Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 сәуір, 2020358

Кино шолу: “Ауыл-Кэмп 2” не үшін түсірілді?

Қазақстандық фильмдердің жалғасының жиі түсірілуі бірінші бөлімінің ұтымды болуына байланысты. “Ауыл-Кэмп” кинотуындысының алғашқы бөлімі көрермен көңілінен шығып, жалғасы түсірілген болатын. Ендеше, “Каникулы Off-Line 2” картинасы несімен қызықты болды? Картинаның алдыңғы бөліміне қарағанда қандай айырмашылықтары мен кемшіліктері бар. Оны бүгін бірге қарастыратын боламыз.

Қырғызстандық режиссер Руслан Акунның түсірген “В поисках мамы” кинофильмі ұтымды картиналардың қатарынан көрінгені өтірік емес. Киногердің келесі “Каникулы Off-Line” жобасы да көрерменнің керемет қошеметіне ие болды. Бұл оны шабыттандырды ма кім білсін, нәтижесінде режиссер “Каникулы Off-Line” картинасының сиквелін түсіруге бел буып, үлкен экранға “Каникулы Off-Line 2” жол тартқан еді.

 

Кино әлемінде әдетте сиквелдің оригиналға қарағанда біршама өзгертіліп берілетіні немесе тіпті сәтсіз болып шығатындығы құпия емес. Тіпті бұл кей тенденцияға айналып кеткендей. Себебі, сиквел түсірудің бастапқы мақсаты - кассалық мол табысты қайта жинау әдісі болып табылады. Бұған бірінші бөлімнің танымал болуы оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Соған байланысты киногерлер өз күштеріне сеніп қалады да, картинаны әріқарай сапалы етіп шығаруға бұрынғыдай талпына қоймайды немесе тіптен басқа кино-мамандарынының күшіне жүгінеді.

Ал енді  “Каникулы Off-Line”  картинасына жете тоқталар болсақ. Кинофильмнің үлкен прокаттағы уақытының небәрі 2- аптасының өзінде-ақ бірден 400 миллион теңгеге жуық қаржы жинағанын бәріміз білеміз. Шын мәнінде, бұл отандық кино саласында айтарлықтай үлкен нәтиже болды. Яғни бұған қарап екінші бөлімнің тек алдыңғы кассалық қорды қайталау үшін ғана түсірілгені айдан анық болғаны көрініп-ақ тұрғандай.

 

Фильм желісі бойынша Қайрат, Болат және Дастан ауылдың қарапайым балалары. Үш дос қалаға арман қуып келген. Қайрат елдегі туризмді дамытып, оның өсуіне өз үлесін қосқысы келеді. Сол үшін де ол бизнес жоспар құрып, өз жобасына демеушілер мен бизнес инвестор іздейді. Бірақ өкінішке орай ол жобасына қаржылай көмек бере алатын демеушіні таба алмайды. Алайда өзінің достарының арқасында өз туған ауылында қала балаларына арналған этно - ауылдық жазғы лагерін ұйымдастырады. Лагерьдің мақсаты -заманауи ұрпақтың бойын ұлттық тәрбиеге үйретіп, оларды үлгі-өнегеге баулу болды. Картинаның басты ерекшелігі оның жеңіл болуында. Барлығы түсінікті, терең ойға батыратын оқиға желісі жоқ. Көрермен үшін жеңіл қабылданатын сценарий мен кейіпкерлер. Заманауи үлгідегі өмір мен ұлттық бейнелердің қарама- қайшылығы мен айырмашылықтары әзіл арқылы жеткізілген. Қазақи cалт-дәстүр де керемет суреттеліп, бейнеленген. Және ол ерекше тәсілмен жеткізілген. Картина басында қалалық ерке балалар ауылдың жағдайын менсінбей, тезірек қалаға асық болады. Олар үшін смартфонды тастап, таза ауада ойнап, серуендеу мен тек дұрыс тамақтану және ең басты проблема ғаламтордың жалпы байланыстың болмауы үлкен мәселеге айналады. Болат, Қайрат және Дастан бұрын соңды балалармен жұмыс жасап көрмеген. Тіпті олармен қалай дұрыс қарым-қатынас құруды да білмейді. Бірақ олар өте әділетті әрі мейірбан жандар екені белгілі. Өмірге деген мақсаттары мен көзқарастары бар қайсар достар. Олар лагерьдегі уақытта балаларды ана тіліне деген құрмет пен отанға деген сыйластыққа үйретеді. Ұлттық ойындарға баулып, өз достарының алдында жауапкершіліктерінің зор екенін түсіндіреді. Бірінші бөлімдегі кейіпкерлердің өздеріне сай әрі қызықты рөлдері бар. Бұған ең алдымен бірінші бөліммен жұмыс істеген сценарийстердің және режиссердің сіңірген еңбегі зор. Және ең бастысы нюанс ол әрине әзіл. Жоғарыда айтылған барлық артықшылықтар фильмнің бірінші бөліміне қатысты. Ал оның жалғасы ретінде түсірілген картина екінші бөлімі өкінішке орай біраз көрерменнің үмітін ақтай қойған жоқ. Себебі, фильмде алдыңғы бөліміндегідей кейіпкерлердің анық бейнесі ашыла қойған жоқ. Фильмнің қай жерінде басы не аяғы, ал ең бастысы шарықтау шегінің боларын көрермен өкінішке қарай байқай алмады. Туындыда жаңа кейіпкерлердің пайда болуы картинаны одан әрі қызықты ету керек болғанымен, керісінше оқиғаны тіптен шатастырып жібергендей. Екі шетелдік баланы қандай мақсатта фильмге қосқаны да белгісіз. Тіпті сол екі шетелдік балалардың адресіне айтылған фильмдегі әзіл де өте орынсыз. Егер картинаға мұқият назар салсаңыз, лагерьдегі жеткіншектер афроамерикандық балалардың терілерінің түсіне қарап “шымкенттіктер” деп мысқылдайды. Бұл бәлкім аудитория үшін күлкілі болғанымен, дегенмен фильм авторларының жіберген өрескел қателігі болып саналатынын мойындау керек. Сондай-ақ, картинадағы тағы бір сәтсіз әзілдердің қатарына тағы да сол шетелдік балаларға тікелей аударылған “Таяқ жейсің” деген секілді қазақтың ауызекі сөздерін олардың қорқынышпен қабылдауы болды. Сондай-ақ, фильмдегі басты рөлді сомдайтын Қайрат, Болат және Дастандардың шын мәніндегі кейіпкерлері бірінші бөліммен бітіп қалғандай. Дәлірек айтқанда, жаңа “Каникулы Off-Line 2” басты кейіпкерлерінің әрі қарайғы дамуын, шарықтау шегін, оқиғадағы олардың орнын анықтай алмаған секілді. Олардың қатардағы кейіпкерлерден айырмашылығы қалмағандай болы көрінді. Кей сахналардың тіпті артық және созылып кеткенін де  байқауға болады.

Ал енді фильмнің жаңа бөлімінің өндірушілеріне тоқталсақ. Алғашқы  “Каникулы Off-Line” немесе Ауыл-Кэмпті түсірген режиссер Руслан Акун, сценаристері Бақыт Осмонканов пен Алишер Утев болды. Фильм Ернар Құрмашев пен Серік Абишевтің продюсерлігімен түсірілген. Ал картинаның жаңа бөлімінде, яғни “Каникулы Off-Line 2” киносында құрам біраз өзгеріске ұшырағанын байқауға болады. Мәселен, фильмнің режиссерлік креслосына Ернар Құрмашев жайғасса, Руслан Акун тек сценарийстер қатарында ғана бар. Онымен қоса тағы Ернар Құрмашев пен Алишер Утев бар. Одан бөлек , фильмге отандық танымал режиссер Ақан Сатаев продюсерлік еткен. Ал басты рөлдерді сол баяғыдай Мейірғат Амангелдин, Еламан Есентаев пен Бекзат Елеусізов сомдайды.

Фильмнің екінші маусымы алғашқысына  қарағанда біраз жолда қалады. Ауыл-Кэмптің бірінші бөлімі шын мәнінде өте еркін, жеңіл әрі ұтымды түсірілгендігі байқалады. Не дегенмен, бұл фильмде көрерменге берер ойы мен айтар мақсаты бар екені айқын.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы