Размер шрифта:

Цветовая схема:

07 шілде, 2021283

Дон Кихот, Мамая Керо: түсініксіз атау – түсінікті кино

Бүгін қазақ киносының дамып, алға ілгерілеуіне үлес қосқан, өзгеше ойлы картиналарымен көрермен көзайымына айналған режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың кино саласындағы алғашқы қадамдарына шолу жасаймыз. 

Оның алғаш түсірген картиналарынан-ақ әдебиет пен музыканы кино саласына байланыстыра білген, нағыз шығармашылық адамы екені байқалады. Мысалы, оның тұңғыш кинотындысының атауындағы Дон Кихот – әлем әдебиетінің алыбы Мигель де Сервантестің  кейіпкері. Ал «Мамая Керо» сөзі – әйгілі бразилиялық  Mamãe Eu Quero әнінің атауы, мағынасы «Мама, мен мұны қалаймын». Кеңестік кино саласының мықты маманына айналған сценарист әрі  жазушы режиссеріміздің алғашқы фильмдері өз заманының шындығын экранда батыл көрсете білген туындылар деп айтуға әбден лайықты.

Сатыбалды Нарымбетов – жазушы, кинодраматург, кинорежиссер әрі сценарист. Ол 1946 жылы сегізінші наурызда қазіргі Түркістан облысындағы Ащысай елдімекенінде дүниеге келген.

Ол 1969 жылы ВГИК-тің сценаристер дайындайтын факультетін, 1984 жылы ВКСР-ді – КСРО Мемлекеттік кинематография комитетінің жанындағы сценарий авторлары мен режиссерлеріне арналған жоғары курстарды Георгий Данелия шеберханасынан тәмамдады.

1973 жылдан бергі КСРО Кинематографистер одағының мүшелігіне қабылданды әрі бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; куейін Джордж Садул тәуелсіз сыйлығының лауреаты; 2000 жылы тәуелсіз «Тарлан» платина сыйлығының лауреаты атанды.  1996 жылы «Құрмет» орденімен марапатталып, 2005 жылы «Қазақстандың еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді.

Әлемдік деңгейдегі кино шеберлері қатарына жеткізген «Жас аккордеоншының өмірбаяны» атты алғашқы «жұлдызды» фильміне дейін С. Нарымбетов бірқатар толықметражды көркем және деректі фильмдер түсіріп, оннан астам фильмге сценарий жазды. Сондай-ақ бірнеше әңгімелер жинағын шығарды: «Тентек» (1969 ж., қазақ тілінде), «Менің азап шегетін Атлантидам» (1984 ж., орыс тілінде), «Фантом аурулары» (1991 ж., қазақ тілінде) және т.б.

 «Жас аккордеоншының өмірбаяны» фильмі тек өз елінде ғана емес (ол Қазақстан Республикасының 1996 жылғы Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды), сонымен қатар ең беделді және танымал халықаралық кинофорумдарда марапаттарға ие болып, әлемдік деңгейде мойындалды. Сатыбалды Нарымбетов режиссерлікпен қатар, киног әлемінде сценарий жазу өнерімен де танылған. Ол өз фильмдерінен бөлек, басқа авторлармен бірге Болат Қалымбетов пен Болат Ысқақов түсірген «Соңғы суықтық»(1993) драмасының және Қанымбек Қасымбековтің «Қызыл киіз үй»(1982) тарихи фильмінің сценарийін жазуға атсалысқан. Сондай-ақ, ол – 1972 жылы жарық көрген Қанымбек Қасымбековтің «Шоқ пен Шер» балалар фильмінің,   Мұрат Омаров 1979 жылы түсірген «Долана» драмасының сценарийлерінің авторы.

 

«Менің балалық шағымның Дон Кихоті» (1978)

Сатыбалды Нарымбетовтің дебюттық фильмі өзінің ойдан жасап алған әлемінде өмір сүретін, әртүрлі қызық оқиғаға тап болып жүретін жігіт туралы баяндайды. «Менің балалық шағымның Дон Кихоті» картинасының ұзақтығы 68 минутқа созылады және ол трагикомедия жанрында «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Операторлары – Игорь Вовнянко, Фёдор Аранышев, суретшісі – Әбдірашит Сәдіханов, музыкамен сүйемелдеген композиторы – Андрей Геворкян.  Басты рөлдерді Құбатбек Жүсібәлиев, Гүлзия Белбаева, Байкенже (Байкал) Белбаев, Құдайберген Сұлтанбаев, Нұржұман Ықтымбаев, Димаш Ахимов, Жанна Керімтаевалар секілді актерлер сомдады.

Кейде көшеден балалар кітаптарының иллюстрациясын шыға келгендей көрінетін адамдарды кездестіруге болады. Бірақ бұл оқиға ертегі кейіпкерлерінің шынайы өмірге ауысуы туралы емес. Оның өзіне тән кейіпкерлері жеткілікті. Мәселен, «Урал-ЗИС-5» жүк көлігінің жүргізушісі, сіз қалай қарасаңыз да, нағыз Дон Кихот. Ол жігіт өзінің қиял әлемінде өмір сүреді, ал сол басты қаһарманның күресіп жатқан жел диірмендерінің рөлін ескі жүк көлігі сомдайды.

«Менің балалық шағымның Дон Кихоті» фильмінің тақырыбының өзі кейіпкердің бірегейлігін меңзейді, бірақ бұл оның жұмысын жалғастыруына және бұзылған жүк көлігін жөндеуге кедергі болмайды. Әрі қарай сюжет бойында басты кейіпкердің әкесі де машинаны жөндеуге тырысқаны белгілі болады. Бірақ ол алдына қойған мақсатына жете алмастан мына дүниемен қош айтысқан. Режиссер үшін Дон Кихот – қарапайым кеңес адамы, ал ауыр жүк көлігі – Кеңес өкіметі. Ал біріншісінің екіншісімен күресуі – диірменге қылыш сермеу сияқты пайдасыз әрекет.

Аталған фильмде Сатыбалды Нарымбетовтің жеткізгісі келген идеялары өз уақытында кең етек жайып, көпшілікке жете қойған жоқ. Картинаны кинотеатрларда көрсетуге «Еуразия» деп аталатын арнайы бағдарлама бойынша тыйым салынды. Оның құрамына кинотуындылары заңмен көрсетілуге тыйым салынған қазақ киносының барлық өкілдері кірді.

 

«Күзгі бұралаң жол» (1983)

«Күзгі бұралаң жолдар» картинасы – жоғары режиссерлік курстардың дипломдық жұмысы ретінде түсірілген қысқаметражды фильм. Кинотуындының сценарийін режиссер Сатыбалды Нарымбетов қазақ жазушысы Сайын Мұратбековтің осы аттас әңгімесінің желісі бойынша жазған. 1983 жылы қалың көпшілікке ұсынылған картинаның операторы – Нана Фудин, суретшісі – Рафик Каримов (II), композиторы – Анатолий Бычков. Алғашқы шығармашылық бірлестік «Ленфильмнің» киностудиясында түсірілген фильмнің басты рөлдерін Тұңғышбай Жаманқұлов, Мейір Қашағанов, Айжан Ізмағанбетова, Құдайберген Сұлтанбаев, Еркен Шанимовтер сомдайды. Картина орыс тілінде түсіріліп, 33 минут экран уақытын алады.

«Күн сәскеден ауып барады. Біз Гришка, Қанатай үшеуміз диірменнің желке тұсындағы қойтастың үстінде отырмыз. Қанатай – жұқалтаң, ақ сұр өңді бала. Менен бірер жасы кішілеу», – деп басталатын әңгіме соғыстың салдарынан жесір қалған әйелдің тағдыры, оның баласы баяндайды. Әрине, әңгіменің негізгі желісі, кейіпкердің мінездері сақталғанымен, кей сюжеттер, кейіпкерлердің жастары, кей деректерді режиссер өзгертуге шешім қабылдаған. Мысалы, әңгімеде Қанатайдың жасы он алтыдағы ержетіп қалған жігіт, ал фильмде оның жасы 8-де. Көркем шығармада Қанатай өз әкесінің соғыста өлмегенін, әкесі кездейсоқ танысып қалған Шынтемір екенін анасының өз аузынан естиді. Бірақ оны мойындағысы келмеді. Кинофильмде балаға шындық мүлде айтылмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Кинотуындыда сондай-ақ Шынтемір өзінің Бибіден туған баласы бар екенін де білмейді, бірақ негізгі оқиғада ол өзінің басқа әйелден туған жетінші баласы туралы толық хабардар еді. Осындай сюжеттік өзгерістерге ұшырағанына қарамастан, фильм оқиғасы әлі де тартымды болып қала береді.

 

«Ауылдан келген күйеу бала» (1987)

«Ауылдан келген күйеу бала» фильмі өзінен әлдеқайта мықты мафия мүшелерімен күресіп жүрген ауылдан келген жас жігттің оқиғасын бейнелейді. 1987 жылы жарық көрген бұл фильмнің сюжеттік желісін туындының режиссері Сатыбалды Нарымбетов кеңестік сценарист Геннадий Хоменчукпен бірге жазып шыққан. Бір сағат төрт минутқа созылатын қысқа ғана картинаның композиторы – Сейдолла Бәйтереков, суретшісі – Рүстем Одинаев, операторы – Марат Дуганов, ал дыбыс операторы Дмитрий Пискунов болды. Фильм жанры – комедия, «Қазақфильмнің» студиясында түсірілген.

«Ауылдан келген күйеу бала» кинокартинасының сюжеті шағын ғана ауылдан келген күйеу бала – қарапайым жігіт Есен туралы баяндайды. Ол үлкен қалаға келіп, бақытты отбасынан шыққан қалалық сұлуға ғашық болып, оған қолы мен жүрегін ұсынады. Ақсаусақ бойжеткеннің отбасы қызының таңдауын қуана құптайды, сондықтан олар жігітті өздерінің элиталық өмір әлеміне енгізеді. Оларды жақын тани түскен Есен өз таңдауының қайда апарып соққанын түсініп, оларға қарсы шығуға тырысады. Мықты мафияға, өзінің шамасы келмейтін күшке қарсы соғыс ашады.  Бірақ оларға лайықты тойтарыс беруге қайраты жете ме?

«Ауылдан келген күйеу бала» – кедейлер әлемі мен өмірін қанға құрған көшбасшылар әлемі арасындағы қарама-қайшылық. 1987 жылғы комедияда ескі Алматы тыныс-тіршілігі бейнеленген, сюжеттің шытырман тұстарынсыз-ақ қала өмірін тамашалау жағымды сезім сыйлайды. Туындының режиссері әрі сценаристі – Сатыбалды Нарымбетов экран арқылы бір-біріне қарама-қайшы ғаламның шиеленісін, сондай-ақ олардың біреуінің екіншісінің күшін мойындауын тамаша жеткізе алды.

Басты рөлді Эмиль Борончиев ойнады, осы фильмдегі рөлі оның үлкен экрандағы фильмографиясында соңғы образ болды. Ол өзінің талантымен көрерменге өшпес әсер қалдырды, Есеннің бейнесін бірнеше қырынан, жан-жақты көрсете алды. Түсірілім алаңында оның сұлу да сымбатты жарын Венера Нығматулина ойнады, ол «Қазақфильм» киностудиясының келесі жобаларына қатысуымен жанкүйерлерін одан әрі қуанта берді. Өзге де қосымша кейіпкерлердің образдарын Эмил Борончиев, Венера Нигматулина, Борислав Брондуков, Виктор Ильичев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Линда Нигматулина, Лидия Каденова, Асмат Ткабладзе, Александр Поляков, Али Мұхаммед, Бәйтен Омаровтер ойнап шықты.

 

 «Созақтық Гамлет» немесе «Мамайя Кэро» (1990)

«Созақтық Гамлет» немесе «Мамайя Кэро» фильмі – дәл осы атаумен жарық көрген Сатыбалды Нарымбетовтің повесінің экранизациясы. Жазушы өзінің әдеби шығармасын 1990 жылы 86 минуттық трагиякомедия етіп жарыққа шығарды. Повесті экранға бейімдеп сценарийін жазғандар Александр Бородянский, Элдор Уразбаев болса, оны таспаға түсріп, операторлық еткен Валентин Савенков, фильм композиторлары – Алма Тұрғанбаева, Әлішер Сүлейменов, суретшісі – Ыдырыс Қарсақбаев болды. Картинадағы басты және қосалқы образдағы кейіпкерлерді Советбек Джумадилов, Рано Кубаева, Алма Тұрғанбаева, Ашир Чокубаев, Анвар Боранбаев, Закир Муминов, Алиайдар Қаржауов, Хамид Азизов, Данияр Габдуллин, Қанат Джумадилов, Азамат Молдабаев, Нышан Тілеубергенов, Марат Жантелиев секілді әртістер сомдады.

Раппак – романтикалық өмірі жоқ кейіпкер, бірақ ол махаббатты талмай-тынбай іздеп, кезігіе кетсе ұстап алуға тырысады. Кейіпкер бәрін сынап көреді, бірақ өмір оған оның тағдырында романтикаға орын жоқ екенін, тіпті махаббат туралы армандамай-ақ қоя салса да болатынын ол тырмысқан сайын дәлелдеп береді. Бұл құбылыстың жауабы қарапайым: Раппактың барлық замандастары романтика түгілі, өмірде өз орнын таппаған адамдардың тұтас көрінісі. Бірақ газеттегі хабарландырулардан махаббаын іздейтін Раппак оны таба ала ма, өзінің заманындағы осындай сәтсіздіктерді тоқтатуға күші жете ме?

«Созақтық Гамлет» немесе «Мамайя Кэро» фильмі – адасқан ұрпақ тақырыбын тура және бейнелі түрде қамтитын фильмнің тамаша мысалы. Сыншылар бұл ерекшеліктерді оңай атап өтті. Олар Раппактың кейіпкерін картинаның көрнектілігі деп санады, өйткені ол идеалды ортаның өкілі және жаңа фольклордың кейіпкері. Режиссер және автор Нарымбетовтің өзі осы картинасын жоғалған ұрпақ туралы фильм деп атайды. Тоқырау дәуіріндегі оның кейіпкері, оның тағдыры жастық мақсаттырына жете алмаған және қатал шындықпен байланыста өмірді асыға бастайтын бүкіл ұрпақтың келбетін бейнелейді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы