл көркем шығармада алғаш рет «мәңгүрт» тақырыбы көтеріледі,  философтар мен суретшілердің зерделеуімен мәдени айналымға енген мәңгүрттік термині пайда болады. ХІХ ғасырда қазақ тайпасы түрікмендермен тату-тәтті өмір сүрді. Бірақ бір күні олар қас дұшпанға айналады. Бір-біріне кектенге адайлар мен жәуміттердің отбасының балалары бір-біріне ғашық болады. Алайда жастар бір-біріне кектенген отбасылар ешқашан құда-жекжат болуға келіспейтінін біледі.

2007 жылдың 2 шілдесінде тұсауы кесілген бұл драма жан-дүниесін кек жаулаған адамдардың өмірін боямасыз көрсетеді. Тарихи фильм көптеген жүлделер мен марапаттарға ие болды. Мәселен, ол «Еуразия-2006» халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығын жеңіп алды. Сонымен қатар, 2007 жылы Ресейдің Кисловодск қаласында өткен «Алтын рыцарь» халықаралық байқауында «Үздік фильм» сыйлығын, сондай-ақ осы фильмдегі негізгі рөлді сомдаған актер Алдабек Шалбаев «Үздік актер» номинациясын жеңіп алды. Жоғарыда аталғандардан бөлек, картина  2007 жылы Ресейдің Анапа қаласында жыл сайын өтетін «Киношок» халықаралық кинофестиваліне; Чехияның Карловы Вары қаласындағы 42 ХФФ-дің конкурстық бағдарламасына; Испанияның Валенсия қаласындағы халықаралық кинофестиваліне; АҚШ-та өткен халықаралық Мэн кинофестиваліне қатысты.


«Лотерея» (2013)

Мелодрамалық комедия –  қазіргі уақытта Манабаев түсірген ең жаңа туынды. Режиссер балаларға арналған фильмін Дулат Исабековтың «Ержеткенше» повесінің желісі бойынша түсірген. Түсірілім жұмытарын жүргізген топ құрамында оператор Александр Плотников, фильмде эпизодтық рөлде ойнаған композитор Әділхан Байысбаев, қоюшы-суретші Сәбит Құрманбеков секілді көптеген киномамандар болды.

Қарапайым жеңіл комедиялық фильмнің сюжеті көрерменді сексенінші жылдарға жетелейді. Оқиға қазақтың шағын қаласында орын алады. Басты кейіпкер, Әулет есімді кішкентай бала ешқашан тағдырдың таңдаулысы болған емес. Оның арқасүйер отбасы жоқ. Жетім бала интернаттың тәрбиесінде. Бірақ бір күні ол лотерея ойынында ұтысқа ие болып, қомақты қаражаттың иесіне айналады. Осы сәттен бастап оның өмірі күрт өзгереді. Алдымен жетімге қамқорлық жасағысы келетін жаңа туыстар пайда болады. Алайда, уақыт өте келе бала қамқоршылардың тек қана ақша үшін қасында жүргенін ұғады.

«Лотерея» –  көрерменге күлкі сыйлайтын жергілікті ерекше юморы бар күлкілі және әсерлі фильм.

Басты рөлде 13 жасар Жасұлан Динамжан ойнады. Бұл – 50 үміткердің ішінен таңдалған жас, талантты актер үшін дебюттық  рөл. Фильмге сондай-ақ Гүл Зиятова, Асхат Үрпеков, Ерболат Төлегенов, Дана Тұрарбек, Саттар Ерубаев, Ләззат Қалдыбекова, Шамшакүл Мендиярова, сондай -ақ Мұрат Мутурганов, Ерболат Тоғызақов және әнші Гүлмиракур сияқты танымал қазақстандық актерлер қатысты.

Фильм Алматыдағы VIII «Еуразия» ХФФ-да, 2012 жылы Астанада өткен «Қазақ киносының апталығы» аясында, сондай -ақ Дулат Исабековтың 2013 жылғы наурыздағы шығармашылық күндері кезінде көрсетілді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы