Размер шрифта:

Цветовая схема:

09 қазан, 2020488

Демалыс күндері көруге кеңес берілетін фильмдер

Бұл күндері әдемі сары күзді жаңбырлы, тіпті қарлы күндер алмастырды. Бұл өз кезегінде кей жандардың көңілінің жабырқауына әкелуі мүмкін. Сондықтан көңілдеріңізге қаяу түсірмей, керісінше, осынау әдемі мезгілде қуанып жүрулеріңіз үшін позитивті қалыпқа енуге көмектесетін ең жарқын әрі махаббат жайындағы отандық фильмдер топтамасын әзірледік. Демалыс күндері көріп, келесі жұмыс аптасына күш жинақтай отырыңыз.    

«Я люблю тебя»
(2019)

Сара – жас әрі болашағы зор әнші анасы Жаннаның қатаң нұсқауымен және үнемі оның бақылауымен жүреді. Бір күні концерттен кейін Сара ережесіз жекпе-жек күрескері Бек есімді жігітпен танысады. Олардың бұл кездесулері өзара қарым-қатынасқа ұласып, уақыт өте келе үлкен махаббатқа айналады. Алайда қыздың анасы болашақ күйеу баласын жақтырмай, қалай болғанда да жұпты айырмақ болады. Ғашықтар барлық кедергілерге қарамастан, бірге бола ала ма әлде жолдары қас айырыла ма? Мұны фильмнен көріп тамашалай аласыздар.

Актерлер: Сара Амангелді, Жандос Айбасов, Шәріп Серік, Берік Айтжанов
Режиссері: Ернар Нұрғалиев («Жаным, ты не поверишь»)

Фото: kursiv.kz

«Свадьба на троих»
(2015)

Бұл романтикалық комедия Мәскеуде тұрып, түрлі қулықтарды жүзеге асыратын Азамат есімді талантты алаяқтың шытырман оқиғаларынан, сонымен қатар оның досы - адал кәсіпкер Тимур мен сүйкімді Әлия есімді бойжеткеннің хикаяларынан сыр шертеді. Қыз өзінің сүйіктісі - Тимурға тұрмысқа шығуды жоспарлайды, алайда күтпеген оқиғалар мен ыңғайсыз сәттер желісі салтанатты шараның өткізілуіне және жастардың өмірлеріне  қауіп төндіреді. Картинадағы барлық проблемалар жылдам әрі көңілді түрде шешімін тауып отырады. Рөлдерді бұрынғы КВН-шы жігіттер сомдайтынына қарағанда көрермендер жалықпайтыны анық.

Актерлер: Дәурен Айдарқұлов, Аружан Жазылбекова, Нұртас Адамбай
Режиссері: Асқар Бисембин («Замуж в 30», «Адель», «Семейные страсти»)

Фото: youtube.com

«Осторожно, корова!»
(2014)

Баян Алагөзованың жеңіл әрі көңілді комедиясы ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық! Фильм өзін-өзі жеңіп, өмірін түбегейлі өзгерте алған қарапайым қыздың хикаясын суреттейді. Томпақ әрі барлық нәрсеге көңілі түсе беретін Әйгүл талай жігіттің жүрегін жаулайтын табысты бизнес-ханымға айналады. Оны мұндай жетістікке жетуге не түрткі болды? Мұны фильмді тамашалағаннан кейін білетін боласыздар. 

Актерлер: Баян Алагөзова, Әйгүл Иманбаева, Азамат Сатыбалды
Режиссері: Асқар Ұзабаев («Қазбат»)

«Ирония любви»
(2010)

Әсел есімді зайырлы қоғам өкілінің қарапайым күні шопингтен басталып, қымбат мейрамханада отырып коктейль ішумен аяқталады. Оған тіпті құрбылары да қызғышпен қарайды. Себебі қызда қалайтынының бәрі: бай әрі сымбатты жігіті, Мәскеудің қақ ортасында пәтері және әдемі келбеті бар. Сондай-ақ қыздың ер азаматтарды өзіне тартатын қасиеті де бар. Жас жігіттің өмірі тігілетін құрбылардың кезекті бәстесуі немен аяқталады?  

Актерлер: Асель Сағатова, Алексей Чадов, Ерік Жолжақсынов, Ирина Розанова, Гоша Куценко, Қарлығаш Мұхамеджанова
Режиссері: Александр Черняев

Фото:theplace.ru

«Он и Она»
(2013)

Романтикалық комедиялық мелодрама алматылық қарапайым студенттің өмірін суреттейді. Жігіт университеттің бірінде оқып жүріп, өзгелер сияқты алдағы емтихандарды уайымдаумен болады. Мектеп жасынан бері оның қыздармен жолы болмайды, сондықтан олармен ешқандай қарым-қатынасы орнатпай келеді. Бір күні метрода ол әдемі, бірақ ішімдік ішіп алған мас қызды кездестіреді. Адамгершілігі мол жігіт оған көмектесуді жөн кеөреді. Сөйтіп араларында романтикалық қарым-қатынас пайда болады. Бірақ оның мінсіз деп көретін қызы мүлдем ондай емес болып шығады: айтарлықтай өрескел  әрі тік мінезді. Жүрекке әмір жүрмейді емес пе?! Екеуі бір-біріне қарама-қайшы бола тұра, бір ортада өздерін жақсы сезінеді. Алайда бір күні қыз жігіттің өмірінен мүлдем кетіп, оны біржола өзгертеді. Шынайы әрі әдемі мелодрама комедиямен жақсы үйлесім тапқан. Ал кешкі уақытта осындай фильм тамашалаудан артық көңілді не серпілтуі мүмкін?  

Актерлер: Жандос Айбасов, Динара Бақтыбаева
Режиссері: Сакен Жолдас  

Фото: brod.kz

«Менің күнәлі періштем»
(2011)

Әр бойжеткеннің өзінің арманы болады. Бірі сәтті тұрмысқа шығуды армандаса, өзгелері модель не бизнес-ханым болғысы келеді. Үшіншілерінде басқа да армандары бар. Бұл фильмнің бас кейіпкерінің де мақсат етіп қойған арманы бар. Ол - атақты әнші атанып, өзінің талантымен Парижді бағындыру. Айша бұл мақсатты жүзеге асыратын қалталы демеушіні де тауып қойған. Бастысы – оның қолында Парижге шақыртуы бар. Сәл дегенде оның үлкен арманы орындалудың алдында тұр. Бірақ тағдырдың оған деген жоспары бөлек – Айша нағыз өмірлік махаббатын кездестіреді. Бойжеткен енді қайтпек? Екі жолдың қайсысын таңдар?

Актерлер: Құралай Анарбекова, Данияр Қанатғалиев, Жерар Депардье
Режиссері: Талғат Теменов («Махаббат бекеті», «Көшпенділер»)

«Препод»
(2013)

Арман  - бір көргеннен сүйкімді Камилаға ғашық болатын жас жігіт. Бойжеткенмен танысу үшін ол қыз оқитын жоғары оқу орнына барады. Келген соң, мұнда дереу оқытушы керек екендігін естіп, көп ойланбастан, өзін ұстаз деп таныстырып, университетке жұмысқа орналасады. Барлық студенттерге жас әрі сәнқой оқытушы бірден ұнап қалады, ал Камила болса, «міне» дегенде Арманға жүрегін ашпақ болады. Алайда осы кезде күтпеген жағдай орын алады. Оқу орнына шынайы оқытушы келеді. Сол себепті Арманның өтірігі ашылып, қиын жағдайға тап болуы әбден мүмкін.  

Актерлер: Айсұлу Әзімбаева, Дастан Оразбеков, Батырхан Шүкенов
Режиссерлері: Виктор Вилкс, Славомир Леонтьев

Фото: kazakhfilmstudios.kz

 «Виртуалды махаббат»
(2012)

Эля – өзіне-өзі сенімді әрі әдемі бойжеткен. Көптеген ер азаматтар оның жүрегін жаулауға ынтық. Тіпті бастығының өзі ерекше ілтипат білдіреді. Алайда кәсіби себептерге және өзінің қадір-қасиетіне байланысты Эля оның бұл әрекеттеріне жауап бермейді. Қызға басшысынан бөлек, Тимур есімді әріптесі де ғашық екен, бірақ ол қызға өзінің сезімін білдіруге бата алмай жүр. Сондықтан Элямен виртуалды әлемде – желі арқылы байланысуды жөн көреді. Қыз болса, хабарласып жүрген жігітінің кім екенінен мүлде бейхабар. 

Актерлері: Бибигүл Сүйіншалина, Артур Смольянинов
Режиссері: Әмір Қарақұлов

«Я – жених»
(2018)

Тимур есімді жас жігіт өзінің әріптесі Әлияға көмектесіп, оның ата-анасына өзін қыздарының күйеу жігіті деп таныстырады. Себебі Әлияның Самат есімді шынайы күйеу жігіті олармен танысуға келе алмай қалды. Ақкөңіл Тимур оны нендей сынақтар күтіп тұрғанын сезбеген де еді. Қатал мінезді әке әрі отставкадағы генерал болашақ «күйеу бала» одан рұқсат сұрамай, қызына ұсынысты қалайша жасауға батылы барды деп ашулы. Тимур болашақ «жарының» үйінде бес күн өткізуге мәжбүр. Ол Әлияның күйеу жігітінің рөлін ақырына дейін орындап шыға ала ма? Өтіріктерінің арты не болмақ?  

Актерлер: Нұртас Адамбай, Гүлнар Сильбаева
Режиссері: Нұртас Адамбай («Келинка Сабина», «Аким», «Тараз»)

Фото: brod.kz

«Станция судьбы»
(2019)

Жиырма үш жастағы Ұлан есімді жігіт өзінің кезекті еркелігінен кейін полиция қызметкерлерінен қашып, вагон купесіне жүгіріп кіреді. Онда Гүлназ есімді қызды кезіктіріп, оған ғашық болады. Гүлназ Ұланның көптен бері іздеген нәзік әрі сүйкімді қыз болып шығады. Гүлназ болса, жігіттің бойынан еркіндікті байқайды. Бұл еркіндікті қыз бұрыннан армандаған, бірақ оған батылы жетпей жүрген еді. Қос ғашық тағдырдың оларға қандай сынақтарды дайындап қоғанын білмейді. Екеуі ата-аналарының бұрынғы өмірлері үшін зардап шегеді, алайда махаббаттарын сақтап қалу үшін қиындықтарға төтеп берулеріне тура келеді.

Актерлер: Асқар Ілиясов, Әйгерім Мақсұтова, Баян Алагозова, Бөпеш Жандаев, Қуанышбек Адылов
Режиссері: Ернар Нұрғалиев («Жаным, ты не поверишь», «Он и она»)

Фото: brod.kz

«Кемпір»
(2014)

Фильмнің басты кейіпкерлері – шағын ауылда тұрып жатқан егде жасқа келген адамдар. Олардың махаббаты сонау мектеп қабырғасынан басталып, содан бері ажырамай келеді. Алайда елдің өсек-аяны ең берік қарым-қатынасты да бұзуы мүмкін. Кейіпкерлер«махаббат жасқа қарамайды» қағидасын дәлелдеп, арадағы кикілжіңді ұмытып, барлығын қайта басынан бастауға дайын ба?

Актерлер: Ғазиза Әбдінабиева, Қадірбек Демесін
Режиссері: Ермек Тұрсын («Келін», «Шал»)

Фото: kino-teatr.ru

«Больше, чем кино»
(2017)

Жас режиссер өзінің дебюттық фильміне қаржылық қолдау көрсететін демеуші таба алмай әлек болады. Шарасыздықтан ол балаларға арналған шағын жобаға режиссер болып жұмысқа тұрады. Түсірілім алаңына келген соң, жігіт осы жерде арзан ақшаға кино түсіруге болатынын түсінеді. Бар керегі – актерлер мен түсірім тобын сендіру.

Актерлер: Данияр Алшынов, Аружан Жазылбекова, Дәурен Айдарқұлов, Жәния Джуринская
Режиссері: Асқар Бисембин («Замуж в 30», «Адель», «Свадьба на троих», «Семейные страсти»)

Фото: brod.kz

«Кластастар»
(2018)

Картина мектеп бітіру кешінде жыл сайын кездесуге уәде берген кластастар туралы баяндайды. Алайда содан бері алғаш рет олар тек 18 жыл өткен соң ғана бас қосады. Сол күні боран соғып, сыныптастар бір түнді бірге өткізуге мәжбүр болады. Түлектердің басқосуы мектеп кездегі қуанышты сәттерді ескі түсірумен өтеді. Көрермендер бұл комедия арқылы әркімге таныс  өткен күндерге кішкентай саяхат жасайды.

Актерлер: Әсел Садуақасова, Дәурен Айдарқұлов, Данагүл Темірсұлтанова, Олжас Абай, Ирина Ажмұхамедова, Қайрат Әділгерей, Әсел Қалиева
Режиссері: Ернар Нұрғалиев («Жаным, ты не поверишь», «Он и она», «Станция судьбы»)

«Мажор»
(2017)

Марсель – романтик әрі джентльмен. Даник – мақтаншақ жігіт. Бага болса, кәсіби боксшы. Бұл үш жігітті не байланыстырады? Үшеуі де уайым-қайғысы жоқ «қалталы» жігіттер, өмірде тұтынушының өмір салтын ұстанады. Алайда бұл уайымсыз ертегі әлемінде де оларға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, әрекеттеріне есеп беретін кез туады.

Актерлер: Марсель Махмуди, Бахтияр Байсерік, Әнуар Талғатов, Айым Сейітметова
Режиссері: Жәнібек Гусманов

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы