Размер шрифта:

Цветовая схема:

08 мамыр, 2020708

Кино әлемнің аңыздары: сөнбейтін жұлдыздар

Қазақ және кеңес фильмдері - кино әлеміндегі халық сүйетін классикалар. Ол картиналар көрермен есінде мәңгі сақталып, нағыз фильмнің айқын көрінісі болып қалғаны сөзсіз. Ал сол туындылардың осыншама ерекше бейнеленуі әлбетте кино авторлары мен өз рөлдерін тамаша сомдаған актер мен актрисаларға байланысты екені рас. Сонымен бұл мақалада ескі қазақ киноларындағы әсемдік пен көркемдіктің символы бола білген талантты, дарынды актрисалармен жақынырақ танысатын боламыз.

Әмина Өмірзақова

 

Қазақ және кеңестік кино әлемінің жарқын жұлдызы, ұмытылмас өнер адамы, баршамыздың жадымызда ерекше образдарымен мәңгі есте қалатын керемет дарын иесі - Әмина Өмірзақова. Қазақстанның халық әртісі бұл саланың елімізде өркендеуіне үлкен септігін тигізгені рас. Талантты актриса 1919 жылдың 8 наурызында халықаралық нәзік жүректі жандардың мерекесі күні қарсаңында өмірге келгені оның әйел заты сұлулығының ерекше эталоны бола білгенін дәлелдесе керек. Актриса өмірін өнерге, жанын киноға арнады. Ол өзі берген соңғы сұхбаттарының бірінде: “-Мені халыққа кино танытты. Сол себепті кино үшін бәріне де даярмын. Кинодағы бейнелерім тарихта қалады деген үміттімен”,- деп ой бөліскен еді. Жастайынан әкесінен айырылған Әмина қыз оқып жүрген шағында жалғыз жанашыры, аяулы анасының қуғынға ұшырағанын есітеді. Шығыс Қазақстанның тумасы 1938 жылы Ленинград институтында білім алады. Студент шағынан бастап шығармашылыққа бет бұрып, кино әлемінің алғашқы баспалдағына қадам бастайды. Сол кезден бастап Әмина қыз “Амангелді”, “Ақ раушан”, “Комсомольск” және “Алыптың әні” атты картиналарға түсе бастайды. Кинодағы карьерасында актрисаға жарқын образдар мен айтулы рөл, атақ пен даңқ әкелген шығармалардың қатарында “Абай өлеңдері”, “Қанатты сый”, “Жамбыл”, “Әрі қалжың әрі шын” сияқты туындылары бар. Сондай-ақ, көптің көңілі бұрып тұратын қазақ кино саласындағы айтулы картина болған 1968 жылы түсірілген Шәкен Аймановтың “Тақиялы періште” комедиялық фильмі екені рас. Әмина апамыз сомдаған фильмдердің санында шек болмаса керек: “Арман асуы”, “Раушан”, “Ең әдемі қайықтар”, “Үлкен өзгеріс”, Гауһартас”, “Әмина”, “Ебелек”, “Шанхай”, “Ақ бақсы”, “Қыз-жігіт”, “Қанатты сый”, “Ақ раушан”, “Амангелді”, “Жамбыл”, “Алдар көсе” және тағы басқа картиналары бар. Актрисаның  соғыстан жаралы оралған жары 1956 жылы көз жұмады. Үш баланы өсіріп, олар үшін ана да, әке де бола білген Әмина Өмірзақованың жеткен жетістіктері өте көп. Актриса Халық әртісі, “Еңбек ардагері”, “Ерен еңбегі үшін”, “Еңбек қызыл ту” сияқты атақтармен марапатталады.

 

Өтекешова Меруерт

 

Қазақтың танымал актрисасы, белгілі кеңес әртісі - Өтекешова Меруерт Қаратайқызы. Меруерт Өтекешова 25 ақпан күні 1951 жылы туған. Орал қаласында туылып, Алматы шаһарының нөмірі 66- мектебінде білім алады. Мектепті енді ғана тәмәмдаған Меруертке қазақтың есінде мәңгі қалған “Қыз Жібек” фильмінде басты рөлді сомдауға ұсыныс түседі. Халық әртісі Хадиша Букееваның сыныбында тәлім алған актриса Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік өнер институтының театр факультетін аяқтайды. Қазақ қызы сұлулығының эталоны саналған Жібек көптеген қазақ және кеңестік киноларға түсіп, осы өнердің дамуына айтулы үлес қоса білді. Актрисаның фильмографиясында “Айша”, “Жаным”, “Кемпір”, “Орнамент”, “Жауын”, “Ақ бақсы”, “Аждаһа жылы”, “Ұлымның оралуы”, “Тентек балалар”, “Қосымша сұрақтар” секілді картиналар бар. Сондай-ақ, актрисаға “Құрмет ордені”, “Парасат” ордені, “Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі” және т.б. марапаттар берілген.

 

Лидия Ашрапова (Адбукаримова)

 

Қазақстандық актриса Лола Абдукаримова халықтың сүйікті фильміне айналған “Қыз – жігіт” картинасынан белгілі. Музыкалық комедияның әндері мен орындалған әрбір композиция көрерменнің жүрегінен ерекше орын таба білді. Ал басты рөлді сомдаған актрисаға бәрі де ғашық болғаны рас. Оның сыңғырлаған дауысы мен жібектей өрілген қолаң қара шаштары, сөйлеу мәнері мен ойнақы қылығы әрбір жанды айырықша сезімге бөлесе керек. Актриса 1935 жылы Ямга жерінде туылған. Ташкент хореографиялық училищесін бітіріп, "Қазақфильм" киностудиясының актрисасы атанды. Ол “Наш милый доктор”, “Ана мен бала”, “Тақиялы періште”, “Қан мен тер”, “Конец атамана” сынды қазақ кино әлемінің ғажабына айналған картиналардан бой көрсетті.

 

Гүлфайрус Ысмайылова

 

Қазақ өнерінің бетке ұстар келбеті, театр және кино актрисасы, суретші - Гүлфайрус Ысмайылова. Алматы қаласында 1923 жылы желтоқсанның он бесінші жұлдызында туған. Еңбек сіңірген қайраткер “Платинды Тарлан” сыйлығымен марапатталады. Негізгі есімі, Күлпәш Қоңарбаева, алайда оны кішкентай кезінде Ысмайылов Мәнсүр асырап алады. Алматыда көркемсурет білім ордасында тәлім алады. Вокалдық факультетте оқып, білім алған. Алматы көркемсурет училищесінде мұғалім болып қызмет етеді. Кейіннен опера және балет театрында суретшілікпен айналысады. Гүлфайрус нағыз өнердің адамы болғаны рас. Ол көптеген балет пен опера, спектакль мен қойылымдарға арналған костюдер мен декорациялардың эскиздерін құрастырып, ойлап табатын. Сонымен қоса біршама үздік жандардың бейнелерін қағазға түсіріп, натюрморттар мен портреттердің авторы атанған. Жүрегі өнер деп соққан Гүлфайрустың өмірі кинодан да алыс болмады. Ол “Ботакөз”, “Тана” және “Алысталған Алитет” сияқты фильмдерінде өзін тамаша актриса екендігін де таныта білді. “Парасат ордені”, “Халықтар Достығы”, “Еңбек сіңірген өнер қайраткері”, “Платинды Тарлан” секілді марапаттарға ие.

 

Данагүл Темірсұлтанова

 

Елге белгілі театр және кино актрисасы Данагүл Темірсұлтанова. Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының тумасы. 1964 жылы 9 мамырда дүниеге келген. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері. Халық арасында белігілі “Тамаша” әзіл-сқақ театрының жұлдызы, дарынды әрі талантты актрисасы. Данагүл Темірсұлтанова халық әртістері Шолпан Жандарбекова мен Тілектес Мейрамовтардың шәкірті. Мұхтар Әуезов театрының бетке ұстар әртісі. Әріптесі Гүлбаушан Тілеубековамен бірлесіп “Аққу-Гәкку” театрының негізін қалаған. Театр саханасында да біршама жыл қызмет етті. Актриса “Айман - Шолпан”, “Қаракөз”, “Үзілген бесік жыры, “Күлеміз бе, жылаймыз ба”, “Қош, махаббат!”, “Сергелдең болған серілер”, “Дүние думан” және тағы да бұдан бөлек басқа да қойылымдарда өнер көрсеткен. Данагүл Темірсұлтановаға “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл" медалі мен "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" марапаттары табысталды. Кинода да белсенді актрисалар қатарында болды. Ол «Айналайын», «Свадьба на троих», «Вузеры», «Саранча», «Асу», «Домашние войны», «Келинка тоже человек» секілді фильмдерде өз рөлін тамаша сомдап шықты.  

 

Раиса Мұхамедиярова

 

Қазаққа белгілі «Менің атым Қожа» фильміндегі мұғалім Майқанованың рөлін сомдаған Раиса Мухамедиярова талантты актриса. 1939 жылы шілденің он бірінші жұлдызында Семей жерінің Көкпеті ауданында туған. Негізгі мамандығы ағылшын пәнінің мұғалімі. Ол Абай атындағы педагогикалық университетіндегі шетел тілдері факультетінде білім алған. Кино әлемінде жеткен жетістіктері де біршама. Актриса “Менің атым Қожа”, “Айсұлу туралы ертегі”, “Балалық шаққа саяхат”, “Сплав”, “Однажды и на всю жизнь”, “Бұғы адам”, “И в шутку и всерьез” және “Түнек әміршісі” сияқты картиналарда бой көрсеткен. Еңбек ері, халқымыздың ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтың аяулы жары. Олар екі қыздың ардақты ата-анасы. Актриса бос уақытында отандық және орыс классикасын, әдебиетін оқығанды ұнатады.

 

Қорыта келе, еліміздегі киноматография қазіргі күні қарқынды дамып келеді. Онымен бірге киноға түсіп келе жатқан киногерлер де бірге өсіп келеді. Алайда, бұл заманғы фильммен өткен ғасырдың киноларын салыстыру әбестік болар. Дей тұрғанмен ата – аналарымыз, тіпті арамыздағы кейбіріміз дәл осы кеңес фильмдерінің арқасында өнерге, шығармашылық пен әдемілікке әуестендік. Бұл картиналарда әлдебір рух мен терең мағына жатқаны рас. Ал оны көк жәшіктің арғы жағындағы көрерменге өздерінің таза көңіліменен, өнеріменен және ең бастысы кәсібіне деген махаббатымен, адалдығымен жеткізе білген дәл осы талант иелері. Олардың сомдаған әрбір кейіпкеріне шүбәсіз сенесің. Тіпті өзің сол әлемге үңіліп кеткендей болғандайсың. Ал мұның бәріне септігін тигізген сол кездегі жарық, бүгінгі күндегі ескірмеген жарқын  жұлдыздар. Отандық кино саласындағы жаңа буындар дәл осы өнерге ғашық жандардан үлгі алып, олар сомдаған бейнелерді тереңінен зерттесе біздегі киноматография тек қана дами беретіні сөзсіз. 

 

 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы