Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 мамыр, 2020656

Келіндер жайындағы қазақстандық кинокартиналар

«Қызым саған айтам, келінім сен тыңда». Бұл мақал-мәтелді білмейтін келін жоқ-ау, сірә! Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас ежелден бері ерекше сипатқа ие. Бірі келінді қызындай көрсе, енді бірі қазақы салтты бойына сіңіріп, ата-енені сыйлатуға бар күшін салып отырады. Екеуінің де сыйластығы үйдің берекесін келтіреді. Ал, егер үлкені кішіреймей, кішісі сыйластық танытпаса, үйдің тыныштығы бұзылады дей бер. Міне, осындай қарым-қатынасты көрсетіп, жат жерге келгеннен кейінгі келіннің өмірін әспеттейтін фильмдер Қазақстанда жетерлік. Солардың тек соңғы уақытта түсірілгендерін жинақтап, назарларыңызға ұсынамыз.   

 «Келинка тоже человек»

Бұл отандық отбасылық комедия қазақ келіні мен енесінің арасындағы қарым-қатынасын баяндайды. Айжан есімді бас кейіпкер жылдар бойы қайын енесінің тарапынан үнемі ескертулер естіп қана қоймай, келін абыройын кемсітуін шыдап келеді. Сөйтіп жүріп Айжан айырылысуға бел буады. Алайда, бір күні таңертең барлығы өзгереді. Айжан енесінің, енесі келінінің денесіне ауысады. Енді екеуіне де ортақ проблеманы шешу үшін бір мәмілеге келу керек болады. Фильм көрермендеріне қызықты оқиғаны баяндап қана қоймай, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ең қиын жағдайлардан шыға білуге үйретеді. Продюсер Әсел Садуақасованың бұл фильмі 2017 жылы жарық көрді. Басты рөлдерді актерлер Данагұл Темірсұлтанова, Әбунасыр Серіков, Данияр Алшынов, сондай-ақ, әлеуметтік желінің кішкентай жұлдызы Амина Малғаждар мен Әсел Садуақасованың өзі сомдайды.  

«Келинка тоже человек 2»

Бұл комедиялық картина алдыңғының жалғасы. Тек осы жолы құдірет пен сиқыр ерлі-зайыпты Айжан мен Мақсатты баурайды. Таңғажайып оқиға жаңа жыл қарсаңында өрбиді. Балалар ертеңгілігі мен ұжымдық кештер арасындағы мерекелік қарбаласта басы айналып жүрген, босануға шақ қалған Айжан мен жұмысқа таяуда ғана тұрған Мақсаттың бір-біріне деген сезімдері сыналады. Бір-бірінің арқалап жүрген жүктерін ерлі-зайыпты әсіресе, денелерімен ауысқан кезде ерекше сезінеді. Картина продюсері Әсел Садуақасова мен режиссер Асқар Ұзабаевтың ортақ еңбегі көрермендер тарапынан жылы қабылданды. Фильм үлкен экрандарға 2018 жылы жол тартқан болатын. «Келинка тоже человек 2» картинасында да бас кейіпкерлерді бірінші бөлімде рөл сомдаған актерлер ойнады.

«Келинка Сабина»

Продюсер, режиссер, сценарист әрі актер Нұртас Адамбайдың бұл комедиялық картинасы елдің ең танылмал келіні – Сабинаның оқиғасын баяндайды. Сабина – бұл бай ата-ананың еркетотай қыздары. Алматылық бойжеткеннің бүкіл өмірі – кешкілік сауық-сайрандар мен еуропалық қымбат киімнің айналасында болады. Ерке қыздың байырғы арманы – араб шейхіне тұрмысқа шығып, Қазақстаннан кетіп, Дубайда өмір сүру еді. Алайда, Сабинаның өмірінде барлығы бір мезетте өзгеріп, қыз Жүгері атты ауылға «тұтқынға» алынады. Осылайша, сұлу Жәнібек есімді бақташының әйеліне айналып, қазақ келіні атанады. Оның ендігі арманы ауылдан қашу болады. Алайда, ол ойлағандай барлығы оңай болмайды. Сабина мұнда салт-дәсүрмен танысып, жаңа достар мен шынайы махаббатын табады. Фильмде басты рөлді Нұртас Адамбаймен бірге актерлер Айнұр Илиясова, Ерлан Қасымжанұлы, Жан Ізбасар, Есжан Хамидуллин, Әлішер Өрікбев, Тоқжан Тахановалар сомдайды. Картина қалың көпшлік назарына 2014 жылдың қарашасында жол тартқан болатын. 

«Келинка Сабина 2»

Фильмнің екінші бөлімінде Сабина келін өзінің жаңа отбасымен Жүгері атты ауылында бақытты өмір сүріп жатады. Осында келіндерге арнап оңалту орталығын, ашық аспан астында жаңа кинотеатр, дайвинг орталығын, Спа-салонын, тіпті психолог маманының кабинатін ашады. Сабина  мен Жәнібек отбасының бақытына ештеңе кедергі болмайтын сияқты көрінеді. Дегенмен, өмірлерінде күтпеген жағдай болады. Ауылға жаңадан екі дам келеді. Оның бірі ауылға мұғалім болам деп Лондондағы оқудан оралған сүйкімді де мінсіз – Қарлығыш, екіншісі – жаңа пошташы жігіт Мәди. Бұл жігіт те АҚШ-та білім алып келді. Бұл кейіпкерлер енді келінді қатты алаңдатады. Сабина сол себепті де өзінің тергеуін бастайды. Алдыңғы бөлім актерлерінің қатарына бұл фильмде актерлер Қарлығаш Мұхамеджанова мен Жандос Айбасовтар қосылады. Картина 2016 жылдың көктемінде жарыққа шыққан. 

«Келинка Сабина 3»

Ал, биыл Сабина келіннің жалғасы – «Келинка Сабина 3» картинасы прокатқа шығатын болады. Фильм авторлары премьера күнін әлі нақты айта алмай отыр. Алайда, күз айларының біріне жоспарлауда. Үшінші бөлімде Сабина мен оның жұбайы Жәнібек шалғай ауылдан қайта қалаға көшеді. Жәнібек құрылыс фирмасының иегері атанса, Сабина актрисаға айналады. Баспаналы әрі ойлаған армандары жүзеге асқан отбасының шаңырағы бір күні шайқалады. Сабина Жәнібекке қарым-қатынастары тығырыққа тірелгенін айтады. Сюжет желісі ары қарай қалай өрбитіні белгісіз. Оны фильм экранға шыққанда білетін боламыз. Тек белгілісі – картинада жаңа кейіпкер – актер Санжар Мәди де өнер көрсетеді.  

«Келінжан»

Бұл телехикая «Хабар» телеарнасының төл туындысы. Туынды режиссері «Жаным, ты не поверишь» картинасын жасаушылардың бірі - Ернар Нұрғалиев. Телехикая дәстүрлі қазақ отбасында өрбиді. Бұл жанұяға көрші ауылдың еркетотай қызы – Асылым келін болып түседі. Бойжеткен осы уақытқа дейін ешқандай жұмыспен айналыспаған. Сиыр сауып, үй шаруасына мүлде араласпаған. Қайын енесі берген тапсырманы Асылым орындай алмай, барлығын бұзады. Оның оқиғасымен қатар, телехикая осы үйдің басқа да келіндері – Асылымның абысындарының өмірінен сыр шертеді. Олардың барлығын біріктіретін нәрсе – бірі де қайын енелерінің көңілінен шықпайды.  Телехикаяда бас рөлдерді Сара Амангелдиева, Дәулет Өсербае, Дариға Бадықова, Лейла Бекназар-Ханинга, Нүргүл Мыңғатова, Рүстем Жаныаманов және Назар Сұлтанбаевтар сомдайды. 25 бөлімнен тұратын «Келінжан» атты комедиялық телехикая өткен жылы «Хабар» арнасының эфирінде көрсетілген болатын. 

«Келін»

Бұл фильм өркениет дамымаған тұста әрі адам әрекеті өмірге бейімделу заңдарымен бағаланған, тарихтан бұрын болған заман туралы аңыз. Бұл фильмде сөздер жоқ, тек адамзат бастауы – әйелдердің айналасында болатын байырғы бақсылық әуестік қана суреттеледі. «Келін» фильмі әкесі күштеп тұрмысқа берген қыздың қайғылы хикаясын баяндайды. Ата-анасының алдындағы парызын өтеу үшін ол іштегі сезімді өшіріп, әкесіне жақсы қалыңмал берген жігітке тұрмысқа шығуы шарт. Картинада еш кейіпкер сөйлемесе де, фильм авторлары қызға құда түсіп, оның өз үйінен, туыстарынан жырақтағы жұбайының отбасындағы тұрмысын жақсы әспеттеген. Режиссер байырғы кездегі әйел рөлін осылайша ерекше түрде жеткізген. Ол заманда адамдар қарапайым түрде өмір сүретін әрі қарым-қатынастары әлдеқайда пәк, еш арам пиғылсыз болатын. Міне, картинаның қысқаша суреттемесі осындай. Фильм режиссері әрі сценарисі – Ермек Тұрсынов. Рөлдерді Гүлшарат Жұбаева, Ержан Нұрымбет, Өуандық Қыстықбаев, Тұрахан Садықова, Нұржан Тұрғанбаев, Махаббат Абдуллаевалар сомдайды. Кинокартина 2009 жылы жарық көрді. «Келін» толықметражды лентасы «Оскар» сыйлығының «Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымына да үміткер болған. Ал, 2010 жылы Монакода өткен Халықаралық қайырымдылық фестивалінде Ермек Тұрсыновтың картинасы «Үздік көркем фильм» дережесінде бас жүлдеге ие болған.   

«Свадьба на троих»

Бұл романтикалық комедия Азамат, Тимур және Әлия есімді жандар жайында. Фильм нақты келін тақырыбына арналмаса да, жаңа түскен келіннің ішкі сезімдерін де суреттейді. Азамат Мәскеуде тұрып жатқан талантты алаяқ. Тындырып жүрген әрекетінің салдарынан басына іс түседі, одан құтылмақ болып, Азамат Алматыға оралады. Мұнда оның Тимур есімді табысты кәсіпкер досы бар. Тимур Азаматтан қазақтың бұрынғы салт-дәстүрі бойынша «қыз алып қашуға» көмектесуін сұрайды. Оның есімі – Әлия. Қалыңдық  сүйіктісімен қосыламын деп, тойға дайындалып жатады. Алайда, кейбір жөнсіз жағдайлар тойына ғана емес, басқа да оқиғаларға кедергі болмақ. Фильмде Нұртас Адамбай, Дәурен Айдарқұлов, Аружан Жазылбековалар бас рөлдерді сомдайды. Олардан бөлек, фильмде Азат Сейтмет, Данагүл Темірсұлтанова, Игорь Личадеевтер өнер көрсетеді.  
 

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы