Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 қаңтар, 2021373

Голливудтық 36-шы фильм қазақ тілінде дыбысталды

«Болашақ» корпоративтік қоры желіде диснейлік «Жан»/«Душа» анимациялық фильмінің қазақша трейлерін жариялады. Ал ертеңнен бастап отандастар бұл мультфильмнің өзін орыс тілінде ғана емес, мемлекеттік тілде де үлкен экраннан тамашалай алатын болады.

«Disney» және «Pixar» студияларының «Жан» анимациясы көрермендерді бар жан-тәнімен джазды жақсы көретін, орта мектепте музыка пәнінен сабақ беретін оқытушы Джо Гарднермен таныстырады. Бір күні ол джаз клубтарының бірінің сахнасында өнер көрсетуге келіседі. Алайда үйіне қайтып келе жатқан жолда төтенше жағдайға ұшырап, Джоның жаны денесінен шығып, жаңадан туатын нәрестеге қонар алдында дамитын орынға жөнеледі. Осы кезде Джо жан жайында ойлана бастайды.

Көптен күткен фильм «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дыбысталған 36-шы голливудтық картина болмақ. Дубляжға Назерке Лесбекқызы режиссерлік етті.

Белгілі болғандай, дубляж тарихында тұңғыш рет тек Елорданың өзінен кастингке 20 адам қатысты. Дей тұрғанмен, «Жан» фильмі кейіпкерлерінің дыбыстауына кәсіби актерлік құрам іріктелген. Осылайша, мультфильмнің бас кейіпкері Джо Гарднерді қазақ тілінде сөйлеткен «Өзіңнен баста» жобасының бұрыңғы қатысушысы, танымал актер Дәурен Серғазин болды. Осыған дейін оның дауысымен «Арыстан Патша» фильміндегі сурикат, «Алладин» картинасындағы Джинн және Дисней студиясының басқа да танымал кейіпкерлері сөйледі. Одан бөлек, «Жан» фильмінің дубляжында Данияр Сыбанқұлов, Меруерт Ермекбаева, сондай-ақ кино және театр актері Майра Омар еңбек етті. Фильм соңында шырқалған «Өмір ғажап» әнін отандық тыңдармандарға Mona Songz атымен кеңірек танымал қазақстандық әнші Манарбек Жұматай орындады.      

Айта кетейік, «Жан» мультфильмі алты жастан асқан балалардың көруіне рұқсат етілген. Дей тұрғанмен, анимациялық картина бүлдіршіндірге ғана емес, ересек адамдарға да қызықты болмақ. Биылғы жылдың мейірімді диснейлік фильмдерінің бірі 21-ші қаңтардан бастап қазақ және орыс тілдерінде барлық қазақстандық кинотеатрлардан көрсетіледі.      

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы