Размер шрифта:

Цветовая схема:

09 сәуір, 2020203

«Домбыра» фильмі испандық байқаудың жүлдегері атанды

Қазақстандық «Домбыра» атты қысқаметрлі фильмі Испанияда өткен байқауда жүлдегер атанды.

Режиссер Рамазан Халиолланың картинасы Short Of The Year қысқаметрлі фильмдер фестивалінің қысқы маусымында қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды деп хабарлайды «Kaztube.kz» бейне-порталы «Қазақфильм»  киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фильмде домбыраның құлағында ойнап, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандаған баланың өмірі суреттеледі. Туынды желісі бойынша бала арманының дәл орындалары алдында кенеттен сүйікті құралынан айырылып қалады.

Айта кетейік, аталған жүлде отандық картинаның жалғыз ғана жетістістігі емес. Өткен жылы фильм IV Халықаралық Baiqonyr ISFF кинофестивалінің байқаудан тыс бағдарламасы шеңберінде көрсетіліп, «Бродвей таңдауы» сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, фильм Үндістанда өткен 8-ші Халықаралық қысқаметрлі Delhi Shorts International Film Festival фильмдер кинобайқауында «Үздік фильм» жүлдесін жеңіп алды. Бұдан бөлек, «Домбыра» кысқаметрлі туындысы Sensus пен 19-шы Kids First Халықаралық кинофестивальдеріне қатысқан.

Ал, Short Of The Year фестиваліне оралсақ, бұл қыс, көктем, жаз және күз мезгілдерінде бір реттен шығатын, яғни 4 шығарылымнан тұратын байқау. Әр маусымда елуге жуық анимациялық, деректі, көркем, іс-тәжірибелік, музыкалық фильмдер қатысады. Олардың ұзақтығы 30 минуттан аспауы тиіс. «Үздік көркем/деректі/анимациялық/іс-тәжірибелік/музыкалық қысқаметрлі фильмдер» сынды номинацияларынан бөлек, фестивальде «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы» да тағайындалады. Оған ие болған картиналар әлемде өтетін кинофестивальдерге тегін қатысуға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, «Домбыра» қысқаметрлі фильмін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Дебют» шығармашылық бірлестігі түсірген. Сценарийді фильмнің режиссері Рамазан Халиолла мен Жанат Жайлыбайлар жазған.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  @kazakhfilm_official

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы