Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 шілде, 2020271

«Фильм барлық аналарға арналады» - Азиз Заиров жаңа картинасы хақында

Кинорежиссер Азиз Заиров өзінің төртінші фильмін түсіреді. «Мама – я живая!» картинасы Мұхамед Мамырбековпен бірлесіп түсірген трилогияның үшінші бөлімі болмақ.

«Быть или не быть?» және «Қыз бен теңіз» фильмдерін жарыққа шығарып, талай халықаралық кинофестивальдерде жүлдегер атанған киногер аталған әлеуметтік картиналардың соңғы бөлімін жасауға кіріспек. Үшінші бөлімді режиссерлер барлық аналардың құрметіне арнайды.

«Бұл картина әлеуметтік трилогиямыздың үшінші бөлімі болады. Бірінші бөлім мүмкіндігі шектеулі азаматтың тағдырынан сыр шертетін «Быть или не быть» картинасы болды. Екіншісі балалар сал ауруымен ауыратын бойжеткен қыз жайындағы «Қыз бен теңіз» фильмі еді. Үшінші бөлімді біз анаға арнамақпыз. Себебі бала ауырған кезде бар салмақ, бар ауыртпашылық аналардың мойнына артылады. Бұл жобада біз онкология тақырыбын алдық. Фильмге онкология ауруының ең ауыр кезеңіне тап болған жасөспірім қыз мен оның өмірі үшін арпалысатын ананың оқиғасы негіз болады. Өкінішке қарай ана қанша күрессе де, бауыр еті баласынан айрылады. Кинолентада біз ананың өмірге қайта оралуын суреттемекпіз. Біз барлық аналарға арналған гимн іспеттес туынды жасағымыз келеді. Фильм барлық аналарға арналады», - деді режиссер Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен әлеуметтік желіде өткізген онлайн-әңгіме барысында.

Азиз Заировтың бұл тақырыпты фильміне арқау етуінің белгілі себептері бар. Киногер көп жылдан бері онкологиялық ауруларға дұшар болған балаларға көмектесетін мекемелерде ерікті ретінде еңбек етеді екен. Сонда көргендері режиссерді бей-жай қалдырмаса керек.

«Онкологиялық ауруы бар балаларға көмектесетін қор мен Алматыдағы хосписте ерікті болып жұмыс істеймін. Сонымен қатар, Елордада кезінде баласынан айырылған бір анамен таныспыз. Ол ұзақ уақыт бойы баласының ауруымен күрескен еді. Кейін баласы қайтыс болған соң, өмірдің мәнін жоғалтты. Алайда өзі Алматыда тұрса да, ақыры ол астанадағы аруханаға қайтып келіп, ерікті болып жұмыс істей бастады. Қазір сонда ресми түрде медицина қызметкері болып, осындай ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсететін қор ашты. Міне, мұндай оқиғалар аз емес. Сонымен қатар біз онкологиялық ауруханалармен де тығыз әріптестіктеміз. Сондықтан мұндай жағдайларды жиі көреміз. Оларды елемей қоя алмадық. Досым екеуіміз бұл тақырыпта көп әңгімелесіп, фильм түсіруді жөн көрдік. Мен де өз анамды көрген жоқпын. Оның да осы дерттің салдарынан қайтыс болғанын естігенмін. Бұл фильмді оған да арнағым келеді. Осының барлығы біздің бұл жобамен айналысуымызға түрткі болды», - деп бөлісті режиссер.

Киногер фильмдері арқылы барлық шектеулерді жойып, денсаулығына қарамастан, әр адамның жетістікке қол жеткізуіне мүмкіндігі бар екендігін көрсеткісі келетінін айтады. Бұдан бөлек, оның әлеуметтік тақырыптағы жобалармен қатар, басқа да фильмдерді жүзеге асыратын ойы бар.

«Біз әрине, коммерциялық та, конъюнктуралық фильмдерді де жасауды жоспарлаймыз. Жобаларымыз да бар. Енді демеушілерді іздестірмекпіз немесе мемлекетке өтініш беріп, жобамызды ұсынатын боламыз. Егер оларға ұнап, жобамыз ұлттық кино мәртебесіне ие болуға лайық деп танылса, біз басқа да фильмдерді түсіреміз. Ал, бұл трилогияны біз бұрыннан жоспарлаған едік. Сондықтан оны міндетті түрде аяқтауымыз керек», - деді ол.

Әңгіме барысында Азиз трилогияның алғашқы бөлімдеріне де тоқталып, оларды қалай түсіруге кіріскенін тілге тиек етті.

«Біз бұл жайында талай айтқан едік, әрине. Мүгедектер арбасына танылған жігіт кинода Гамлетті сомдағысы келді. Бұл оның байырғы арманы еді. Өзінің сөйлеу қабілетінде ақауы бар. Бірақ бұл арманының орындалғанын қатты қалады. Сөйтіп біз жігітке көмектесіп, сценарий жазып, демеушілер іздедік. Бізге көмектесті, қаражат қомақты болмаса да, түсірім тобы бұл фильмге барын салды. Сөйтіп бұл фильмнен кейін Мұхамед Мамырбековпен трилогия жасаймыз деп шештік. Бұл фильмнен соң балалар сал ауруымен ауратын Динара есімді қыз бізді өзінің ержүректілігімен, өмірге деген құлшынысы және талпынысымен жігерлендіріп, бізге дәл осындай ауруға шалдыққан қыз балаларға арналған фильм түсіруге шабыттандырды. Осындай аруы бар қыздар ана болуды армандайтын, жұмыс істеп, ақша тауып, қоғамның толыққанды мүшесі болуға талпыныстары бар жандар шабыттандырмай қоймайды. Оны айтып, көрсеткің келеді. Міне, енді біз бұл трилогияны аяқтамақпыз», - деді Азиз Заирбеков.

Режиссердің айтуынша, әр жобаны жүзеге асыруда өз қиыншылықтары болды. Дегенмен олардығ барлығын аяғына дейін жеткізіп, көрермендер назарына ұсынған болатын. Тек «Қыз бен теңіз» фильмінің прокаты жүзеге аспай қалды. Алайда авторлар прокатқа шығарушылар мен қала әкімдерімен келісіп, Қазақстанның әр шаһарында арнайы көрсетілімдер өткізуді жоспарлаған болатын. Десек те әлемге тараған індет бұл жоспарларға кедергі болды. Қалай болғанда да қазір олар «Қыз бен теңіз» картинасын көзі нашар көретін көрермендер үшін бейімдеп, кинолентаның тифлокомментарийін жасауды аяқтап келеді. Кейін карантин біткен соң, көрсетілімдер ұйымдастырып, көзі нашар көретін азаматтарға ұсынуды жоспарлап отыр. Ал «Мама – я живая!» атты жаңа туындының түсіріліміне келетін болсақ, жұмыстарды күз маусымында бастау көзделуде.

«Біз күзде кейбір көріністерді түсіріп қоямыз деп жоспарладық. Қазан айының 15-не таман бастап, желтоқсанға дейін 6-7 сахнасын түсіріп тастаймыз деп ойлап отырмыз. Ал келесі жылы жалғастырып, постпродакшнға шығамыз деген ниетіміз бар. Фильм бастан-аяқ ауыр болмайды. Оны көрген адам бұл проблемаға кішкене болса да жақындап, осы хикая олардың өмірінде болып жатқан кейбір жағдайларға жаңадан қарауға көмектессе екен дейміз», - деп бөлісті картина режиссері.

Айта кетейік, «Мама – я живая!» жобасы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының екінші пинчингінде қолдау тауып, мемлекеттік қаржаландыруға ие болған.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы