Размер шрифта:

Цветовая схема:

10 маусым, 2021261

«Где мое кольцо?»: Романтикадан криминалға дейін

Отандық кино қорына тағы бір романтикалық комедия қосылды. Бұл жолы басты рөлді актерлер емес, әншілер сомдаған кинолента көрермен көңілінен қаншалықты шыға алды екен?

«Где мое кольцо?» фильмінің аты айтып тұрғандай, оқиға желісі жүзікке байланысты өрбиді. Асқар есімді фильмнің басты кейіпкері сүйіктісіне бір жылдан бері тосын сый ұйымдастырып жүреді. Ал оның сүйіктісі Жұлдыз жігітінен бес жылдан бері үйленуге ұсыныс күтуден шаршаған. Көктемнің жаймау шуақ күндерінің бірінде өте үлкен ұрлық орын алады. Антикварлы бағалы жүзікті ұрлап кеткен қылмыскер полицейлерден құтылу мақсатында, жүзікті гүлдер сататын дүкенге жасырып кетеді. Ал ол дүкен Асқардың көптен бері күткен жаңа кәсібі болатын. Сүйіктісіне арналған тосын сыйы да осы жаңа бизнес ашқаны туралы хабар еді. Бірақ Асқардан жүзік пен үйленуге деген қадамды күткен Жұлдыз Асқардан көңілі қалады. Бірақ Асқарды бұдан да бөлек проблемалар күтіп тұрған еді. Қауіпті қылмыскер қымбат жүзікті жасырып кеткен Асқардың дүкеніне кіріп, өзіне қайтармақ болады. Алайда сақина қойылған жерде жоқ болып шығады. Сөйтіп қылмыскер Асқардан жүзікті қайтармайынша, сүйіктісі Жұлдызды тұтқынға алатынын мәлімдейді. Жұлдызды құтқару үшін ол бір күн ішінде бағалы сақинаны ұрыға қайтаруы керек болады. Сөйтіп, Асқармен бірге оның достары, гүлдер дүкеніндегі жеткізушілер болып жұмыс істейтін Маха мен Рус көмекке келеді. Жүзікті іздеуге шыққан үш достың жолында қызыққа толы көптеген оқиғалар күтіп тұр. Олар гүл тапсырыс берген барлық мекен-жайға барып, жүзікті іздейді. Әртүрлі геолокацияға барып, түрлі жерді қарайды. Бірақ бағалы жүзік оңай табыла қоймайды. Жұлдыздың өміріне қауіп төніп тұрғанын білген Асқар қалай да болса сақинаны тауып, ұрыға тапсыруға бел байлайды. Көп тосқауылдардан өтуге дайын Асқар өз мақсатына жетіп, сүйіктісін қылмыскердің тұтқынынан құтқара алады ма?

Отандық фильмдер ішінде романтикалық комедия жанры көптеп кездеседі. Картинаның орташа сценарийлік желісі бойынша, екі ғашық көп шытырман оқиғаларды кезіктіріп, соңында екеуі қосылып бақытты да, баянды ұзақ ғұмыр кешеді. Мұндай схеманы ұстанған көп фильмдер махаббат хикаясын тек осылай ғана көрсетуге болады деп тұжырымдайтын секілді. Ал «Где мое кольцо?» кинофильмінің авторлары да дәл осы стретегия бойынша жұмыс істегендей. Картина қарапайым махаббат хикаясын суреттейді. Басты рөлді сомдаған Айқын Төлепбергеннің бұл үлкен фильмдегі дебюті. Бұған дейін тек эпизодты рөлдерді сомдап жүрген өнерпаз өзін тағы бір қырынан ашты. Бірақ өзіне міндеттелген рөлді толықтай алып шыға алды ма? Бұл көрерменнің пікіріне байланысты. Не дегенмен, әншінің бойынан нағыз актерлік шеберлікті күту әбестік болар. Ол сахнадағы үш минуттық әнін образға кіріп айтып беретін шығар, бірақ бір жарым сағаттық үлкен фильмде басты кейіпкерді сезініп, толықтай рөлге кіру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні хақ. Сол себепті де, басты кейіпкерлерден анау айтқан үлкен нәтиже күтпесе де болады. Шын мәнінде, Асқардың рөлінде Айқын өзін ойнап жатқандай көрінеді. Көрерменді  Асқардың образына сендіре алмағандай. Экрандағы эмоциялар мен сезім, қорқыныш пен үрей шикі ойналған. Ал оның нәтижесінде, образ көрерменге «жетпей» қалғаны көрініп –ақ тұр. Бірақ түсірілім барысында Айқынның денсаулығына байланысты жағдайлар да орын алған көрінеді. Өнерпаздың айтуынша, жобаның жұмыстарын бастаған кезде бел тұсында грыжа табылған. Сол себептерден де, басты кейіпкердің бұл сырқаты түсірілімдер кезінде шамалы ыңғайсыздықтар тудырған көрінеді. Ал фильмнің тағы бір басты кейіпкері – Жұлдыз. Жұлдыз - Асқардың сүйіктісі, жігітінен ұсыныс күтіп жүрген бойжеткен. Оның рөлін жас өнерпаз Жұлдыз Өмірғали сомдаған болатын Актриса үшін де бұл рөл үлкен фильмдегі алғашқы басты рөл болса керек. Жұлдыз бұған дейін өзін «Қазақ аруы» сияқты фильмдерде эпизодтық рөлдерде сынап көрген болатын. Әнші үшін бұл рөл үлкен тәжірибе болғаны рас. Басты кейіпкер Жұлдыз сомдаған рөлге көрермен сене алғандай болды. Эмоциясын жақсы көрсете алған актриса алдағы уақыттарда ұсыныстар болып жатса, өзін сынап көруге болады дейді. Фильмдегі ұрлықшы рөлін сомдаған Рүстем Жаныаманов үшін бұл ерекше рөл болғаны сөзсіз. Бұрын соңды мұндай рөлді ойнап көрмеген актер өз кейіпкерін толықтай алып шыға алды. Рүстем отандық фиьмдердің ішіндегі ең танымал біршама картиналарда бой көрсетіп жүрген көрерменнің сүйікті актерлерінің бірі. Актер рөл сомдаған кинофильмдер мен телехикаялар қатарында: «Сержан братан», «Жаным, ты не поверишь!», «Класстастар», 240 часов», «Келінжан» және тағы басқа картиналар бар. Фильм комедиялық жанрда түсірілгендіктен, «комедияға» қатысы бар актерлерді түсіру басты міндет шығар. Бұл үшін арнайы Құмар Лукманов, Нұрсұлтан Жақсыген, Гүлнара Сильбаева және Нышанбек Жұбанаев сыңды әзілдің ортасында жүрген дарынды актерлер таңдалып алынған. Шыны керек, фильмнің басты кейіпкерлерінің рөлін сомдаған актерлерге қарағанда, қосалқы кейіпкерлерді ойнаған актерлер фильмді толықтай алып шыға алды. Картинадағы күлкілі және қызықты сәттер тек осы қосалқы рөлдердегі актерлер ойнаған сахналар да ғана болғаны жасырын емес. Әсірісе, залда отырған көрерменнің көп бөлігі үшін перзентханадағы сахна фильмдегі ең күлкілі әзілдер болды. Бұл жерде киноның сценарий авторлары жақсы жұмыс істегені байқалады. Сондай-ақ, фильмде комедиядан басқа криминалдық кадрлар да кездеседі. Оны Асқар және оның достарының детективпен жүздескен сәті дәлел. Атыс пен шабыс, төбелес сахналарын режиссер әдемі жеткізе алғаны байқалады.  Фильмге режиссерлік еткен өте дарынды жас киногер – Дархан Саркенов. Режиссер бұған дейін: «Однокласники», «My love is Aisulu», «Статья на двоих», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ұлы дала комедиясы», «Күшік құда», «Пизнесмен Қанат», «Nya Nya аға» және тағы басқа веб-сериалдар мен отандық телехикаяларға режиссерлік еткен болатын.  Басты рөлді сомдаған Айқын Төлепберген аталған жобаның бас продюсері. Ал Қоюшы- операторлық қызметті Шерхан Таңсықбаев атқарған болатын. Ал картинаның дыбысын  өңдеген режиссер – Зураб Құрманбаев.  Кинолентаның тұсау кесері 2021 жылдың наурыз айының жиырма екінші жұлдызына жоспарланған болатын. Алайда карантин жағдайларына байланысты картина осы жыдың жиырмасыншы мамырынан бастап үлкен экрандардан көрсетіле бастаған болатын.

Фильмнің басты продюсері және басты рөл актері Айқын Төлепбергеннің айтуынша, кинокартинаның мақсаты адал махаббат пен шынайы сезімді жеткізу. Тек адал жолмен жүріп, қандай қиындық пен жағдай болмасын алға қарай ұмтылу керектігі айтылады. Қызықты шақтарды бастап өткізуден қорықпау керектігін көрсету. Бір-біріне ғашық екі жандар сенім мен үмітті жоғалтып алмауы маңызды екенін дәлелдеу. Картина көрерменге көптеген эмоциялар мен сезімдерден басқа, көтеріңкі көңіл сыйлайтын болмақ дейді картина авторлары.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы