Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 тамыз, 2020515

Дархан Саркенов: «Фильмдерімді өзгертпес едім»

Қазір көптің көзайымына айналған "My Love is Aisulu", "Ұлы дала комедиясы" секілді отандық туындыларға режиссерлік еткен Дархан Саркенов жайында не білеміз? Білікті режиссердің жүйелі ойы мен қызықты сұхбатын алдарыңызға ұсынамыз.

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері “Қыз жолы”, “Няня аға”, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Армандастар”, “Статья на двоих”, “Ұлы дала комедиясы”, “My Love is Aisulu” және “Где мое кольцо?” сынды отандық үздік картиналарға режиссерлік етіп, еліміздің кинометографиясына өз үлесін қосып келе жатқан дарынды киногер Дархан Саркенов. Бүгінгі сұхбатымызда дарын иесі өзінің шығармашылық жолы жайында сөз өрбітетін болмақ.  Талантты режиссер қазіргі қазақ киносының ахуалы мен болашағы жайында пікірін білдірген болады. Дархан Саркеновтың болашаққа жоспарлап отырған жобалары қандай? Киногер қандай фильмді таспалауды арман етеді? Бұл сұрақтың жауабын әдемі сыр-сұхбаттан таба аласыз. 

Казіргі уақытта бәрімізге белгілі карантин жағдайында біраз киногерлер, оның ішінде актер, режиссер, продюсерлер мен операторлар бар. Жұмыстары тоқтап қалды. Жалпы кино саласының жұмысы бәсеңдеді десек те болады.  Осы жағдай өзіңізге және сіздің  жобаларыңызға қай жағынан және қалай әсер етті?  Осы жайында толықтай айта кетсеңіз.

- Карантин кезінде, жеке менде 2-3 жоба жұмыстары тоқтап, белгісіз уақытқа дейін шегерілген болатын. Әрине, әріптестерімнің көбісінің жобалары жабылып, жұмыссыз қалғандары да болды. Бірақ, дегенмен, осы карантин уақытында, әлеуметтік бейнероликтер, біраз телевизиялық жобалар мен телесериалдар түсіріліп үлгерілді.  Өзіме келер болсақ, мен карантин кезінде “Күшік Құда” атты трагикомедияны түсіріп үлгердім. Бағымызға орай, бәрін өзіміз жоспарлағандай аман есен бітірдік. Алдағы уақытта көрермен назарына ұсынатын боламыз.

  Бүгінгі таңда жағдай сәл-пәл оңалып тіршілік басталды десек те болады. Қазір карантиннен кейін  қандай картиналармен жұмыс істеп жатырсыз? 

- Қазір біз Алматы телеарнасы үшін драмеди жанрында “Өткінші жаңбыр” деп аталатын 12 сериядан тұратын телехикаяның түсіріліміне дайындығымызды бастадық. 

 Карантин шаралары әлсірегенімен, көптеген студиялар немесе продюсерлер, толық метражды фильмдерді түсіруге, жалпы үлкен жобаларды бастауға әзірше бекінбей отыр, себебі, кинотеатрлардың жағдайы әлі де түсініксіз. Алдағы уақытта не болары  белгісіз. Күз мезігілінде карантин болады деген сыбыстар тағы бар, сондықтан, продюсерлер, ондай "қымбат" тәуекелге бара бермейді. Ал қазіргі жағдайға қарап айтар болсақ,  менің ойымша, көрермендердің басым көпшілігі теледидарға немесе онлайн платформаларға ауысқаннан кейін әртүрлі телесериалдар мен телевизиялық және интернет желісіндегі ток-шоулар көптеп өндіріле бастайды. Бұл осы жағынан ұтымдырақ болатын секілді. 

   Жалпы режиссерлікке келуіңізге не ықпал етті? Кім әсер етті? 

- Шамамен 6-7 сыныпта оқып жүргенімде, “Шахар” деп аталады ғой деймін, сондай каналдардың бірінен Джеки Чанның киноларын көптеп көрсете бастады. Джеки Чанның киносы біткен соң, титрлар шығатын жерде болмай қалған және камераның артқы жағында болып жатқан үзінділерін көргенде, “кино деген күшті екен ғой”,- деп қызығатынбыз. Сосын сол киноларды көріп алып, көшеге шығып, мини дискеті бар үйдің камерасына өзімнің кішкентай киноларымды түсіретінмін. Киноға деген балалық махаббат сол кезде басталды. Мектепте 7 сынып оқып жүргенімде, мұғалімдеріме де, сыныптастарыма да талай күлкі болғанмын. Сол 7 сыныптан бері түсіріп келген 50- ге жуық қысқаметражды фильмдерім бар екен. Бірақ оларды, қазір ешкімге көрсетпеймін. Кино түсіруден шаршаған кезде, соның бәрін жинап, үлкен бір кино шығарма ретінде жинап болған соң, кинодан кетемін. Бірақ ол кезең шамамен 50-60 жылдан кейін болып қалар. 

  Сіз туралы, отбасыңыз туралы ақпарат аз екен. Өзіңіз қай жердің тумасысыз? Отбасыңызда кино өнеріне жақын адам бар ма? 

- Әкем -  Саркенов Болысбек, Алматы облысы Жалаңаш ауылында дүние келген. Совет өкіметі кезінде трактор айдаған. Сосын, ол өкімет құлаған кезде, ЗООпаркте, аю-қасқыр бағып, бізді асырады.  Анам - Димаш Султанғазиева, Алматы облысы Сарыбастау ауылының тумасы. Ауылдың бірінші красавицасы болған соң, әкем алып қашып кетіп, армандап жүрген Журфагына түсе алмай қалған. Совет өкіметі құлаған соң, колхозда қызмет еткен анам, базарларда біраз жылдар бойы ет сатқан. Екеуінің бес баласы бар. Мен үйдің төртіншісімін. Өзім Алматы облысы, Жалаңаш ауылында өмірге келдім. Сосын жасым екіге толмай, 93-94 жылдары  отабысымызбен қалаға көшіп келдік. Есімді қаланың Думан ықшам ауданында жидым. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында “режиссер” мамандығы бойынша білім алып, бітірдім. Өнерге баулыған ұстаздарым: Дамир Манабай және Дарежан Өмірбаев сынды дарынды жандар болды. Үйленгенмін. Жұбайымның аты Майра Райбай. Айлин деген қызым, Аңсар деген ұлым бар. Отбасымызда профессоналды түрде өнер саласында жүрген ешкім жоқ. Бірақ, ағаларым, сөз өнеріне, әнге шебер. Жұбайым, отбасым туралы азын- аулақ мәліметтерді біліп тұрған сіз алғашқы журналистсіз. 

   Алғашқы жұмысыңыз ретінде жетінші арнада көрсетілген «Няня аға» деп аталатын телесериал екенін білеміз. Қазіргі таңда бірнеше картиналардың режиссері болып, біршама деңгейге жетіп, табысқа кенелгеннен кейін сол алғашқы картиналардың мына жерін былай  түзетуге болар еді деген ойлар келмейді ме? 

- Жалпы осы күнге дейін 5 толық метражды фильм мен 5 телесериал түсіріппін. Шынымды айтсам, сол фильм-сериалдарды премьерадан кейін қайтып көрген емеспін. Себебі, түсірілім барысында, сосын монтаж кезінде, өзімнің қателіктерімді көріп, келесі жобаларда қайталамауға тырысамын. Өз фильмдерімнің әлі біреуі көңілімнен 100% шыққан емес. Дегенмен, «көш жүре түзеледі» демекші, алда үйренерім мен берерім көп деп ойлаймын. Эксперимент жасаудан, қателіктер жіберуден қорықпау керек. Барлық қызықтың өзі сонда ғой. Маған сол ізденіс, түсірілім алаңы, актерлермен жұмыс процессі қатты ұнайды. Оның барлығы шығармашылық әлем. Әрине үйренетін, сезінетін нәрсе көп болған соң, өзімді әлі студент сияқты көремін. Ал сіздің тікелей сұрағыңызға тікелей жауап: Жоқ, мен ол фильмдердің біреуіне өкінбеймін, себебі ол жобалардан да мен үлкен тәжірибе алдым және жақсы адамдармен таныстым. Фильмдерімді өзгертпес едім. 

 Қазіргі таңда интернет, әлеуметтік желілер дамыған сайын көптеген жаңа есімдер шыға бастады. Бүгінде вайнер мен актер тепе-тең дәрежеде тұрған секілді. Қалай ойлайсыз, вайнерден жақсы актер шығуы мүмкін бе?

- Осы сауалды көп қояды. Жауабым бір. Әрине. Жастар арасында талантты ұл-қыздар көп. Мысалы, кішкентай бүлдіршіндер де кей-кездерде тіпті үлкендерге қарағанда керемет ойнап кетеді ғой. Сондықтан, менің ойымша, актерлік шеберлік туа біткен талант. Дегенмен, әрине, ұялшақ адамға да актерлік шеберлікті үйретуге болады. Ондай техникалар көп, Станиславскийден бастап Стелла Адлерға дейін. Ал вайнерларге келетін болсақ, ол жәй ғана талантты жастарға арналған заманауи платформа. Кезінде КВН-нің дәуірі дүркіреп тұрған кез болатын еді ғой. Сол кезде де, актерлік білімі жоқ жастар, сахнаға шығып өнер көрсетті. Қазір сол квнщиктердің алды кино саласын шулатып жүр. Ертең вайнерлер де киноға көптеп келе бастайды. Келсін, мен оған тек қана қуанамын. Әрине ол вайнерлерді көрермен үлкен іріктеуден өткізеді ғой. КВН ойнаған  қаншамасы жастар болды, бәрі кинода жүрген жоқ қой. Сондықтан, ол вайнердің талантымен қоса, ынтасына да байланысты. Әрине көптеген квнщиктерге, вайнерлерге академиялық, классикалық білім жетіспей жатады. Оны білген абзал, әйтпесе беріп жатқан идеяларымен ойлары таяз көрінеді.

   Сіздің жобаларыңыз жайлы сөз өрбітсек. Баян Алагөзова продюсерлігімен түсірілген аты шулы «Қозы көрпеш-Баян сұлу» картинасына режиссерлік еттіңіз. Бұл картинаға позитивтен қарағанда негатив көбірек айтылды. Картина сценарийi, актерлердің сөйлеген сөздері, олардың өз-өздерін ұстауы, тіпті таңдалып алынған актерлердің өздері үлкен сынның астында қалып жатты. Тіпті отандық телеарналардан алынып тасталды. Қалай ойлайсыз, неліктен бұл картина соншалық сынға ілікті? Мүмкін ақтап алар тұстары бар шығар? Актерлердің сомдаған рөлі сіздің режиссер ретінде қаншалықты көңіліңізден шыға алды?

- Ашығын айтқанда, ол жобада мен бастапқыда екінші режиссер едім. Бас режиссер Рашид Сулейменов болғандықтан, ондай үлкен творчествалық сұрақтарға мен араласа алмадым. Сценарийді болсын, актерлерді бекіту болсын Баян Алагөзова мен Рашид Суйлейменов бірігіп шешті. Сосын екінші түсірілім күні Рашидпен Баян араларында түсініспеушілік болып қалып, Рашид Сулейменов жобадан кетіп қалды. Арада бірнеше күн өткен соң, жобаның продюсері Ғалия Байбосынова маған “Тізгінді өз қолыңа ал, бітірмесек болмайды”,- деген болатын. Осылайша мен дайын материалға режиссер болдым. Бастапқыда, бас режиссер болғанымда, әрине мен ұзақ дайындалар ма едім. Көп нәрсемен келіспеуші едім. Енді бұл жерде талғам мен өмірге деген қөзқарас қой. Эпос болғандықтан, ауыздан ауызға таралған оқиға болғандықтан, анық тарихты ешкім білмейді ғой. Сондықтан бұл сериалға деректі шығарма деп емес, автордың ойынан шыққан көркемдік ой деп қарау керек сияқты. Және де, менің білуімше, сын сериалдың сценарий жағынан айтылған жоқ. Көптеген сыни пікірлер іріктеліп алынған актерлердің таңдалуына,  олардың актерлік шеберліктері мен сөйлеген сөздеріне  айтылған болатын.

   Бұл жобаны түсіруге ұсыныс түскенде сіз үшін не маңызды болды?  Интернет беттерінде “Қозы Көрпеш – Баян сұлу: теперь их убили киношники” деген тақырыптарда мақалалар жазылып жатты. Бұл пікірді айтқан сыншылар мүмкін сіздер жеткізгіңіз келген ойды көре алмаған шығар? Сыншылар және көрерменнің ойымен қаншалықты келісесіз?

- Маған бұл жоба үлкен вызов болды.  Бір шетінен жобаның продюсерлерін қиын кезде қалдырғым келмеді. Бізде, ашығын айтқанда, сыншы дейтін сыншы да жоқ қой. Таяз ойлаймыз. Қолдарынан келсе Қозы Көрпеш эпосының 46 нұсқасының біреуін алсында, түсірсін. Көп сындарымен келісемін, көп сындарымен келіспеймін. Бірақ, білгіштер Қозы анандай болған, Баян мынандай болған деген кезде, оларды түсінбеймін. Олар қандай болғанын қайдан біледі? Солай болған күннің өзінде, бұл сериал жәй ғана сценарист пен продюсердің осы эпосқа деген интерпретациясы ғана. Атақты Конан Дойлдың Шерлок Холмсында қазіргі заманға аударып түсірді, одан кейін Гай Ричи оны боевикке салды. Әрине мен өзімізді ақтағым келмейді, қателігіміз жеткілікті. Айтқым келгені, ол сериалды жәй ғана интерпретация деп қабылдап, басқа нұсқасын да түсіріп көрген жөн шығар.

    Сіздің сүйікті жанрыңыз қандай? 

- Мен Ужас-хоррор жанрын ғана ұнатпаймын. Қалған жанрдың бәрін көргенді ұнатамын. Ал түсіргім келетін жанрдың ішіндегісі - триллер жанры.

   Қазіргі таңда түсіріліп жатқан фильмдердің оннан тоғызы комедия жанры. Бір Қазақстан елінің 18 миллион халқына соншама комедия көптік етпей ме, қалай ойлайсыз? Комедия коммерциялық табыстың көзі екендігімен қаншалықты келісесіз?

- Келіспеске болмайды, себебі комедия жанрында түсірілетін фильмдердің көрсеткіштеріне назар салып, цифрларға жүгінсек, көш бастап тұр. Халықтың сұранысы сондай болып тұр ғой, әйтпесе, жақсы драмалар да шығып жатыр, мелодраммалар да түсіріліп жатыр. Назарға алынбай, көзге ілінбей кетіп жатқаны қаншама. Бірақ қәзір кино саласында жүргендердің, тіпті комедия жазып, түсіріп жүргендердің өздері: “Комедиядан шаршадық”,- дейді. Сондықтан, жақын арада комедиялардың саны азаяды. Мен де, алдағы уақытта комедия жанрынан кетемін.

   “Комедиядан кетемін”,-  деп қалдыңыз. Алдағы уақытта бұл жанрдан басқа қандай бағытты қолға алар едіңіз? Ал болашақта осы комедия жанрында жақсы бір ұсыныс түсіп жатса, келісім берер ме едіңіз?

- Ұсынылып жатқан комедиялардың басым көпшілігі арзан күлкіге бағытталған сценарийлер. Біразынан бастартып та үлгердім. Соңғы түсірген “Күшік Құда” кинофильмі комедия болса да, айтар ойы мен өзекті проблемасы бар. Бүгінгі таңда жиі кездесетін қоғам мен әлеуметте болып жатқан мәселелерді жақсы қозғайды. Сценарийі жақсы жазылғандықтан, өзіме қызық болғаннан келістім. Тек, осындай қызықты трагикомедиялар ұсынса ғана түсіремін деген ойым бар. Ал жалпы алдағы уақытта мен өзімнің сценарийлеріммен ғана фильмдер түсіретін боламын. Ол триллер жанры, мотивациялық, биографиялық драммалар. Және бұйырса, 15 жылдан кейін Райымбек батыр туралы фильм түсірсем деген арманым да бар. Ол фильмге әзірден бастап дайындалып жүрмін. 

   Бүгінде көп эстрада жұлдыздары киноиндустрияға бет бұруда. Режиссер ретінде олардың бір қатарымен де жұмыс істеп үлгердіңіз. Неліктен қазіргі отандық әншілер өздері туралы фильм түсіруді жақсы көреді? Олардың қолынан қаншалықты сапалы  фильм өндірілуде? Режиссер ретінде берер бағаңыз қандай?

- Кино түсірген әншілер көп емес. Саусақпен санарлық. Білетінім Қайрат Нұртас, Беркут, Ерке Есмахан, Төреғали Төреәлі және Айқын Төлепберген. Соңғы екеуін де мен түсірдім. Ал қалған әншілердің бірде-бір фильмін көрмеппін, өкінішке орай. Тіпті, “Ұлы дала комедиясымен” қатар шыққан Ерке Есмаханның фильмін де көре алмадым. Сондықтан, ол фильмдерге баға бере алмаймын. Ал әншілердің кино саласына келуін айтатын болсақ, мен жеке өзім қолдаймын. Жоғарыда  вайнерлер туралы айтқан көзқарасым сияқты. Әр адам өз ісімен айналысу керек, әнші ән айтсын, актер рөл ойнасын деп жатады. Бірақ былай, жалпы алғанда, кино деген бұл да бір өнер, ол барлық өнердің тоғысқан жері. Кинода музыка да бар, бейнелеу өнері де, әдебиет, театр да бар. Сондықтан, “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы” демекші, өз басым, әншілер, вайнерлер, квнщиктер киноға келмесін дегенге түбегейлі қарсымын. Мұнайшы кеп түсіріп жатқан жоқ қой. Біздердің барлығымыз “өнер” деп аталатын жалпы ұғымның сорпасында қайнап жүрген азаматтармыз.

    Жақында ғана отандық кино саласында үздіктер қатарынан көрінген “My love is Aisulu” кинокартинасына өзіңіз режиссерлік еттіңіз. Бұл шын мәнінде әдемі хикаяға толы романтикалық фильм болды. Бұл жобаға ұсыныс қалай түсті? Шекара асып түсірілген картинаның түсірілім жұмыстары жайында айта кетсеңіз? Қандай қызық жағдайлар орын алды?

- 2018 күзі болатын. “Ұлы дала комедиясы” прокатта болып жатқан кезде, Нұрлан Қоянбаевтың көмекшісі кездесуді ұсынып, жоба туралы ақылдасуға шақырды. Нұрланмен кездесіп, оған “Ұлы дала комедиясының” ұнағанын жеткізді. Осындай мелодрамма түсіруге ұсыныс тастады. Мен қуана-қуана келістім. Ары қарай екі айдай, Нұрлан Қоянбаев, Жәмит Көшербаев және мен отырып картинаның сценарийін жазуға кірістік. Екі айдың ішінде жазып шыққан сценариімізді алып, Лос анджелеске ұшып кеттік. Америкаға келген кезде сценарийді Нурлан екеуміз біраз өзгерттік. Сосын Алматыға келіп тағы өзгерттік. Сөйтіп, бұл жоба бір жылға созылды. 

   “My love is Aisulu” кинокартинасының осындай керемет дәрежеге жеткені неге байланысты деп ойлайсыз? Ұтымды сценарий ме, шетелде түсірілгендігі фишка болды ма, әлде режиссердің еңбегі ме, әлде мықты продюсер бола білген Нұрлан Қоянбаевтың септігі тиді ме?

- Ол жерде бір нәрсені бөліп жару қиын. Кино үлкен оркестр сияқты ғой. Бір аспап дұрыс ойналмаса, бүкіл әуенді құртуы мүмкін. Шынымды айтсам, көрерменге неге бұлай қатты ұнағанын білмеймін. Біреулер Жаханның ойынын мақтап жатты, кей көрермен Нұрлан мен Асельдің ойынын ұнатып жатты, басқалары сценарийді, операторлық шеберлікті мақтады. Ал кейбіреуіне, керісінше, Нурланның жасы, романтикалық кейіпкерді ойнауға келмейді деп жатты. Сондықтан, білмеймін, не үшін ұнағанын. Жалпы атқарылған үлкен еңбектің өз дәрежесінде ақталғанына қуаныштымын. 

   Басқа да отандық қандай режиссерлердің өнерін қатты бағалайсыз? Кімдердің фильмдерін сүйіп қарайсыз?

- Қазір біреуін айтсам басқасы ренжіп қалады. Сондықтан, ешкімді дәл айта алмаймын.

   Ал онда соңғы рет кімнің фильмін тамашаладыңыз? Ерекше қызығушылық тудырып, басынан соңына дейін қай картинаны қарап шықтыңыз?

- Осы бір-екі күн бұрын Нұртас Адамбаевтың “Әкім” деген киносын көрдім. Көп көрерменнің көңілінен шыққан  туынды.

 Бұрынғы фильмдер мен қазіргі картиналарды не байланыстырады? Қаншалықты айырмашылық бар? Ескі қай фильмдерден ерекше ләззат аласыз?

- Мен “Менің атым Қожа” фильмін, “Қыз Жібек”, “Бандыны қуған Хамит” деген сияқты киноларды көріп өстім. Эльдар Рязановтың фильмдерін де тамашалайтын едік. Академияға түскен соң көзіміз біраз ашылып, жақсы режиссерлердің өнерімен таныстық. Солардың ішіндегі өзім сүйіп, қайта-қайта көре беретін кинолар Андрей Тарковский, Микеланджело Анонионидің картиналары. Олардың қатарында: “Приключение”, “Фотоувеличение”, “Сталкер” сынды киноленталар бар. Өз басым "Андрей Рублев" кинокартинасы жақсы көремін. Әрине жақсы көретін кинофильмдерім көп, бірақ бірінші есіме түскен шығармалар осылар. 

   Елу жылда ел жаңа демекші, бұрынғы кинолармен қазіргі заманның киноларында айырмашылық әрине бар. Заман өзгереді, социалисттік қоғамнан капиталисттік қоғамға ауыстық. Оны санамаған күннің өзінде, кино техникаға қатты тәуелді өнер болғандықтан, киноны түсіру әдісі әлде қайда жақсарды, жеңілдеді деп айтсам болады.

    Техника деп айтып қалдыңыз. Шетелдік киноиндустрияда табысты, белді, беделді киногерлер фильм түсіруде жаңа бір тенденция қалыптастырып келе жатыр. Яғни, нақтырақ айтар болса, қазір кинофильмдерді түсіру анағұрлым жеңіл болып жатыр. Мобильдендіру жүйесі қолға алынды. Яғни, үлкен, қымбат камералар емес, енді олардың орнын барлығының қолында бар смартфондардағы камералар басты. Бұл әлбетте енді қолданысқа ие болып, актуалдылығы асты. Жалпы мұнымен сіз қаншалықты келісесіз? Ондай тенденция біздің отандық кино саласына келуі мүмкін бе?

- Ол жақта әрқалай. Кристофер Нолан тек қана пленкаға түсіреді. Оның ішінде, көбінесе imax камерасына көп қолданады. Ол ең қымбат камера болып саналады. Мартина Скорсезе негізінен Panavision камераларына түсіреді, Тарантинода пленкаға түсіреді. Олардың бәрі қымбат техника, қымбат процесс. Ал цифрлы камераны қолдайтын режиссерлар олар, фантастика жанрында, графиканы көп талап ететін киноларда жұмыс істейді. Олар Джеймс Камерон, Питер Джексон сында киногерлер. Олар камераға аз ақша жібергенмен, графикаға біраз ақша жұмсайды. Сондықтан, ол жақта кино түсіру процессі қымбаттамаса, арзандаған жоқ. Ал жаңағыдай, телефонға түсірілетін кинолар, олар экперименталды кинолар болып келеді. Бірақ, дегенмен, қымбат техника болсын, арзан болсын, бірінші орында, фильмнің сценрийі, картинаның идеялық мәні әрқашанда бірінші орында тұрады. Ал жеке маған келетін болсақ, мен пленкаға түсіргенді таңдар едім, сондай мүмкіндік болса әрине. Себебі пленка, ол суретшілерге масло мен акварель сияқты ғой. Масло ол пленка, акварель цифрлық камера.

    Отандық бес үздік актриса мен актерлерді айта аласыз ба? 

- Берік Айтжанов; Азамат Сатыбалды; Дулыға Ақмолда; Досхан Жолжаксынов және Тұңғышбай Жамақұлов. 

    Дархан Саркенов түсірілім алаңында қандай режиссер? Деспот па әлде актерерге еркіндік бересіз бе?

- Актер мен үшін со-автор. Сондықтан, еркіндік емес, ақылдасып шешкенді жақсы көремін. Еркіндік берсең, фильм басқа жаққа кетіп қалуы мүмкін. Бірақ фильмді толығымен басымда ұстағандықтан, көп жағдайда, актерлерге бағыт беріп тұрамын. Егер актер өзінің рөлін жақсы зерттеп, менің айтқанымды, кейіпкердің басты мақсатын дұрыс түсінсе, онда импровизацияларына кедергі жасамаймын, қайта керісінше, қуана- қуана қолдау білдіремін. 

    Cіздің сүйікті фильмдеріңіз қандай?

- Олар өте көп. Сондықтан есіме түскенін айтайын. “Старикам тут не место”, “Фарго”, “Пленницы”,  “Трудности перевода”, “Семь”, “Нефть”,  “Таксист” және тағы басқалары.

  Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз? Дархан Саркеновтен қандай жобаларды күтеміз?

- Әзірше айту қиын. Карантин мәселе не болатыны белгісіз. Бірақ сериалдардан бөлек, триллер, драмма жанрында сценариім бар, сол сценарий бойынша кино түсірсем деген ойым бар.

Әдемі сұхбатыңызға көп рахмет. Алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілеймін.

- Сізге де алғысым шексіз. Шығармашылық табыс тілеймін.

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы