Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 ақпан, 2021293

Хайптың арты бір-ақ тұтам немесе жақының үшін жан пида

Қартайғанда сүйікті жұмысынан, бастысы тұрақты табыс көзінен айырылған адам не істейді? Әрине, көп жылғы еңбектің рахатын көріп, тыныш қана шағын зейнетақысын алып, кәрілікті күтіп жатқаннан басқа амалы жоқ. Жаңа өмірге бейімделу - кез келген зейнеткер үшін қиын өткел. Оның үстіне күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, соңғы жаңашылдықтардан құр қалып жатсаң, тіптен, оңай шаруа емес. Ілеспестен басқа амал жоқ. Бұл – заман талабы. Ал жақыныңа шұғыл қомақты қаражат қажет болса, ойланатын да уақыт жоқ. Ғаламтор жұлдызына да айналып, халық сынына да түсуге дайын боласың. Бұл қазіргі тілмен айтқанда «хайп» па? Айып па? Оны «Аташка на хайпе»-нің үлгісі негізінде көріп пайымдайық.

«Аташка на хайпе» фильмінің премьерасы 2019 жылдың соңында болып өткен. Прокатта оны тамашалап үлгергені бар, үлгермегені бар. Оның қалай шыққанын көбі білмейтін де шығар. Міне, араға жыл салып, отандық комедия осыдан бір ай бұрын желіге де жүктелді. Фильмнен алған әсермен бөлісу үшін, оны алдымен көрген жөн. Шынымды айтсам, көруге асықтық білдірмедім. Әдеттегі «приколдар», қарапайым тақырып шығар деп кейінге шегеріп жүрдім. Бірақ... «плэйді» басып, Әбекеңнің өнерін тамашалай бастаған соң, бұл актер картинаның шырайын келтіретінін түсіндім. Жалғыз ол емес, басқа киногерлер де өздерін жақсы жағынан көрсетті. Бірақ бұл туралы кейінірек.

Оқырмандарды алдымен фильмнің қысқаша мазмұнымен таныстырайық. Хикая әлеуметтік желіде жылдам тарап кеткен видеодан басталады. Ондағы кадрға қартайған оқытушының студент қызды жазалап жатқан көрініс жазылып қалған. Мәселен, танымал инста-жұлдыз Күміс Кутибаева дәріс кезінде ұстаздың айтқан ескертулеріне мән бермеді, тіпті, онымен қоймай, өзінің фоловерлерімен әңгімелесуін жалғастыра берді. Оқытушы ашуланған кезде бойжеткен оны өмірден қалып қойған және ез шал деп атады. Осы үшін де лайықты жазасын алды.

Бұл жаңалық желіде тараған соң жан-жақтан түрлі пікірлер жауа бастады. Блогерлер мен телевидение оқытушы Тұрсын Амангелдіұлының жылдар бойы жинаған абыройын қасықтап төккенін айтып айыптаса, желі пайдаланушылары ер адамды қорғап, қолдау білдіріп, жылы лебіздерін айтып, пікірлерін білдірді. Мұның барлығын естіп, ақыры жұмысынан қуылған ұстаз ауруханадан бірақ шықты. Ол жақтан қашып, үйіне келіп жалғызсыраған соң, бала-шағасын сағынып, қызына хабарласады. Алайда қазіргі өмірде қалыпты болып кеткендей, қызының әкесімен сөйлесуге уақыты жоқ болып шығады. Сөйтіп, күйініші екі еселене түскен Тұрсын Амангелдіұлы үй жануарын сатып алмаққа зоодүкенге барады.

Мұнда келсе, сатушы жігіт әлеуметтік желі блогері болып шығады. Атаны танып, онымен суретке түсіп, есін шығарады. Инстаграм желісінде парақшасын ашып, ақша табуды ұсынады. Алайда, ата одан бас тартып, ақыры келген мақсатынан айнып, дүкеннен кері қайтады.

Әрине, жасы келген адам ондайды білмеген соң, қалай келіссін?! Алайда үйде қол қусырып жатқанға да үйренбеген ол ақыры жұмыс іздейді. Ақша табудың жолдарын қарастырып, қомақты ақша талап ететін дәріске де тап болады, жаңа дәрілік препарат сынағына да қатыспақ болады, тауарларды дүкендерге тасып, сауда агенті болып та орналасады, бірақ барлық жерде бір мін көріп, ақыры «таяқ жеп», сәтсіздікке ұшырайды. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, үйіне келсе, онда да отбасы жылуы да, жарық та жоқ. Содан сатушы блогер жігіттің ұсынысын қабылдамаққа зоодүкенге қайта барады.

Иә, бұл ұсынысты бірден қабылдаса да болар еді ғой деген ой келеді. Бірақ олай болса, бұл шешімге қалай келгенін түсінбейтін едік емес пе?! Осылайша, #Аташка_на_хайпенің желідегі шытырман оқиғалары басталады.

Фото: ivi.ru

Барлығының бірден орайы келе қалса игі. Алғашқы тәжірибелері өкінішке орай, сәтсіз шыққан соң, аташка ойлағанынан айнып кетеді. Осымен кино бітсе керек еді. Бірақ, фильмнің мағынасы да болмай қалмай ма?! Аташканың «продюсері» әрі таспалаушысы болған сол сатушы жігіт бейнематериалды желіге жүктеген соң, видео көп қаралым жинап, аташка танымал бола бастайды. Мұнымен қоса, жарнамадан да ұсыныстар түседі. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, бір рет жолы болмаған соң, бұл атаны қызықтырмайды. Алайда, кенеттен соғылған телефон қоңырауынан соң шешімін өзгертуіне тура келеді. Бұл қандай қоңырау екенін сәл кешірек білетін боласыздар.

Аталар да хайпқа бейім екен. Тұрсын Амангелдіұлы өзінің бірінші жарнамасын түсіріп, алғашқы миллионына қол жеткізеді. Кейін түрлі пранктер түсіріп, ақша таба бастайды. Танымал болған соң, жарнамалар көбейіп, жұмысқа деген қызығушылық та артады. Бір күні «продюсері» екеуі блогерлер кешіне барып, онда жұмыстан қуылуына себепкер болған студентін кезіктіреді. Сөйтсе, оның да өзінің «продюсері» бар екен. Айлакер жігіт атаға өзінің қызметін ұсынады, жай ғана ұсынып қойса жақсы, ақшаны үйіп-төгіп жинайтын тапсырыстар болады деп қызықтырып алады. Неғұрлым қысқа мерзімде қажетті сомма жинауды мақсат етіп жүрген ата үшін бұл таптырмас қаражат көзі болып көрінеді. Бірақ өзінің продюсері бұл ұсыныс абыройына нұқсан келтіреді деп ескертсе де, Тұрсын Амангелдіұлы оған көнбей, өзіне ұрсып тастап, ақыры жолдары екіге бөлінеді. Осыдан бастап «хайпта жүрген атаның» беделі шытынай бастайды. Келісімшарт жасасып, ақшасын кейін беремін деп алдап өзіне қаратып алған жаңағы айлакер продюсер оған түрлі қитұрқы пранктер жасатып, атаның хейтерлерін көбейтіп алады. Ендігі мұндай ұятты әрекеттер жасамаймын деп, заңды ақшасын талап етіп оған барған атаны, ақыры қуып, еңбекақысын бермей қояды. Сөйтіп, түксіз қалып, қиналған ата қайта аурухана төсегінен табылады. Осы кезде оның бұрынғы продюсері ескі досы болып келетін дәрігерінен атаның халін білмекке ауруханаға келгенде, оның барлық қорлыққа төзіп, ұятты видео түсіріп жүргенінің себебі – жаман ауруға шалдыққан немересіне ота жасату үшін қомақты ақшаның қажеттігі екенін біледі. Содан достары желіде атаның жағдайын айтып, қаражат жинау бойынша челленджді іске қосады. Оны елдің барлық танымал блогер, әнші-әртістері қолдайды. Ақыры қажетті қаражат жиналып, атаның немересі аман қалады.

Иә, кез келген қиын жағдай экранда ғана емес, өмірде де осылай аяқталса жақсы ғой. Дегенмен бұл фильм қол қусырып отырмай, әрекет етіп, жақсылықтан ешқашан үміт үзбеу керектігіне үйретеді. 

Актерлерге келсек, өз рөлдерін «жақсы» деген бағаға лайық етіп орындаған. Айтпақшы, бас рөлді театр және кино актері Әбунасыр Серіков сомдады. Актердің кадрдағы ойны көрерменді жалықтырмайды, керісінше, өзінің харизмасымен баурап, үнемі таңқалдырып отырады. «Аташка на хайпе» фильмі әлдебір керемет шедевр болмаса да, сюжеті айтарлықтай шапшаң динамикада түсірілген. Оның үстіне хронометражы да ұзақ емес,  небары 1 сағат 15 минут, сол себепті жалығуға мүмкіндік бермейді. Жас актерлердің де ойнын атап өтуге болады. Атаның продюсерін «Каникулы оффлайн» және «Каникулы оффлайн 2» фильмі арқылы көрермендердің көңілін жаулаған актер Бекзат Елеусізов ойнайды. Ал айлакер продюсер болса, үнемі антогонисттің рөліне таңдалатын Дәурен Айдарқұловқа бұйырған. Айтпақшы, студент қыздың рөлінде желіде бірер жыл бұрын атышулы болған Шырын Нарчаева ойнайды. Комедияға сонымен қатар, танымал әнші Қайрат Нұртас пен Кентал, вайнерлер мен кавээншілер қатысты. 

Фильм небары 20 күнде түсірілген екен. Оның режиссері - Анвар Матжанов, продюсерлері - танымал КВН-шілер әрі актерлер Дәуіт Шайхисләмов пен Сәбит Рахимбаевтер. Киногерлердің өнімдері видеоблогерлерді сынайтын картина емес. Керісінше, осы сала мамандарының қайнап жатқан қазандарын іштен еш әдепсіздік көріністерінсіз әрі боямасыз көрсеткен. Жастар үшін картина қызықты болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін, себебі мұнда түрлі заманауи, хайпті видеоны жасаудың таныс әдіс-тәсілдері көрсетілген. Зейнеткерлер үшін болса, олар түсініксіз болып көрінуі мүмкін, ал егер оның барлығын түсіндіріп беретін немерелерімен бірге тамашаласа, аға буын да бұл фильмнен жақсы әсер алатыны анық. Бастысы, комедиялық лентада әзілдер ғана емес, өмірде жасалатын әрекеттердің не үшін істелетіні туралы терең ой жатыр. Сондықтан «Аташка на хайпе» фильмі ешкімді бей-жай қалдырмайтынына сенім білдіріп, картинаға «жақсы» деген бағамызды береміз. 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы