Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 мамыр, 2020473

«Келинка Сабина» фильмінің үшінші бөлімі күзде шығады деп күтілуде

Қазақстанның ең атақты келіні туралы фильмнің үшінші бөлімі күзде көрерменге жол табады. Бұл туралы картина режиссері, сценарисі, продюсері әрі актері Нұртас Адамбай Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен жүргізген онлайн әңгімелері барысында хабарлады.

Режиссердің айтуынша, «Келинка Сабина» комедиясы жалғасының премьерасы нақты қай күні өтетіні белгісіз, алайда шамамен күз айларында көрерменге жол тартады деп жоспарланып отыр.

«Жарыққа шығатын нақты күні жоқ. Шамамен күз деп топшылап отырмыз. Мүмкін қыркүйек не қазан айларында. Қазанда шамасы, себебі біз мейлінше жылдың соңына таман шықса ғой деп отырмыз. Дей тұрғанмен қазіргі жағдай белгісіз. Бір айдан соң, не екі айдан кейін не болатынын ешкім білмейді. Мүмкін карантин де созылып қалады. Сондықтан шамамен күз деп отырмыз», - деді Адамбай.

Сабина келіні жайындағы картинаның екі бөлімі де ауылда түсірілген еді. Ал, бұл жолы ол қалаға көшіп, барлық көріністер сонда өрбиді. Бұған сценаристің өз көзқарасы бар.

«Шынымды айтсам, хикаяны неліктен қалада түсіруді шешкенімді өзім де білмеймін. Мүмкін біраз өзгерткім келді ме екен... Біз екі бөлімді де ауылда түсірген едік, сондықтан бұл хикаяны жаңартқымыз келіп, оны қайта қалаға көшірдік», - деді сценарист.

Фильм трейлерін көргендер болса, Сабина армандағандай актриса болғандығын байқайды. Нұртас Адамбай оны былай деп түсіндіреді.

«Маған Сабина мінезіне қарай сондай бойжеткен болып көрінді. Ол инженер, есепші, не болмаса басқа мамандықты таңдамайтын еді. Демек, бұл қыз жұлдыз болуды армандайды әрі кино тақырыбы маған да жақын. Оны жазу да қиын болмады», - деді ол.

Өткен жылдың күзінде көрермендер тарапынан жақсы пікірлерге ие болған оның «Әкім» картинасының қазір жалғасы жазылып жатыр. Фильмнің екінші бөлімі қалай өрбитінін сценарист ашып айтқысы келмеді, себебі кейін көрермендерге қызықсыз болатынын айтады. Тек фильмде жаңа кейіпкерлердің пайда болатынын хабарлады.

«Фильм сценарийіне келетін болсақ, ол аяқталып қалды. Қазір маған аса ұнамайтын кезеңге келді. Мен бұған үйрендім. Мұндайға сабырлықпен қарайтын болдым. Өкінішке қарай, дәл менде сценарий алдымен ұнап, кейін ұнамайтын сәттер болып тұрады», - деп ағынан жарылды актер.

Фильм түсірілімдері биылғы жылы жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

«Біз биыл түсіруге тырысамыз. Оны жазда жүзеге асырсақ па деп отырмыз. Сол уақытта түсірсек пе дейміз, өйткені күзге басқа картинаның түсірілім жұмыстары жоспарланған. Оларға алаңсыз кірісу үшін, алдымен «Әкімді» аяқтау керек», - деді режиссер.

Сәтін салса, «Әкім» картинасы Нұртас Адамбайдың түсірген оныншы мерейлі фильмі болмақ. Кино майталманы осы уақытқа дейін комедиялармен қатар, бірнеше драмалық киноленталар да түсірген болатын. Алдағы уақытта да осы жанрда түсіретін ойы бар. Бүгінге жаңа идеялары да жоқ емес.

«Қазір менде жаңа екі идея бар. Оның бірі өткен ғасырдың 30-шы жылдардағы ашаршылыққа арналған. Ол шынайы оқиғаға негізделеді. Ал, екіншісі қазіргі замандағы отандастарымызға арналған. Хикая өз проблемаларымен бетпе-бет қалатын адамдар туралы. Ол науқас баламен байланысты болады. Фильмде адамның бауыр еті баласына кішкентай болса да, жәрдем көрсету үшін адамның қандай қадамдарға бара алатынын көрсетеміз. Шын айтса, өте ауыр оқиға. Мүмкін менде де бала бар болғандықтан ба екен, мен үшін өте ауыр мәселе. Дегенмен, бұл картиналарды түсірсем бе деймін. Драмалар тек біздің ғана елде емес, басқа мемлекеттерде де коммерциялық жағынан тиімсіз деп ойлаймын. Егер «Тараз» картинасы қандай да болса, қаражат жинаған болса, «Лифтте» біз құйған қаржымызды жоғалтып алдық. Бірақ оған қайғырып жатқан жоқпыз. Себебі бас кезінде қандай қадамға бара жатқанымызды білдім. Қазір «Лифт»-тің маған әкелуі мүмкін болған қаражаттан әлдеқайда көп нәрсе бергенін түсінемін. Ол маған киноның не екені жөнінде түсінік берді. Комедиялар өз алдына, әрине, оң нәтиже береді, әсіресе, күнделікті күйбең тіршілікте адамдарды проблемалардан алыстатып, көңіл-күй сыйлайды. Бұл да пайдалы іс деп ойлаймын. Дегенмен бір жанрда тоқтап қалғым келмейді. Егер жаның қаласа, оны міндетті түрде жүзеге асыру керек. Күзде түсіргіміз келетін бір жоба дегенде дәл осы екі драманың бірін меңзедім. Әзірге қайсысынан бастайтынымды шешкен жоқпын, алайда оларды жасау керек деп ойлаймын», - деп бөлісті Нұртас Адамбай.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы