Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 наурыз, 2020562

Голливудтық мультфильм қазақ тілінде дыбысталды

Marvel ғаламының кейіпкерлері кезекті рет қазақ тілінде сөйледі. 4 наурыз күні Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында Disney студиясы ұсынған «Алға» («Вперед») мультфильмінің  қазақ тілінде дубляждалған нұсқасының алдын ала көрсетілімі өтті. Бұл мемлекеттік тілге аударылып дыбысталған әрі отандық прокатқа шыққан 34 голливудтық киноөнім болмақ.   

Анимациялық фильм көне аңыздарда айтылатын шынайы сиқырды іздеуге сапарға аттанған қос ағайынды эльфтердің шытырман оқиғасын баяндайды. Иэн мен Барли Лайтфуттер таңғажайып әлемде өмір сүреді. Кезінде олардың әлемі сиқырға толы еді. Бірақ ол заман өтті. Енді ғажайып ертегі иелері көліктерге мініп, ұшақпен ұшады. Бір сөзбен айтқанда, адамның күнделікті тіршілігін істейді. Бірақ басты кейіпкердің бірі Иен 16 жасқа толған туған күнінде анасы марқұм әкесінің аманат етіп қалдырған сыйлығын тарту еткенде барлығы өзгереді: ағайындылар жорыққа шығады.  

Голливудтық фильм оның режиссері Дэн Скэнлонның өзінің сценарийі негізінде түсірілген. Төл картинасын ол бала кезінде марқұм болған әкесіне арнаған.

Мемлекеттік тілде дубляждалған шетелдік өнімнің алдын ала көрсетіліміне «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары – Бауыржан Байбек пен BI Group компаниясының өкілдері арнайы келді.

Сонымен қатар шараға шығармашылық зиялы қауым өкілдері, блогерлер, медиа-тұлғалар, «Болашақ» қауымдастығының мүшелері және көрермен қауым жиналды.   

Айта кетейік, фильмнің қазақ тілінде дыбысталуына «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясы қолғабыс етті. Оған демеушілік жасаған –«BI Group» компаниясы. Анимациялық фильмнің Елордадағы алдын-ала көрсетіліміне  «Nur Otan» партиясы ұйытқы болса, Алматыда қала әкімдігі қолдау білдірді.

Көрсетілім алдында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек 2011 жылы «Болашақ» бірегей бағдарламасының түлектері «Өзіңнен баста» жобасын жүзеге асыра бастағанын тілге тиек етті. Бұл қазақ тілді балаларға арналған сапалы және бәсекеге қабілетті контент құруға бағытталған бастама. Байбек мырза атап өткендей, оған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі батасын берді. "Алға" мультфильмі - сол жобаның жемістерінің бірі.  

- «Жаһандану кезеңінде өз тарихына терең тамыр жіберген, ұлттық мәдениеті мен ана тілін ардақтай білген халықтың ғана әрдайым айы оңынан тумақ. Сондықтан да «Nur Otan» еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің төлтума қасиеттерінің сақталуын қуаттай отырып, қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуды өз стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде белгілеген. Бұдан тоғыз жыл бұрын Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасының арқасында осы кезге дейін әлемдегі ең үздік 34 көркем және анимациялық балалар фильмі қазақ тілінде дубляждалды. Осы бастамаға қызу қолдау білдіріп, қазақ тілінің болашағына бейжай қарамайтын барша демеушілер мен меценаттарға ерекше алғыс білдіремін», - деді өз сөзінде Бауыржан Байбек.  

«Алға» мультипликациялық фильмінің түпнұсқасында басты кейіпкерлерді «Галактика сақшылары» фантастикалық кинокартинасында Жұлдызды Лордты сомдаған Крис Прэтт пен «Өрмекші адам: үйден жырақта» фильміндегі Өрмекші адамды сомдаған Том Холландтар дыбыстайды. Ал, қазақша нұсқада олар Заңғар Әбенов пен Бәзіл Сұлтанғазының дауыстарымен сөйлейді.

Фильмдегі Иен есімді ағайынды эльфтің дауысын мемлекеттік тілде дыбыстаған Заңғар Әбенов дубляж жасау оңайға соқпағанын айтады. Әсіресе, термин сөздерді айтуда қиындықтар болған екен. Мәселен, фильмдегі сиқырлы сөздер өзге тілде дыбысталған. Дегенмен бұл кедергілерді жеңуде дубляж режиссерінің көп көмегі тиді дейді актер. Айтпақшы, «Алға» фильмін дыбыстау  - Заңғардың ірі жобалардағы үшінші дубляждау жұмысы. Осыған дейін ол голливудтық «Шақылдақ және төрт патшалық» фильміндегі капитан Филипп пен «Өрмекші адам» кинокартинасында Питер Паркердің дауыстарын мемлекеттік тілде дыбыстаған. Бір қызығы, соңғы екі жобадағы кейіпкерлерді актер Том Холланд дыбыстап сомдаған. Демек, Заңғар Әбеновты бұл голливудтық актердің Қазақстандағы ресми дауысы деуге негіз бар.   

«Бұл менің Том Холландпен екінші жобам. Кастинг адал болды. 6-7 адам кастингтен өтеді, одан кейін оны Диснейдің өзі қабылдайды. Оларға жібергенде  бұрында Заңғар Том Холландты дыбыстаған демейді. Ондай нәрселер айтылмайды. Олар дауыс ырғағыма байланысты өздері таңдап алады. Яғни бұл жерде режиссерлер де ешкім де шешпейді. Диснейдің өзі шешеді», - дейді дубляж актеры.  

Заңғар «Алға» фильміндегі кейіпкермен ұқсастықтарының көп екендігін айтады әрі алдағы уақытта тағы қандай кейіпкерлерді дыбыстағысы келетінін де жасырмайды.  

«Жасөспірім балалар көп болса екен дейміз жобада. Өйткені менің дауысымды жасөспірім сияқты қабылдайды. Жасым 27-де болғанмен, 21-16 жастағы балалардың дауыстарын алып отырамын. Ал, болашақта мен негізі махаббат жайындағы фильмдерде махаббаттың сезімдерін бөлейтін жас жігіттерді сомдағым келіп жүр», - деп бөліседі.   

 

Қазақ тілін кино арқылы дамытқысы келетін ендігі актер «Алға»  мультипликациялық фильмінде Барли есімді бас кейіпкерді дыбыстаған – Бәзіл Сұлтанғазы. Бұл оның дубляждағы тырнақалды еңбегі.

- Бұл менің дубляж саласындағы ең алғашқы жұмысым. Қиындықтар міндетті түрде болды. Бірақ өз ісінің шебері режиссер Шах-Мұрат Ордабаевтың арқасында білмегенімді үйреніп, білгенімді жетілдіріп, солай қиындықтарды жеңген едім. Образды аша білу үшін ең алғаш кейіпкердің көзімен менің дауысым сәйкес келу үшін реквизиттер пайдаланған кездер болды. Содан кейін ол мынандай екен: Дубляжда посыл керек екен, сахнада сөйлеген сияқты посылмен сөйлеу керек және энергетикасы сәйкес болу керек, - деді жас актер.

Бәзіл болашақта бұл бағыттағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді әрі келешекте кез келген Голливуд фильмдерінің кейіпкерін дыбыстауға дайын екенін айтты.

Жалпы, кастингке барлығы 40-тан астам актер катысқан әрі байқау Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында өтті. Басты кейіпкерлерден бөлек, фильм дубляжына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Нөгербек, актер, сатирик әрі режиссер Сағаділдә Үсібәлі, Шехназа Қызыханова, Сая Тоқманғалиева және басқалар қатысты. Ал, фильм дубляжына Шах-Мұрат Ордабаев режиссерлік етті.

Айта кететін жәйт, «Disney» студиясы ұсынған фильмдерде дыбысталатын дауыстарды компанияның өзі таңдайды. Сондай жанның бірі - Жәнібек Мусаев. Актер кастингтен өтіп, басты кейіпкерлердің әкелерін дыбыстады. Бұл оның дубляж саласындағы шамамен жиырмасыншы фильмі. Олардың ішінде өзіне жылы тартатыны - «Ральф интернетке қарсы», «Моана», «Арыстан Патша» мульфильмдері екен. Ал, «Алға» фильміне келетін болсақ, дубляж актері оған «жоғарғы деңгейдегі аударма» деген баға беріп отыр. Жалпы, Жәнібек Мусаевтың айтуынша, дубляждалатын фильмдер авторлардың негізгі айтатын ойына сай жасалады. Бұл дегеніміз шетелдік фильмдер қазақ көрермені қабылдай алатын деңгейде аударылып дыбысталуда. Ол үшін қазақ халқының мақал-мәтелдері мен тұрақты тіркестер пайдаланылады. Осы тұсқа ерекше көңіл бөлінеді дейді. 

«Қазақ тілін дамытумыз үшін кішкентай көрермендерімізді тәрбиелуіміз керек. Қазіргі қоғамның кемшіл тұстары неде? Балардың қазақ болып өскенін қалаймыз, бірақ ата-аналардың өзі отбасында орысша сөйлейді. Дей тұрғанмен, қазақша мультфильмге алып келіп жатады. Отбасында біз үлкендерді тәрбиелей алмаймыз. Сондықтан балаларды тәрбиелеу үшін осындай дүниелер көптеп қажет. Кинотеатрларда кішкентай балалар тамашалай алатын қандай кино, мульфильм болмасын, бәрін де қазақша дыбыстау қажет. Соңғы шыққан заңға сәйкес Қазақстанда көрсетілетін кинолардың барлығы қазақша мәтіндегі субтитрлармен шығып жатыр. Алайда мұны балалар аса қабылдамайды. Сондықтан тікелей қазақшаға аударып беру керек. Біз сонда ғана тілімізді түзете аламыз»,- дейді актер.


Тағы бір жақсы жаңалық, «Алға» фильміндегі барлық мәтіндік жазбалар қазақ тілінде көрсетілген. Бұл дубляж тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Айта кету керек, бұл фильмнен бөлек, 2020 жылы қазақ тілінде тағы 6 голливудтық фильм дыбысталады.

Ал, «Алға» анимациялық фильмінің қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бүгіннен бастап барлық экрандарға жол тартты. 

 

Автор:  Зарина Смағұлова

Фото:  Артем Чурсинов

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы