Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 сәуір, 2020746

Кино шолу: «My love is Aisulu»

Елге белгілі продюсер, тележүргізуші, шоумен Нұрлан Қоянбаевтың кезекті туындысы «My love is Aisulu» атты романтикалық картина көрерменді несімен баурап алды? Фильмін екі рет қайта түсірген продюсердің үміті ендігі ақталды ма? Киноға зерттеу жүргізіп, бұл сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

     «Бизнес по- казахский», «Бизнес по- казахский в Африке», «Бизнес по- казахский в Америке», «Каникулы в Тайланде»,  «Бизнес по- казахский в Корее» сынды фильмдерімен танылған кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев бұл жолы жеңіл романтикалық комедия түсіруді жөн көрді. Алайда, осы жолғы фильм сценарийі продюсер көңіліне шықпады ма, әйтеуір картинаның жартысынан көп бөлігі түгелдей қайтадан түсірілді. Дархан Саркенов режиссерлік еткен картина Нұр-Сұлтан, Алматы және Лос-Анджелес қалаларында түсірілген. 

   Фильм желісі бойынша футбол алаңының қарапайым жұмысшысы болып істейтін Санжар болашақта танымал киногер, сценарист болуды армандайды. Алайда оның сценарийстер байқауында әдеттегідей жолы болмай қала береді. Бірақ, тағдыр оған басқа тосын сый дайындап қойған секілді. Ұшақта ол өз ғашығын, Айсұлу есімді сұлу бойжеткенді кездестіреді. Танысу барысында қызға жақсы әсер қалдыру үшін Санжар өзінің Америкада танымал кинолар түсіретінін айтып, шындықты жасырып қалады. Бірақ әр өтіріктің өз аяғы болады. Айсұлу ғашығын қуанту үшін Америкаға жол жүреді. Мұны білген Санжар да қарым-қатынасын құтқару мақсатында  Айсұлудың соңынан Лос-Анджелеске аттанады. Екі ғашықтың махаббат хикаясы енді Америка елінде жалғасын табады. 

   Бұл жолғы комедия Қоянбаев түсіретін монотонды фильмдерден өзгеше. Осыған дейін тек қазақша бизнес жайлы түсірген продюсердің романтикалық жанрдағы бұл алғашқы туындысы. Дегенмен де, фильм сценарийі қарапайым, өте жеңіл болған. Әзілдер мен диалогтар кәдімгі өмірде қолданысқа ие, еш күрделі логикалық ойлар айтылмаған. 

Сценарий авторлары: Нұрлан Қоянбаев, Жамит Көшербаев, Бухар Марат, Самат Сыржанов, Асхат Тохтарханов, Амир Жундибаев, Әділет Жумабек. 

Комедия кадрлары да сапалы. Түсірілім үшін таңдалып алынған геолокациялар да әдемі әрі сәнді. Соның ішінде ерекше әсер қалдырған футбол алаңы мен Америка жерінде түсірілген кадрлар.

Фильмдегі басты рөлді сомдайтын Нұрлан Қоянбаев, Әсел Сағатова, Жахан Утерғалиев, Жанель Мақажан, Еркен Ялгашев сынды актерлердің жұмысына тоқталсақ. Кинодағы басты кейіпкер Санжардың рөлін Қоянбаев еш қиындықсыз алып шыққандай. Себебі, фильмде ол өзгеше бір қырынан таныла қойған жоқ. Бұған дейінгі сомдаған рөлдерінен аса айырмашылық байқалмайды, тіпті бір «Бизнес по- казахскийдегі» Нұрланды әкеп қойғандай әсер қалдырады. Кейде махаббат сахналарында сомдайтын рөлінде Нұрлан өзін ыңғайсыз сезінгендей көрінді.  Ал оның ғашығының рөлін сомдаған Әсел Сағатованың бұл біраз жылдық үзілістен кейінгі үлкен картинадағы алғашқы басты рөлі. Сағатова осыған дейін «Районы», «Рэкетир», «Ирония любви», «Бауыржан Момышұлы», «Охота за призраком» сынды картиналарда басты рөлдерде сомдаған. Сағатова өте тәжірибелі актриса екені айтпаса да белгілі. Бірақ дәл осы картинада актрисаға қандай да бір шынайылық толық жетпегендей. Әрине, үзілістен кейін қайта оралған Сағатова үшін бәрі жаңаша болғаны рас. Оны әсіресе Айсұлу Санжардың шындығын біліп, түсірілім алаңында шу шығарған сахнадан байқауға болады. Тек жағымды кейіпкердің рөлін сомдайтын Әсел үшін ашу- ызаны көрсету аздап қиындық тудырған сияқты. Бұл сахнаға қарап рөлді тым әсірелеп жібергенін байқайсың. Және сол сахнада Айсұлудың акцентпен айтылған жалғыз қазақ тіліндегі «Түсіндірмей- ақ қойыңыз» деген сөзі біраз артық болғандай көрінді. Айта кеткен жөн, аталмыш фильмде әлемге танымал  “Такси” картинасының жұлдызы Бай Лин және Кэри-Хироюки Тагава сынды голливудтық әртістер бой көрсетті. Бұл отандық фильмдер үшін үлкен дәреже екенін айтпаса да түсінікті. Бірақ, Кэри-Хироюки Тагаваның бұл кинодағы рөлі түсініксіздеу болды. Алайда, бәрі де тіпті мүшкіл емес. Жалпы актерлер өздеріне артылған міндетті жақсы алып шықты. Әсіресе, басты кейіпкер Санжардың досы Жаханның сомдаған рөлі көрерменнің көңілінен шыққан секілді. Фильмдегі әзілдердің көп бөлігіне тек Жахан жауапты сияқты көрінді. Оның сүйіктісіне ұстала жаздаған досын құтқару үшін «Осы күнгі балалар үлкендерді мүлде сыйламайды. Автобуста орын бермейді, лифтің ішінде маска бермейді» деген фразасы жанарға күлкі сыйламай қоймайды. 

Картинаның музыкалық бөлігіне келер болсақ, заманауи қазақ әндері фильмнің тек көркін аша түскендей. Кинодан: Мирас Жүгінісов – Әндетемін, Taspay – Сен үшін, Taspay – Oralma qashqyn, Dana Tunes – Nege sezbedin,  Argonya &Daniyar Barcelona – Aiga da, Bangor– Айсұлу сынды әсем әуендерді тыңдай аласыз. 

Фильм жеңіл, әзілге толы романтикалық комедия. Қоянбаев үшін бұл біраз өзгеше болса да, продюсер барынша жаңа дүние жасауға тырысқандай. Себебі, фильмнің сценарийі ұнамағандықтан ол картинаның жартысын толығымен қайта түсіруге бел буды. Киногер бұдан көп шығын боларын, біраз уақытқа ұтылатынын білсе де, көптің алдында өз брендін, өз сапасын жоғалтпау үшін мұндай қадамға баруына тура келді. Не де болса, кино өндірушінің өз көрермен алдында жауапкершілігінің жоғары екенін ұмытпай, әрқашан тек жоғары деңгейдегі өнімді жасауға тырысатындығы қуантады. Айта кеткен жөн, фильм қазір көп көрерменнің көңілінен шығып, үлкен бағаға ие болып келе жатқандығын аңғаруға болады. Оған күні кеше интернет желісіне салынған фильмнің 660 минут ішінде бірден 1 млн. қаралым жинағаны дәлел бола алады. Ал қазіргі таңда фильм интернеттегі «Тренд» тізімінің бірінші орнында тұр. Бұл халықтың фильмге деген қызығушылығын көрсетсе керек. 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы