Размер шрифта:

Цветовая схема:

18 ақпан, 2021586

Деректі фильм түсірудегі 10 қағидат

Деректі фильмдер әртүрлі бағытта және тақырыпта түсіріледі. Олардың қатарында: тарихи картиналар, шытырман фильмдер, жануарлар мен табиғат бейнелері, олардың тіршіліктері мен пайда болу жолдары секілді сан түрлі бағыттар кездеседі. Деректі фильмдерді енді ғана қолға алып, түсіріп бастап жатқан киногерлер көбіне отбасы жайында, достар мен қоршаған орта туралы немесе хобби, идея не білгілі-бір өмір салтын ұстанатын кейіпкерді негізге ала отырып, өз деректі фильмдерін түсіріп жатады. Киноиндустрия саласында деректі фильм жанры өте жауапты әрі күрделі болып келетіні құпия емес. Оны түсініп, ұғыну үшін көп деректерді мұқият қарап, зерттеу маңызды. Сол үшін деректі фильмді түсірудегі базалық қағидаттарды біліп алған жөн. Осы мақсатта сіз үшін арнайы сапалы документалды фильмді жарыққа шығарудағы 10 басты ережені назарыңызға ұсынамыз.

Идея

Үздік деректі кинофильмді түсіру үшін үздік идея керек. Сапалы лентаны түсірер алдын әрқашан оның берер ойы мен жекізер мағынасын анықтап алған жөн. Кино үшін тек бір идеямен шектеліп қалмаған абзал, ойда біршама жоспарлар және идеялар болуы маңызды.

Бүгінгі таңда деректі фильмдердің әртүрлі тақырыптары сұранысқа ие, тіпті махаббат, сатқындық, достық және соғыс туралы қалыпты болған сюжеттерде де көрерменді баурап алатын күтпеген тосын сыйға толы тұстары жеткілікті. Жағдайды өзіңіз арқылы өткізіп, оған өз көзқарасыңызбен қарап көріңіз. Тақырыпты жақындарыңызбен, әріптес, дстарыңызбен бірге ақылдасып, ой бөлісіңіз.

Қалай болғанда да, таңдалған тақырып сіз үшін ерекше әрі қызықты болуы керек. Сізді мүлдем қызықтырмайтын немесе түсінбейтін ұсынысты қабылдамаңыз. Көпшіліктің бір сәттік сұраныстарын пайдаланатын өрескел соқыр идеялар мен киноленталар көптің қатарында тұр. Әлбетте, кинофильм тақырыбы сұраныста болуы керек, бірақ бұл бәрімен бірдей болуы керек деген сөз емес.

Сценарий

Әрбір кинофильм үшін оның сценариі маңызды. Сценарий фильмнің маңыздылығы мен ұтымды болу үшін қаланатын қаңқа секілді. Егер қаңқа дұрыс құралмаса, онда әріқарай да ешқандай даму мен өсудің болмайтыны секілді кез-келген лентаның сәтті болуы дәл осы сценарийге байланысты. Бәрі де сценарийден басталады. Жай ғана бейне түсіру үшін де белгілі-бір жүйелік, яғни сценарий қажет. Сондықтан, сценарий мақсаты- кинокартинаға ұғымды әрі мән-мағыналы ой жүйесін енгізу. Ол үшін кей киногерлер арнайы сценаристерді жалдап, оларға жоғары талап қояды. Көп киногерлер фильмің ұтымды болуы ондағы актерлердің рейтингі жоғары болуы деп жатады. Недегенмен де, кино үшін алғашқы маңызды орында сценарий, содан кейін оны жеткізетін актерлер ойыны, артынша кейіпкерлердің кәсібилігі, саундтректер мен түсірілім орындары да толыққанды картинаны жеткізу үшін көмектеседі.

Бастапқыда сіз фильмнің көмегімен дәл нені және оны қалай жеткізгіңіз келетіндігіңізді нақты түсінуіңіз қажет. Өз мансабын деректі фильмінен бастаған британдық режиссер Кол Спектор: «Түсірілім алдында сіз өз-өзіңізге сұрақ қою арқылы бұл фильмнің сіз үшін нені білдіретіндігі, ол сіздің дүниетанымыңызды қалай көрсететіндігін анықтай аласыз. Фильм жай ғана белгілі-бір іс-қимылдардың ретін көрсету үшін түсірілмеуі қажет. Картина өзінің негізгі тақырыбын ашып, сұрақтар қойылып, оларға жауап бере алуы шарт»,-дейді.

Кейіпкерлер

Кез-келген ұтымды драматургиялық шығармада кейіпкерлер болады. Әр фильмде көптің назары түсетін де дәл осы – кейіпкерлер. Сапалы деректі фильмді түсіру үшін өз кейіпкеріңізді түсініп, оның жан-дүниесін ұғына алуыңыз маңызды. Тағы бір маңызды қағидаттардың бірі- көрермен деңгейімен бірдей болу қажет. Яғни сені тамашалап отырған халықпен бірге көтеріліп және халықпен бірге түсе білу де ерекше өнер екені айқын. Ондай дәрежеге кенелу үшін ең алдымен фильм кейіпкерлерімен жақсы әрі сенімді қарым-қатынасты орнату қажет. Міне, сол кезде ғана актерлер кадрда «ойнамайды» олар сол рөлде өмір сүретін болады. Ал көзі қарағы көрермен мұны фильмнің алғашқы секундатрында-ақ байқайтын болады.

Сіздің фильміңіз арқылы кинолентадағы кейіпкерлер жаңа қырынан танылып, қандай да бір эволюциядан өтуі қажет. Сол кезде көрерменді қызықтыра алуға болады.

Жаңадан бастап келе жатқан кинодокументалистердің жиі кездесетін қателігі-бұл өз киносын қарапайым сұхбатқа айналдыруы. Бұл мүлдем басқа жанр. Кейіпкер кадрда тек сөйлеп қана қойса, деректі фильмнің қандай да бір нәтижесі болмайды. Кейіпкеріңіздің оқиғасын оның іс-әрекеттері, қозғалысы, керекті деректер мен құжаттар арқылы, сондай-ақ дауыстық мәтін арқылы да картинаңызды ұтымды тұстан көрсете аласыз. Бұл сізге жан-жақты дамуға да өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Ұжым

Қысқа метрлі деректі фильм түсірілім тобының барлық мүшелерінің — режиссер, продюсер, оператор, дыбыс режиссері және монтажердің міндеттерін орындай отырып, жалғыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жалғыз жұмыс істеудің тағы бір артықшылығы — сіздің фильміңіздің кейіпкерлеріне жақын болу және олардың шынайы сезімін көре алу мүмкіндігі туады. Актерлер әдетте дәл сол кинорежиссерлердің көпшілігінен аяқ тартады және соған байланысты көбіне экран алдында барынша ашыла алмайды. Әлде бір қысымның әсерінен өздерін табиғи әрі еркін ұстай алмай, жасандылық байқалып тұрады.  

Бірақ егер сіз жұмысты байыпты қабылдап, ұтымды нәтижені көздегіңіз келсе, міндетті түрде түсірілім тобын шақыруға тура келеді. Бұл сіздің достарыңыз бен таныстарыңыз, мамандандырылған оқу орындарының студенттері немесе нағыз кәсіпқой мамандар болуы мүмкін. Бірақ, әлбетте, мұның бәрі сіздің бюджетіңізге байланысты болады.

Бірақ кез-келген жағдайда сіз екі маңызды факторды есте сақтауыңыз керек. Біріншіден, сіздің түсірілім тобыңыздың мүшелері сіз өзіңіз жасай алатын нәтижеден гөрі жақсырақ нәтижені көрсетуі қажет. Екіншіден, олар сізбен ойы бір жерден шығатын пікірлес адам болуы керек және фильм тақырыбына өзіңіз секілді ғашық болуы қажет. Сонымен бірге есіңізде болсын — бұл сіздің фильміңіз, ал топ мүшелері сіз үшін -мақсатқа жетудің құралы. Кеңестер мен сынды жеткілікті түрде қабылдаңыз, бірақ олардың сіздің режиссерлік идеяңызға толықтай әсер етуіне жол бермеңіз.

Жабдықтар

Қарапайым деректі фильмді қарапайым смартфонменм де түсіруге болады. Бірақ егер сіз сапалы нәтижеге қол жеткізуді қаласаңыз, онда жоғары дәрежедегі техника пен сапалы жабдықтарды қолданыңыз. Демеушілерді іздеудің немесе үлкен несие алып, қарызға батудың қажеті жоқ. Шағын жоба түсіру үшін қалтаға қонымды аппараттар мен техниканы табуға болады.  

Егер сіз жалғыз жұмыс істеуді жоспарласаңыз және жабдықтың ең аз мөлшерімен әрі базалық құралдармен шектелгіңіз келсе, онда осындай тізімге назар аударыңыз:

Екі камера (бір негізгі және бір қосалқы).

Түсірілім күні бойы үзіліссіз түсіруге мүмкіндік беретін көптеген қосалқы батареялар.

Стедикам-бұл жолда түсірілген бейненің сапасын едәуір жақсартады және орнату кезінде сізді қорқынышты азаптан құтқарады.

Сұхбатты немесе үзілістерді түсіруге арналған бейне басы бар тұрақты штатив.

Қашықтан жазылған микрофон-петличка.

Аудио жазғыш.

Сондай-ақ, бұл тізімге сіз өзіңіз мынадай құралдарды да енгізе аласыз: қарапайым камера жарығын, слайдер, шағылыстырғыштарды және тағы да басқа аппаратураларды да қоса аласыз. Бірақ мұндай жиынтықпен сіз мобильді болуды доғарып, бюджетті көбейтуге тура келеді.

Түсірілім спецификасы

Деректі фильмнің спецификасының ерекшелігі-сіз көбінесе түсірілім процесін мүлдем басқара алмайсыз. Кадрда өз өмірімен жайбарақат өмір сүретін кейіпкерлер бар. Сонымен қатар, түсірілім уақыты мен орнын анықтайтын да солар. Бұл сіздің сценарийіңізді дайындау кезінде ескерілуі керек дүние. Қалай болғанда да, жоспарсыз түсіру әлдеқайда қиын. Бұл уақыт өте келе қиындықтарды болдырмауға, сұхбат пен түсірілімнің кейіпкерлерімен алдын-ала байланыс орнатуға, көлік шығындарын жоспарлауға және сізді қызықтыратын іс-шараларға қол жеткізуге көмектеседі.

Егер сіздің фильміңіз драмалық көріністерді түсіруді қажет етсе-сіз актерлерді, декорацияларды алдын-ала таңдап, егжей-тегжейлі сценарийді жазып, әрбір детальге назара салуыңыз керек.

Жүйелі ойланыңыз — көбінесе деректі фильмдер түсіру бірнеше айға, тіпті жылдарға созылады, одан қорқудың еш қажеті жоқ. Кейіпкерлеріңізбен бірге дамып, олардың өміріндегі ең жарқын оқиғаларда бірге болуға тырысыңыз. Үнемі түсіріп жүріңіз, жарты сағаттық фильм жүздеген сағаттық тірі бейнематериалдан құралады, шынайы кадрлар ешқашан көп болмайды.

Егер сіз түсірілім орнын таңдамасаңыз да, қолда бар табиғат берген сұлулықтар мен мүмкіндіктерін барынша пайдаланыңыз. Кез-келген жерде кейіпкерлеріңізді қадағалаңыз, кеңістіктегі өзара жағдайды бағалаңыз, сол кезде ең сәтті кадрлар мен процесстер пайда болуы мүмкін. Қажет болса, кейіпкерлеріңізден әдемі кадр үшін бір іс-қимылды жасауын сұраңыз. Мәселен, от жағу, ыдыс жуу, қаруды тазарту - мұның бәрі сіздің картинаңыздың сапалы шығуына және ой мен мазмұнды жақсы жеткізуге көмектесетіні сөзсіз.

Графика

Деректі фильмде графикалық немесе анимациялық кірістірулер жиі қолданылады. Бұл карталар, стильдендірілген фотосуреттер мен картиналар, кейбір графикалар немесе сандық статистика болуы мүмкін. Біріншіден, олар бейне тізбегін жақсы жандандырады, екіншіден, сіздің фильміңізге кәсібилік үндес қосады. Қарапайым анимациялық мәтіндік бөліктерді кез-келген бейне редакторында жасауға болады, бірақ егер сіз фильмді күрделірек дүниелермен және графикамен безендіргіңіз келсе, бұл жұмысты сапалы жасайтын кәсіби дизайнердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал.

Көп жағдайларда әрқашан «Жүз рет естігеннен, бір рет көрген жақсы» деген қағиданы ұстану керек. Бірақ сіз мұндай техниканы теріс пайдаланбауыңыз керек-сіз бизнес-презентацияны емес, деректі фильм түсіргендіктен, графикалық ақпараттың көптігі көрерменді тез шаршатып жіберуі мүмкін.

Монтаж

Деректі фильм режиссердің қиялынсыз және безендірудің көмегінсіз өмірдің шынайы бейнесін жеткізуге арналған. Бірақ бірде-бір фильм монтажсыз жасалмайды. Өзіңіз үшін қолайлы болған манипуляциялардың шекараларын анықтап, сапалы картина түсіруді жалғастырыңыз.

Ең алдымен болашақ фильмнің жоспарын жасау керек. Фильміңізге қатысты барлық керекті сұрақтарды қойып, оларға қалай жауап беретініңіз туралы ойланыңыз. Барлық керекті материалдарды қарап шығыңыз және сюжетті ашу ретін анықтаңыз. Жалпы логикасын қадағалаңыз және оны көрерменге түсінікті етіп жеткізуге тырысыңыз. Осыдан кейін сіз ролик тізбегін және музыкалық сүйемелдеуді таңдауға кірісе аласыз. Мағынасыз және түсініксіз болып көрінетін барлық дүниелерден және кадрлар мен дыбыстардан бас тартыңыз. Соңғы нүктені қоятын және ұтымды фишкасы болатын тартымды бастама мен сенімді аяқталуды қамтамасыз етіңіз. Көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысыңыз.

Кинолентаның әрбір деталін соңғы мүмкіндік қалғанша тексеріп, жіті бақылап шығыңыз. Сыртқы көз-қарастан қашпаңыз, отбасы, туыс-бауырларыңыз, достарыңыз бен жақындарыңыздан пікір сұраудан қашпаңыз.

Дыбыс

«Колумбинге арналған Боулинг» фильмін түсірген әйгілі Майкл Мур «бұл бүкіл тарихты сақтайтын дыбыс» дейді. Деректі фильмдердегі бейненің сапалы шығуына көптеген факторлар әсер етеді. Сіз дайындықсыз, қозғалыста, гримсіз түсіруіңіз мүмкін. Сапасыз кадрлар кей кинофильмдер мен оның авторалары және режиссерлер үшін қандай да бір фишка болуы мүмкін. Сол арқылы көрермен болып жатқан оқиғаға терең еніп, үңіле алады. Алайда дыбыс, бейнедегі орын алып жатқан іс-әрекеттің дауысы үзіліп не сапасыз шықса, көрермен үшін фильмнің мәні жоғалып кетеді. Сол себепті кез-келген кинолентада сапалы дыбыс өте маңызды.

Жақсы дыбыс инженерін табыңыз немесе кем дегенде онымен кеңесіп, сапалы жазу техникасымен қамтамасыз етіңіз. Қазіргі заманғы цикл микрофондары көптеген сағат бойы қашықтан жұмыс істей алады, оны кейіпкеріңізге іліп қойыңыз, сол арқылы сіз бірде-бір сөзді не дыбысты жіберіп алмайсыз. Сапалы дыбыс сіздің бүкіл фильміңізді біріктіреді және кәсіби кино сезімін тудырады.

Көптеген документалистер келісілген оқиғаны жасау үшін кадрдан тыс дауысты қолданады. Бұл дыбыс кадрда дауыс дұрыс жазылмаған жағдайда қолданылатын таптырмас құрал. Бірден бір талап етілетін қағидат - дауыс сапалы болуы керек. Дауысты жазу үшін тек жоғары деңгейлі техниканы қолданыңыз немесе кәсіби жазу студиясының қызметін пайдаланыңыз. Риторикадағы таланттарыңызды байсалды түрде бағалаңыз және қажет болған жағдайда кадрдан тыс дыбыстарды оқитын кәсіби маманды жалдаңыз — бұл сіз ойлағандай қымбат болмайды.

Презентация

Сіз миллион көрермен үшін қызықты идея тауып, сол идеяның жүйесінде фильм түсірдіңіз, енді сіздің міндетіңіз – сол көрерменге өнімді таныстырып, ұсыну. Осы тұста Майкл Мурдың сәтті болған картиналарына назар аударыңыз. Оның Америка Құрама Штатындағы 2001 жылы орын алған трагедия мен Президент Буштың Ауғанстан мен Ирактағы соғыстардың басталуына арналған «Фаренгейт 9/11» деректі кинофильмі 222 миллион доллардан астам ақша жинап, тарихтағы ең үлкен кассалық жинақты жинаған деректі фильм бола алды.

Дистрибьюторлық және өндірістік компанияларды дайын өніммен қызықтыру әлдеқайда оңай, бірақ бастаушы режиссерлер үшін де бұл тіпті қиындық тудыруы мүмкін. Мүмкін, бастапқы кезеңде сіз өз фильміңізді өзіңіз ғана таныстыруға тура келетін шығар. Өзіңіз білетін және хабардар барлық фестивальдерге өтініш беріңіз, оқу орнының Әкімшілігімен, бейресми мәдени орындармен және әуесқой киноклубтармен келісіңіз. Осы арқылы өндірілген фильміңізді мүмкіндігінше көп адамға көрсетуге тырысыңыз. Кинофестивальдерге және кинодокументалистика бойынша түрлі іс-шараларға қатысу өзіңізді танытуға және пайдалы таныстықтарға жол ашатынын ұмытып кетпеңіз.

Егер сіз өзіңіздің жұмысыңыздан коммерциялық пайда табуды жоспарламасаңыз-фильмді YouTube видео хостингіне орналастырыңыз. Бұл платформа әлеуметтік желілермен және интернет-БАҚ-пен берік байланыс болған жағдайда өте жақсы жұмыс істейді, олардың бойында сіз өз өніміңізге деген қызығушылықты тудырта аласыз.

Бірақ ең бастысы-сіз өзіңіздің аудиторияңыздан кері байланыс алуыңыз керек және сіздің жұмысыңызға тиісті сын айтылуы керек. Онсыз сіз қандай деңгейде екеніңізді және әріқарай қалай даму керектігіңізді түсіне алмайсыз.

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы