Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 қазан, 2020472

Дубляж деген не?

Бүгінгі таңда елімізде әлемдік прокаттағы фильмдердің қазақ тіліндегі нұсқасы көбейіп, танымал болып келеді. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгінде елімізде мемлекеттік тілге 36 әлемдік кинокартина аударылып дубляждалса, олардың 34-і отандық көрермен назарына ұсынылған. Олардың көбі - балаларға арналған туындылар. Арасында «Алладин», «Көліктер 2», «Малефисента» және тағы басқа талай голливудтық фильм бар. Ал фильмдердің дубляжы қалай  жасалады? Жалпы дубляж дегеніміз не және дубляж актері не істей білуі қерек? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрейік.

Біріншіден, дубляж немесе дубляждалған аударма – бұл актерлердің шынайы дауыстарын толығымен алмастыратын, киноматериал үшін жаңа сөйлеу фонограммасы жасалатын дыбыстау түрі.

Дубляж актері болу үшін не істеу керек

Дубляж актерінде түпнұсқаға ұқсас дауыс болуы керек, дубляж жасау кезінде кейіпкердің артикуляциясына түсіп, сезім мен интонацияны жеткізуі керек. Дубляж актері болу үшін тиісті білім алып қана қоймай, белгілі бір таланттың да болуы қажет. Көп жағдайда дубляжға кәсіби актерлер қатысады, кейде дубляжға өз дауыстары мен эмоцияларын басқара білетін әншілер мен шоумендер де қатысып жатады. Дубляж актері болу үшін кез келген театр университетінде театр және кино актері мамандығын игерген ләзім. Ол үшін «Актерлік өнер» мамандығын таңдаған жөн. Мәселен, оқу орнын тәмамдаған соң, оның түлектері сахналық көркем сөйлеудің қыр-қырын меңгеріп, кейіпкерінің образына еніп, мінезін соған қарай сәйкестендіре білетін болады. Сонымен қатар жаңа талаптарға бейімделіп, қоюшы режиссерлер мен командадағы басқа да мамандармен жұмыс істеуге қауқарлы болады. Алайда актерлік шеберлік дағдыларын арнайы курстарға барып та оқуға болады.

Дубляж актері не істей білуі керек

Бұл күндері шетелдік көркем фильмдер мен мультфильмдерді  дубляждау айтарлықтай сұранысқа ие, олармен жұмыс жасау қызықты әрі тартымды үдеріске айналады. Сонымен қатар ұсақ бөлшектерге дейін маңызды саналатын өте күрделі және мұқият жұмыс.  Дубляждың сәтті шығуы дубляж актерлерінің шеберліктеріне байланысты. Олардың жоғары санаттағы ойындарының арқасында көрермендер, экрандағы кейіпкерлер өзге дауыстармен сөйлегенін байқамай,  фильм тамашалаудан рахат алады.

Дубляждаудың нәтижесі жақсы болуы үшін актер келесідей нәрселерді істей білуі қажет:

- кейіпкер эмоциясын нақты жеткізуі керек, актердің даусында қуаныш, қорқыныш, уайым мен қайғы сияқты сезімдерді шынайы білдіруі тиіс;
- актерлік шеберлікті, яғни дауысты жеткізу үшін жағдай тек эмоционалды түрде сәйкес келіп қана қоймай, сонымен қатар кейіпкердің сыртқы түріне, оның іс-әрекетіне жақындауы керек;
- кейіпкердің тыныс алу, сөйлеу мәнерін жеткізіп, дауысы қимыл-қозғалыстары мен мимикасына дөп түсуі керек;
- микрофоннан естілетін бөтен дыбыстармен сөйлеу мәнерін бұзбай, анық  айтуы қажет;
- дауыс кейіпкердің мінез-құлық ерекшеліктерін жеткізуі үшін оның образы мен мінезіне ену керек;
- дубляждау тілі түпнұсқадағы кейіпкердің ана тілі болып көрінуі үшін   артикуляцияға дөп түсу қажет.

Дубляж актерінің қиялдау қасиеті керемет болуы керек: кей кезде ол өзінің рөлін серіктессіз, яғни жалғыздықта жазады. Сондықтан оның не деп жауап беретінін елестетуі қажет. Сондай-ақ түрлі дауыстармен сөйлеу білу қабілеті де артық болмас. Себебі кәсіби дублер бір фильмнің өзінде бірнеше кейіпкердің дауысын дыбыстауы әбден мүмкін.  

Пайдалы кеңестер

Дыбыстау актері үшін дубляж саласы – ең пайдалы әрі сұранысқа ие. Бүгінде Қазақстанда кәсіби дубляждалып келе жатқан голливудтық фильмдер саны жыл санап артып келеді. Олардан бөлек дыбыстауды қажет ететін телеарналардан көрсетілетін түрік, үнді, корей және басқа да шетелдік фильмдер баршылық. Сондықтан театрлық оқу орны түлектері өз салаларының осы бағытына ерекше көңіл бөлгендері жөн.

Дубляж актерінің түпкі арманы – оның дауысын киножұлдыздардың біріне бекіту. Бұл жағдайда актер «өзінің» кейіпкерін өмір бойында дыбыстай алатын болады. Осылайша атақты голливуд жұлдызы Уилл Смитті бес жыл бойы қазақ тіліндегі дыбыстаудың эксклюзивті құқығына кезінде қазақстандық кәсіби дубляж актері Азамат Қанапия иеленген еді. «Қара киімділер – 3» фильмінің кейіпкерін қазақ тілінде дыбыстай алатын актерді  ұзақ таба алмай жүрген екен. Себебі, ешкім оның сөйлеу мәнеріне ілесе алмаған екен. Нәтижесінде бұл Азамат Қанапияның қолынан ғана келді. Қазақстандық актер бұдан бөлек, «Көліктер -2» мультфильміндегі кейіпкер Мэтр жүк көлігінің дауысын да салған.  Disney компаниясы оның дауысын Мэтрді дубляждаған дауыстардың ішіндегі ең үздігі деп таныды.   

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы