Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 сәуір, 2020436

Данияр Алшынов «Бой Атбая» фильміндегі рөлі туралы

Бүгінгі қазақстандық киноның жоғарғы қабатында тұрған актерлердің бірі - Данияр Алшыновтың болашақта режиссерлікпен айналысатын ойы бар. Бұл туралы ол Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен жүргізген онлайн-әңгіме барысында бөлісті. Айта кетейік, биылғы жылдың басында басты рөлдерді Данияр сомдаған екі бірдей фильм - «Черный, черный человек» және «Жаным, ты не поверишь» картиналары отандық прокатқа шыққан еді. Ал, өткен жылдың күзінде актердің қатысуымен түсірілген «Бой Атбая» картинасының әлемдік премьералары болып өтті. Бүгінгі әңгіме өзегі осы киноленталардағы рөлі хақында.

Осыдан бірер жыл бұрын ғана кино әлеміне алғаш қадам басқан актер бүгінде бірқатар отандық фильмдерде өнер көрсетті. Алғашында ұсынылған барлық рөлдерді қабылдай бердім деген актер, бұл күндері олардың барлығына келісе бермейді. Тәкаппарлықтан емес. Уақыттың аздығынан дейді.

 

«Қазір мен рөлдерге әлдеқайда талапшылмын деп нақты айта аламын. Алты жыл бұрын киноға түсе бастағанымда, маған қандай кинолар бар, солардың барлығында ойнай беру керек сияқты көрінетін. Яғни, кез келген мүмкіндікті жіберіп алмау керек болып тұратын. Қазір мен уақыт шектеулі екендігін түсінемін. Сондықтан қызықты, сапалы, көруге тұратын, кейін есте қалатын фильмдерге бет бұру керек. Демек, бұл расымен де өнерге жақын, өлмейтін, адамдарды өзгерте алатын дүние болуы қажет. Әрине, кез келген жоба оны ұсына алмайды. Сондықтан таңдауға тура келеді», - деді Данияр.

 

Соның айшықты көрінісі – жоғарыда аталған фильмдер. Ол ойын көрсететін «Бой Атбая» туындысы Варшавада таныстырылып, Якутиядағы кинофестивальде үздік деп танылса, нуар жанрындағы «Черный, черный человек» картинасының премьерасы Испанияда өтіп, Франциядағы халықаралық кинофестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Бұл екі фильм де - режиссер Әділхан Ержановтың еңбектері. Картиналардың барынша тартымды шығу үшін актер тыңғылықты дайындалған екен. Бұл істе режиссердің көмегі  көп екендігін айтады.  

 

«Біріншіден, режиссер нақты міндет қойды. Оның менен не талап еткісі келетінін мен түсінуім үшін қандай картиналарды қарап шыққаным дұрыс болатынын айтты. Жай ғана мазмұнын шолып шығу емес, нақты фильмдерді, олардың ішіндегі нақты сәттермен танысу керек болды. Бұл нақты неге екпін қою керектігін түсіну үшін істелді. Сол үзінділерден кейіпкердің бірыңғай кейпін жинау керек еді. Әрине, мен де өзімнен де бір дүниелерді қостым, бірі ысырылса, енді бірі құпталып отырды. Бұл мен үшін әрине, үлкен өзгеріс әкелді. Себебі, бұл менің, актер кадрде әдемі көрінуі шарт емес екенін түсінген алғашқы картинам болды», - деп бөлісті.    

 

«Бой Атбая»-дағы кейіпкер образы актердің айтуынша, аса хош көрілмейтіндердің қатарынан. Данияр оны сомдар алдында кейіпке ену үшін жүрген жердің барлығында дайындалғандығын айтады.

 

«Түсірілім басында мен барлығына, әсіресе қыздарға, мүмкін дөрекі сөйлеп, өрескел әрекет етуім мүмкін деп ескерттім. Бұл өзімді рөлге дайындау үшін істелді. Мен үшін жалпы, өмірде қыздарға қол көтермек түгілі, дөрекі сөйлеудің өзі мүмкін емес дүние. Сондықтан кадрда барынша шынайы көріну үшін осылай істеуіме тура келді. Ал, онда мұндай сәттер көп еді. Басқа қандай ерекшеліктер? Айтпақшы, лифте кетіп бара жатып, айнаның алдында болсын, көлікте кетіп бара жатқанда болсын, фильмде айтатын сөздерімді айтып, ойнай жөнелетінімді байқадым. Оны қалай бастап кеткенімді өзім білмеймін. Ішімде бұл процесс үнемі жүріп жатады. Алайда, сырт көзге бұл өте қызық көрінеді. Себебі, көргендер маған «Не істеп тұрсың?» дейді. Мен болсам, қайда кетіп бара жатқанымды, кіммен отырғанымды ұмытып кетемін. Мен жай ғана іштей  сахналарымды ойнап, оларды дауыстап жүремін. Бұл менің өзімнің сондай жеке бір қылықтарым», - дейді актер.    

 

Образды мінезбен ғана емес, сырт кейіппен де мейлінше жеткізу керектігін Данияр жақсы біледі. Себебі, ол үшін шашымен де қош айтысуына тура келген. 

 

«Әділхан «шаш үлгісін өзгерту керек» дегені әлі есімде. Біз қалай дұрыс болатынын ойландық. Мен «қалдырайық, осылай жақсы болатын сияқты» дедім. Қазір есіме алып отырып, бұл менің тарапымнан кәсіпқойлыққа жатпайтын қылық болды деп ойлаймын. Шаштаразға келіп, шашымның бір бөлігін алып, суретін Әділханға жіберіп отырдым. Ол тағы қысқарт, тағы біраз деп, ақыры қасқабас болуға жақын қалдым. Басқа да осындай сәттер болды. Бірақ ақыры бұл қорқыныштарымды жеңгеніме қуаныштымын. Себебі, кейіпкер  сырттай да, іштей де тартымсыз болуы керек болды. Ал, комедиялық картиналардан кейін бұл өте қиын. Бірақ мен үшін үлкен тәжірибе болды», - деп ағынан жарылды. 

 

Ішкі және сыртқы өзгертулерден бөлек, актер үшін ең қызық тұсы - дайындық пен түсірілім алаңында да болған екен. Алматы облысының табиғаты, жүгері алқаптары мен ландшафттары, жалпы түсірілім үшін таңдалған локациялар Даниярға әсер етіп, жаңа идеялардың тууына себеп болыпты. 

 

«Мысалы, жүре-бара бір ойлар келді. Түсірілімнің екінші күні мен суық тиіп ауырып қалдым. Содан мұрным бітелді. Ал, бітелген мұрынмен сөйлегенде, ол білініп тұрады. Сосын не істейміз деп отырғанда, мен осыған екпін жасайық деп ұсындым. Себебі, мен кинода үнемі бітелген мұрынмен ойнаған актерді көрген жоқпын. Мүмкін көрген болсам да, есімде жоқ. Сөйтіп, бұл менің ерекшелігім болды. Мұндай сәттер көп еді. Біз күнара түсіріп отырдық. Сол демалған бір күнде тағы не ойлап тапсам екен, тым болмағанда қазақстандық кинода жоқ нәрсені істесем екен деп ойланып жүретінмін. Мен үшін ізденіс үстінде жүрген керемет болатын. Бұл актер үшін ең тартымды тұсы деп ойлаймын. Жалпы, актерлік жұмыс - рахат алатын жұмыс дегенге сенімдімін. Біз кішкентай балалар ойнаған сияқты ойын ойнаймыз. Оған жұмыс не бір еңбек ретінде қарамау керек. Істеген ісіңнен ләззат ала бастасаң, шабыт та келе бастайды», - дейді актер.     

 

Жұмысынан рахат табатын Данияр болашақта режиссерлікпен де айналысқысы келетінін жасырмады. Оған фильмде ойнаған ғана емес, сценарий де ойластырып жазған қызықты екен. Бұл істен де ләззат алатынын айтады.            

 

«Мен бес жылдай сценариймен жұмыс істеп келемін. Арасында әрине, түсірілімдерге, басқа да нәрселерге айналып отырдым. Бірақ ол үшін ұялмаймын. Себебі, не үшін аяқтамай жатқанымды білемін. Қолымнан келмегендіктен емес. Осымен бес рет оны қайта жазып шықтым. Әр жазған сайын алдыңғысы онша жақсы болмағанын түсінемін. Бірнеше фильм көріп, кітап оқығанның арқасында киноның не екенін жақсырақ біле бастағанымды  түсінемін. Басқа да жолы бар: сценарий жаза отырып түсіру. Кейін келесі фильмді түсірген кезде алдыңғысының жаман болмағанын түсінесің дегендей. Мен қазір актермін. Сценарий жазып, кино түсіруден бөлек, айналысатын ісім бар. Сондықтан өзім үшін жазып, үйрене беруіме болады. Маған бұл үрдіс ұнайды. Фильмді түсірер-түсірмесімді бір Алла біледі, бірақ мұны өте қалаймын, себебі түсірген де, режиссерлік еткен де маған ұнайды. Барлығы қалай боларын кейін көреміз».

 

Драмалық фильмдерде күрделі рөлдер сомдаса да, Даниярға ұсынылатын рөлдердің көбі әзірге комедиялық екен. Оны актер түсірілетін фильмдердің басым бөлігі осы жанрда болғандығынан деп есептейді. Алайда, кейінгі жылдармен салыстырғанда өзгерістер байқалатынын тілге тиек етті. 

 

«Мысалы, бес жыл бұрынғы уақытқа қарағанда қазір ұсынылатын фильмдер алуан түрлі болып келе жатқаны қуантады. Әрі әлдеқайда сапалы. Тіпті, сынама үшін жіберілетін екі беттік сценарийдің деңгейіне қарап та, жақсырақ бола түскенін аңғаруға болады», - дейді ол.

 

Қазақстандық киноның дамып, жақсарып келе жатқанын айтқан актер, отандық кинода өзіндік орны бар актерлер деп есептейтін жандардың есімдерін де атап өтті. 

 

«Есімдер өте көп. Аға буындағы актерлерден Дулыға Ақмолда ұнайды. Мен оның фанатымын десем де болады. Оның еңбектерін көретінмін, кейін «Жаным, ты не поверишь» фильмінде бірге жұмыс істеп, бірден достығымыз байланды. Өте керемет актер. Үздік дер едім. Сондай-ақ, Еркебұлан Дайыров ұнайды. Сосын бір жас актер, «Нартай» фильмінде Нартайдың рөлін сомдайтын Шарифбек Закиров ұнайды. Біз онымен бірге киносынамадан өткен едік. Содан кейін біраз күш салу керек болатынын түсіндім. Себебі, жастар дес бермейді. Барлық жағынан менен арта түсті. Расында, осындай ұрпақ өсіп келе жатқанына өте қуандым. Шынымен де, жастар қашан да жақсырақ, Шарифбек мұны дәлелдеп отыр. Өте жас әртіс, харизмасы жағынан да, техника жағынан да керемет актер. Оның болашағы зор деп ойлаймын. Бұл – есіме бірінші болып түскен есімдер.  Маған сондай-ақ, акриса Динара Бақтыбаева да ұнайды, әрине.  Біз Динарамен «Бой Атбая»-да да, «Черный, черный человек»-те де бірге ойнадық. Онымен жұмыс істеген жеңіл әрі өте ыңғайлы. Динара қазір ашыла түсті әрі әлі күрделі драмалық актриса ретінде өзін көрсетеді деп ойлаймын. Аружан Жазылбекова да талантты актриса. Алтынай Нөгербекке де құрметімді жеткізуім керек, себебі оның жұмыстарына тәнтімін. Және өткір мінезді рөлдердің патшайымы десем болады – Гүлнар Сильбаеваны да атаған жөн болар», - деді Данияр Алшынов.

 

Актер, егер американдық киногерлердің қайсысымен жұмыс істегің келеді деген таңдау жасалса, режиссерлер Клинт Истфуд, Роберт Эггерс, Дэни Вельневтерді таңдайтынын айтты.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы