Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 мамыр, 2020332

Канн кинофестиваліне қатысқан қазақстандық картиналар

Биылғы жылы дәстүрлі Канн кинофестивалі өткізілмейтін болды. 12 мамыр күні 73-ші рет атақты Канн кинофестивалі бастау алуы тиіс-тін. Алайда, биыл тіпті онлайн түрде де ұйымдастырылмайды. 2020 жылға дейін Канн кинофестивалі тең бір-ақ рет - 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғысы басталған кезде ғана өткізілмеген екен. Енді міне, бұл айтулы шараға эпидемияда өзінің өзгертулерін енгізді. Мұңаймайық! Осы уақытқа дейін фестивальге қатысқан қазақстандық фильмдерді еске алып, оларды тағы бір қарап шығайық.

«Кек»/«Месть»

Режиссер Ермек Шынарбаевтың бұл фильмі 1989 жылы атақты жазушы Анатолий Кимнің сценарийі бойынша түсірілген. Кинотуынды 1991 жылы Канн фестивалінің «Ерекше көзқарас» атты бағдарламасына қатысқан еді.

Сюжет желісі бойынша Сунгу есімді кәріс жігіті бала кезден әкесінің аманат еткен ауыр жүгін арқалаумен келеді. Содан бері жалғыз ойы кек алумен болады. Әйтпегенде, дәстүр бұзылып, әкесінің жаны жай таппай қалады.

Фильмде Александр Пан, Валентина Те, Қасым Жақыбаев, Любовь Германовалар өнер көрсетеді.

Неміс киносыншысы Даниэль Котеншультенің айтуынша, фильмді фестивальдің негізгі бағдарламасында көрсеткенде, туынды кино тарихындағы бір белгі болар еді. «Фильм маған ерекше әсер етті. Бұл шедевр. Ол менің Канндағы басты ашуым болды», - деген еді ол.

Фильмді фестивальде тамашалаған көпшілік оған жақсы ниеттерін білдірді. Бұл ықылас картина режиссеріне халықаралық атақ әкелді.

«Жендет»/«Киллер»

Қазақстандық кинокартиналар Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасында осыдан кейін бірнеше рет қатысқан болатын. Бұл байқауға режиссер Дәрежан Өмірбаевтың бірден үш картинасы шақыртылған. «Киллер» фильмі - солардың алғашқысы.

Аталған бағдарламаға 1998 жылы қатысқан «Киллер» туындысы бағдарламаның беделді жүлдесі - «Үздік фильм» атағын иеленді.

Картина Марат есімді жігіттің хикаясынан сыр шертеді. Әскерден оралған жігіт жүргізуші болып қызмет етеді. Жол-көлік апатының себепкері болған ол, оқиғаның салдарынан қымбат шетелдік көлікті сындырады. Рэкетирлер оған тез арада автомобильдің ақысын талап етеді. Қарақшылармен есептесу үшін ол тапсырыс бойынша адам өлтіруге бекінеді. Жендетке айналған Марат енді құтқарылмақ емес.

Фильм премьерасы 1998 жылдың 21 мамырында өткізілді. Картина киносыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланған болатын.

«Жол»

Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың бұл фильмі Канн фестивалінің «Ерекше көзқарасына» 2001 жылы қатысты. Картинаның бас кейіпкері – кинематографист Әмір Көбесов есімді жігіт. Анасының ауырып жатқанын еститін ол, аз да болса да, жәрдем көрсету үшін балалық шағы өткен ауылға баруға бекінеді. Алайда, жетіп үлгермейді. Анасы оның келуіне дейін көз жұмады.

«Студент»

Ф.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» роман желісі бойынша түсірілген бұл фильм қазақстандық арт-хаус шебері Дәрежан Өмірбаевтың Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасына қатысқан үшінші картинасы.

Туынды байлар мен кедейлер болып бөлініп, барлығы ақшамен есептелетін Алматыда өмір сүріп жатқан студент жайында. Ақшасыз, аш әрі жұмыссыз жүрген жігіт әділетсіздікке қарсы тұрмақ болады. Қала шетінде тұратын кемпірдің үйінің бір бөлмесін жалдайтын ол, жақын маңдағы дүкенге келіп, нан сатып алып отырады. Сөйтіп жүріп, дүкенді тонау туралы ой келеді. Содан ойлағанын жүзеге асырады. Алайда, ол үшін дүкен иесін ғана емес, іште жүрген сатып алушыны да өлтіруіне тура келеді. Жасаған қылмыстан соң, ол бұдан да бетер жалғызсырайды. Ақыры ар-ұяты жібермей, полицияға өзі беріледі.

Фильм Канн кинофестивалінің 65-ші салтанатына қатысты.

«Шиза»

Аталған бағдарламаға 2004 жылы режиссер Гүлшат Омарованың «Шиза» картинасы да қатысты.

Шиза – бұл анасы және оның сүйіктісі Сакурамен тұрып жатқан 15 жастағы бозбаланың лақап аты. Сакураның барлық іс-қимылы Шиза үшін үлгі көрінеді. Бозбаланың ақылы аздау болса да, жүрегі кең. Сакураның негізгі тіршілігі – жұдырықтасу. Мүндай өмірге ол Шизаны да тартады. Бозбалаға бұл ұнайды. Алайда, рингте адам өлтірілгенін көрген соң, Шиза Сакураның іс-әрекетінің дұрыстығына күмән тудырады.

Фильмде басты рөлдерді Олжас Нүсіпбаев, Ольга Ландина, Эдуарт Табишевтер сомдайды.

«Тюльпан»

Канн фестивалінің тарихында режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Киллер» фильмінен кейін тура 10 жылдан соң, 2008 жылы «Ерекше көзқарас» бағдарламасында режиссер Сергей Дворцевойдың ойын-сауық кинодағы дебюттық «Тюльпан» фильмі жүлделі болды.

Фильм желісі бойынша Асхат есімді жігіт запасқа шығып, сүйікті еліне оралады. Жігіт кең даланы, күннің батуы мен таңның атуын жақсы көреді. Тынық мұхиты флотының бұрынғы морягы болған ол шабан болуды армандайды. Оған қол да жеткізеді. Алайда, ол үшін үйленуі қажет. Жақын маңда тек жалғыз ғана қыз бар. Әрі ақылды, әрі көрікті. Есімі оның - Тюльпан.

Картина Оңтүстік Қазақстан облысының Бетпақ даласында төрт жыл бойы түсірілген екен.

Фильмде Асхат Күшіншіреков, Самал Еслямова, Төлепберген Байсақалов, Оңдасын Бесікбасовтар өнер көрсетеді.

«Айка»

Ал, «Тюлпаннан» кейін он жылдан соң, Сергей Дворцевой «Айка» фильмімен Канн кинофестиваліне қайта оралады. Бұл жолы оның жаңа картинасы халықаралық фестивальдің негізгі бағдарламасына қатысты.

Драма Қырғыстаннан Мәскеуге келген мигрант қыздың өмірі, ішкі уайымы мен аналық махаббатының оянуы жайында баяндайды. Фильмде Айканың рөлін қазақстандық актриса Самал Еслямова сомдайды. Айта кетейік, кинофестивальдің 71 салтанатында актриса үздік әйел рөлі жүлдесіне ие болды.

«Хозяева»

Канн кинофестивалінде режиссер Әділхан Ержановтың «Хозяева» картинасы да төбе көрсеткен. Алайда, негізгі бағдарламаларына емес, 67 салтанатының арнайы көрсетіліміне қатысты.

«Хозяева» - бұл режиссердің санау бойынша түсірілген үшінші фильмі. Картина шалғай ауылдағы «шағын қылмыскерлердің» іс-әрекетін әспеттейді.

«Ласковое безразличие мира»

Араға төрт жыл салып, режиссер Әділхан Ержанов халықаралық кинофестивальге жаңа туындысымен оралады. 2018 жылы оның «Ласковое безразличие мира» картинасы «Ерекше көзқарас» бағдарламасына қатысты.

Фильм қайғылы оқиғамен аяқталатын шынайы махаббат хикаясынан сыр шертеді. Басты рөлдерді Динара Бақтыбаева, Қуандық Дюсембаев, Сұлтан Абзаловтар сомдайды.

«Так себе зима»

2018 жылы режиссер Ольга Коротьконың толықметраждағы дебюттық "Так себе зима" картинасы Канн кинофестивалінің ACID бағдарламасына шақыртылып, сонда халықаралық премьерасы өткізілді.

Фильм желісі бойынша әжесінің өлімінен кейін кәсіпкердің қызы Динара балалық шағы өткен туған қаласына оралады. Алайда, келген онда соң, бұрынғы сыныптастарымен кездейсоқ кездескен оның алдында қиын моральдық таңдау тұрады.

Фильмде басты рөлдерде Толғанай Талғат, Жалғас Жанғазин, Марат Әбішев, Нүргүл Алпысбаевалар ойнайды.

Ал, биыл режиссердің «Пара кожаных сабо» картинасы Канн кинофестивалі аясында өтетін La Fabrique des Cinеmas du Monde бағдарламасына қатысуға шықарту алған еді. Бұл халықаралық кинофестиваль аясында өткізілетін бұл бағдарламаға таңдалған алғашқы қазақстандық туынды болды.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы