Размер шрифта:

Цветовая схема:

17 тамыз, 2021171

Эмир Байғазин - авторлық киноның айтулы өкілі

Эмир Кенжеғазыұлы Байғазин – қазақстандық авторлық киноның ең жарқын өкілдерінің бірі, сценарист, актер әрі кинорежиссер. Эмирдің көп режиссерлерден бір ерекшелігі, ол да әріптесі Әділхан Ержанов сынды фильм жасауда «do it yourself» («өзің жасап ал») тәсілін жиі қолданады. Ол өзінің кейбір картиналарында монтаждау және операторлық жұмыстарға сырттан адам шақырмай-ақ, өзінің біліктілігін ортаға сала білген. 

Эмир Кенжеғазыұлы  1984 жылы Ақтөбе облысы Алға ауданындағы Тамды елдімекенінде дүниеге келген. Эмир орта мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласына оқуға түсті, бірақ бір жылдан кейін оқуын тастап, 2002-2004 жылдары Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрына студиялық актер болып жұмыс істеді. Байғазин жиырма жасында Алматыға келіп, Темірбек  Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер акедемиясына театр әртісі мамандығына оқуға тапсыруға келеді. Бірақ сайып келгенде, кинорежиссер кәсібін меңгеруге шешім қабылдайды. Байғазин актер ретінде Тимур Бекмамбетовтың 2005 жылы түсірген «Дневной Дозор» фильмінде Тамерланның жастық шағын сомдады. 

Қазақ Ұлттық өнер академиясының үшінші курсында Эмир Байғазин «Дала» атты екі минуттық қысқаметражды фильм түсірді. Бұл картина жас режиссерге Кореядағы Азия киноакадемиясына жолдама алып келді. 2007 жылдың қыркүйегінде ол Азия киноакадемиясының (AFA) Пусан халықаралық кинофестивалінің шәкірақысына ие болды. Оның сценарийі бойынша «Бикештер» («Девственники») қысқаметражды көркем фильмі түсірілді. 2008 жылдың ақпанында Байғазин Германияда өткен 58-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде Берлин жас таланттар лагеріне қатысты.

Оның толықметражды картина түсірудегі дебюті 2013 жылы жарық көрген «Үндестік сабақтары» («Уроки гармонии») фильмі болды. Эмир Байғазин 2015 жылдың ақпанында «Тұңғыш президент қоры» сыйлығының лауреаты атанды.

Эмир Байғазин өзінің режиссерлік мансабын қысқаметражды картиналар түсіруден бастады.

«Көңілділер мен ренжігендер»  («Весёлые и обиженные», 2006) фильмінде  Эмир Байғазин сценарист, режиссер және оператор ретінде қатысқан. Ол бұл катинасы үшін «Дидар» студенттік кинофестивалінде «Үздік режиссер» сыйлығын алды. Сондай-ақ, фильм 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» және сол жылы Санкт-Петербургте өткен «Дебоши» халықаралық кинофестивальдерінің студенттік бағдарламаларына қатысқан.

«Дала» (Степь», 2007) қысқаметражды картинасында да Эмир режиссер ғана емес, сцнарий авторы әрі оператор болды. Фильм жоғарыда аталған қысқаметражбен бірге «Шәкен жұлдыздары» (2007) мен «Дебошир» (Санкт -Петербург, 2007) кинобайқауларының студенттік бағдарламасында көрсетілген.

«Салмақ қуған» («Весогонщик», 2008) – Эмир бұл фильмге сценарий жазып, режиссерлік етті. Қысқаметраж 2008 жылы «Дидар» студенттік кинофестивалінің гран-приін иеленді  және алматылық «Шәкен жұлдыздары» халықаралық фильм фестивалінің арнайы сыйлығын қанжығасына байлады.

Жоғарыда аталғандардан бөлек, Эмир Байғазин  Нұркен Әміровтің сценарийімен және режиссерлігімен түсірілген «Алматы силуэттері» («Силуэты Алматы», 2009) қысқаметраж драмасының продюсері болды.

«Үндестік сабақтары» (2013)

2013 жылдың ақпанында Эмир Байғазин «Үндестік сабақтары» атты алғашқы көркем фильмімен Халықаралық Берлин кинофестивалінің басты байқауына қатысқан бірінші қазақстандық режиссер болды. Драмалық картинаға режиссер сценарийді өзі жазып шыққан, сондай-ақ монтаж жұмыстарымен де Байғазин өзі айналысқан. Фильм продюсерлері Анна Качко, Гийом де Сей, Бенни Дрехсель сынды киносүйерлер болса, операторы Азиз Жамбақиев болды. Юлия Левицкая мен Ұлан Нұғыманов картинаға қоюшы-суретші ретінде үлестерін қосты. Басты рөлдерді сомдауға Тимур Айдарбеков, Аслан Анарбаев, Мұхтар Андасов, Анела Әділбекова, Омар Әділов, Адлет Анарбеков, Дәулет Анарбеков, Нұрсұлтан Нұрбергенов секілді әртәстер шақырылған.

Екі сағатқа созылатын картина жасөспірім баланың оқиғасын баяндайды. Медициналық тексеру кезінде 13 жастағы Асылан сыныптастарын көптің көзінше келеке етеді. Бұл оқиға оның жасырын түрде тұлғалық бұзылуларының дамуына серпін береді. Өзіне деген сенімділігі азайып, тазалық пен мінсіздікке ұмтылады, айналасындағы барлық нәрсені басқаруға деген құлшынысы артады. Асылан әжесімен бірге ауылда тұрады, оның бойындағы осы өзгерістер ақыр соңында қиын жағдайларға әкеп соғады.

Байғазиннің бұл фильмі қарапайым халықтың да, кәнігі кино мамандарының да көңілінен шыққан. Ол – шетелдік фестивальдерде ең көп жетістікке жеткен қазақстандық картиналардың бірі. Тіпті дайындық кезеңінің өзінде «Үндестік сабақтары» кинотаспасы «Қазақстандық кино жобалар нарығының» бас жүлдесі – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның қаржылық қолдауы мен халықаралық жарнаманы жеңіп алған еді. Шешімді әртүрлі елдерден келген кино майталмандары бірауыздан қабылдаған болатын. Кинотуынды әлемнің әр түкпірінен жиырмадан астам марапатқа ие болған. Олардың қатарында, көркем операторлық жұмыс үшін алған «Күміс аю» сыйлығы (Германия), Netpak «Азияның үздік фильмі» сыйлығы (Польша), «Үздік дебют» (АҚШ), «Үздік режиссерлік жұмыс» (Ресей), Үздік жаңа режиссер үшін қазылар алқасының арнайы дипломы (АҚШ) және т.б. марапаттар бар.

Режиссер бір сұхбатында өзінің дебюттық фильмі туралы былай деді: «Мен бұл фильмді өзіме қиын уақытта, бағдарларымды нақты анықтай алмай жүрген кезде түсірдім. Мен өмірдің мәні жақсылық пен жамандықтың алмасуынан тұратынына сенбеймін. Картинада адамды құрту идеясы қалай пайда болатыны туралы көбірек айтылады. Біз күн көру, тірі қалу үшін күресетін осындай әлемде өмір сүретінімізді түсінуіміз керек».

Ал Берлинде киносыншылар оператордың камерада жұмыс істеу шеберлігі мен фильмде қозғалған тақырыптардың, оның ішінде, жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынас, кісі өлтіру, жануарларды қорлау және түрмедегі қинау мәселелерінің өзекті екенін атап өтті. Байғазинның аталған картинасы туралы Films from the South кинофестивалінің директоры Лассе Скаген: «2013 жылы Берлиналда көрсетілген «Үндестік сабақтары» маған Эмирдің талантын тануға мүмкіндік берді. Мен үшін оның фильмдерін көру – таза өнер туралы ойлану» деген болатын.

Фильм Arizona Films, «Қазақфильм», Post Republic, The Rohfilm секілді қазақстандық және шетелдік компаниялардың қолдауымен түсірілген.  

«Жаралы періште» (2016)

1 сағат 53 минутқа созылатын кинокартина «Үндестік сабақтары» фильмінің тақырыптық және стилистикалық жалғасы болып табылады.  Осылайша жасөспірімдер туралы трилогияның екінші бөлімін құрайды. Фильм Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Capricci Productions, Аugenschein filmproduktion кинокомпанияларының қолдауымен жарыққа шыққан. Фильм продюсерлері Анна Вильгельми мен Бейбітжан Мүслимов болды. Кинотуындының сценарийін режиссердің өзі – Эмир Байғазин жазып шықты. Киногер эстетикалық кадрларға толы картинаны түсіруге бельгиялық кинооператор Ив Капты шақырған. Ал қоюшы-суретші ретінде Сергей Копылов, костюмдер суретшісі болып Камилла Құрманбекова қызмет атқарды.  Картинаның басты кейіпкерлерін сомдауға Нұрлыбек Сақтағанов, Мадияр Әріпбай, Мадияр Назаров, Омар Әділов, Анзара Барлыкова, Тимур Айдарбеков, Қанағат Тасқараев, Расул Уильямс секілді өнерпаздар тартылған. Осы фильмді түсіру идеясы режиссерге финн суретшісі Хуго Симбергтің «Жаралы періште» атты картинасын көрген кезде келген.

Фильмде төрт кейіпкердің, жас жігіттердің тағдыры туралы айтылады.. Ресми түрде, фильм сюжеті ХХ ғасырдың 90-жылдарында өтеді. Шындығында, оқиға кез келген уақытта, кез келген елде, тіпті біздің кез келген адамның басынан өтуі мүмкін еді. Фильм әр кейіпкердің оқиғасын баяндайтын  4 новелладан тұрады. Әр новелланың өзіндік метафоралық тақырыбы бар.

Бірінші новелла «Жартас» деп аталады және Жарас есімді баланың өмірі туралы баяндайды. Оның түрмеден енді босап шыққан әкесі жұмыс таба алмайды, оған сол кездегі қиын кезеңдер, қысқартулар, соттылықтың болуы кедергі келтіреді. Әкесі үй ішінде сандалып жүреді де қояды, ештеңе істемейді. Бірақ кейде ұлына көмектесуге тырысады: оны төбелесуге, от жағуға, электр қуатымен мақта жағуға үйретеді. Алайда Жарас енді бала емес: ол ұн шығаратын зауытта жұмыс істейді және барлық шешімді өзі қабылдайды.

«Құлау» деп аталатын екінші оқиға, аты хабар беріп тұрғандай, фильмнің жалпы құрылымына сәйкес Балапан деген баланың этикалық құлдырауы туралы бейнелейді. Мұнда жас актер Мадияр Әріпбай періштедей дауысы бар, болашағы зор әншінің рөлін сомдайды.

Үшінші новелланың атауы – «Ашкөздік». Бұл ашкөздіктің көркем кинодағы нұсақаларын көрсетеді. Басқа әңгімелердің кейіпкерлері сияқты Жаба атты мектеп  оқушысы да жазғы демалысқа шығады. Жаз бойы ол қараусыз қалған жерлерден, шахталардан бағалы заттарды, мысты, тапсырып, ақша алуға болатын басқа да пайдалы металдар мен техникалық құрылғыларды іздейді. Ол тапқан ақшасын үнемдеп, шыны банкаларға мұқият сақтайды. Ол ешкімге ештеңе бермейді, біреуге тек өзіне пайдасы тиетін болса ғана көмектеседі. Осындай іздеу жұмыстарының бірінде жігіт үш қызық кейіпкерді кездестіреді. Олар – балалар үйінен қашып кеткен уытқұмарлар (токсикоман), арасында біреуінің ақыл-ой кемістігі бар.

Төртінші «Күнә» новелласы хирург болуды және медициналық колледжге түсуді армандайтын жасөспірім Асыланның оқиғасынан бастау алады. Жас жігітте бәрі жақсы, ол көп оқиды, дайындалады, бірақ бір ғана мәселе бар: оның сүйіктісінің аяғы ауыр. Бұл келеңсіздік Асыланның емтиханға дайындалуына кедергі келтіреді. Ал биология пәнінің мұғалімі оған күн сайын қысым көрсетеді. Ақыры Асылан жасанды түсікті өзі жасауға шешім қабылдайды да күнә жасайды: адам (әлі туылмаған болса да) өлтіреді.

Трилогияның екінші бөлімі бірінші картина жеткен жетістіктерді қайталай алмаса да, көптеген халықаларлық байқауларда топ жарды. Мәселен, ол 2016 жылы Германияда өткен Funf Seen Filmfest халықаралық кинофестивалінің гран-приін қанжығалады, режиссер Байғазин Словакияның Кошице қаласында өткен 24-ші Art Film Fest фестивалінде «Үздік режиссер» сыйлығын иеленді. Сондай-ақ картина Оңтүстік кореялық Чонжу фестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды.

«Өзен» (2018)

Фильмнің режиссері де, сценарисі де, операторы да Эмир Байғазин болды. Сондай-ақ ол Майя Акишева мен Хилде Бергпен қоса фильмнің бас продюсерлері қатарынан да көрінді.  108 минутқа созылатын драманың әуенмен әрлеген Юстина Банащик, ал қоюшы-суретшісі болған Сергей Копылов (III).  Кинотуындының басты рөлдерінде Жалғас Кланов, Жасұлан Өсербаев, Руслан Усербаев, Бағдәулет Сағындықов, Сұлтанәлі Жақсыбек, Қуандық Қыстықбаев, Аида Ілиясқызы, Эрик Тазабеков секілді актерлер ойнап шықты. Картина – «Асыланның сабақтары» деп аталатын трилогияг\ның қорытынды бөлімі.

Фильмнің сюжеті бойынша, Қазақстанның түкпірдегі бір аймағында бес ағайынды қазіргі өркениеттен оқшауланған қатал әкесімен бірге тұрады. Ағасы Асылан оларды өзенге апарады, уақыт өте бұл ұлдардың бас сауғалайтын сүйікті орнына айналады. Ауылға қолында заманауи техникасы, ойын ойнайтын компьютері бар қалалық жасөспірім көшіп келген соң олардың өмірі түбегейлі өзгереді. Қалалық бала оларға бейтаныс әлемнің есігін ашады. Ол енді аймақтың жаңа көшбасшысына айналады. Осы уақытта Асылан оны қайғылы оқиға орын алатын өзенге апарады.

Кинотаспадағы өзен Іле өзені болғанын қоюшы-суретші Сергей Копылов бір сұхбатына айтып өтті: «Мен көлікпен жүріп, қолайлы өзен іздедім. Сырдария, Шу, Іле өзендерінде болдым. Ақырында біз Қапшағайдан алыс емес Іле өзеніне тоқтадық. Кейіпкерлердің үйінің орнын Эмирдің өзі тапты. Біз көлікпен жүріп, қолайлы орындарды аралап жүрген кезде ол ұйықтап қалған еді. Бірақ біраздан кейін ол жолда оянды да, бір жерді көрсетіп: «Осы жерді көрейік» деді. Біз мұқият қарадық та, іздеген орнымызға өте жақсы сәйкес келетінін түсіндік».

«Өзен» фильмінің әлемдік премьерасы Венеция кинофестивалінде «Көкжиектер» бағдарламасында өтті, онда Эмир Байғазин «Үздік режиссер» сыйлығына ие болды. Ал Солтүстік Америка тұсаукесері Торонто халықаралық кинофестивалінде өтті. Фильм «Платформа» байқау бағдарламасында ұсынылып, онда қазылар алқасының құрмет грамотасы мен киносыншылардың Screen Daily рейтингісінде бірінші орынға ие болды. Осыдан бір айдан кейін картина 12-ші Asia Pacific Screen Awards марапаттауында «Режиссурадағы жетістігі үшін» номинациясын жеңіп алды. «Өзеннің» Азиядағы премьерасы, Қазақстанда емес,  Токио кинофестивалінің конкурстық бағдарламасында болып өтті. Лос-Анджелесте өткен  Asian World Film Festival кинофестивалінде фильм «нағыз түпнұсқалық кино тілімен гипнозды әрі әсерлі фильм түсіргені үшін» қазылар алқасының сыйлығын алды. Сонымен қатар, осы картинасы үшін Эмир Байғазин Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығының грантымен марапатталды.

Америкалық Hollywood Reporter журналы аталған картинаға былай баға берді: «Эмир Байғазиннің стилі әр кадрдан танылады: бұл әсем композицияның кереметі де осы. Оның бейнелері үйдің интерьерінде, ауылдық экстерьерде және айналадағы табиғаттың кең сұлулығында тыныс алады, бұл драманың асықпай дамитынына түсінік бола алады. Режиссер фильмде алғаш рет кинооператор рөлін атқарады. Кең кадрлар кеңістіктік динамика тұрғысынан білікті түрде калибрленген, ал кейіпкерлер бекітілген хореографиясыз табиғи қозғалған.  «Өзен» – арт-хаустан тыс жұмбақ саяхаттың біртүрлі және тартымды бейнесі. Ол визуалды өте әдемі және гуманистік идеяларға бай».

«Өзен» кинокартинрасының өндірісіне Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Film produksjon) мен Польша (Madants) мемлекеттері қатысты. Фильмнің сценарийі жатылып жатқанда MPA APSA Азия-Тынық мұхиты кино қауымдастығының грантынан қолдау көрді. Жоба алғаш рет 2017 жылдың маусымында Карловы Вары халықаралық кинофестивалінің кино нарығында ұсынылды. Сол жылдың қыркүйек айында жоба Варшава IFF кино нарығының Pitchand Meet жобалық байқауында бірінші жүлдені жеңіп алды. Фильмнің кейінгі өндірісі 2018 жылдың жазында Польшаның Кинематография институтының қаржыландыруымен Варшавадағы Orka және Dreamsound студияларында аяқталды.

«Жұлдыздарға қарағыңыз келе ме?» (2018)

«Жұлдыздарға қарағыңыз келе ме?» («Хотите посмотреть на звезды?») жас  жігіт пен ересек әйелдің кездесуі туралы сыр шертеді. Басты кейіпкер фастфуд кафесінде жұмыс істейді. Түнгі ауысымдардың бірінде ол бейтаныс әйелді кездестіреді. Олардың түнгі Алматы атмосферасындағы кездесуі өздері үшін күтпеген оқиғамен аяқталады. Фильмдегі негізгі рөлдерді кәсіби емес актерлер Татьяна Сим мен Бауыржан Нұркеев ойнады.

Жетпіс үш минуттық драманың түсірілім жұмыстары Алматы қласында өтті. Сценарийді әзірлеу сатысында жобаны Голландиялық Hubert Bals Fund қоры, содан кейін Алматы қаласының әкімдігі қаржыландырды. Кинотаспаның продюсері – Эмир Байғазиннің өзі, ал композиторы Александр Влазнев болды. Фильмнің премьерасы  2018 жылы Румынияның Сфынту-Георге қаласындағы Anonimul авторлық киноның халықаралық фестивалінде өтті. Сондай-ақ кинотуынды сол жылы 15-23 қарашада өткен бесінші Clique Film Festival байқауында қалың көпшілікке жол тартты. Картинаны тамашалау он сегіз жасқа толған көрермендерге ұсынылады.

Қазіргі таңда  кәсіби киногер Эмир Байғазин «Өмір» деп аталатын жаңа жобаның жұмыстарымен айналысып жатыр.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы