Размер шрифта:

Цветовая схема:

10 мамыр, 2020497

Халықаралық жүлдеге ие болған отандық картиналар

Бүгінгі таңда отандық картиналардың тек қана дамып жатқандығы жасырын емес. Оған көрермендердің ыстық ықыласы ғана емес, сондай-ақ  елде түсірілетін туындылардың шетел асып, беделді байқаулардан айтулы жүлделермен оралып жатқандығы дәлел бола алды. Сонымен, ол қандай кинофильмдер? Біздің киноматография әлемнің қай елдерінде үздік аталып келді?

“Лифт”

 

Нұртас Адамбайдың продюсерлігімен және режиссерлігімен түсірілген туынды. Картина желісі бойынша екі бейтаныс адам үш күнге лифтке қамалып қалады. Олардың бұл өмірде кездескен қиындықтары мен әртүрлі шытырман оқиғалары баяндалады. Психологиялық драма Лос-Анджелесте жыл сайын өтетін Genre celebration 2018 халықаралық фестивалінде “Үздік драмалық фильм", "Үздік режиссура" және "Үздік операторлық жұмыс" номинацияларымен марапатталды.

 

“Оралман”

 

Картина Ауғаныстандағы қазақ отбасы жайында. Басты кейіпкер Базарбай ақсақалдың бір қызы және ұлы бар. Олар ендігі өз отбасыларының асыраушысы. Ұлы Сапарқұл сол жердегі жанкештілерге қосылып соғысады. Базарбайдың отбасы көптеп күткен Қазақстанға қоныс аудару туралы квотаны қолдарына алып, отбасы алыс жолға аттанады. Аталмыш фильм Непалдағы 22-ші халықаралық кинофестивалінде "Үздік шетелдік фильм" атағына ие болады. Қырғызстандағы "Ак Илбирс” кинопремиясында "Орталық Азияның үздік актері" атағы картинадағы басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолдаға берілді. Фильм режиссері ретінде Сабит Құрманбеков жұмыс істеді.

 

“Әмре”

 

Шетелдік режиссер Джефф Веспа таспалаған бұл фильм Америка Құрама Шатындағы Silver Screen Prize және Global Grand Jury Prize, Hollywood Film Festival-де жүлделі болып, Richmond International Film & Music Festival ұйымдастыруымен өткізілген байқауда қазақстандық актер Санжар Мади “Үздік актер” атағымен марапатталды. Фильм желісі драмалық тенор Әміре Қашаубаевтың жарқын, бірақ қысқа және құпиялы өмірі туралы әңгімелейді.

 

“Айка”

 

Картинаның режиссері Сергей Дворцевой. Фильмде Мәскеу шаһарына табыс табу үшін келген қыздың өмірі баяндалады. Бірақ ол жаңа туған баласын перзентханада қалдыруға мәжбүр болады. Алайда көп ұзамай ол жасаған қателігін мойындап, мұндай шешіммен өмір сүре алмайтындығын түсінеді. Халықаралық жүлделері: Канн кинофестиваліндегі "Үздік әйел рөлі" бойынша картинаның басты кейіпкері Самал Еслямова марапатталды. Гонконгтегі Азия киноакадемиясының шешімі бойынша тағы да "Үздік әйел рөлі" номинациясы Самал Еслямоваға табысталды.

 

 

“Маленький принц нашего города”

 

Талғат Теменов режиссерлік еткен картинадағы оқиға  музыкант Қасымхан ата мен кішкентай Бибол есімді бала жайлы болмақ. Олардың кездейсоқ таныстығы үлкен достықпен жалғасын табады. Екеуінің арасындағы рухани байланыс шын мәнісінде ерекше сезім мен нағыз бақытты сыйлайды. Картина Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің кинофестиваліндегі "Ерлер арасындағы ең үздік рөлі" номинациясымен туындының басты рөлін сомдаған Төлеубек Аралбайға берілді. Бангладеште 17-ші халықаралық ХКФ бойынша "Бадала Рахман атындағы Ең үздік балалар фильмі" атағы берілді.

 

“Шырақшы”

 

“Шырақшы” картинасы бірден екі шетелдік марапатқа ие болды. Фильм желісі сұрапыл соғыстан оралған әскерлер мен сарбаздардың өмірін баяндайды. Толық метражды фильмнің сценарий авторы әрі режиссері ретінде Ермек Тұрсынов еңбек етті. 2018 жылы түсірілген туынды шетелдік кинопермияларында алға шығып, айтулы жеңістерге жетіп келе жатыр.  Картинадағы басты рөлді сомдаған Мұратжан Мұқажанов “Поэтикалық образды шығарғаны үшін” атты арнайы дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, фильмнің түсірілім тобы мен операторлық командаға “Толық метражды кинодағы үздік операторлық жұмысы үшін” деген марапаты табысталды. Ал операторлық жұмысқа толыққанды жауапты болған Мартин Сечанов болды. SochiInternational Film Festival and Awards фестивалінде “Шырақшы” кинофильмі тағы екі марапатқа ие болды. Олар: “Үздік фильм” және “Үздік әйел рөлі” премиялары. “Үздік әйел рөлі үшін” атағын жеңіп алған картинадағы басты рөлді сомдаған Ресейдің Халық әртісі Нина Усатова. Сонымен қоса, қазақстандық туынды “Золотой глобус” лонг-лист тізіміне енгізілген.

 

“Композитор”

 

“Композитор” көркем фильмі халықаралық байқауларда үздік атанып, әлемдік киногерлердің таңдауына айналған. Кинодағы оқиға желісінде Кеңес Одағындағы Қытай композиторы Сянь Синхайдың өмірі мен шығармашылығы баяндалады. Оның Қазақстанға көшіп келіп, қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы көрсетілген. Лос – Анджелес қаласында ұйымдастырылған фестивалінде “Композитор” шығармасы “Үздік өнім” атағына ие болды. Сондай-ақ, картинадағы басты рөлді сомдаған қазақстандық актриса Аружан Джазильбекова “Үздік әйел рөлі” бойынша номинациясында жеңімпаз атанып, ал актер Ху Чжунь - «Үздік ер рөлі» атағын алды. Фильмдегі музыкалық сүйемелдеу қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. “Үздік музыка” байқауы бойынша да картина жеңімпаздар қатарынан көрінді. Бұл Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлесіп түсірген ортақ жобасы болды. Шығарма режиссері ретінде Қазақстан тарапынан Сәбит Құрманбеков жұмыс істесе, көрші Қытай мемлекетінен Шерзат Якуб режиссерлік етті. 2019 жылы картина IX Пекин халықаралық кинофестиваліне (The 9th Beijing International Film Festival) бой көрсеткен болатын. Басты рөлдерді Берік Айтжанов, Ху Цзюнь (ҚХР), Аружан Джазильбекова, Алтынай Нөгербек және Юань (ҚХР) сынды актерлер сомдады.

 

“Тренинг личностного роста”

 

Қазақстандық туындының режиссері Фархат Шарипов. 2018 жылы көрермен назарына ұсынылған фильм бірден халықаралық номинацияларда бой көрсетеді. “Көшбасшының құпиясы” слоганын алға фильм жанры криминал мен драма. Фильмдегі оқиға Қанат есімді кейіпкермен басталады. Ол банк жүйесіндегі орта дағдарысты уайымдайды. Қырық жасына қараған шағында ол армандауды доғарып, өз өмірінің мағынасын жоғалтып, жақсылыққа сенуден қалады. Бірақ оның жолында әрқашан сәттіліктің жаршысы болатын Даник есімді кейіпкер пайда болады. Бұл жағдай Қанаттың өмірін түбегейлі өзгертеді. Картинаға көрші Ресей мемлекетінде өткен 41-ші Мәскеу Халықаралық кинофестивалінің Гран-при жүлдесі табысталды. Бұл аталған туындының авторлары үшін үлкен мәртебе болғаны рас. Кинофильмнің әлемдік премьерасы Оңтүстік Корея елінде жиырма үшінші Пусан халықаралық кинофестивалінде (Busan International Film Festival)  “Көшбасшы құпиясы” деген атаумен  ұсынылды. Картинада Гүлжамал Қазақбаева, Филипп Волошин, Дулыға Ақмолда, Әсел Қалиева және Ержан Тусупов ойнайды. Сценарий авторы бойынша жұмыс істеген фильм режиссері Фархат Шариповтың өзі болды.

 

“Черный, черный человек”

 

Алыс шетелді бағындырған Қазақстандық тағы бір туынды “Черный, черный человек” драмалық кинофильмі болды. Оқиға бойынша ауылдың ішінде кісі өлімі орын алады. Жауапты тергеуші Бекзат тез арада бұл істі жапқысы келеді. Алайда оның жоспары жүзеге аспайды. Себебі, тергеу жұмыстарының қандай дәрежеде жүргізіліп жатқанын білуге келген журналистің сұрақтары мен қызығушылығы Бекзаттың іске селқос қарауына жол бермейді. Қаладан келген журналистің бұл істің мұқият тексеріліп, жұмыстардың жүйелі жүруіне әсері тиеді. Фильмнің режиссері Әділхан Ержанов, продюсерлері отандық танымал режиссер Ақан Сатаев пен Ернар Құрмашев. Басты рөлдерде: Бекзаттың рөлінде – Данияр Алшынов, Пукуар – Теоман Хос пен Ариананы – актриса Динара Бақтыбаева сомдайды. Отандық кинотуынды шетелдік конкурстан тыс ұсынылғанымен Франциялық киногерлердің таңдауымен үздіктер қатарынан көрініп үлгерді. Картина Festival International des Cinemas d ' Asie de Vesoul фестивалінде марапатқа ие болды. Байқау Еуропа елдеріндегі Азия фильмдерін ұсыну және промоутациялау мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, картинаның әлемдік премьерасы 2019 жылы 23 қыркүйекте Испания елінде орын алды. Кинотуынды Сан-Себастьян қаласында ұйымдастырылған  67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрермен назарына ұсынылды.  San Sebastian International Film Festival кино әлеміндегі ең көне байқаулардың бірі. Және сол жылы “Черный, черный человек” шығармасының режиссері Әділхан Ержанов Азиялық “Оскар” марапаты саналатын “Asia Pacific Screen Awards -2019” премиясында “Үздік режиссер” атағына ие болды. Айта кеткен жөн, Әділхан Ержанов мұндай номинацияға ие болған алғашқы қазақстандық режиссер.

 

“Тюльпан”

 

“Тюльпан” шығармасы түсірілімдері 4 жылға жалғасып кино сүйер қауымға 2008 жылы ұсынылған фильм. Режиссері Сергей Дворцевой. Оқиға желісі бойынша теңізші болып жұмыс істейтін Асхат туған жеріне оралады. Асхат ауылына оралып өзіне күн батериясы бар үйді армандайды, сонымен қоса шопан болғысы келеді. Алайда ол бұл іспен айналысуы үшін оған үйлену керек. Ол Қызғалдақ есімді қызға ғашық болады. Бірақ Асхаттың өмірінде қиындықтар туындай бастайды. Ол жануарларының бірін жоғалтып алады. Бірақ ол кездейсоқ қозының өмірге келуіне куәгер болады. Сөйтіп, ол оның өміріндегі барлық қуаныштар мен жетістіктер осының арқасы деп түсінеді. Фильм Токио кинофестиваліндегі үздік режиссура үшін “Сакура” марапатын жеңіп алады. Тағы бір шетелдік номинация Канн кинофестиваліндегі  “Ерекше көзқарас” байқауының бас жүлдесі болды. Фильм Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бетпақдала жерінде түсірілген. Картинада Самал Еслямова, Оңдасын Бесікбаев, Төлепберген Байсақалов, Береке Тұрғанбаев және Асхат Кучинчерековтар бой көрсетті.

 

Қорыта келгенде, бұл шетелді бағындырған қазақ фильмдерінің ішіндегі тек азғантай бөлігі ғана. Біздегі түсіріліп келе жатқан картиналар күннен-күнге даму үстінде. Ол үшін актерлер мен киногерлер де талмай еңбектеніп, шаршамай білім алып келе жатыр. Бұл қарқынмен жүрер болсақ отандық кино саламыз  Oscar жүлдесіне де жақындап қалары анық.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы