Размер шрифта:

Цветовая схема:

07 қазан, 2020555

«Гауһартас» картинасына 45 жыл

1975 жылы жас солдат Дулат Исабеков «Гауһартас» атты әдемі ән естиді. Бұлбұл дауысты Бибигүл Төлегенованың нәзік орындауы оның жүрегінде туған жерге деген сағынышын оятады. Сөйтіп жаңа туындының дүниеге келуіне түрткі болады, ал кейін бұл шығарма «Гауһартас» («Храни свою звезду»)  деп аталатын көптің сүйіп көретін фильміне айналды. Биыл бұл картинаға 45 жыл толады.

Қарт шопанның шаңырағына жаңа келінмен бірге махаббат, ән мен қуаныш ұялайды. Отбасының бірқалыпты өмірі көз алдында өзгере бастайды. Салтанаттың келгеніне атасы мен енесі және күйеуінің інісі Қайыркен мәз-мейрам, қалындығына үйге қажетті, бірақ қарапайым зат ретінде қарайтын тек Тастан ғана. Өзге шопандардан алыс жүріп, олардан бөлек жеке жұмыс істейді. Тастанның бұл қылықтары заман ағымына мүлде жат болып саналады, ал мінезі мен қаталдығынан айнасындағы жандар зардап шегеді. Әйелі мен өзін қоршаған адамдардың алдындағы кінәсін ол Салтанат ауруға шалдыққаннан соң ғана сезіне бастайды.

Фильмде басты рөлдерді Жанна Қуанышева, Әнуар Боранбаев, Сапарғали Жәкішев, Әмина Өмірзақова, Досхан Жолжақсыновтар сомдады.  Режиссер Шәріп Бисембаевтың бұл туындысы экранға шықаннан кейін актриса Жанна Қуанышева халықтың көзайымына айналды. Салтанаттың рөлін сомдаған актриса Жанна Қуанышева өзінің бір сөзінде шығармашылық жолының басында Шәріп Бейсембаев секілді режиссермен жұмыс істегеніне жолы болды деген болатын. Киногердің актерлермен жұмыс істеу әдісі бірінші кезекте сенім мен жылулық атмосферасын құруға негізделді. Бұл өз кезегінде дебютант актерлерге іштей ашылуға көмектесті. Мәселен, «ГауҺартас» фильміне белгілі актриса жас кезінде, тіпті қаладағы мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушы кезінде келген екен. Сондықтан ауыл өмірінен, қазақи болмыстағы отбасы өмірінен бейхабар еді. «Бәлкім, маған мұның әсер еткені соншалық, өзім аса қаламасам да, киноға қалуыма түрткі жасады. Қазір осы салада еңбек етіп жүргеніме 48 жыл болды», - деп отыр актриса «Қазақфильм» киностудиясының әлеуметтік желідегі парақшасында фильм жайындағы естеліктерімен бөлісе отырып.

«Менің жанымда Халық әртісі Әмина Өмірзақова, Халық әртісі Кәукен аға Кенжетаев, қазақтың ұлы режиссері Шәріп Бейсембаев, керемет оператор Асхат Ашрапов, тамаша актерлер Досхан Жолжақсынов, Ануар Боранбаев секілді өз ісінің кәсіпқойлары болды. Бір сөзбен айтқанда, ұлы есімдерден құралған гүл бағына келіп түстім. Олардан көп нәрсе үйрендім, осы үшін оларға алғысым шексіз», - деді актриса.

Фото:kino-teatr.ru

Айта кетейік, бұл рөлі үшін Жанна Қуанышева 1976 жылы Фрунзеде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде әйел рөлін үздік сомдаған орындаушы ретінде сыйлыққа ие болды.

Жылдар өтсе де, ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі әрі әдемі актриса бүгінде сұранысқа ие. Алайда Қайыркеннің рөлінде өнер көрсеткен актер Сапарғали Жәкішев туралы олай айта алмаймыз. Ол өзінің актерлік жолын 80-ші жылдардың басында аяқтап, басқа салаға ауысты. Дей тұрғамен, бұл фильмнен кейін ол «Возвращение сына», «Погоня в степи» және «Родные степи» картиналарында ойнады. Соңғысында актер бас рөлді сомдаған болатын. «Гауһартас» фильміне ол да оныншы сынып оқып жүргенде келген екен. Бұл рөлге жас орындаушыларды іздеп мектепке фильмдегі екінші режиссер болып қызмет еткен әйел келіпті. Сөйтіп, директордың көмегімен фотосынаққа төрт адам таңдалып алынған. Алайда кейін белгілі болғандай, оған жалғыз ғана Сапарғали барған екен. Сөйтіп, сынақтан өтіп, осы рөлге бекітіліпті.  

Фото:pandaland.kz

Фильм көрерменге алғаш жол тартқаннан бері ондаған жыл өтсе де, картина ескірген емес. Тіпті бүгінде халықтың сүйіп көретін отандық туындылардың бірі болып отыр.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы